Сенбі, 11 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3493 0 пікір 3 Маусым, 2009 сағат 14:10

ТАЙТҰЯҚ (Этюд)

...Домбыраның құлақ күйі келмейді екен. Келмегенде, мүлде шертуге жарамсыз. Көптен ұсталмаған. Ұсталса да, білетін қолды көрмей, бала-шағаның тыңқыл ермегіне жарайтын келсап деңгейінде ғана. Әншінің езуіне ащы мысқыл жүгірді. Бірақ, ашудан аулақ. Сыйлы орта. Сапырып сары қымыз құйып, төріне шығарған. Атын біледі, атағынан аз-маз хабары бар. Өзі де шіреніп, кергіп қалатын мінезден ада. Бірақ, домбырасы бар болғыр келмейді. Жоғарғы ішекті қоңыр дауысқа икемдесе, төменгі ішек тыңқылдап, ширатыла береді. Пернелер қиқы-жиқы. Тиек төмен. Шанақ шытынай жарылған. Өз домбырасын ала келмегеніне өкінгендей болды әнші. Әйтсе де, ән айту үшін емес, қымыз ішуге келген. Бірақ, мұндай ортадан бір ән айтпай құтылмайтынын да сезгендей еді ғой. Ақыры маңдайынан шып-шып тер білінгенде, дауысын домбырадан асыра шырқап кетті. «Сары бидай». Ертеректе халықтыкі деп танылып, кейін Сәдіқожаның әні делініп жүр. Талайдан айтып жүрген. Жүрегіне жағатын, өзінің сызыла қанат қағып, сәлден соң аспанға тік атылатын, сосын қалықтап тұрып алатын тұнық даусына ерек жарасатын ән. Әннің Айқасқасы.
«Біздің ауыл Текшенің етегінде,
Ерте шықсам ауылыма жетемін бе,
Сары бидай!
Сағындым қалқа, ауылыңды-ай.
Ақ тамақтан емінтіп бір иіскетсең,
Айналақтап ауылыңнан кетемін бе!
Сары бидай,
Сағындым қалқам, ауылыңды-ай!
Есіктің алды тал-қайың,

...Домбыраның құлақ күйі келмейді екен. Келмегенде, мүлде шертуге жарамсыз. Көптен ұсталмаған. Ұсталса да, білетін қолды көрмей, бала-шағаның тыңқыл ермегіне жарайтын келсап деңгейінде ғана. Әншінің езуіне ащы мысқыл жүгірді. Бірақ, ашудан аулақ. Сыйлы орта. Сапырып сары қымыз құйып, төріне шығарған. Атын біледі, атағынан аз-маз хабары бар. Өзі де шіреніп, кергіп қалатын мінезден ада. Бірақ, домбырасы бар болғыр келмейді. Жоғарғы ішекті қоңыр дауысқа икемдесе, төменгі ішек тыңқылдап, ширатыла береді. Пернелер қиқы-жиқы. Тиек төмен. Шанақ шытынай жарылған. Өз домбырасын ала келмегеніне өкінгендей болды әнші. Әйтсе де, ән айту үшін емес, қымыз ішуге келген. Бірақ, мұндай ортадан бір ән айтпай құтылмайтынын да сезгендей еді ғой. Ақыры маңдайынан шып-шып тер білінгенде, дауысын домбырадан асыра шырқап кетті. «Сары бидай». Ертеректе халықтыкі деп танылып, кейін Сәдіқожаның әні делініп жүр. Талайдан айтып жүрген. Жүрегіне жағатын, өзінің сызыла қанат қағып, сәлден соң аспанға тік атылатын, сосын қалықтап тұрып алатын тұнық даусына ерек жарасатын ән. Әннің Айқасқасы.
«Біздің ауыл Текшенің етегінде,
Ерте шықсам ауылыма жетемін бе,
Сары бидай!
Сағындым қалқа, ауылыңды-ай.
Ақ тамақтан емінтіп бір иіскетсең,
Айналақтап ауылыңнан кетемін бе!
Сары бидай,
Сағындым қалқам, ауылыңды-ай!
Есіктің алды тал-қайың,
Басында тұрмас жаз дәйім.
Қалқатай еске түскенде,
Сағынып сонда, сары бидай әнін салғаным...»
Екі шумағын, қайырылып соғар қайырмасымен баптап шырқаған. Үй иесі дән риза. Бірге келген серіктері де қошеметтеп жатыр. Өмірінде ұстаған нашар домбырасы осы шығар. Бірақ, оған да реніш жоқ. Тегінде адалдықты, шыншылдықты қалап тұратын мінезі тік болатын. Кемшілік, орайсыз қылық көрген сәтінде сөзін кідіртпей айтып салатын. Айта білетін. Сондығынан көп елге жақпай да қалатын. Жақсы көретін сыйластары да аз емес. Бұл жолы ештеңе демеді.
Ал ішекті аспап атаулының жақсысын жасынан таңдап ұстаған. Үйдегі кілемге анасы пошта арқылы посылкамен алдырған түрлі домбыра, прима, мандолин қаз-қатар тізіліп тұратын. Бұрышта баян, аккордеон жататын сыңсып. Бүкіл аспапты өз әлінше меңгерген. Әкенің, ананың тәрбиесінен. Өмірден небары жиырма тоғыз жасында озған әкесі Сапан сері болыпты. Әнші, балуан болған-дүр. Ауылдастары «ДТ-ның» жетегіне атын байлап, темір трактордың кабинасында домбырасы жүретін» деп әлі күнге аңыз ғып айтады. Ауыл-аймақтың той-томалағы онсыз өтпеген. Әттең, жиырма тоғыз-ақ жыл ғұмыр кешкен. Әйтпегенде...
Анасы Айкен де ел үніне сүйінген сырбаз үнді әнші болыпты. Совхоз, аудан сахнасына шыққан. Ондай әнші көп қой дер көлденең оқырман. Бірақ, біздің әнші, яки, біз әңгіме ете бастаған әнші осындай ортада туған, бауыр көтеріп, үйінен шыққан. Сол анасы «балаларым әкесінің ізін жалғасын» деп поштамен шалғай ауылға аспап алдырған. Жетпісінші жылдар ғой. Дүкенде домбыра табылмайтын. Қазақ өнері көпұлтты, интернационалдық, көркемөнерпаздық, тағы, тағы, басқа да анықтауыштардың қалың көрпесінің астынан әлі шыға қоймаған. Бірен-саран үлкен әншілер ғана елге танымал. Жүсекең, Мәдениет, Дәнеш, Жәнібек, Қайрат... Қазіргідей, кешегі, тоқсаныншы жылдардағыдай қаулап шықпаған. Бірақ, сол кез қазақ әнінің алтын дәуірі болған сыңайлы. Өйткені, бүгінгідей шетел шекарасы айқара ашық емес. Поп, рок, самба, рэгги, блюз, хип-хоп, рэп-тақпақ секілді тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек төбемізде ойнамаған. Жастар құлаққап киіп, мылқау мәңгүртше сенделіп жүрмейтін. Радиола, транзистор қоса қалсаңыз, «Шалқар» радиосы қазақ әнін төгілдіре жөнелетін. Қазіргі елге танымал үлкен әншілердің дені радиодан естіп, үйренетін әнді...
* * *
Құрмаш Сапанұлы Ыбышев. Біз әңгімелеп отырған, құлақкүйі келмеген домбырамен шырқаған мәрт жігітіңіз - осы. Болған оқиға-тын. Домбырасын ерекше күтіммен ұстайтын әншінің осыдан үш-төрт жыл бұрын алыс ауылға гастрольмен барғанда сынық домбырамен еріксіз ән айтқанын көргенбіз. Әрине, бұл негізгі айтарымыз емес.
Құрмаш былтыр Қарағандыда өткен Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық ән байқауында суырыла шығып, жүлделі бірінші орынды иеленді. Дәстүрлі әнді шебер орындап, Жүсекең дәстүріне адалдығы, Арқа әншілік мектебінің ортасынан ойып орын алар еректігі бағаланған. Одан ілкіде, бұрнағы жылы Мәди әндері байқауынан екінші, одан ертерек тоқсаныншы жылдардың бел ортасында Жүсекең атындағы үлкен байқауда бірінші орын алған. Тізбелей берсек, құрғақ мақтауға ұрынамыз. Одан ән қасиеті, өнерпаз тұлғасы туралы дәйекті әңгіме өрбімес...
Қазір қырықтың қырқасына шыққан әнші Құрмаш 1966 жылы Қарқаралының Темірші ауылында дүниеге келген. Алағайлы ақпанда. Ән-күйді серік еткен Сапан серінің шаңырағында төртінші бала боп шыр еткен.
-    Үйдің үлкені Бақытжан ағам жетпісінші жылдардың аяғында Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер училищесінің домбыра класына оқуға түсті. Қазір колледж ғой. Мен онда алты-жеті оқитын баламын. Тыңқылдатып домбыра шертіп, сырнайды созып, әуреленіп жүретінмін. Бір жылы, ағам жазғы каникулға келгенде, ауыл-аймақтың той-томалағында ән айтатынын байқап, таңғалдым. Ауылдың тамылжыған түнінде ағамның даусы шырқап жатқанда, таңырқап тыңдап отыратынмын. Домбыра класында оқиды ғой. Қазіргі Мекең, Жақаңдардың дәстүрлі әншілік класы жоқ-тын онда. Оркестр домбырашысы болады деп ойлаймын ғой. Ағам, анам маған да ән үйрен деп айтып отыратын. Алғаш үйренгенім әкем сүйіп айтқан «Сәби болғым келеді», «Жонып алды» болатын. Содан әнге құштарлық ұшталды. Қарағанды кеп, Тәттімбет училищесіне түстім, әскерден келген соң, филармонияда төрт-бес жыл істедім. Ән байқауларына қатысып келеміз. Ондағы мақсат, атақ, абырой алу, шапан кию емес. Әке жолын жалғау, қазақтың дәстүрлі ән өнерін насихаттау. Әкемнің құрдастары, көзін көрген азамат ағаларым кездескенде «Мықты әншісің. Бірақ, әлі әкеңнің деңгейіне жете қойған жоқсың» деп жатады. Үш-төрт рет естідім. Қайрау үшін айта ма десем, қырықтың маңындамыз. Әкей отызға толмай қайтқан. Ішкі ойым айтады, әкем орасан мықты әнші болған-ау деп, - дейді Құрмаш әнші.
Арқадағы Алашқа айтары бар мықты деп жүрген Құрекең осылай дегенде біз таңғалдық. Сапан әншінің даусы басылған таспа жетпепті бүгінге. Теміршіге барғанда ел азаматтары тамсанғанына куә болғанбыз. Ал Құрмаш туралы бәйге-додалардағы жеңістерін былай қойғанда, былтыр Қарқаралыдағы үлкен дүбір айтыста қазақтың белгілі ақыны Кәкімбек Салықов ағамыздың бағасын естігенбіз. Қарқарадай қауым алдында сахнаға шығып, Кәкімбек ағамыз: «Қазақта «Сырғақтыны» Сержандай шырқайтын ешкім жоқ екен. «Жалғыз аршаны» қазақта Құрмаштай айтатын әнші жоқ екен!» деді. Ел куә. Құлақ естіген. Көңіл тоғайған. Құрмаштың саф алтын даусының төлтума тайтұяқ екеніне шын разы болғанбыз, сүйінгенбіз. Әнге қуанбағанда, өнерге марқаймағанда қайтеміз. Басқа неміз бар! Сосын өнерпаздың өз өнеріне сай болуын аңсаймыз. Ел ішінде өнер адамы туралы көлденең қауесет көп. Ел сыншы болар. Бірақ, ғайбатқа іліктіретін де осы ел. Құрмаштың сахнадан тыс тірлігінен де ер жігіттің, шын өнерпаздың адалдығын көреміз. Өнерге адалдық...
Қазақ әніне құштарлық...
Пәруана пенделік емес...
Ғайбатқа бас берер ұсақтық емес...
Тайтұяқ алтынның сом салмағындай ірілік!
* * *
Бұрнағы жылы белгілі ақын, сазгер, өнер білгірі Тілеуғазы Бейсембек ағамыз Мәди әндерін нотаға түсірді. Ертеректегі опера, фильмдердегі қолданысқа енгендерінен бөлек бірер ән. Тілекең Құрмаштың айтуымен «Қарқаралыны» хаттаған. Қарағандыдағы цирк үйінің шағын бөлмесінде әнші домбыра ұстап, сазгер ақын пианиноға ұмсынып,
«Атыңнан айналайын, Қарқаралы!
Сенен бұлт менен қайғы тарқамады...» деп күңіренген Мәди әнін біз танымайтын торғай-ноқат, топты сызықтармен қағазға қонақтатқан. «Құрмаштың осы әнді айтуында түпнұсқаға жақындық бар» деген білімдар ағамыз. Болса болар. Әншінің дауысында Жүсекең мен Жәкең мектебінің біз естіген, құйма құлақ әнсүйгіш жұрт таныған, құмартқан әуез-әуен бары Айдай анық. Былтыр Құрмаш үзеңгілес дос бауыры Ержан Базарбековпен бірге Алматы барып, келістіре шырқайтын біраз әндерін «Қазақ радиосының» Алтын қорына жаздырып келген. Қазір әредік радио құлағы бұрай қалсаңыз, Ержанды да, Құрмашты да тыңдай аласыз. Талай ортада Құрмаштың радиодан төгілген сырлы үнін жазбай танып, қуанысқан ағаларымыз. Шын өнерден басқа неміз бар қуанатын?! Уанатын!
* * *
...Домбыраның құлақкүйі бабында екен. Әуелі қос ішекті қабат басып, қосбасарлатып, қағып-қағып алды. Дем-тынысын байқаған іспетті. Сағаққа сырғып барып, екпін тежеңкіреп қайыра көтерілген. Сол бетте ән төгіліп сала берді.
«Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі-ау көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сізді тапқан айналайын,
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай.
Беу-беу, гауһар тас!
Құсни құрдас, раушан жүзіңді-ай көргенше,
Сәулем-ай, сабыры-ем қалмас-ай..!»
Қазақ әнінің айтөбел туындысы, аспан сүйген асқағы «Гауһар тас!» Қайран, гауһар тас!
Құрмаштың шырқауында...
Кешелері Жүсекең, Жәкең шырқаған...
Сөзі ерен бай, әуені лықыған арналы...
Нағыз төлтума тайтұяқ!
Ән де, әнші де!..

 

 

Серік САҒЫНТАЙ.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1919
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2037
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1703
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1520