Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3362 0 пікір 3 Маусым, 2009 сағат 13:47

ГОГОЛЬДІҢ ӨЛІМІ

Орыс әдебиетінің тарихын қайталап  оқыған сайын, ХІХ ғасырда өмір сүрген оның өкілдерінің ішінде бәрінен бұрын  Гогольдің аянышты тағдыры менің жан-дүниемді қатты күйзелтеді. Әрине, қыршын кеткен Пушкин мен Лермонтов тағдырлары да жан-дүниеңізді қайғы теңізіне батыратыны рас. Дегенмен, осы екі ұлы ақын, сол дуэльге бармай-ақ, бойларына Құдай дарытқан таланттарын соңына шейін сарқа пайдаланса, орыс әдебиеті бүгінгі көтерілген биігінен де тым алысқа шырқап кетер ме еді деп ойлайсың.
Қалай десек те, Пушкин мен Лер¬мон¬¬товтың  тағдырлары өз қолдарында болды. Гогольдің тағдырын — қоғам шешті. Байқасаңыз, орыс халқы Пушкин мен Лермонтовтың өлімін асқақтата жырлаумен келеді. Тіпті, триумфқа айнал¬дырып жіберді. Бұл елдің кез кел¬ген әдебиеттанушысы Пушкин мен Лермонтовтың қазасын жыр қылып айтып беруге әзір. Гогольдің өлімі тура¬лы жұмған ауыздарын ашқысы келмейді. Себебі, алдыңғы екеуінің өлімі — орыс рухының биіктігінің, ал соңғысының қазасы осы ұлт рухының төмендігінің, тіпті, рухсыздығының көрінісі. Гогольдің шындығы – орыс қоғамы үшін әлі күнге шейін қорқынышты.

Орыс әдебиетінің тарихын қайталап  оқыған сайын, ХІХ ғасырда өмір сүрген оның өкілдерінің ішінде бәрінен бұрын  Гогольдің аянышты тағдыры менің жан-дүниемді қатты күйзелтеді. Әрине, қыршын кеткен Пушкин мен Лермонтов тағдырлары да жан-дүниеңізді қайғы теңізіне батыратыны рас. Дегенмен, осы екі ұлы ақын, сол дуэльге бармай-ақ, бойларына Құдай дарытқан таланттарын соңына шейін сарқа пайдаланса, орыс әдебиеті бүгінгі көтерілген биігінен де тым алысқа шырқап кетер ме еді деп ойлайсың.
Қалай десек те, Пушкин мен Лер¬мон¬¬товтың  тағдырлары өз қолдарында болды. Гогольдің тағдырын — қоғам шешті. Байқасаңыз, орыс халқы Пушкин мен Лермонтовтың өлімін асқақтата жырлаумен келеді. Тіпті, триумфқа айнал¬дырып жіберді. Бұл елдің кез кел¬ген әдебиеттанушысы Пушкин мен Лермонтовтың қазасын жыр қылып айтып беруге әзір. Гогольдің өлімі тура¬лы жұмған ауыздарын ашқысы келмейді. Себебі, алдыңғы екеуінің өлімі — орыс рухының биіктігінің, ал соңғысының қазасы осы ұлт рухының төмендігінің, тіпті, рухсыздығының көрінісі. Гогольдің шындығы – орыс қоғамы үшін әлі күнге шейін қорқынышты.
Сайтанмен ауыз жаласқан рухсыздық көрінісі, әсіресе,  жазушының “Өлі жандары” мен “Ревизорында” барлық қырынан ашылды. Гогольдің тырнақ¬алды туындыларындағы суреттелген шын сайтандар азып-тозған қоғамдағы адам сайтанының қасында түк емес екен. Заманның өзі туғызған ондай ібілістер – Чичиков пен Хлестаков өз ортасының надандығын жеке бастарының пайдасы үшін керемет пайдалана біледі.  Олар үшін  өтірік айту, біреудің есебін жеу, ар-ұяттан безу – тіршілік үшін күресудің  белгісі. Олар ғана емес, бүкіл халық  осы ұстанымдарды өмір сүруінің негізгі тірегі етіп, сайтан соққан тас қамалдарына бекініп алыпты.
Сайтанның мың-миллион рет құбыла алатындығы, әсіресе, Гогольдің “Ревизо¬рында” бояуы қанық, айшығы анық етіп суреттеледі. Хлестаковтың өтірік айту шеберлігінің қасында тіпті, кейбір шын сайтандарыңның өзі  жіп есе алмайды. Билікке жағыну үшін өтірік айтудың дертіне шалдыққан  қоғамды жөнге салу Құдайдың иелігінен де кетіп қалыпты. Ең сорақысы, қоғам өзінің айтып отырған өтірігіне жан-тәнімен  шын сене бастапты. Хлестаковтың өтірікті соншама шебер ойластыра білетіндігі сізді еш таң қалдырмайды. Себебі бүкіл қоғам осы өтіріктің арқасында күнін көріп отыр. Өтірік таным. Өтірік мораль. Өтірік өмір. Өтірік саясат…
Өтірік болмысын мойындағысы келмеген орыс қоғамы — жазушының “Ревизор” шығармасының төңірегінде түрлі дау-дамайлар ұйымдастырды, Гогольді қоғамнан аластатудың жолдары іздестірілді. Қаламгерге араша түсе ала¬тын тірі жан табылмады. Өйткені, өнерге төрелік етіп отырғандар қара тобырдың арасынан шыққан, құлдық санадан арыла алмағандар  еді.  Олардан құтылу үшін, амалсыздан Гоголь шет елге кетуге мәжбүр болды. Он үш жыл бойы жат жерде жүру оның жанына ауыр тиді. Жазушыны Батысқа жіберіп, енді оны жеңдік деп ойлаған, санасына сайтан ұялаған орыс қоғамы тағы да қателесті. Шет елде жүріп Гоголь қоғамның сайта¬ни дүниетанымын одан бетер әшкере¬леген “Өлі жандар” поэмасының бірінші кітабын жазды.
Ұмытпасаңыз, Гогольдің “Өлі жан¬дары” жазушының екі орыс мұ¬жығының бейнесін суреттеуінен бастала¬ды. Чичи¬ковтың күймесінің доңғалағына көзі түскен  мұжықтардың біреуі:
– Қарашы, қандай доңғалақ ойлап тапқан. Қалай ойлайсың, бұл доңғалақ Мәскеуге шейін жете ала ма? – дейді.
– Жетеді, —дейді, екіншісі.
– Ал, Қазанға шейін ше?
– Жоқ, Қазанға шейін жете алмайды.
“Өлі жандардың” басында келтіріл¬ген осы эпизодты оқығанда екі орыс мұжығының қылығына еріксіз күлесіз. Шығарманы соңына шейін оқып шыққанда осы кішкентай эпизод сізге басқаша ой салады. Сіз сайтанның алдындағы әлсіз сәтіңізде осы екі орыс мұжығының ойлау қабілетінен де мың есе төмендеп кететін өзіңіздің надан  бейнеңізді айнымай танисыз.  Сайтан салтанат құрған қоғамда саналы ойдың өмір сүруінің мүмкін еместігін түсінесіз. Кішкентай пендешілігіміздің алдында әлсіздік танытқан сәттерімізде бәріміз де, Чичиков, Собакевич, Манилов, Плюшкин секілді адамның сайтанына  айналады екенбіз. 
Біздің пікірімізбен келісу немесе келіспеу өз еркіңізде. Алайда, жазушы¬ның осы бір тұста Ресейде өмір сүріп жатқан орыстардың православие мен ислам дінінің арасына салғастыру жүргі¬зіп кеткенін аңғару қиын емес.
Көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Күйменің үстінде отырған Чичиков — символдық тұрғыдан алғанда сайтанның жинақталған бейнесі. Оның қай жерге шейін бара алатындығын талқылап отырған екі орыс мұжығы – шынайы тазалық үшін дауласып жатқан – хрис¬тиан және мұсылман дінінің көрінісі. Күй¬менің үстіндегі сайтан орыстардың астанасы Мәскеуде емін-еркін сай¬ран сала береді. Се¬бе¬бі, христиан әлемінің адамды тәрбиелеудегі діңгегі босап, ол дүниеде сайтан ойына келгенін істеп, емін-еркін өмір сү¬ріп жүр. Бірақ осы сайтан сол Ресейдегі та¬тар¬дың жері Қазанға бара алмайды. Өйткені мұ¬сылман әлеміндегі ис¬лам дінінің діңгегі темір¬дей берік болғандықтан, сайтан ол дүниенің маңайы¬на да жолай алмайды. Исламда сай¬танның жолына түскен адам кешірілмейді. Жазаға тартылады.
Сайтан тақырыбы Гогольге шейін де әлем әдебиетінде талай зерттелгенімен, тек, Гоголь ғана әлемдегі ұлы жазушылардың ешқайсысы да байқамаған қорқынышты жаңалықты ашты. Ібіліс біз ойлап жүрген¬дей аса үлкен құбыжық емес,  бақа-шаян секілді құп-құрттай ғана бәлекет болып шықты. Сайтанның біздің көзімізге дәу айдаһардай көрінетін себебі, өзіміз тым ұсақталып кетіппіз. 
Сайтанның қайда жүретіндігін іздеген жазушылардың бәрі үлкен тақырыптарға көз тіксе, Гоголь микроскопты алып, адам¬ның кішірейіп кеткен жан әлеміне үңілді. Және құбыжықтың мәңгі мекенін сол кішкентай әлемнің төрінде сайрандап жүр¬ген жерінен тапты. Сайтанның табиғатына үңілген сайын жазушы оның неше түрлі сұмдық қылмыстарын ашты.  Шынына баққанда бұл көзсіз ерлік еді. Шындықты бұлай айту өзіңді  тірідей тозақтың отына салумен пара пар бола¬тын. Бірақ оны айтпай, үндемей қалса Гоголь Гоголь бола ма. Осылайша жазушының сай¬танның ең қауіпті шындығын әшкерелеген “Достармен сыр¬ласу” (“Переписка с друзьями”) атты еңбегі дүниеге келді.
Бұл жолы Гоголь сайтанның ең қасиетті дүниесінің ойран-ботқасын шығарды. Енді ол христиан діні туралы орыс қоғамының түсінігінің қате екен¬дігін ашына жазды. Құ¬дайым-ай, тіпті айтуға аузың бармайды. Осы уақытқа шейін орыс қоғамының Құдай деп танып жүргені сайтанның сан¬дырағы екен. Бейнелеп айтсақ, Гоголь сайтанның ең қасиетті ордасына шабуыл жасады. Жұрт¬тың бәрі дүниенің иман¬сызданып бара жатқаны үшін патша мен орыс шіркеуін жабы¬лып айыптаса,  Гоголь барлық кінәраттың тірі өлікке айналған халықтың өзінде екендігін көрді.  Батысшылдардың бәрі де орыс шіркеуін жамандап, “зеңбі¬ректен” атқылағанда, Гоголь ғана сол оққа қарсы өзінің үлкен жүрегін тосты.
– Шіркеу біздің сөзімізде емес, өзіміздің ішімізде жану керек. Олар біздің шіркеудің өміршең емес екендігін айтады. – Олардыкі  өтірік, өйткені шіркеу біздің өміріміз: бірақ олар бұл өтірікті логикалық жағынан дұрыс жасады: біздің шіркеуіміз емес, біз өлікпіз: біздің түрімізге қарап олар осындай қорытындыға келді, — деп, күйзелді Гоголь.
Адам құдайды шын жүрегімен сүй¬мейінше зұлымдықтың мәңгі жалғаса бере¬тіндігінің сырына  Гоголь осы кітабындағы “Қасиетті мереке” (“Светлое Воскресенье”) атты шығармасында терең бойлады. Орыс қоғамының өз құдайын танудағы қателігін алғаш көрген жазушы ол шындықтан аттап кете алмады. Шығарманың желісін тарқа¬тып айтатын болсақ, орыстардың жылына бір рет тойланатын қасиетті діни мерекесі бар. Қаламгер осы мерекенің барлық қасиетінен айырылған, әйтеуір бір тойлау үшін аталып өтетін мейрамға айналып бара жатқандығына күйінді. Құдайға құр босқа өтірік табынғаннан гөрі, оны шын жүрекпен сүюдің мың есе маңыздырақ екендігін өз заманында Гоголь ғана түсінді. Құдайтануда атақты дейтін Достоевский мен Толстой да қателесті. Гоголь ғана қателескен жоқ. Әр адамның жүрегінде ұялаған кішкентай Құдайы өліп қалған заманда ұлы Жаратушының өзі де бақыт¬сыздыққа душар болады.  Біз Құдайды шын сүйгендіктен емес, сайтан сықылды одан қорыққандықтан ғана өтірік табынады екенбіз деді жазушы.
– Ғайса пайғамбарымызды үйімізге кіргізіп алудың орнына, біз оны далаға.., ауруханаларға  қуып жібердік, — деп, қапаланды Гоголь. 
Тәні емес, жаны есікке қысылған  сайтан енді ышқына шыңғырды. Жо, жо, жоқ. Гогольді бұлай тайраңдатып қоюға болмайды. Қашанғы басымызға шығара береміз. Оны өлтіру керек! Өлтіру! Гогольді өлтіру үшін орыс қоғамының “ауыр артиллериясы” бас-көзсіз іске қосылды.
Бір жарым ғасырдан аса уақыт  өтсе де “кейде ит болып үріп, кейде түлкіше құйрығын бұлғаңдататын” (сыншының өз сөзі) Белинский жарықтықтың “Гогольге хатын” қайта-қайта оқыған сайын, жазу¬шыны емес, сыншыны аяймын. Гоголь өмірінің соңына дейін Құдай белгілеп берген ізгілікті сара жолдан тайған жоқ, ал Белинский өмір бойы адасып өтті. Және өзі жалғыз адасқан жоқ, сөзіне сеніп, соңынан ергендердің бәрін адастырды. Қара түнек заманда Гоголь ғана Құдайға апаратын ізгілікті таза жолды таңдай білді.
Оның  ізбасарлары Достоевский, Тургенев, Толстой, Булгаковтар адамзат баласының санасын әлі талай мыңдаған жылдар бойы суаратын мәңгілік дүниелер қалдырды. Белинскийдің соңынан ерген¬дердің құмға сіңген судай іздері де қалған жоқ.  Егер мықты болса орыс әдебиетінің көтерілген биік шыңына Белинскийдің ізбасарларының қалдырып кеткен сын мұрасы неге жете алмады? Өйткені, орыс әдебиетінің сыны Белинскийден емес, Гогольдің “Достармен сырласу” атты еңбе¬гінен басталуы тиіс еді. Неге  деп айыптай көрмеңіз. Кешіріңіз, бұл ме¬нің сөзім емес. Ең бірінші рет осы сөз, орыс әдебиетінің қарапайым ғана жана¬шыр¬ларының бірі Пушкиннің досы Плетнев ақсақалдың аузынан абайсызда шығып кетіпті. Бұл сөзді айтқаны үшін ол мазаққа ұшырады. Жұрттың бәрі оны “ескі телпек” деп келемеж қылып, артын ашып күлді. Кейде жаны жәнатта болғыр Плетнев марқұмның аузына осы сөзді Құдай салды ма деп ойлайсың.
Белинский бастаған, Добролюбов қос¬таған орыстың ғұлама сыншылары әде¬биетте әлеуметтік ой,  биік мораль жатуы керек деп оңбай қателесті. Гоголь олай ойлаған жоқ. Әдебиет дегеніміз адам жаны¬ның қасиетті шіркеуі, оған кім көрінгенді кіргізе берсе, атқораға айналады. Сіңірген еңбегі мен көрген қорлығына бола, оның төріне есекті апарып қоюға болмайды. Жұрттың көбісі іштерінен булығып айта алмай жүрген шындық Гогольдің кіршіксіз таза жүрегінен осылай ақтарыла салды.  Мәссаған! Енді Гоголь анау-мынау емес, сол уақыт¬тары поэзияның пайғамбары са¬на¬лып жүрген  Ломоносовты сынап салды.
– Қаталырақ қарасақ, Ломоносов деген кім соншама. Өнер мен білім қуып келген¬дердің бірі ғана. Ақындардың қатарына ол байқаусызда қосылып кетті, – дегенді сенімді түрде батыл айтты.
Бір жарым ғасырдан астам уақыт өтсе де  жазушының “Орыс поэзиясының таби¬ғаты мен ерекшелігі неде?” атты сын мақа¬ласындағы мәңгі ескірмейтін шындық¬тардың, қалайша математикалық дәлдікпен айтылғандығына қайран қаламын. Ал, ол уақытта мұны айту аузынан жалын шашып тұрған айдаһарға қарсы шығумен пара пар көзсіз батырлық-тұғын. Қате болса да қасиетті санап жүрген өзінің танымына шабуыл жасаған Гогольді орыс қоғамы қалай кешірсін.  Кешірмеді де. 
– Мүмкін сіз ауру шығарсыз,  сондық¬тан сізге емделу керек. Қамшының наси¬хатшысы, көргенсіздіктің уағызшысы, бі¬лімсіздік пен қараңғылықтың жақтаушысы, татар әдет-ғұрпының мадақтаушысы сіз не істеп отырсыз? Аяғыңыздың астына қара¬ңызшы; сіз жар жағасында тұрсыз ғой, — деді,  Белинский  Гогольге жазған  ха¬тында.
Ойпырмай, бұл өзін мәдениетті санай¬тын  Белинскийден шығуға тиіс сөз бе еді?!  Осының алдында ғана сыншы¬ның аузын ашып, көзін жұмып “Өлі жандарды” жер-көкке сыйғызбай мақтағаны қайда?  Сын¬шы¬ның аяқ астынан қапелімде өзгеріп шыға келгеніне қайран қаласың. Енді Гоголь шынымен жалғыз  қалды. 
Гогольдің шаужайына жармасқан жал¬ғыз ғана Белинский ме?  Егер батысшыл ол жазушының христиан дінінің тазалығы туралы  жазғандарын “сайтанның ілімі” деп айыптаса, славянофиль  Аксаков та одан алыс кетпеді.  Гогольдің “Достармен сырласу” атты кітабы шықпай жатып: “Сіз өте аянышты және дөрекі қателестіңіз. Сіз мүлде адастыңыз, өз-өзіңізге қайшы келіп, аспан мен адамға қызмет етуді ойлай жү¬ріп, Құдай мен адамды қорлап жатырсыз” – деп ақыл үйретіп хат жазды. Әшейінде бастары қосылмайтын батыс¬шылдар мен славянофильдер бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай Гогольге қарсы ызғарлы айып¬тауларды қарша боратты. Мұндай шабуыл жанына қатты батқан, қара тобырдан арашалауды сұраған жазушының дауысы енді аянышты, әрі жалынышты  шықты.
– Кітабымның төңірегінде пайда болған дау-дамайлар мен түсінбестіктер маған өте ауыр тиді, өйткені, мен өзімнің еңбегім адамдардың арасына жік салады деп емес, керісінше оларды татуластырады деп ойладым. Менің жаным маған таққан жалған айыптаулардың бәрінен де қатты шаршады” – деп зар қақты ол.
* * *
Кейде ойлаймын.. Жарату¬шы¬ны бар ынтасымен шынайы сүй¬ген Гоголь неге осындай аянышты тағдырды басынан кешті.  Жазушының бақытты өмір сүруге толық хақысы бар еді ғой.  Жаны әбден күйзелген ол өмірінің соңында мынандай мағынадағы хат жазуға мәжбүр болды:
“Ештеңе жайлы айтқым келмейді. Әлем¬дегі бүкіл қызықтың жал¬ғызсыраған суретшінің бөлмесіндегі жасалып жатқан дүниелердей бәрінен де төмен екендігі сон¬шама, ештеңеге де қарағым келмейді. Бұл әлем мен үшін жаратылмаған секілді”.
Бұл жазушының суретші Александр Ивановқа жазған соңғы хаты. Оны оқыған сайын, біреу үстіме мұздай су құйып жібер¬гендей тұла-бойым түршігеді.  Тәңірім-ай, деймін сол кезде, бұл – Жаратушыны жан-тәнімен сүйген құлы Гогольдің аузынан шығуға тиіс  сөз бе еді! Халқына қалдырған соңғы өсиетінде: “Өлі емес, тірі жан болыңдар. Мына әлемде Ғайса Пайғамбар көрсеткен есіктен басқа есік жоқ”, – дегенді айтқан Гоголь емес пе? 
Шын мәнісінде Гоголь қаны бұзылып кеткен өз заманының бір түйір таза там¬шысы болатын. Өз Отанын да дәл ол сияқты  ешкім сүйе алған  жоқ. Менің ойымша өз халқының келешегі үшін шыны¬мен жаны ашитын жазушы оны өтірік мақтап емес,  Гоголь сияқты ашына сүю керек. Халықтың жақсы жағын айту ешқайда қашпайды, қайта керісінше ел бойындағы ке¬леңсіздіктерді күйіне, ыза¬лана жазу керек. Халықты ынты-шын¬тымен сүю деге¬німіз – оның құлы болу емес, қайта  сол құлдықтан құтқаруға талпыну.
Бәріміз де мектепте оқы¬¬ған Гогольдің “Тарас Буль¬басы” есіңізде шығар. Егер есіңізде болса, шығар¬маның соңында жау қор¬шауынан сытылып шыққан  Тарас өзінің темекі шегетін трубкасын түсіріп алады ғой, бірақ оны дұшпанның жерінде қалдырмаймын деп жүріп, ақыр аяғында жау қолына түседі. Моральдық тұрғыдан  қарасақ осындай ауыр жағдайда Тарас Бульбаның бір кішкентай трубкаға бола қайтып ба¬рып,  жаудың қолына түсуі – қылмыс. Құ¬дайлық тұр¬ғыдан  қара¬сақ бұл қылы¬ғы¬ның арғы жағында – мінез, ер-жігіт¬тің  бойына Құ¬дай дарыт¬қан қас ба¬тырлық жатыр.
Шығарманың соңында жаулар Тарас Бульбаны ұстап алып,  ағашқа байлап, тірідей отқа өртегенде, жа¬ны алқымының ұшына келген  ол: “Не сайтандар, ал¬дыңдар ма… Уақыты кел¬генде сендер шын мәні¬сіндегі орыстың правосла¬виелік дінінің не екендігін танитын боласыңдар”, –  деп дұшпандарына сес көрсете айғайлайды.
Тарас Бульбаның бұл сөздері шынды¬ғына кел¬генде жазушының  өмірлік ұста¬нымы болатын. Адамды мына дүниеге байлап тұрған бір-ақ нәрсе бар.  Ол – Құ¬дайға деген сенім. Сол се¬нім жоғалған күні адам адам¬шылығынан айы¬рылады.
Дегенмен, сол өзінің сеніміне өмір-бойы берік болған Гогольдің жаны неге, неліктен тым құрыса аз да болса байыз таппады? Оның себебі – сол кездегі дүниенің санасын сайтан билеп алған еді.  Гоголь адам санасындағы әлі бұзылмаған жалғыз таза талшық болатын.  Сол себеп¬тен де лас, нас қоғамда Гогольдің жаны тірідей тозаққа түсіп, санада қалған бір таза талшықты былғау үшін, сайтан тірліктің неше түрлі айла-амалдары іске қосылды. Солардың ең сорақысы және үрейлісі — жазушының ақыл-есі ауысқан деген қаңқу сөздердің таратылуы болатын. Қоғамның жазушыға қойған осы өтірік диагнозы оған ауыр соққы болып тиіп, оның жан-дүниесін желқайықтай  шайқап жіберді.  
– Бәрі де, көзімше маған  жынды деп айтып,  ақыл-есі ауысқан адамдардың түрлі дәрі-дәрмектерін ұсына бастады. Ал, осы кеңесті беріп жүрген ақылды адамдардың бәрінің де бір ауыздан кітабымда ешқандай жаңалық жоқ, бәрі жалған деуі мені онан сайын қайғының теңізіне батырды. Бұл адамдардың маған жасаған ең ауыр  қатігездігі.…  Мен қателесуім мүмкін, бәлкім адасқан да шығармын, адамның бәрі жалған болғандықтан олардың түсінігіне сәйкес өтірік айтқан шығармын: менің жүрегім мен жанымнан ақтарылып түскен дүниелердің бәрін де жалған деу – қатігездік, – деп жазды ол, өмірінің соңында.
Тәні емес, жаны ыстық табада шыж¬ғырылған, мына жалған тіршіліктен түңілген Гоголь енді өлуге бел буды.  Бұл оның өміріндегі ең үлкен қателігі болатын. Қара тобырдың айтқанына өкпелеп, өлгісі келген Гоголь осылайша сайтанның тұза¬ғына ілінді. Өмірінің соңында жазушы шын Құдайды сүйген азаттығынан айырылып, Матвей әкейдің айтқанынан шыға алмай қалды. Сайтан осылайша жазушының азаттықты сүйетін жанына ноқтасын салды. Рухсыз жандарды еркін¬дікте ұстайтын сайтан елесі мықтыларды, қанша ышқынса да рақым ойлап жібер¬мейді. Рухсыздар қайырған малдай сайтанға өздері қайтып оралады.  Өз замандас¬тарының ішінде Құдайға ең алғаш адамның көзімен қараған Гоголь мұны қалай түсінбеді екен. Өз дегеніне жеткен сайтан, сәбидің кіршіксіз жүрегіндей Гогольдің таза жанын қылқындыруға  кірісті. Осылайша не істерін білмей жаны қысылған Гоголь ауыр қылмысқа барып, 1852 жылы граф А. П. Толстойдың үйінде Матвей әкейдің аз¬ғы¬руымен өзінің “Өлі жандар” поэма¬сының екінші кітабын отқа жағып жі¬берді…
…Қайран, Гоголь! Жаным-ау, не істеп қойдың сен, не істеп қойдың! “Өлі жандар” отқа өртеніп кетпегенде мүмкін әлем әдебиеті бұдан да биік шыңға көтерілер ме еді. Сайтанның бүкіл шындығын көріп, одан шошынған адамзат баласы басқа жолға түсер ме еді. Мүмкін, орыс импе¬риясы басқа елдерге тырнағын батыр¬май, ғасырдың басында оталған халқы¬мыздың  шын мағына¬сындағы зиялы¬ларының тағдыры сайтанның бір оғына байланып кетпей, аман қалар ма еді. Құдайды шын жүрегімен сүюді үйренген  мұсылман мен христиан әлемі бір-біріне дәл бүгінгідей өшпендікпен қарамай, қайта дос-бауыр секілді өмір сүрер ме еді…  Әри¬не, мұның бәрі енді қайтып орындал¬майтын менің мәңгілік арма¬ным. Мүмкін “Өлі жандар” поэмасының екінші кітабын отқа жағу арқылы Гоголь, менің қиялымдағы,  орындалуы ықтимал ұлы арманымның жібін үзіп жіберген шығар.
Мойындауымыз керек, “Өлі жандар” поэмасының екінші кітабын өртеп жі¬беру арқылы, не істерін білмеген Гоголь тұңғыш рет Құдайдың жолынан адасып қалды. Жазушының бойына мұндай дарын Жаратқаннан берілді.  Өнер — адамның жеке меншігі емес. Өнер ха¬лықтың игілігі де емес. Кейде халықтың игілігі үшін кәкір-шүкір де жарай береді. Кейде қара тобырдың арасынан шыққан шолақ белсенділер  –  өнер ақынның немесе жазушының отбасына нәпақа кіргізетін дүние болғандықтан, солардың қазынасы  деп те былжырайды.  Өнер ең алдымен – Құдайдың қазынасы. Алланың назары түскен адамның бойы¬на ғана  өнер дариды.  Құдайдың қазы¬насының бағасын білетін халық үшін ғана  өркениеттің ізгілікті қақпасы ашы¬лады. Себебі өркениет – Құдайдың алтын сарайы. Құдайдың қазынасының бағасын білмейтін халық Ұлы жарату¬шының жолынан адасып, бақытсыздық¬қа ұшырайды.  “Ақынның жүрегі – Алла¬ның қазынасы”, – дегенді Мұхам¬мед Пайғамбар бекер айтпаған. Өнер адамзат баласына тарту еткен  Құдайдың ең асыл сыйы.  Халықтың арасы¬нан шыққан қара тобырға өкпелеп, Құдай¬дың қазынасын отқа тастауға қалайша Гогольдің қолы барды екен? Қалайша?...  
Жазушының өмірінің соңындағы жан азабына үңілсеңіз “Өлі жандарын” отқа жағу арқылы, абайсызда сайтанның тұзағына ілініп қалғандығын Гогольдің  өзінің де сезінгенін аңғарасыз. “Өлі жандардың” екінші кітабын өз қолымен отқа жағып жібергеннен кейін Гоголь түк нәр татпай, ешкіммен сөйлеспей, бүк түсіп жатып алыпты. Жазушыға зорлап тамақ ішкізбек те болған, дене¬сіне неше түрлі суық бақа-шаяндарды салып өтірік емдемек те болған. Оның жанына тыныштық беруін сұраған жалынышты өтінішіне ешкім де құлақ аспаған.
Қоғам Гогольдің өлімін тіледі. Сағат түнгі он бір кезінде Гогольдің жаны ыш¬қынып, айғайлап сұраған ең соңғы өті¬ніші: “Маған баспалдақ беріңіздерші. Мен жоғары шыққым келеді”,— болыпты.
Замандастарының айтуынша, ұлы жазушының қатарынан бірнеше күндер бойы летаргиялық ұйқыға кетіп қалатын ұстама ауруы бар екен. Өмірінің соңында оның осы сырқаты қайталанған. Санасын сайтан иектеген қоғам Гогольді өлді деп танып, летаргиялық ұйқыдан оянып кетпей тұрғанда, тезірек, қара жердің қойнына тапсыруға асықты. Осылай боларын алдын-ала сезген Гоголь халықтың арасынан бір тірі жан табылатындығына үміттеніп,  1845 жылы мынандай хат жазып кетіпті. Бұл жазу¬шыны қоғам әлі жынды деп жариялай  қоймаған, өлерінен алты жыл бұрын жазған өтініші-тін.
“Есімнен танбай және ақылымнан адаспай тұрған кезімде,  соңғы өтіні¬шімді  ертерек жазып кетуді жөн сана¬дым. Мүрдем иістене бастамайынша, менің тәнімді жер қойнына тапсыр¬ма¬ңыздар. Мұны естеріңізге салып отырған себебім,  ауруым ұстағанда өмірлік белгі¬лерім жоғалып, жүрегім мен тамырым¬ның тоқтап қалған кездері болған”.
Гоголь Данилов шіркеуінің жанына жерленеді.  Жо, жо, жоқ. Бұлай айтуым күнә, шығар. Орыс қоғамы ар-ұятының айнасы болған, өмірінің соңына шейін Христиан дініне адал қызмет еткен, Құдайды өтірік емес шын жүрегімен сүюді үйреткісі келген  пайғамбарын тірідей көмді.
Гогольдің өлімі елдің арасында түрлі әңгімелер туғызды. Жер қойнына тапсы¬райын деп жатқанда, табыттың ішінде жатып жазушының ауыр күрсінгенін естігендер де болыпты. Бірақ ар-ұятын тезі¬рек көмгісі келген, санасына сайтан ұялағандардың ішінде бір тірі жан табыл¬мапты. Әрине, бұл сол кездер үшін шындығына қоғамның әлі толық көзі  жете алмаған,  ел арасында жүрген қаңқу сөздер ғана еді.
Бірақ бұл шындықтың беті күн¬дердің-күнінде бәрібір ашылуы керек-тін. Елдің арасында айтылып жүрген түрлі әңгімелердің шын-өтірігін тексе¬рудің мүмкіншілігі 1931 жылы туды. Себебі, сол жылы  жазушының  сүйегін Новодевичье зиратына қайта жерлеу туралы ұйғарым жасалынады.
Құдай сақтасын! Мына сұмдықты қараңыз! Гогольдің сүйегіне эксгумация жасау барысында кебінінің жыртылып, табытының  тырналып тасталынғандығы және марқұмның бүк түсіп жатқандығы анықталады…

Амангелді Кеңшілікұлы

Автор туралы анықтама

Амангелді Кеңшілікұлы 1968 жылы туған. ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген. “Санат” баспасында, Қазақ телерадиосы корпорациясында, ҚР мемлекеттік Орталық мұражайында қызмет еткен. Қазір Қазақ радиосында редакция меңгерушісі. “Ақ жауын”, “Қарлығаш-дәурен” әдеби-сын кітаптары¬ның авторы. Саяси-әлеуметтік, танымдық мақалалары “Жұлдыз”, “Парасат” журналдары мен “Егемен Қазақстан”, “Қазақ әдебиеті” газеттерінде жарық көріп тұрады.

0 пікір