Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3598 0 пікір 21 Қыркүйек, 2010 сағат 14:33

Орыстандырушылар мен оған қарсыласушылар немесе Кеңес мектебінде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту

Бақытгүл  Сәрсембина, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының жалпы орта  білім беру институтының  аға ғылыми қызметкері

Бақытгүл  Сәрсембина, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының жалпы орта  білім беру институтының  аға ғылыми қызметкері

Әр ұлттың өзіне тән қайталанбас құн­ды­лықтары бар. Ұлттық құндылықтар негізін­де ғана  ұлттың рухы биіктейді. Отаршылық тамырын тереңге жаймағанға дейін қазақ ұлтының рухы ана тілінің  құдіретімен асқақ  болды. Кеңестік тоталитарлық қоғам тұсын­да ана тілі үстем саясаттың құрсауында қалған­дықтан, ұлттық рухымыз төменшіктеді. Осы айтқанымызды ғұлама Мәшһүр Жүсіптің: «Қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ. Сол ата-бабаның тілі болған қазақ тілін  білсе, дін де осында, ғылым-білім де осында, әу­лиелік те осында. Солай болғаны үшін өткен ата-бабаларымыздың  бәрі жақсы болып, әулие бо­лып өтті»  деген даналығымен-ақ дәлелдей­міз. Ал, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Кемші­лік болмас үшін әр ұлтты өз тілінде  оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын таныту......» қажеттігін ғылыми тұрғыда дәлелдеп, ана тілінде оқыған адамның ұлт игілігіне тигізер пайдасын айтып еді. Тіпті, шетелдік ғалымдар да  қазақтардың сөз өнерін өз деңгейінде бағалады. Мәселен, орыс ғалымы В.В.Радлов: «Қазақтардың  ақыл-ой қабілетінің зор екендігіне барған сайын  көзім жете түсу­де. Қандай әдемі сөйлейді. Айтқысы келгенінің бәрін тез түсіндіріп,  қарсыласының сөзіне де шебер тойтарыс бере біледі. Тіпті, балаларының  ақыл-есі де өте тез жетіледі», - деп түйіндеген.

Қазақтың жан-дүниесінің айнасы болған ана тілінің болмысы тоталитарлық қоғамдағы кеңес мектебінде өзінің табиғи өрісінен айрылды. Өйткені, кеңес қоғамында білім берудің маз­мұ­ны ұлттық сипатынан жұрдай  болып,  ұлт мек­теп­тері  «кеңестік» құндылықтардың құр-сауында қалды. Керісінше, орыс тілін оқыту мазмұ­нына айрықша басымдық  берілді.  Мәсе-лен, 1948 жылғы 3 тамызда Қазақстан К(б) П ОК-нің «Қазақ мектептерінде орыс тілін оқыту туралы» қаулысы жарияланып, орыс тілі ұлт­аралық қарым-қатынас тілі ретінде, бала бақшаның жоғары дайындық  топтарында үйретілген [1, 140 б.]. Сөйтіп, қазақ тілінің тағдыры орыстандыру саясатын көзде­ген кеңес үкіметінің қаулыларына көгенделді. Алайда, ұлт мүддесінің шынайы жанашыры болған ұстаздардың арқасында қазақ тілі өмір­шең болды. Сондай тұлғалардың бірі - С.Көбеев.

С.Көбеевтің 1954 жылы жарық көрген «Орындалған арман» атты еңбегінде: «Сабақ­ты баланың  табиғи ана тілінде түсіндіру, жас өспірімнің ақыл-ой дүниесіне, сезім-қия-лына күшті  әсер етеді... Оқушыны ана тілін-де  жазылған  әңгіме, өлеңдер арқылы оқыту халықтың  ғасырлар  бойы қалыптасқан рухани өмірмен, әдет-ғұрыпымен, арман-мүддесімен таныстырып, патриоттық сезімін оятады. Сондықтан  ауыл­дық, болыстық мектептерде дәрісті қазақ тілінде  жүргізу керек» [2, 23-б.], - деп, баланың ұлт мектептерінде ең алдымен ана тілінде сауатын ашу қажеттігін ғылыми тұрғы­да дәлелдеді. Өкінішке орай, жоғарыдан жетіп жатқан қаулыларға сәйкес ұлт мектептерінде орыс тілін тез қарқында меңгеруге «жағдай» жасалды. Мұрағат қойнауларында: «Қазақ мектептері үшін орыс тілі оқулықтары қай­тадан қарастырылды. 5 қазақ орта мекте­бінде тәжірибе түрінде 8-10-сыныптарға математика, физика және химия орыс тілінде өткізуге рұқсат берілді», - деген мазмұндағы деректер көп кездеседі [3, 27 п.]. КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесінің «...... Орта  мектеп туралы» Тезистерінде: «Одақтас және автономды республикаларда ұлтаралық қатынастардың қуатты құралы болып та­былатындықтан, КСРО халықтарының  дос­тығын  нығайту  және оларды орыстың  және әлемдік мәдениеттің  байлығына қатыстыру мақсатында орыс тілі оқытылады», - деп жазылды. Орыс тілін қазақ мектептерінде оқы­ту «дәрежесі» артқанда, орыс мектептерін­дегі қазақ тілін оқыту мәселесі республика көлемінде талқыланып жатты. 1953 жылғы 19 қарашадағы орыс мектептеріндегі  қазақ тілін оқыту туралы мәжіліс стенограммасында: «Бұл мәжілісте Сужиков жолдас төрағалық еткен. Орыс тілінде сабақ жүргізілетін мек­тептерде қазақ тілін оқыту туралы сөз болған. Бірнеше пікірлер талқыланған. Ай­тыл­ған пікірлердің мазмұнында оқушыларда көптеген пәндерден жүктеме көп,  қазақ тілі пәні мектепте соңғы жылдар бойы қажетті  нәтиже бермеуде, сондықтан да қазақ тілін оқытуды  алып тастау орынды емес пе? - деген ұсыныстар түскен. Осы мәжілісте "бұл пәнді оқыту міндетін қазақтың балаларына сақ­тап, өзге ұлттың балаларына осы тілді оқы­туды еркіне қалдырсақ" деген ойлар айтылған» [4, 1 п.], - деген жолдар бар. Көріп отырғанымыз­дай «қазақ тілі тек ғана қазақтардың үлесін­де» деген идеологияландырылған тұжырым­дар өмірден берік орын алып, қазақ тілін оқытудың теориялық жайы бағаланбаған. Сол мәжілісте сөз алған Мұқанов (аты-жөні, қызметі жазылмаған) мектептердегі қазақ тілінің оқы­тылу жайына жанашырлықпен қарап, яғни мәселенің мәніне шынайы талдау жасаған. «Меніңше бұл пәннің оқытылуына жұртшы­лық ашық қанағаттанбауда. Барлығынан бұ­рын бағдарламалар анық емес, бітпейтін қайта­лау, мүлде қанағаттанарлықсыз. Сонымен қатар біздің оқушыларымыз бен жоғарғы оқу орындарының студенттеріне қазақ тілін оқыту  бағдарламаларында маңызды бір сәттер қалып қойған [4, 10 п.]. Егерде қазақ тілін оқы-татын болсақ, біріншіден-күнделікті өмірде еркін сөйлеу мақсатын қою керек. Екінші-мүлде қанағаттанарлықсыз оқулықтар, бұл туралы барлығы біледі және бұл туралы газеттерде жазылды, бірақ әлі күнге дейін сондай жақсы оқулықтар жоқ. Қазақ тілін оқуға аз сағаттар бөлінген. 9-10-сыныпты алып қараңыз, бірінші  жарты жылдықта екі сағат бөлінсе, екінші жарты жылдықта бір сағат бөлінеді. Сөйлеген жолдас дұрыс айтты, бізде жоғарғы оқу орын­дарында қазақ тілінің оқытушылары мен кадрлардың арнаулы дайындығы жоқ, көптеген жағдайда бұлар жоғарғы оқу орнын аяқтаған  биологияның және тарихтың мұғалімдері  немесе басқа кәсібі жоқ  кездейсоқ адамдар. Меніңше, бұл-біздің ең ойланатын  мәселелеріміздің бірі» [4, 11 п.], - деп, ана тілінің мүшкіл халіне араша болуға ұмтылған. Осылайша, тоталитарлық қоғамның  қысымына қарамастан ұлтын сүйген зиялылар қазақ тілінің оқытылу жағдайын  шын­дық  тұрғысынан баяндады. Республика  көле­мінде орыс  мектептерінде қазақ тілін оқы­ту мәселесі педагогикалық қауымның тал­қы­лауына ұсынылды.

1953 жылдың 19 қара­шасында Алматы қаласында өткен орыс мек­­тептеріндегі қа-зақ тілін оқыту туралы мәжі­лістің стено-граммасынан үзінді келтірсек: «Сұрақ. Күн тәртібіне осындай мәселенің қойы­луы тек қана Қазақ Республикасында ма неме­се  бұл мәселе ұлттық тілді оқыту туралы бас­қа одақтас республикаларда да қойылуда ма?

Басқа республикаларда бұл мәселе қаралуда ма әлде жоқ па бізге беймәлім. Бір ғана Армян  республикасы орыс тілінде сабақ оқылатын мектептерде армян тілін алып тастаған.

№52 мектеп директоры - Тимофеева жол­дас: - Біздер орыс тілі пәнінің  оқытушылары,  дұрыс және нақты сөйлемдер құрастыруға жеттік, сөйлем мүшелері мен сөз бөліктерін өте нақты шектеуге тырысамыз, ал қазақ тілі сабақтарында көптеген шатыстыруға кездесесің, қазақ тілінің оқытушылары, сөй-лемдер өзгермейді, қазақ тілінде бәрі бір деп түсіндіреді.

№41 мектеп директоры Кирюшкин жолдас: - Қазақ мәдениетін оқу қазақ тілін оқытуды талап етеді. Біздер, орыс адамдары, қазақ жастарының қазақ мәдениетін оқу жолын кеспеуіміз керек. Егер де біздер қазір орыстар мен қазақтар оқитын орыс мектептерінде мүлде қазақ тілін оқытуды алып тастасақ, осындай сипатта ешқандай  басқа ұлттарға емес, тек қана қазақтарға қазақ мәдениетін, бай мәдениетті оқуға құқық пен мүмкіндік береміз деп   айтуымызға болады. Менің пікірім, қазақ тілін оқыту  8-9, 10- сыныптарда  күніне 1 сағаттан қалдыру керек,  ал 5-6, 7-сыныптарда қазақ тілін оқытуды алып тастап, бұл сағат­ты орыс мектептеріндегі орыс тілін оқыту үшін берсек, себебі 10-нан 20% үлгермеуші оқу­шы орыс тілі бойынша үлгермеушілер есебіне қа­тысты деген 22 мектептің оқу ісінің меңге­руші­сінің пікірімен сәйкес келеді» [5].

Ал, Қазақ КСР Ағарту министрі  А.Сембаевтың Қазақстан К(б)П ОК хатшысы П.Понамаренкоға жазған «Орыс мектеп­теріндегі қазақ тілі ту-ралы» хатында: «Орыс мектептерінде жергілік-ті тілді оқыту мәсе­лесі туралы сұрауларға  Армян, Татар және Баш­құрт Республикалары-ның ағарту Министрлі­гінен жауаптар келді. Бұл республикалар  орыс  мектептерінде жергілікті тілді оқытуды алып тастау орынды деп есептеген. Сіздің қаты­суыңызбен 1953 жылдың қыркүйегіндегі Москвада өткен «Оқушылардың оқу тәртібін жақсарту және оқу жүктемесін азайту бо­йынша шаралар туралы» мәселесі бойын-ша мәжілісте мен ағарту Министрлігінің қазақ тілін орыс мектептерінде оқытуда міндетті пән ретінде одан әрі қалдырудың орынсыз екендігі көзқарасын жеткізуге мүмкіндік ал­дым. Онда мен сіздің ағарту Министрлігінің  ұсы­нысын қолдайтын ыңғайыңызды түсіндім [4, 52 п.].

1953 жылдың қазан айында біздер Қа­зақстан К(б)П ОК орыс мектептерінде қазақ тілін міндетті пән ретінде  оқытуды алып тастау туралы ұсынысты қарауды енгіздік. 1953 жылдың қарашасында Қазақстан ОК бюросының қаулысымен Сужиков жолдастың төрағалық етуімен комиссия ұйымдастырыл­ды, онда Алматы қаласының және республика­ның  басқа қалаларының зиялыларымен мектеп директорларымен және мұғалімдермен, партия және кеңес активтерімен  осы мәселе бойынша бірқатар кеңес өткізу тапсырылды. 1954 жылдың сәуір айында Сужиков жолдас КОКП ОК  хатшысы жолдас П.Н. Поспелов әңгімелесуде орыс мектептерінің оқу жоспарынан қазақ тілін алып тастау туралы мәселенің  орынды екендігі туралы  оң жауап алды, бірақ бұл мәселенің шешімін Қазақстан КП ОК кейінге қалдырып отырды. Сондықтан да Сізден оқы­тылу тілі орыс тіліндегі мектептерден қазақ тілін міндетті пән ретінде алып тастау туралы мәселені шешуді сұраймын» [4, 53 п.], - деп жазылған.

1953 жылдың 24 қарашасындағы Оралда­ғы №1 орта мектебінің педагогикалық кеңесі отырысының хаттамасында: «Тыңдалды: Ағар­ту министрлігі коллегиясының мүшесі Айманов жолдастың орыс мектептерінде  қазақ тілін оқыту туралы ақпараты тыңдалды. Оқушылар аз уақыттың ішінде РСФСР мектептеріне қарағанда, оқу пәндерінің көп мөлшерін оқуға мәжбүр болды. Ұйғыр мектептерінде қазақ тілін оқыту әлдеқашан алынып тасталған. Барлық орыс мектептері білікті оқытушылармен қамтамасыз етілмегендіктен, пәннің оқыту тиімділігі төмендейді. Орыс мектептерінде қазақ тілін оқытуды екі ұлттың мәдени жақындасуы мақсатында сақтау керек, бірақ  бұны ерікті жасау керек [4, 72 п.]. №1 орта мектебінің педагогикалық кеңесі республиканың мектептерінде қазақ тілін оқытуды басында ерікті енгізуді орынды деп  қаулы қабылдаған», - деген жолдар бар [4, 75 п.]. Жоғарыда келтірілген деректерден көріп отырғанымыздай, орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту «кеңес мектебінің» басты «проб­лемасы» болды. Сөйтіп, 1957-1958 оқу жылынан бастап  орыс мектептерінде оқитын қазақ балалары үшін және жеке сыныптарда (ата-аналардың қалауы бойынша) ғана қазақ тілі оқытылатын болған. Мұнымен қатар орыс мектептерінің оқу жоспарларына  қазақ тілін оқығысы келген  басқа ұлттардың  балалары үшін қазақ тілі факультативтік (міндетті емес) пән ретінде енгізілген [6, 352 б.].

Балалардың орыс тілін меңгеруі жойқын шаралармен әзірленген. Мәселен, айналадағы құбылыстар мен заттар туралы  орыс тілінде әң­гімелер өткізу, шығармалар жазу, сурет бойын­ша әңгімелер айту, үйірме жұмыстары және т.б. қарқынды ұйымдастырылған. Оқушыларды «орыс тіліне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу­де» қазақ, орыс сыныптары бар аралас мектептер игі рөл атқарған. Осындай мектептердің саны  жылдан-жылға арта түскен. Ал, қазақ тілін оқыту орыс мектептерінде міндетті емес пәнге айналған. Осындай саясатқа қарамастан қазақ тілі мен әдебиетінің беделіне қамқорлық жаса-ған ұстаздардан да кенде болмадық. 1954-1956 жылдары жазылған «Мектеп жасындағы  ба-лаларға арналған тәрбие және оқыту  мето­дикалық құралдары» деп аталатын еңбекте: «Ақмола облысы Қорғалжын ауданының  Мәлік Ғабдуллин атындағы  жеті жылдық  мектебінің  қазақ тілі мен әдебиет  пәнінің оқытушысы  Есіркенов Жетен оқушылармен көп жұмыс істейді. Оқушылардың дәптерлерін үнемі тек­серіп  отырады. Түрлі жазу жұмыстарын (дик­тант, мазмұндама, шығармаларды) жос­парлы  түрде жүргізеді. Үлгермеуші балалар үшін консультациялар өткізіп, қосымша тап­сыр­малар береді. Оқытушы әрбір оқушының  жұмысына сын көзімен қарап, ондағы жібе­рілген қателіктерді классификациялап, әрқай­сысының  өзіне тән себептерін ашады», - деген  мазмұндағы деректерді де кездестірдік [7,160 п].

Қазақстан Республикасы Орталық мұра­ғатында 1976-1977 оқу жылдарындағы респуб­ликаның қазақ тілі мен әдебиетінің үздік мұғалімдері туралы: «Ж.Алмағанбетов (Жез­қазған қаласы № 8 орта мектебі), С.Мұхтаров (Қызылорда қаласы № 212 орта мектебі), К.Ерназаров (Қызылорда облысы, Сырдария ау­­даны № 41 орта мектебі), З.Лепесова (Ақтөбе облысы, Шалқар мектеп-интернаты), Т.Тойшиева (Шымкент облысы, Алғабас ау­даны, Ш.Уәлиханов атындағы  орта мектеп), С.Естаева (Алматы облысы, Жамбыл ауданы), М.Исаева (Алматы облысы, Күрті ауданы), З.Балқанбаева (Целиноград облысы, Целиноград ауданы) және т.б. қазақ тілі мен әдебиетін оқытуды  жетілдіру  бойынша  тұрақты жұмыс жасай­ды», - деп жазылған [7, 100 п.]. Ал, Көкшетау облысындағы орыс мектептеріндегі қазақ тілінің оқыту жайы туралы: «Орыс сыныптарындағы қазақ тілінен сабақ беретін тәжірибелі мұғалімдер Арықбалық  ауданы сайлаушылары  сенім көрсетіп, оны облыстық  Советтің  депутаты етіп сайлаған төменгі Бұрлық орыс орта мектебінің  қазақ тілі пәні мұғалімі Мария Сералина, Ленин орденді Чка­лов  ауданы Алабота  орыс  орта мектебінің қазақ тілі мұғалімі Жамал Есенбаева, Шучье қа­ласындағы  №  4 орыс орта мектебінің мұғалімі К.Ибраева, Шучье ауданындағы Ә.Досов атын­дағы орыс орта мектебінің  мұғалімі К.Ахметова, Ленин ауданы Май орыс орта мектебі­нің мұғалімі Мүтаж Ғабдуллина, т.б. жолдастар бар», - деген мәліметтер жазылған [8].

Сонымен, КСРО тұсында еліміздің мек­теп­терінде орыс тілін  оқыту науқаны қазақ тілін мүшкіл халге жеткізді. Орыс тілі өмір сүрудің құралы болғандықтан, оның беделі тым жоғары болды. Мәселен, орыс тілін білгендердің жоғары оқу орындарына түсуге, беделді қызметтерді атқаруға «мүмкіндіктері» көп болды.

Ұлт жанашырларының бірі Мағжан Жұма­баев: «Бір ұлттың  тілінде сол ұлттың  сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұ-рады. Қазақ тілінде қазақтың  сары сайран даласы, біресе желсіз түндей  тымық, біресе құйындай  екпінді тарихы, сар далада үдере көш­кен  тұрмысы, асықпайтын, саспайтын са­бырлы мінезі-бәрі көрініп тұр», - деп,  қазақ­тың болмысын көрсететін ана тіліміздің қасие­тін шебер суреттеген еді. Ана тілі өзінің табиғи өрісінен айырылған уақытта тексіздікке де жол ашылды. Түйіндеп айтқанда, кеңес мемлекеті тұсында  орыс тілін шебер меңгерту арқылы орыс­тандыру саясаты жүргізілді. Оның зар­дап­тарынан әлі күнге дейін арыла алмай келеміз.

 

«Қазақ тарихы» журналынан

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2156
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2563
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2424
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1664