Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Жаңалықтар 5777 0 пікір 8 Қыркүйек, 2010 сағат 12:51

Маңғыстауға қазақтардың келуі

Эльвира Абланова, тарих ғылымдарының кандидаты, Маңғыстау политехникалық колледжінің оқытушысы

XVII ғасырдың аяғында Кіші жүз қазақтарының көшіп-қону аймағы бірсыпыра тұрақтанды. Олар Арал-Каспийдің солтүстігі мен аралдық Қарақұм мен Жайық арасын тұрақты мекен етті. Ұзақ жылдарға созылған саяси катаклизмнің әсеріне қарамастан Солтүстік Арал-Каспий өңірінің көшпелі тұрғындары бірігу процесін жалғастыра берді. Соның нәтижесінде жалпы Кіші жүз қазақтарының қалыптасу процесі біршама аяқталды. XVIII ғасырдың ортасы мен XIX ғасырдың басында Кіші жүз осы аймақты түгел иемденді, мал жайылуға жарамды өңірлерге қайтадан мал тұяғы тиді /1/.

М.Л.Юдин өз зерттеулерінде Маңғыстау қазақтары туралы мынадай мәлімет береді: «Қырғыз ордасының Кіші жүз қырғыздары Жайық даласында көшіп-қонып, олардың оңтүстіктегі тұрақтары Сырдария, Арал, Үстіртке дейін жайылып, түрікмендермен қоңсылас жақын көшіп-қонды. Қырғыздар ішінде түрікмендерге солтүстіктен жақын іргелес қырғыздан шыққан адай рулары көшіп-қонды. Олар өздерінің Оңтүстіктегі көршілерін реті келгенде барымталап, өздерінің сандық құрамының көптігімен түрікмендерді басып тастады» /2/.

Эльвира Абланова, тарих ғылымдарының кандидаты, Маңғыстау политехникалық колледжінің оқытушысы

XVII ғасырдың аяғында Кіші жүз қазақтарының көшіп-қону аймағы бірсыпыра тұрақтанды. Олар Арал-Каспийдің солтүстігі мен аралдық Қарақұм мен Жайық арасын тұрақты мекен етті. Ұзақ жылдарға созылған саяси катаклизмнің әсеріне қарамастан Солтүстік Арал-Каспий өңірінің көшпелі тұрғындары бірігу процесін жалғастыра берді. Соның нәтижесінде жалпы Кіші жүз қазақтарының қалыптасу процесі біршама аяқталды. XVIII ғасырдың ортасы мен XIX ғасырдың басында Кіші жүз осы аймақты түгел иемденді, мал жайылуға жарамды өңірлерге қайтадан мал тұяғы тиді /1/.

М.Л.Юдин өз зерттеулерінде Маңғыстау қазақтары туралы мынадай мәлімет береді: «Қырғыз ордасының Кіші жүз қырғыздары Жайық даласында көшіп-қонып, олардың оңтүстіктегі тұрақтары Сырдария, Арал, Үстіртке дейін жайылып, түрікмендермен қоңсылас жақын көшіп-қонды. Қырғыздар ішінде түрікмендерге солтүстіктен жақын іргелес қырғыздан шыққан адай рулары көшіп-қонды. Олар өздерінің Оңтүстіктегі көршілерін реті келгенде барымталап, өздерінің сандық құрамының көптігімен түрікмендерді басып тастады» /2/.

Маңғыстауға қазақтардың келуін Н.Галкин қалмақ ханы Аюкенің билігі әлсіреген тұсымен байланыстырады. Түбекке шығыстан келген Кіші Орда қазақтары Астрахан губерниясына өткен қалмақтармен қатар Каспий теңізінің батыс жағалауын Кавказ-Астрахан даласына көшкен бірнеше жүз түрікмен Иғдыр және Чаудыр руларының жерлерін иемденді. Ал қазақтар қалмақтардан қалған түрікмендерден саны мен күші жағынан басым түсті /3/.

Қазақтың халық жазушысы, өлке тарихын зерттеуде құнды ізденістер авторы Ә.Кекілбаев түбекке қазақтардың келуін он тоғызыншы ғасырдың басына таман апарады. Бұл ретте автор: «1803 жылы ... Ұлы, Орта, Кіші Орда қазақтарының саны мен көші-қоны Орал облысы мен Хиуа деп көрсетілген. Бірақ, қазақтар бұл тұста Жем сағасын, Сам, Асмантай-Матай құмдарын жайлап, әлі Маңғыстау ойына құлай қоймаған секілді. Олардың Маңғыстау мен Үстіртке дендеп бет қоюына түрікмендердің Ресейдің қол астына өтпек әрекеттері себепші болған. Түбектегі Абдал, Бұрыншық түрікмен рулары 1813 жылы малдарын сатып, кемемен Астраханға ауды, қалғандары Балқан түбегіне, Хиуаға қарай көшті. Адай тайпасы Маңғыстауға осы тұста қоныстанса керек...» деп көрсетеді /4/.

Мұражай деректерінде Маңғыстау дала­сында қазақтар түрікмендердің бейбіт өмірін бұзып, тыныштығын кетіргені Бегеніш қажы­ның Астрахан ақсүйегі Воронинге 1721 жылы 3 наурызда жасаған мәлімдемесінде кездесе­ді /5/. Осы дерек 1721 жылы маусымда Астра­хан воеводасы И.Кикиннің Камер-коллегия пре­­зи­денті П.А.Толстойға жазылған қатынас қағазында расталады. Онда: «Патша өкіметі­нің ке­ме­лері Карағанға түрікмендермен сауда жасау­ға келіп тұрды, енді түрікмендермен қазақ­тар арасында қырда (далада) бейбіт өмір сүру қиындап кетті», - делінген /6/.

Аталған деректен Маңғыстауда қазақтар 1721 жылдары болғандығын нақтылаумен қа­тар, олар мұнда тек аталған жылы ғана пайда болған жоқ, оған дейін де осы жерді мекендеген деген пікірге келдік. Оған дәлел, егер қазақтар тек 1721 жылы ғана түбекке келсе, орыстарға жазған хаттарын­да түрікмендер «қазақтар келді» деп дабыл қағар еді. Сондай-ақ бұл деректерде қазақтар кенет­тен келіп түрікмендерді шауып кетті, не жерді тар­тып алды емес, үйреншікті Маңғыстау дала­сындағы қазақ-түрікмен қатынасы тынышсыз болып тұр деп хабарланған.

ХVІІІ ғасыр басында қазақтардың жағдайы қиындап, жоңғарлардың тегеурініне шыдай алмай, батысқа қарай ығысқан кезде олар түрікмендермен қақтығысты /7/.

1722 жылы 21 желтоқсанда теңіз жағасын­да кемесі апатқа ұшыраған Семенов полкінің діндары Т.Н.Буслаевты және бірнеше орыс сол­датын Түпқараған түрікмендері құтқарып, орыс­тар тау шатқалындағы үңгірде пана­лап, есте­рін жиған соң 26 желтоқсанда ен дала­мен жаяу жолға шыққан. Сол күні кешкісін олар­ға түрікмендерден басқа «татарлар» ша­буыл жаса­ған. Оларға қарсы солдаттар қару көрсет­кен /8/. Аталған жазбада түрікмендердің орыстарға көрсеткен көмегінің шексіздігімен қатар, түрікмендерден басқа татарлардың тү­бекті қоныстанып отырғаны, олардың орыс­тар­ға қарсы іс-әрекет жасауға ұмтылғаны анық жазылған. Сол 1722 жылы Маңғыстауда орыстарға кездескен «басқа татарлар» қазақтар болса керек.

Н.Н. Пальмовтың қолжазба қорынан та­былған келесі деректе 1723 жылы күзде Маң­ғыстау түрікмендерінен қалмақ ұлысындағы Аюке ханның бұйрығымен салық жинауға келген Цой-Раши қайтар жолда екі рет күтпеген шабуылға тап болып, қазақтардың (деректе - қайсақтар) түрікмендерден жинап алған бар алымды қалдырмай тартып алғаны туралы айтылады /9/. Осы дәйектен қазақтардың 1723 жылы түбекте емін-еркін көшіп-қонумен қатар, қалмақтардың түрікмендерден салық жинауға келетінінен нақты хабардар болып, олардың жолын торуылдап, шабуыл жасауы қазақтардың түбектің қожасына айналғанын дәлелдейді.

Маңғыстауда қазақтардың отырғандығын дәлелдейтін келесі дәйек - 1741 жылы 13 ақпанда қалмақ ханы Дондук Омбының кабинет министрі граф А.И.Остерманға жазған хат. Онда «менің атам мен әкемнің қол астында болған түрікмендер өзара келіспей, сол сәтте оларға қырғыз-қайсақтар шабуыл жасап, көпшілігін кедейшілікке ұшыратып, тонап, сол жерде қалған түрікмендер күн көре алмай Хиуаға кетті» /10/, - делінген.

1741 жылы тамызда капитан Г.Тебелев кемесі Маңғыстауға келген. Осы сапарында ол түбекте түрікменнің аз санды абдал руының өкілдері тұратынын, оларға көршілес адай қазақтары «ұлы қысым» көрсетіп отырғанын, түрікмендердің малын айдап, кейде адамдарын тұтқынға алып кететінін, түрікмендер ауылы әр жерде шашырай қоныстанғанын, тек Өліқолтықтағы Айрақты (Ираклы) тауында түрікмен руларынан қарауыл қойылып, ал қазақтар жақындағанда белгі беріп, жауынан қашқан түрікмендер биік таудың төбесіне шығатынын жазған /11/.

Жоғарыда көрсетілген капитан Г.Тебелев­тің қазақтардың түбектегі түрікмендерге шабуы­лын өз ізденісінде маңғыстаулық зерттеу­ші С.Қондыбай да көрсетеді. Ол: «егер, 1741 жылы жәуміттер Бейнеудегі Айрақты тауының ба­сында қарауыл қарап отырған бол­са, онда адайлардың Үстіртті 1740 жылдарда әлі де болса толық иемденіп болмағандығын көрсе­теді», - деп тұжырымдайды /12/. Біз автордың ойымен келісе алмаймыз. Біріншіден, 1741 жы­лы Маңғыстауда түрікменнің жәуміт руы­ның өкілдері өте аз болған, олар ХVII-XVIII ғасырлардың басында Балқан асып кеткен, тек Хиуа шапқыншылығы тұсында түбекті пана­лауға жәуміт руының бірнеше үйі келіп қыста­ған. Жоғарыда айтылып отырған - түрікменнің абдал руының өкілдері. Екіншіден, қазақтар бұл кезеңде Үстіртті дұрыс иеленіп, өздерін Маңғыстау жерінің қожасы сезініп, түбектегі саяси стратегияны қолына алғаны белгілі. Осы жылдары, яғни 1741 жылы Нәдір шах Хиуаны тастап, еліне оралған тұста, оның орнына қойған парсы ханын өлтірген түрікмендерге Хиуа ханы болып Кіші жүз ханы Әбілқайырдың баласы Нұралы хан отырды. Маңғыстауды иеленген кіші жүз қазақтары Хиуа тағында аз ғана уақыт отырған Нұралы ханнан күш алып, Үстірт үстінде еркін көшіп-қона бастады.

1745 жылы 25 шілдеде жазылған деректе Астраханға Хиуадан көшкен түрікмендердің Нәдір шахқа қарсы күресі туралы берген куә­герлік жазба құжаттарында: «біз таби­ға­ты­мызда иғдыр татарлары, бұрын Маңғыш­лақ­тағы Иракмен (Айрақты) тауында өзіміз­дің тұрағымыз болды, осыдан сегіз жыл бұ­рын, әлде одан да бұрынырақ, қырғыз-қайсақ­тардың жойқын шапқыншылығына төтеп бере алмай, барлық уақытта олардың далада (қырда) ты­нышсыз болуы себепті Хиуаға қоныс ау­дардық, онда 1741 жылға дейін отырдық» /13/. Егер бұл деректе көрсетілген сегіз жыл бұрынғы қазақ­­­тар шабуылын анықтасақ, 1745 жылдан есепте­ген­де бұл тарихта 1737 жыл. Бұдан Айрақты та­уын­да түрікменнің иғдыр руы өкілдері отырған­ды­ғын байқадық, келесі басты фактор 1737 жылы осы­мен екінші түбекті қоныстанған түрікмен руларының ішіндегі сандық тұрғыдан абдал­дар­дан кейінгі ең көп өкілі иғдыр руы болса, осы иғдыр­ларды қазақтар Үстірттен деректе айтылған­дай 1737 жылы (мүмкін одан да әрі) Хиуаға қа­рай ығыстырған. Бұл оқиғада назар аударатын тұс - қазақтардың барлық уа­қытта тынышсыз бо­луы деген мәселе, яғни қа­зақтар иғдыр руының тек 1737 жылы ғана емес, оған дейін де мазала­рын алып, түрікмендердің қоныс өзгертуіне тезде­туші фактор болған.

Тағы назар аударатын мәселе жоғарыда көрсетілген қай деректі алып қарамайық, бар­лығында қазақ шапқыншылығы деп көрсе­ті­леді. Яғни Маңғыстауда отырған түрікмендерді қа­зақтардың ара-тұра шауып тұрғандығы, далада қазақтардың бейбіт өмірді бұзғандығы сөз бо­лады. Бұдан туатын қорытынды, егер қазақтар түрікмендерді жиі-жиі жаулап, малын тартып әкетіп, Маңғыстауда қоныс теуіп отырмаса, ол малды қайда айдап әкетті? Жем бойына ма, Хиуаға ма? Екі жақ та жаяу мен аттыға бірнеше күн жол уақытын талап етеді. Ал деректерде түрікмендер қазақтардың жаугершілік саясатты жиілеткендігін қайталайды. Сонда қазақтардың  Маңғыстауда ғасыр басында-ақ, (мүмкін оған дейін) көршілес көшіп-қонғандығы нақтыланады. Бұл жерде ескеретін тағы бір мәселе, біріншіден, түрікмендер қазақтарға қарағанда Каспий теңізін жайлай қоныстанды, ал қазақтар жарты аралда шөлейт жерлерде көшіп-қонды, бұл ретте қазақтар көбіне Үстірт жазығында тұрақтап жүрсе, түрікмендер сауда кемелерінің соңында Қабақты мен Түпқараған айлақтарына, Кендірліге жақын, бір сөзбен су жағалай орналасты. Сондықтан да орыс деректерінде де, Орта Азия құжаттарында да түбек халқы ретінде азғантай түрікмен танылып отырды. Ал, кейін орыс экспедициялары Үстіртті белсенді зерттей бастағанда, оларға бөгет болған адай-қазақтары туралы мәлімет орыс басылымдарында жиірек жазыла бастады. Бірақ, бұл тарихта келесі ғасыр еншісіне тиді.

1745 жылы маусым-шілде айларында Маңғыстауға келген капитан В.Копытовскийдің күнделік жазбасы сақталған. Онда түрікмен старшындары Қарабатыр Онбегі Сүңгірғап пен Шапық Нияз батыр ұлыстарында қазақ елшісін қабылдағаны, бір қап ұнға сатылған түрікмендерге ренжіген Мәмед Бердіге қарсы старшындардың «біз орыстарға ризамыз, олар ұн жібермегенде сен ұнды Хиуа ханынан аласың ба, әлде қазақтардан аласың ба, хиуалықтардың өздері ит құсап өліп жатыр, ал қазақтар орыстарға риза, сен өзің бізден сұрамай қазақ елшілерін қабылдайсың.....» /14/ деген жолдарды оқыдық. Бұл дәйектен байқағанымыз: түрікмендер мен қазақтар тек қана жауласа бермей, бір-бірінің елшілігін қабылдап, өзара сөз тыңдап, түбекте бейбіт қатар өмір сүруге де талпынған, яғни түрікмендердің әр ауыл ақсақалының көрші елмен қатынас құрудағы еркіндігі байқалады. Себебі, басқа түрікмендер олардың қазақ елшілерін құпия қабылдағанын білсе де, ешқандай шара қолданған жоқ, бұл Мәмед Бердіге тіке айтылғанмен де оны жазалай алмайтындарын көрсетеді.

1745 жылғы В.Копытовский түрікмендер­ден немен айналысып күн көресіңдер деп сұра­ған. Олар: «ер адамдардың көпшілігі қазақтар­ға барып, мал ұрлап күнелтіс қыламыз» деп жауап берген /15/. ХVІІІ ғасырдың басында тү­бек­ті мекендеген қазақ-түрікмендер арасындағы барымта мен қарымта, өзара «ұрлық» күн көріс­тегі тұрақты табыс көзі ретінде қалыптасты.

1746 жылы 18 қарашада штурман П.Лебедевтің Маңғыстауға іс-сапары туралы рапортында «түрікмендерден қолға түскен орыс тұтқындарын ұнға айырбастап сатып алу барысында шіркеуге шоқындырылған пар­сы­лық түрікмендерден кетіп қалған, ал оның әйе­лі мен ұлын түрікмендер қазақтарға сат­қан» /16/. Осы деректен зерттеліп отырған кезеңде түрікмен-қазақ қатынасы тек шапқыншылықтан емес, алым-беріс пен өзара сауда қатынасы қалыптасқандығын көрсетумен қа­тар, екі ел арасында сырттан қолға түскен адам­дар­ды құлдыққа сату ісі де болғандығын көреміз.

Сөзімізді қорытындылай келе, тарихи де­ректерден көргеніміздей Маңғыстауға қазақ­тардың қоныстануы ХVІІІ ғасырдың 20-жыл­дары басталды. Осы кезеңдегі Маң даладағы қиын саяси катаклизмге қарамастан, қалмақ-түрікмен-қазақ қарым-қатынасының жаугершілік сипатта болуы «кім күшті, сол жеңеді» принципімен жүзеге асты. Сөйтіп, Маңғыстау адайлары түбек жеріне өз биліктерін орнатты.

 

«Қазақ тарихы» журналынан

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2057
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2485
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2074
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1600