Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 10937 0 пікір 30 Қазан, 2010 сағат 13:47

ҰЛЫ ЖҮЗ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ АҢЫЗ-ӘҢГІМЕЛЕРІ

Ұлы жүздің қазақтары өздерінің тегін көне монғол халқы үйсіндерден  таратады, түп атамыз деп Шыңғыс ханның  замандасы Майқы биді  [санайды].

Ұлы жүздің қазақтары өздерінің тегін көне монғол халқы үйсіндерден  таратады, түп атамыз деп Шыңғыс ханның  замандасы Майқы биді  [санайды].

Қазақтардың өздерінің шығу тегі жайлы және үш жүзге бірігуі туралы түсініктері бұлыңғыр. Біреулері қазақтар Есіл даласында адасып кеткен ноғайлардан тарады дейді. [Өзгелері] ата-бабаларымыздың ешқандай ру-тайпасы болмаған, кең далада шеген  деп аталатын өзге діндегі халықтан әйел алғанша көшіп қонып жүрген дейді. Ноғайлықтар мұсылман, ал олардың әйелі дінсіз болғандықтан, олардан өсіп өнген қазақ халқында, олардың дінінде де екеуінің қоспасы кездеседі. Бұл аңыздың астарынан түркістандық ықпал байқалады және қазақтар солардың айтуына сүйенетінін айту керек. Өзбектер осылай деп айтады және Қапалдан да осылай деп естідік. Келесі аңыз, шамасы, Орта Азиялық мұсылмандардың діни ықпалынан туса керек. Орта жүздің түп атасы Мұхаммед Мұстафа пайғамбардың  (с. ғ. с.) сахабасы*1 болған екен. Жәбірейіл періштенің көмегімен өзінің көп кешікпей бұл дүниеден аттанатынын білген пайғамбар жұмақта хор қыздарының ортасында мәңгі бақи демалу үшін өзінің достары мен жолдастарын шақырып, осыны айтып, егер біреуді өкпелетсем кешіріңдер депті. Барлығы жылап былай дейді: «Сен Алланың досысың, сен ешкімді өкпелеткен емессің" дегенде, Өксе  есімді бір сахаба "пайғамбар бір қаланы қоршаған кезде кінәсіз арқамнан ұрды», - дейді. Пайғамбар өз қатесін есіне түсіріп, арқасын тосады. Әбу Бәкір , Омар , Осман , Әли  және өзге сахабалар Өкседен райыңнан қайт деп қатты өтінеді. Өксе еш нәрсе естігісі келмей, халықтың қарғысына қарамай, қолына қамшы алып Алланың сүйікті құлына келіп, қасиетті арқасын ашуын сұрайды. Пайғамбар сырт киімін шешеді. Өксеге керегі де сол болатын. Ол пайғамбардың арқасында құдайдың мөрі бар екенін білетін, оған ерні тиген адам тозақ отына түспейтін еді. Өксе ұрудың орнына, басын иіп, арқасынан сүйіп орнына қайтады. Бірақ пайғамбарға қолайсыздық тудырғаны үшін және көпшіліктің қарғысынан Құдай оны және ұрпақтарын қаңғыбас қылады. Сонымен қоса таршылық көрмеуді маңдайларына жазады. Сол [Өкседен] бүкіл халық пен [үйсіндердің атасы] тарайды.

Ұлы жүз қазақтары үйсіндерінің түп атасы деп, Майқыға дейін көп уақыт бұрын өмір сүрген Төбейді*2 [де] санайды. Аңыз бойынша, Төбейдің төрт ұлы болған: Көйілдір , Мекірен , Майқы және Қоғам. Көйілдірден қатғамдар  тараған және кейіннен [XV XVI ғғ.] жаңа халық өзбектердің құрамына енген [қатағандар] - [өзбектердің] басты руы). Мекіреннен тарағандар белгісіз, ал Майқыдан үйсіндер тараған. (Қоғам) қаңлылардың  атасы болған, Майқының ұлы Абақ, бәйбішесінен Бәйдібек атты ұлы болған, екіншісінен ... және күңінен ..., Байбектің*3 үлкен ұлы - Сары, екіншісі - Жорықшы, ол екінші әйелінен туған, қазақша әулие, киелі болған. Жорықшының үш ұлынан: біріншісі Албаннан - албандар , екіншісі Дулаттан - дулаттар , және Суаннан - суандар  тараған. Меркес ... атасы, оның екі ұлы болған: Шуманақ пен Суаманақ . Абдагтың*4 екі ұлы: Сары және Шебел болған. Сарының екі ұлы болған: Сүйерқұл және Таубазар*5; Шебелдің балалары ... деп аталған, ал Майқының балалары Абақ  деген жалпы атпен аталады. Жүзге берілген үйсін атауы көбінесе тек үйсіндерге [қатысты], бірақ тек сол үйсіндердің өздеріне ғана қатысты деп аңызда айтылмайды . Ұлы жүздің аңыздары бойынша, олар [монғолдарға] дейін жеке халық болған, ал Майқы би Шыңғыс ханды хан көтеруде сайлауға қатысқан.

Ал олардың [үйсіндердің] [қазақ] халқының құрамына қосылғанға дейінгі жайлы олар былай айтады: Алтын Орда  мен Шағатай ұлысы  [құлап], алауыздық рулардың бірліген бұзып, билікті ұстап, қоғам жайлы ойлайтын ешкім болмады, әрбір ру өз қамын ойлауы тиіс болды, сонда Есіл даласында халық жиылып...

Қарттар ноғай деген атау көшпелі [дала] татарларды жартылай көшпелі татарлардан ажырату үшін қолданған деседі. Ноғайлы, өзбектер*6... оларды ноғай деп атаған.

Шынында да... осыдан кейін ноғай - «ит» дегенді көшпенділерге олардың қандастары Алтын Ордада Өзбек хан  тұсында және [Шағатай ұлысында] [Тарма Шырын]  хан тұсында мұсылмандық қабылдаған соң және... ескі ырым-нанымдарға сенгіштігі үшін ұлыстықтарды ит деп атаса керек деген гипотеза жасауға болады.

Қазақтарда, наймандар мен қырым ноғайларында мұсылмандық*7 қалдықтары әлі де [күшінде] [болды] осы күнімізге дейін уақыт оны жойып жібере алмады. Бұл халықтың ары қарайғы ордалар ретіндегі тарихи тағдырына келсек, аңыз былай дейді: [Есім ханға]  дейін (1636 ж.) барлық жүз [біріктіріліп], олар бір ханға бағынды. Үй[сіндер]... Шудың арғы бетінде және хан ордасына*8 жақын жерден орын теуіп, ... ханның [қасында болды]. [Қатаған] ханы [Тұрсынның]  тұсында олар ханмен бірге Ташкентті алды.

 

ҰЛЫ ЖҮЗДІҢ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРІ1*1

 

اوتكر پچاق قینغه قاس، اوتروك سوز جانغه قاس.

Өткір пышақ қынға қас, өтірік сөз жанға қас.

جاوداه قالغان بلبل دان، ایلکا قایتقان ایت اوزده.

Жауда қалған бұлбұлдан елге қайтқан ит озды.

اولکان ارستان دان تری ایت یخشی.*2

Өлген арыстаннан тірі ит жақсы.

ساقلانغانده خدای ساقـتـار

Сақтанғанды құдай сақтар.

ایرنی خدای ساقـتایدی، ایتوکتی نال ساقـتایدی.

Ерді құдай сақтайды, етікті нәл сақтайды.

اوزنك بلمه، یلکانننک تـلن المه.

Өзің білме, білмегеннің тілін алма*3.

ماقـتانغانننك کوتی چاق.

Мақтанғанның көті шоқ*4.

مورن یوق بولسه، ایکه کوز برین بری چوقـویده.

Мұрын жоқ болса, екі көз бірін-бірі шұқиды.

اتا کورکان اوق جونار، انا کورکان5* تون پـیـچار.

Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер.

پادشاه بولسام مای جیار ایدوم.

Патша болсам, май жияр едім.*6

کوب سوز بوق سوز، از سوز راست سوز.

Көп сөз - боқ сөз, аз сөз - рас сөз.

اسقما قارغه، توسارسن توزغه.

Асықпа қарға, түсерсің торға*7.

یاخشی منان یولداس بولسانك یتارسن مرادغه،

یمان منان یولداس بولسانك قالـرسـنك اویاتـقه.

Жақсыменен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа,

Жаманменен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа.

بلکاننك قایده، بلماستکته کیـچرماسانك.

Білгенің қайда, білместікті кешірмесең.

سوسز جرده قامس یوق، ازغان ایلده نامس یوق*8.

Сусыз жерде қамыс жоқ, азған елде намыс жоқ.

اوچکان یانبایده، اولکان ترلمایده.

Өшкен жанбайды, өлген тірілмейді.

.قامقا تون ده، چوبراك بولار توزغان سون*9

Қамқа тон да шүберек болар, тозған соң.

تویه قاچب جوکتان قوتولمایدی.

Түйе қашып жүктен құтылмайды.

زمان یمان بولسه قودانك کتار، مالنك کیتسه باسنك برکا کتار.

Заман жаман болса, құдаң кетер, малың кетсе, басың бірге кетер.

توتی قوش بوین کوروب سرلانادی، ایاغـن کوروب قورلانادی.

Тоты құс бойын көріп сырланады, аяғын көріп қорланады.

اویات کمده بولسا، ایمان سوندا.

Ұят кімде болса, иман сонда.

یاسنك قرققه کلکان سونك ایاغـنکا چدار تـوسار.

Жасың қырыққа келген соң, аяғыңа шідер түсер.

کوب جیـیمن دیکان از جیـیدی، از جیـیمن دیکان کوب جیـیدی.

Көп жеймін деген аз жейді,

Аз жеймін деген көп жейді.

عقل داریه ایکان، کونکل دولدول ایکان.

Ақыл дария екен, көңіл дүлдүл екен.

تویماسقه برمه، تولماسقا قویما.

Тоймасқа берме, толмасқа құйма.

الپ انادان تووادی، ات بیـیه دان تووادی.

Алып - анадан туады, ат - биеден туады.

اق سونکقار اتـقه عاشق، کویکون تای جیمکا عاشق.

Ақ сұңқар атқа ғашық, күйкентай жемге ғашық.

ایتگنك تار بولسه، دنیانك تنچلغنان نه فایده.*10

Етігің тар болса, дүниенің тыныштығынан не пайда.

ايقو جانـننك تنیچی، ایمان جانـننك قوانچـی.

Ұйқы - жанның тынышы, иман - жанның қуанышы

قوس ات منان قول کوبایادی، قوزی سی منان قوی کوب کورنادی.

Қос атпенен қол көбейеді, қозысымен қой көп көрінеді.

تویغاندان قورساق جارلمایدی، قوانغاندان مانکدای جارلمایدی.

Тойғаннан құрсақ жарылмайды, қуанғаннан маңдай жарылмайды.

باسقه بلا قایدان؟ - تـلدان.

Басқа бәле қайдан? - Тілден.

مزکل سز تانك اتبایدی، وقت سز جان چـیقبایدی.

Мезгілсіз таң атпайды, уақытсыз жан шықпайды.

 

И. А. Бардашёв мырзаның қазақ мақалдары жинағынан.

 

ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ТҮРЛЕРІ ТУРАЛЫ

Ән дала кезіп қыдырып жүріп, бірде Сыр өзенінің арғы жағалауындағы қарақалпақтардың мекеніне түнеуге тоқтайды. Ешкім көрмеген, естімеген қонақ жайлы хабар жан-жаққа жылдам тарайды. Бақытты ауылға жиналған сансыз көп қарақалпақтар ғажап қонақты таң атқанша, Ән шаршап ұйқыға жатқанша ұйып тыңдайды. Көмейінен күміс төгілген қонақтың мыңдаған әңгіме, аңыз, өлең жырларын қарақұрым қарақалпақтар жадында сақтап қалады. Сыр бойының алыс бас жағын мекендейтін қазақтар мен түркмендер - ол кезде барлық туыс тайпалар бірге көшетін болған - кеш келіп, сиқырлы сөздің соңын ғана естіп қалады.

Жырдың мағынасы сазды шығарма. Жырламақ етістігінің мағынасы әуендетіп айту. Барлық дала жырлары қобыздың сүйемелдеуімен әуендетіп айтылады. Әдетте, жырдың арқауы өмір немесе ертедегі белгілі бір батырдың ерліктері болып табылады. Айта кететін жай, батырдың өмірі, ерлігі, бір сөзбен, баяндау қара сөзбен, проза тілімен айтылады, ал жыр жолдары тек басты кейіпкер немесе кейіпкерлер сөйлеген кезде қолданылады.

Қазақтардың арасында маған белгілі тағы екі жыр бар, біреуі: «Ер Көкше Ер Қосай» деп аталады. Онда уақ руынан шыққан Ер Көкше мен оның ұлы Ер Қосайдың қыпшақ тайпасымен соғыстағы ерліктері баяндалады. Бұл жырдың ешқандай тарихи маңызы жоқ, ондағы батырлардың есімдер де бізге белгісіз, алайда жыр өте екпінді және жарқын. Жырдың өне бойы қызықты, ең тамашасы, жырдың бірінші бөлімінің бас кейіпкері жеңіліс тауып, тұла бойы жарақаттан қайтыс болады. Оның ұлы Ер Қосай кейіннен қыпшақтардан кек алады. Бұл жырда ертедегі дала сарбаздарының соғыс тактикасы мен стратегиясы егжей-тегжейлі бяндалғанының өзімен ғана жыр қызығушылық туғызады.

Қазіргі күні бұл жырды тек бір адам - Көкшетау округінің Қойлы Атығай болысы қазағы Арсланбай біледі. Өкінішке орай, мен бұл қызықты жырды жазып ала алмадым.

Екінші жыр «Орақ батыр»  деп аталады. Онда қарауыл Орақ батырдың Ресейге жорыққа аттанып, орыстарға тұтқынға түсіп, түрмеде 10 жыл болғаны, кейіннен Ресейде үйленіп, балалы шағалы болып, артынын елін сағынып, қырға қайта оралып, сол жерде қалғаны жайлы баяндалады.

Бізде Орақовтар отбасы бар. Орақ секілді батыр жырын қазақтардың көбі біледі, бірақ толық емес. Ал толық жырды мен бірде Кіші жүзде Нұрымбай  деген жыршыдан естідім. Ол - алшын, бірақ ылғи дерлік Ахмет Жантөриннің  қол астында қыпшақтармен бірге көшіп қонып жүреді.

Жырда айтылатын өлең жолдарының өлшемдерін көрсету үшін мысал келтіре кетейін. Тоқтамыстың тоғыз батыры Едігені қуып жетіп, Кенжанбай оған былай дейді:

Ай, Едіге енді сен қайт сана*1,

Қайтып Еділ өт сана.

Еңсесі биік боз орда,

Еңкейіп сәлем бер сана.

Ерні жұқа сары аяқ,

Ер сарқытын іш сана.

Жауырындары жақталы,

Түйме бауы тарпалы,

Ақ қара кіс үстіңе,

Тон береді ки сана.

Көк ала жорға ат мініп,

Көн дауылпаз байланып,

Тұтам бауы сом алтын

Ақ сұңқар құс береді,-

Көл айнала шүй сана!

 

Едіге жырының оқиғасы XIV ғасырдың аяғына жатады, бірақ XV ғасырда құрылған болуы керек. Бұған қазір тілімізде қолданылмайтын көптеген көнерген сөздер мен оралымдар дәлел, сонымен қатар бүкіл жырда бірде-бір парсы, араб сөздері кездеспейтінін атап өту қажет, ал қазір Ислам дінінің тарауына байланысты, тіпті қарапайым халық ауызында, сол тілдердің сөздері көптеп қолданыста жүр.

Мен қырда соңғы болғанымда жыр поэзияның ескірген түрі саналатын болған. Жыр формасы, қобыз секілді бақсының еншісіне қалған. Олар жыр мұндай түрлерін сақтай отырып, жындарды аластауда пайдаланады. Жыр мен қобыз атақты суырып салма әнші Жанақтың  өліміне кейін қолданыстан шықты деп сеніммен айтуға болады. Ол қазіргі Қарқаралы округіне жататын қамбар елінен, қаракесек руынан шыққан.

 

Ш. Уәлихановтың қазақ халық музыкасы туралы ескертпелері. 1862. (Автограф) 282 бет

Қазіргі әншілер оның әуенін, өлеңдерін сөзбе сөз қайталап қолданса да, сүйемелдеу үшін көбіне қос ішекті балалайканы*2 пайдаланады.

Қобыз екі ішекті альттің бір түрі, оның ішектері жылқының қылынан жасалады және оны қияқпен ойнайды. Қобыздың басқа сазды аспаптарға қарағанда жоғарғы декасы жоқ, шанағы дөңгелек, мойыны жоғары керілген, ішектерін оған қысуға келмейді, флажолеттің*3 әртүрлі тондары алынады. Негізі, сазды болмаса да, өте қиын және жағымды аспап.

Домбыра мен қазіргі әндер жыр мен қобызды мүлдем ығыстырды. Қазір қазақ даласында төмендегі жыр түрлері бар:

1.       Жыр, жоғарыда түсінік беріп өттім.

2.       Жоқтау - қайтыс болған адамға арнау. Оны әдетте әйел адамдар шығарады және көбінесе жанынан шығарылады. Өлшемі жырдағы сияқты. Белгілі жоқтаулардың ішінде ең атақтысы және қайғылысы - Орта жүзде ханша Айғаным Уәлиеваның  1833 жылы шешектен қайтыс болған ұлын жоқтауы және 14 жастағы, кейіннен суырып салмалығымен атағы шыққан әйелдің  күйеуінің асында шығарған жоқтауы.

3.       Қайым  - үйлену тойларында айтылатын, сұрақ пен жауаптан құрылған жастар арасындағы өлең. Ол төрт жолдан тұрады, алғашқы екі жолы төртінші жолмен ұйқасады. Бұл өлеңдер әртүрлі жұмбақтар, эпиграммалар, шектен шығып кететін бәдік қалжыңдарды қамтиды.

4.       Қара өлең  - қарапайым өлең, төрт шумақтан құралады, шумақтардың әрқайсысы жеке тақырыпты сөз етеді. Бұл өлеңдер негізінен ашық дауысқа арналған. Көп жағдайда шумақтардың мағынасы болмайды.

5.       Өлең . Бұл форманы қазір барлық жаңа ақындар табан асты тауып айту үшін де терме-жыр үшін де қолданады. Көбіне қарауыл руынан, атеке-жібірден шыққан әнші Орынбай  және үнемі Әбілқайыр Ғаббасов сұлтанның жанында болатын, атығай, жаңа-қазақ соқыр жырау Шөже  жырларында көптеп кездеседі. Бұл өлеңдердің арқауы көбінесе діни қисса. Қазір олар Сейітбаттал  қожаның*4 ерліктері, Жүсіп пен Зылиханың махаббаты, Ибрагимнің өмірін жырлайды. Олардың бәрі идеясының фанатизмі, баяндаудың солғындығынан тез жалықтырып жібереді.

Өлең формасына қазір ақындар барынша төселіп алған, оны өте ыңғайлы болғандықтан, бірден құрастыру үшін қолданады. Атақты Қозы Көрпеш Баян сұлу жырын маған Жанақ ақын өлең түрінде айтып берген.

|| Өлең қазақ даласына 50 жыл бұрын Тобыл және Қазан татарлары келіп жатқан кезде тарады. Бұрын қашқындар мен татардан шыққандарды қазақтар қой тәрізді Қытайға, Бұқарға, Ташкентке сататын, алайда мұсылман діні таралған сайын татарлар қырда ой-пікір және діні үшін жанқияр саналып, ешкім тимейтін болды. Татар поэзиясының түрі сазды, мағыналы келіп, қазақ батырлар жырынан үстем түсе бастады.

Өлең төрт жолдан тұрады, алғашқы екі жолы мен төртінші жол ұйқасып келген, буын саны тұрақты, үшінші жол ұйқаспайды. Шығыс поэзиясы үшін араб өлшемі әрдайым лайық келе бермейтінін дәлелдеу үшін, мен шығыстанушыларға мысал ретінде Қозы Көрпештен алғашқы төрт жол өлеңді келтіріп отырмын:

ميكين از داب جكـتـتار كيل كيتالي

اورتاسنده كوك توبه بيلكي ايتالي

ازاماتتار ارينباي تـنكلاسانكز

قوزو كورپاچ بایاندی تیرباتالی.*5

 

|| 1) Татар тілінен немесе ғалымдар айтқандай негізі түркілік барлық тілдерде «игит» - жігіт جگت сөзі бар, бірақ әр тілде әртүрлі айтылуымен қоса, түрліше мағынаға ие. Кавказда, Анадолы күрдтерінде бұл сөз жақсы жампоз, ер жігіт деген ұғым берсе, Константинопольде атты әскердің әскери ептілігі мен шеберлігі сөз болғанда осы мағынада қолданады. Орта Азияның көшпенді татар тайпаларында жігіт деген бозбала, жас деген мағынаға ие. Жігіт деп нақты бір жастағы адамды айтпайды, себебі далада 80 ге келгенше бала (بالا) болып саналуы да мүмкін. Жігіт сөзін отырықшы Қазан және Тобыл татарлары қолданбайды, оның орнына малай (مالای) малой сөзі жүреді, жартылай шабарман, жартылай құл деген мағына береді.

2) Азаматтар, шоралар (ازاماتـتار چورالار) деген сөздер көне қазақ жырларында жиі қолданылады. Азамат деп азат, үйленген және туған-туыстарына тәуелсіз, кәмелеттік жасқа жетіп, әкесінен еншісін алған адамды айтады. Шора - азаматтың синонимі, бірақ азамат сөзі қосылмай жеке қолданылғанда бұл сөз біршама кең мағынаға ие. Шора азамат - таза әскери сөз, жолдас, қарулас деуге болады.

|| 3) Қозы Көрпеш Баян сұлу туралы жыр Орта Азияның барлық татар және монғол тайпаларында бар, бірақ, әрине, оқиғаның өткен жері мен кезеңі әртүрлі айтылады. Профессор Эрдманн  Қозы Көрпешті түсініктемелерімен парсы тілінде жариялапты, бірақ мен оны оқыған жоқпын, сесебі парсы тілін білмеймін. Кейін Қозы Көрпешті Орынборда біреу башқұрт тілінен аударып және шығарма аздаған данамен жарық көрген .

Қазақ даласында жыр ауыздан-ауызға тарап айтылады.

Қазақ поэзиясы мынадай: өлең - жаңа шыққан немесе танымал әнші шығарып, домбыра, қобыз немесе ишарамен бастапқы түріне мейлінше жақындатылып айтылатын ән. Әнші туындыға өз бетінше кіріспе немесе соңын қосуға ерікті. Осы аудармадағы  бастапқы төрт шумақ қаракесек руының қамбар елінен шыққан Жанақ ақынға тиесілі, қалғандары - көне дәуірдің беймәлім ақынының шығармасы.

****

|| Қазақтардың ең тамаша тарихи жыры - Едіге ادکه, дәл сол Тоқтамыстың жарлығында айтылатын Идиге немесе Эдеку, Едігей. Ворсклде Витовты жеңіп, төрт хан тұсында орданы өзі билеген бек mangab*6 түменбасы. Орақ, Ер Көкше*7 және Ер Қосай*8 - өзге эпикалық туындылардың қаһармандары, олар да ноғай халқына жатады, бірақ олардың жырлары тайпалық қақтығыстар, хандардың соғысы мен жорығы және Тоқтамыстан кейінгі кезеңіндегі ордадағы шиеленістерді бейнелеуімен ерекшеленеді. Қазақтардың поэтикалық туындылары: эпостар, мадақ одалар, жоқтау*9 - дүние салған күйеуіне арнаған әйелдің өлеңі немесе баласына арнаған ананың  жыры солай аталады. Тіпті суырып салма ақындардың өлеңдері өлшемге бағынып, ауыздан ауызға, ұрпақтан ұрпаққа жыршы ахундар  (ақын) арқылы көне Грекиядағы Гомердің рапсодиялары сияқты көшіп отырады. Бұл ақындар || халық арасында ерекше құрметке ие және бай сұлтан билерді мадақтап, танымал болып, дәулет жияды. Қазіргі таңда қазақ даласында ақындар (немесе اولانچی) көп болғанымен, олар көбіне суырып салма ақындар . Көне жырлар жаңа буынға түсініксіздеу болғандықтан, жыл өткен сайын ұмтылып барады және оны жақсы білетін жыршылар да аз қалды. Оларды жинау да өте қиын. Қанша тырысқаныммен, Қозы Көрпештің толық мәтінін, Едіге мен Орақ туралы жырдың шағын үзіндісін ғана таптым, дегенмен жақында танысқан бір ақыннан олардың барлық көне жырларды табармын деп үміттенемін.

Көне татар аңыз-әңгімелері мен поэмалары, әсіресе қазақтардың үш жүзін құрайтын рулардың атауы шынымен-ақ, қазақтар*10 татар халқы сияқты өздері айтатындай сонша көне емес деп ойлауға итермелейді. Ерте кезеңде қазақ сөзі және қазақтық таптар...*11.

[КҮНДЕЛІКТЕН ҮЗІНДІ]

|| 27 ақпан

Жалпы романдар, жоғары мәртебелінің өзі жазған1 романдар туралы трактация

 

Әрине, сен, әйелім, мен, ия мен, сенің күйеуің роман жазғанын білгенде таңқаларсың. Бірақ бұл бұрынырақта, менің жастық шағымда, мен жас, қызу қанды болған кезімде болды. Менің романдарым қазіргідей емес болатын. Мен зұлымды жазаладым, оны ең жеккөрінішті, нас кейіпте сипаттадым.Барлық аңғырт жастықта көз алдап шақырған сағымға алданғандар секілді айналыстым. Жастық, жастық, сен не істетпедің... Расымен ақ мырзалар, мен шынымен романдар жаздым, бірақ мен қазіргідей жазған жоқ едім. Ал қайырымды жан жарық жұлдыз сияқты өмір ағысының ашық аспанында жарқырап тұрды. Аспанды торлаған қара бұлттар тарқап, қайырымдылық жеңіске жетті. Мен өзімді нағыз роман жазушы ex professo санадым. Егер maximum - жеке тұлғаның әдеби қабілетінің ең жоғарғы деңгейі ретінде жарқын көзқарасты, қызықты етіп әңгімелеу, адамның жеке және қоғамдық өмірдегі бейнесін табиғи қалпында суреттеуді алсақ, менің еңбектерім бұл талаптарға толық сәйкес келіп, ең қатаң сынға төтеп берер еді.

Мен қазіргі заман жазушыларын мүлде қолдамаймын. Әйгілі Жорж Санд өзінің жоғарғы дәрежедегі утопиялық идеяларымен, оқшауланған бақытқа ұмтылумен, тәнсіз кемелдікпен және тағы да басқа түсініксіз арманмен, менің көзқарасымша, сабап алуға тұратын қыңыр қатын тәрізді. (жоғарғы мәртебелім күлді ғой деймін). Оның жазғанының барлығы бос елігушілік, риторикалық фигуралар, дөрекі пайдакүнемдік. Тек талғамы бұзылған, ешқандай әйелге тән қылығы жоқ әйелдер ғана Дю Деван ханымның эмансипациялық бос қиялын оқып, que cest charmant!*1 бұл қандай керемет деп көздерін жұмып таңдай қағуы мүмкін. Бұл ешқандай да "charmant" емес, әшейін қарабайыр қиял мен ұсқынсыз exsalte.

Міне, тағы бір пұт - Гоголь. Құдай үшін айтыңыздаршы мырзалар, сіздер оның шығармаларынан - қарабайыр тірлікті сипаттау, дәмді тағамдарды суреттеу, қамырлар мен түшпаралардың әлемі және жәрмеңке мен кабактан жиналған анайы сөздерден басқа не табасыздар? Кітапты қолыңа алсаң болды, шошқа майының, қарамайдың, темекі, түтін иісі шығады. Fi donc! machere*2, Гогольды ешқашанда оқыма. Оның бұл жоспарлары тек кіре тартушыларға ғана жарайды. Сіздің алдыңызда мүлде жаңа, үзбе қамырлар мен түшпаралардың әлемі ашылатын, яғни бірінші орында шошқалар тұратын әлемнің несі тартымды? Бұл маған ұнайды, мекемелерде шошқалар қыдырып жүр еді. Бұл дегеніміз - өз Отанының заңдарына ешқандай құрмет көрсетпеу және қасиетті ұғымдардың барлығын кекесінмен күлкі ету деген сөз. Оның "Ревизоры" өтірік, бітіп болмайтын ұшан теңіз өтірік! Орындықтың ұшына отыратын Молоховтарды ол қайдан көріп жүр. Мен, құдайға шүкір, Ресейді ұзынынан да, көлденеңінен де кезіп шықтым, бірақ еш жерден Добчинский мен Бобчинскийлерді ме? Оларды кездестірмедім, тіпті бізде, Сібірде, мұндай кейіпкерлер жоқ. Канскідегі2 сот, міне сол оңбаған (сіз оны И. В. жазасыз)!, ха-ха-ха. Ал Бердскідегі3 полиция бастығы нағыз жыртқыштардың тұқымы, оның өзі де Гогольдің городничийімен салыстырғанда азамат! (үзіліс)

Иә, мен не жайында айтып едім? Ә, өз романдарым туралы. Ал, мырзалар, тыңдаңыздар және құлақтарыңызға құйып алыңыздар: не айтсам да сіңіре беріңіздер, рас айтамын. Мен өсиет ретінде барлығыңызға, әсіресе, саған айтамын. Әйелі күйеуін сыйласын (күледі). Мен романдарды... күйреуік сезімдерді бейнелеу үшін жазған жоқпын. Өз романдарымды басып шығармағаным өкінішті..., бірақ кезінде оған қолым тимеді. Қызмет, әскери экзерция және өзіме қойған генерал болу міндетім романтикалық бейімділігімнен үстем түсіп, кабинетімнің бір түкпірінде әскери авторлардың ортасында, өзге, анағұрлым іргелі білгірлікке бой тартып, әскери өнер мен жұмысыммен тығыз байланысты пән ретінде - математиканы оқи бастадым.

Бір романның желісін мен араб және абиссиния патшайымының Сүлеймен4 патшаға елшілігі туралы Інжіл хикаясынан алдым. Өзімше жеңіл тілмен және қызықты мазмұнмен көпшілікті таныстырып, қоғамға көнедегі арабтар мен абиссиндердің діні мен әдет ғұрпы, тарихымен таныстырып || және өзім ашқан жаңалығымды ғылым мен*3 өнерде танымал етсем дедім.

Сол кезең тарихының беймәлім фактілерін қызықты да айқын етіп түсіндірдім. Фактілер шама жеткенше қисынды, дәлелдер күшті болды... Оқиға орны өтетін жер, театр етіп мен Баб әл Мандеб бұғазын таңдадым. Түн. Арабтардың шатыры мен құмды белесте тұрған патшайымның жеке шатыры. Бақытты Арабияның (Arabia felix) шүйгін шалғынында жайылып жүрген түйелер. Жұлдызды аспан және ай. Түнгі сәуле осы көріністерге дірілдеген жарық шашып тұр. Бұғаздың қаһарлы шыңдары үрей төндіре қараяды. Теңіз ұйқыда, ал айдың бейнесі Нептунның қою қызыл суларында шағылысады. Әр жерде жалтылдап жанған алаулар кейде жарқырай түседі, сол алаудың алдында отырған араб әйелдері шағын кешкі асын әзірлеуде. Тек патшайымның жеке шатырында ғана жарық көрінбейді. Ол бір қолын жағына таянып ойланып отыр, ал екінші қолымен маржан тастан жасалған алқасын термелеп отыр (маржандар Қара теңізден алынатын, сондықтан оның алқасы болуы тиіс). Ол Сүлеймен туралы, оның даналығы туралы ойлайды. Ол патшаға сырттай өлердей ғашық. Кенеттен ол жұлдызды аспанға көзін тігіп, екі көзінен мөлдіреп жас ағып, көкке мінажат етеді, себебі арабтар сабей дінінде (жұлдызға табынушылар) болған.

 

Шоқан Уәлихановтың автопортреті. Қауырсын. 1856 ж.

Ғылыми тұрғыдан алғанда, V және VI бөлімдер өте қызықты болатын. V бөлімде бірнеше эксказда*4 Қара теңізде маржан теру тәсілдері сипатталады. Мен осы жерде, маржан өндіру әдісі арабтардың Африка құрлығына көшіп, оны отарлауға себеп болды деп қиялымды шарықтаттым. Қоныс аудару орны "Жоқтау қақпасы" деп аталған Баб әл Мандеб бұғазы болды. Осы жерде мен қорқынышты, жан түршіктіретін көріністі сипаттадым. Дауыл тұрып, теңіздің үйдей толқындары көтеріліп құз жағалауға соғылған кезде, мүк басқан тастарды ақ көбікке орап, жағалау дым тартып, тұманға айналады. Долы дауылдың құшағында батыл теңізшілердің қайықтары қарайып, теңіз бетінде жаңқалар тәрізді қалқып жүр. Қиюы қашқан қайықтарды жұтып қойғысы келгендей толқындар көтеріліп, кенеттен қайықтарды басып қалады. Жағалаудан үрейлі дауыстар естіледі. Бұл шаштарын медуза Атаның*5 басы сияқты жайған олардың әйелдері. Адал жарлары жанын қоярға жер таппай, дауыс қылып, тек құр шыңғыра береді. Жел олардың дауыстарын басып, шаштарын, жеңіл киімдерін желбіретеді. Олар қара шыңның басында жын-ойнаққа жиналған мыстандар сияқты көрінеді.

 

Жалпы романтизм және аса мәртебелінің романдары туралы трактация

 

|| Христиан жыл санауына дейінгі 900 жылдарда жазылған адамгершілік-философиялық ғибратты роман ақылмен тануға және бейнелі сипатта жазылған. Роман эстетикалық пайымдау рухындағы адамгершілікке және ғибратқа толы. Мақсаты - дидактикалық беллетристика.

Романтизм туралы осындай трактация жазуыма себеп, дұрысы арқау болған келесі жағдай: М. Г.5 жаман сөз айтпастан, үзілді кесілді былай деп мәлімдеді: романдар - жалған, оның ішінде жазылғанның бәрі өтірік, сондықтан роман оқитын ханымдардың бәрі жалған айтуға үйренеді, демек, өтірікшілер. Мұның бәрі факт, күмән келтіруге болмайтын аксиома сияқты берік айтылғаны соншалық, біздің барлығымыз тік тұрып бір ауыздан келісуімізге тура келді. Сол кезде жоғары мәртебелі барлығына, әсіресе, әйелдерге арнап келесі ақиқат сөздерді немесе өзі айтқандай дәлдікті жеткізуге кең пейілімен мархабат етті.

Әрине, жарым мен, иә, менің бір кездері, баяғыда роман жазғанымды білгенде қатты таңданарсың. Расында да, мырзалар, мен роман жаздым және өте жақсы жаздым. Мен өзімді нағыз роман жазушы ex professo*6 санадым. Бірақ қызмет тапсырыстар, әскери экзерция және өзіме қойған генерал және тактик болу міндетім бұл балалық ойымды желге ұшырып, мен неғұрлым терең, неғұрлым іргелі ғылымға беріліп, философия, тарих пен жер шарындағы барлық тірі және өлі елдердің діни сенімдерін оқи бастадым.

Бір романның сюжетін мен Інжілдегі араб немесе Абиссиния патшайымының (екеуінің бір екенін бірінші болып дәлелдеген менмін, оның бәрін өз романымда баяндадым), сонымен араб патшайымының Сүлеймен патшаға елшілігі туралы хикаядан алдым. Өзімше жеңіл тілмен және қызықты мазмұнмен көпшілікті көне арабтар мен абиссиндердің діні мен әдет-ғұрпы, тарихымен таныстырып, сол уақыттағы күмәні көп фактілерін де, жалпы адамзат дамуының тарихындағы да, ғылымдар саласындағы бажайлап түсіндіретін өз жаңалықтарымды көпке ұсынсам деп едім.

Мен бәрін жақсы жаздым, дәлелдерім нық. Оларды сол кезде жария етпегенім өкінішті, бірақ оған қолым тимеді. Оқиға орны өтетін жер етіп (өзіне риза күлкі) мен Баб әл Мандеб бұғазын таңдадым (тағы да сондай күлкі). Сіздер бұл бұғаздың қайда екенін білесіздер ме? Сауал тікелей маған бағытталғандықтан, мен мұсылман ретінде білетінімді растадым және тік сөйлеп, оның аудармасы "Жылап еңіреу қақпасы" дедім. Иә, ғылыми тұрғыдан алғанда, V және VI бөлімдер өте қызықты болатын. V бөлімде маржан теру тәсілдерін сипаттап, өзіме ғана тән ойды дамытып, қиялымды шарықтаттым, маржан аулау әдісі арабтардың Африка құрлығын отарлауына және оған көшуге себеп болды деп жаздым (абиссиндіктерді арабтардың эмиграциялық колониясы санаймын). Бұл қоныс аудару... (ұзақ үнсіздік) шамасы, яғни қоныс аудару орны, шамасы (күлкі, мазасыз ишаралар, өлердей күлкісі келіп, удай ащы қалжың айтқысы келген, өзіне ғана белгілі себептермен күле алмайтын адамның жағдайы), ақыр аяғы, қолымен үстелді бір ұрып: Грардафуй мүйісі*7 деді. Құпиялап айтар болсақ, ж. м. бұл мүйістің соңын айтқан кезде басқаша дыбыстады, сондықтан сөз күлкілі дерексіз ойын сөзге айналып, оның әйелін құлағының ұшына дейін қызаруға мәжбүрледі, ал бізді соншалықты дірілдеген күйге түсіріп, біз ұзақ уақыт, жоғары мәртебелімнің тілімен айтқанда осы сөздің құпия мағынасын әшкерелеуге тырыстық, аяғында басымызға түк кірмей, жоғары мәртебелімнің терең сыни ойына, баяндау дарынына, энциклопедиялық біліміне - оның гогольдік үлгідегі әзілін терең түсіндік.

Келесі роман таза тәрбиелік-психологиялық мағынада болды. Мен оны «Альфа мен Вита» деп атадым (өте терең ойлылықты білдіру). Онда патша - ақыл, ерік-жігердің еркін күші және тағдырды бейнелеп мен гетерономияның (адам еркінің сыртқы табиғи күштерге тәуелділігі) ақиқат еместігін және жоқ екенін дәлелдедім. Алдымен белгілі дәрежеде жеке тұлғаның парасаттылығын құрайтын рухани қозғаушы күштердің, былайша айтқанда субстанциясын бейнелеп, мен олардың жалпылай баламасын, басқаша айтқанда, ақыл ой мен ерік жігердің жарыққа шығуын, өзара байланысын, қасиет сипатын анықтадым. Жекелей алғанда, ақыл ой мен тағдырдың әрекетіне және жарыққа шығуына (relation) ерекше көңіл бөліп, бұл сөздерді тура мағынада қабылдай отырып, ақыл ойдың фатум және реляцияға тигізетін әсеріне ерекше назар аудардым. Екінші бөлімге мен латынша эпиграф таңдадым: Volentem ducunt fata, nolentem trahunt - жүргісі келгенді тағдыр жетелейді, жүргісі келмегенді сүйрейді. || Менің көзқарасым congruism мен біраз ұқсас, бірақ біраз қарама қайшы болды. Тағдырға мен аномания ретінде қарап, ертедегі парсылардың Ариманы6 Морганның фатасы7 дүлей, жазалаушы күшін бейнелейді деген ұғымды дамыттым. Расында да, бұл роман apriori рационалды тұрғыда дәлелденген, көптеген жаңа идеяларды қамтыды, өз басымда болған тәжірибелерге негізделді. Бұл шындығында дерексіз-философиялық және роман түріндегі насихаттық мақсаты бар кітап болды - көптеген анық зерттелмеген философиялық және діни мәселелер, немістік тұман мен қапастың ішінен не қарастыруға болады (езу тартады), осылайша, германдық философтар [анық зерттемеген] мәселелер: Кант8, ағайынды Шлегельдер9, Гердер10 және тағы басқаларды өте түсінікті дәрежеде осы романда және өзге екі диссертацияда жаздым.

Кезінде мен anthropomorphism - құдайға адам кейпін баратын ғылымды қарастырып, ол «Адам ұрығы» - діни мәселе. Әртүрлі тілдегі және көзқарастағы трансцендентті дерексіз, іргелі және жағымды, діни рухтағы, енжарлық (индифферентизм), абскурантизм рухындағы шығармаларды көп оқыдым. Бәрін тәжірибе жүзінде тексердім, әскери сыншыл көзқараспен өз басымнан өткеріп, әжептәуір сезгіштік автономиялық түрде көрсетілген (ақыл ой тек ақыл ой заңына қызмет етеді деген күш) маңызды нәтижелерге қол жеткіздім. Екі шығармамда құдай жолы миссиясы туралы теория мен идеализм теориясы туралы еңбектер айтылған. Жарым менің (кешірім өтінеміз, ж. м. кейде эстетикалық дерексіздік ақыл ой толқынысында дерексіз танушылығы абсолютті дәрежеге көтеріліп, біздің жұлдыздар астындағы планетамыздың - адамдар мекендейтін жердің және біздің пәнилік екенімізді ұмытып, ж. м. Бізді - Еуропа, Азия, Африка, Америка және Австралия құрлықтарының тұрғындарын ай және басқа планета тұрғындарынан (Ай адамдар, Марс адамдар, Юпитер адамдар деп аталады және т. б.) басқалардан бізді ажырату үшін солай атайтын. Соншалықты жеңіл және күлкілі, аялы, (расында да, жұбайым-жаным, өте аялы емес пе?) өзінің жарын, құрметті генералша Гасфордты осылай еркелетеді. Ары қарай жалғастырайық. Менің әйелім шаршады, мырзалар (әйелінің иығынан жеңіл қағып жібереді және жауап ретінде сол қолға тиген бірнеше сүйіс), мен көп сөйлеп кеттім, тұратын уақыт болды.

- Иә, қымбаттым, сенің күйеуің бір заманда романист болған, бірақ өте жұмысбасты болды, алайда анадай (езу тартады) күйреуік Жорж Санд немесе анадай Гоголь сияқты емес, сіздер соншалықты таң қалатындай мен олардан ештеңе таппадым. Мен... (тісін шұқылайды).

Ал мен Диккенс тәрізді жаздым: терең патетикалық және әзіл-қалжың тонмен... (сыраның соңғы жұтымын ішеді). Өкінішті, У.*8 мырза, қазірде бұл романдар менде жоқ, әйтпесе мен сізге оны толық және барлық құқықпен иемденуге берер едім («т» ерекше екпінмен және ысқарта айтылады), егер сіз оларды өз атыңызбен басып шығарсаңыз, сөз жоқ, ең жақсы жазушы деген мәртебелі атаққа ие болып, көне ақынның өлеңін қайталай алар едіңіз: "Nostri non plena ix boris"*9 (соңы).

2 наурыз. Кейбір өз ғұмырын ғылым мен жақындарына пайда әкелуге арнаған жеке тұлғалардың шынайы және жанама қасиеттері туралы кейбір өткір ойлары бойынша, өздерін өзге пенделерден медиктер деп оқшаулағанымен, а. ж. м. үшін эмпирикалық өзімшілдер деген атаумен танымал.

Барлық емдеушілер, былайша айтқанда, Ескулаптың11 абыздары - жалпы адамзат саулығының досы және сақтаушы, егер оларға философиялық көзқараспен қарасаң, жұрттан өткен өзімшілдер. Бұл жағдаймен кез келген консеквентті*10 адам келіседі, себебі ең эгоист тұлғалар, яғни өзгелердің арқасында күн көретін, астарлап айтқанда өмірімен күн көретін адамдар, мен бұл жерде өмір дегенді, түсінесіздер ме, эмпирикалық мағынасында алып отырмын (күлкі).

Адам өмірі деген не? Немесе адам өмірінің мәні неде? - Әрине, мен жалпы қалың бұқара туралы айтып отырмын: олар үшін өмір мәні: ақша мен ләззат алу. Соңғының бастау алатын жері алғашқының көзі. Дәрігер сізден екеуін де ала алады.

Мен бұл матерррияны («р» әрпіне ерекше екпін қойып, созып айтады) дамытқым келмейді, Сіз дәрігер ретінде (дәрігер К. мырзаға қаратып айтылған сөз және барынша жарқын күліп) жақсы білсеңіз керек. Шыныңызды айтыңызшы, бізге қалай қарайсыз?... сіз түсініп тұрсыз, анау... ақшаны көбірек беретін субъект ретінде емес пе? Мойындаңыз. Сонымен... мен не дедім...

- Иә, сіздің дәрігер бауырларыңыз туралы... Олар [құрметті мырзалар] өзімшілдер, мен оны жаңа ғана индукциямен дәлелдедім. Демек, логикалық тұрғыдан алғанда, ergo: дәрігерлер - аподиктикалық*11 өзімшілдер, ал өзімшілдер адамзатқа дос емес, қоғамға жат тұлғалар, олар бүкіл денеге әсер ететін ауруға шалдыққан бір мүшенің ауыруы сияқты, көзге түскен шел секілді.

Сонымен, дәрігерлер бұдан былай эмпирикалық эгоистер деп қана аталуға тиіс. Dit haut!*12.

5 наурыз. Әйел табиғатының өзгешелігі туралы талассыз ақиқатты толықтырып, растауы және дәлелдеуі тиіс бір венгер ханымы туралы хикаят.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2110
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2522
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2217
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1625