Сенбі, 27 Сәуір 2024
Алашорда 6702 0 пікір 5 Маусым, 2017 сағат 11:11

Тұрсын Жұртбай. "Сол «Қаракөз», «Қаракөз»" (жалғасы)

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271

http://abai.kz/post/view?id=7292

http://abai.kz/post/view?id=7363

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7819

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

http://abai.kz/post/view?id=8925

http://abai.kz/post/view?id=8955

http://abai.kz/post/view?id=9050

http://abai.kz/post/view?id=9536

http://abai.kz/post/view?id=9857

http://abai.kz/post/view?id=10194

http://abai.kz/post/view?id=10277

http://abai.kz/post/view?id=10532

http://abai.kz/post/view?id=10740

http://abai.kz/post/view?id=10973

http://abai.kz/post/view?id=11107

http://abai.kz/post/view?id=11260

http://abai.kz/post/view?id=11485

http://abai.kz/post/view?id=11583

http://abai.kz/post/view?id=12512

http://abai.kz/post/view?id=12602

http://abai.kz/post/view?id=12674

http://abai.kz/post/view?id=12762

http://abai.kz/post/view?id=12863

http://abai.kz/post/48131

http://abai.kz/post/50997

http://abai.kz/post/50447

http://abai.kz/post/52092

http://abai.kz/post/52363

http://abai.kz/post/53678

«Қазіргі ән мұңайған жүдеу, қаралы дейді. Барлық сорлылық біздің басымызға-ақ тура бере ме. Қайта бұрыннан біздің әніміз, күйіміз қазір де ажарлы емес пе. Бұрын ән әркімнің аузында болса, қазір заң жолымен театрда салынбай ма? Ерік алған еңбекшілер әнді, күйді ешкімнен қаймықпай, бұрын далада зарлайтын болса, бүгін рақаттанып, өз жырын, өз әнін өз өкіметінде айтпай ма? Олай болса неге қаралы дейді, неге жүдеу дейді. Қазіргі біздің бостандықты мінегені осы емес пе?»

Міне, бұл барып тұрған әдеби, тіпті, саяси сайқалдық. «Қаракөздің» дәуірі – «Еңлік-Кебактің» дәуірі» деп сөз басында айтқан уақыттың анықтамасын ұмытты да, оқиғаны өз заманының қыз-келіншектерінің өмірімен салыстырады. Арғы-бергі әдеби сын тарихында өзге ғасыр туралы жазылған шығарма кейіпкерін кейінгі дәуірдегі тіршілікпен салыстырған, сол арқылы үкім айтқан сыншы кездескен емес. Енді кездесе де қоймас. Ал Жұмабай сыншы оған қысылып-қымтырылмайды. Ойын үстей түседі:

«Қыз ән шырқатпай сыбырлайды дейді. Жаным-ау, біздің қазіргі қыздар неге ән шырқатпай сыбырлайды, қайта сыбырлайтын қыздар жазушының ескі заманының қыздары емес пе еді. Біздің қыздар кәзір ерік алып, сүйгеніне кетіп отырған жоқ па? Еңлік, Қаракөзге ұқсап біздің қай қыздарымыз зарлап үнін шығара алмай отыр? Қазақ қыздары оқып жатыр, қоғам ісіне еркектермен қатар қатынасып жатыр. Театрда артист болып ойнап жатыр. Жазушы азамат осыны неге жасырады, кеңес өкіметінің өткен ісін неге көрмейді, кеңестің ақшасын ала білгенде, оны неге айта білмейді. Еңбекшілердің салтына келтіріп неге жазып бермейді. «Дәм татқан құдыққа түкірме» деген қайда. Еңбекшілердін, тілегіне, салт-санасына қарсы кітап жазып, ақша алудан неге ұялмайды?!!»

Ұят туралы әңгіме қозғалғанда, зады, сыншының өзі бір сәт сол сөздің астарына үңіліп, ар-ожданның алдында есеп беруі тиіс еді. Расында да: «Театрға қатынасып, еркектермен қатар қоғам ісіне» араласқан қыздар неге «Еңлік пен Қаракөз боп жылауы» тиіс? Екеуін салыстыратындай қандай қажеттілік бар? Керісінше қасіретпен күн кешкен әпкелерінің өмірін көз алдына әкеп, көркем бейнелеген, сол үшін жан азабын тартқан Мұхтардың «алғаны» адал емес пе. Соған қарағанда, мәселе «Қаракөзде» емес, ол алған сыйлықта. Пендешілік қызғанышта. Соны ашық айтпай, жымсыта білтелеп отыр. Осы ретте Мұхтардың кінәсын көбейту үшін оны Европаның иделистерінің де қатарына қосып жібереді.

«Сырым мен Қаракөз тоғайда жолыққанда, Қаракөздің жанында Ақбала деген жеңгесі ере келген. Қаракөз бен Сырым сөйлесіп отырғанда Сырымның үш салы Ақбаланы қолтықтап алып, қараушы халықтың алдынан былай-былай өтіп жүреді. Тап осы арасына келгенде жазушының көзінен Европаның театрға қолтықтасып баратын қызы мен жігіті елестеп кеткен, болмаса ол күндегі ауылда өскен қазақ әйелі, бозбаласы қолтықтасып жүруді білмеген».

Ендеше, «Шыныменен көңілің менде болса, кел екеуміз жүрейік қол ұстасып» – деген қара өлеңді екінің бірі неге айтқан. Жоқ, ол өтірік өлең боп шықты. Себебі:

«Кез келген көгалға отыра салып сөйлесе беретін. Тағы да бір әйелдің соңынан көріне көзге 3 жігіт салаңдап жүру қазақ салтында болмаған».

Осынау, сандырақты оқып отырып: «Жоқ, жолдас Жұмабай! Қазақ жігіттері де қызды алтыбақанға демеп отырғызып, қолынан ұстап түсірген. Қазақ қыздары келген бетте «көгалға көсіле» кетпеген, «қызарып-сұрланып, лүпілдеп жүрегі» (Абай), «саусағының ұшынан ұстап», ыстық демі бет шалған. «Сексен қыз боп та серуенге шыққан» – деп айқайлағың келеді. Бірақ одан пайда жоқ. Тым кеш. Екіншіден «европашылдығы» үшін Мұхтар жазасын да алып үлгерді ғой.

«Қаракөздің» оқиғасы тоғаймен көп байланысып отырады. Тоғайда жолығысады. Тоғайда ұсталады. Қаракөз жынданғанда тоғайға барады, «тоғай... тоғай»деп зарлап жүреді. Анығында қазақ тоғайға жақын ел емес. Қазақ жерінде тоғай аз. Қазақтікі дала. Әйелдер бүркеніп бел асып кетіп, кімге жолығып, болмаса сөйлессе де сол белдің астында болады. «Қаракөзде» ылғи тоғайдың көрінуі Европаны, оның жеріне, тұрмысына еліктегендік болмаса, қазақ тұрмысына тоғай көп араласпайды. Міне, «Қаракөздін» көзге көрінерлік кемшілігі осы».

Бұған не уәж айтуға болады? Сұлулықтың еркіндіктің елесіндей ару Қаракөзді – «бүркеніп, бел асып кетіп, шаруасын дөң астында бітіретін» әйелге теңеуін сыншының көңіл көзінің бітеулігіне балайық. Ал, тоғайды көпсінгені несі? Жер – сусыз, су – тоғайсыз бола ма? Алатау, Көкшетау, Тарбағатай, Алтай да төбе ме? Ол да Европаның көрінісі ме? Жоқ, мәселе Мұхтардың буржуазиялық Европаның идеясын «насихаттауында», яғни, «саяси жат сарынды» жырлаған «идеалистік» пиғылында.

Бұл – «жаланың» кіріспесі ғана, кіріспесі. Мұхтарға ашық түрде алғыс та, қарғыс та әкелген...

Ия, сол «Қаракөз», «Қаракөз».

Осыншама авторды күйініш-сүйінішке ұшыратқан бұл пьеса арқылы Мұхтар Әуезов суреткер көзімен, кейіпкер қимылымен өзінің барлық ойын жеткізді. Санына қылбұрау салған құлынның шұрқыраған даусы жеті қат аспанды жарып өткені сияқты, «Қаракөз» онын жеке басының да көкей кесті күйі еді.

Ол – сонысымен де қымбат. Сонысымен де күрделі.

Сондықтан да сиқырлы сұлу сияқты – тылсым күшке, қылықты құдіретке ие.

Тұла бойын еріткен сезімін де, сорғалаған тілін де, тереңдегі тебіренісін де, серілікпен өткен күндердің сағынышын да, көзі қиса да көңілі қимаған жан азабын да, әйтеуір табиғат берген таланттың барлық қасиетін «Қаракөзге» сарқа жұмсап, көкірегінің ащы өтін жарып жібергендей таусыла жырлайтын себебі не? Өйткені бұл – Мұхтардың жастық шағымен, Шыңғыстаумен, сүйген жары – Кәмиламен қоштасуы еді. Ешкім оларды айырған жоқ. Бірақ ажырамасқа лажы да жоқ Мұхтардың. Саналы түрде, суық ақылмен таңдап алған азапты жол! Ол – Кәмила үшін өзінен басқа адаммен өмір сүрудің өліммен тең екенін түсінетін. Кәмиламен қоштасса, қайтып Шыңғыстың топырағын баса алмайтынын білді. Шынында да солай болды. Он бес жыл ел бетін көрмеді. Соның барлығын сезді. Сезе жүріп, сол жердің топырағын басып жүріп, алдағы көрмейтін көп жылдардың несие есебі сияқты елін-жерін сағынды, самалын аңсады. Кәмиламен іштей қоштасты. Ол – өзінің «ғашықтық тоятын қиялынан» тауып та, сөз байласып та үлгерген. Ленинградқа биыл ма, келесі жылы ма жол жүреді. Онда, көгілдір көзді, сүйкімді сұлу «Валечка», Валя, Валентина Николаевна күтіп жүр. Мәселе – шешілген, қол алысып, уәделескен. Серті берік. Бірақ Кәмиланы да қимайды. Амал не, қолаң шашы иығына төгілген, жан құмарындай жақсы көрген Кәмеш қалады. Мәңгіге. Денсаулығы да нашар, көп шыдамас, көпке ұзамас өмірі. Сонда, мәңгі қоштасқаны ма. Солай-ау. Онда, ел-жұртқа да жуырмаңда орала қоймас. Е, бұл бәрімен қоштасады екен ғой. Қош... Қош... Сонша қымбатты қиюға Валя татитын қыз. Ендеше, қайта сағынбастай уаз кешіп өтпеймін бе? Қыз жүрегі айнымап па, ауытқымап па, білер. Әттен, Кәмила! Шіркін, Валя! Не жазық бар сендерде? «Кімді іздеп өмір сүрем?..»

Барлық құпия – Қаракөзді жоқтап, Сырымның аузынан айтылған осы сөзде жатыр: «Кімді іздеп өмір сүрем?»

Расында да кімді іздеп өмір сүреді?

Бұл сұрақтың жауабын табу, 1925 жылы екі арудың ыстық жүрегінің ортасында қорғасындай балқып, сынаптай толқып жүрген Мұхтар үшін – ғұмырлық таңдау, ертеңгі күннің тіршілік-мұратын шешумен бірдей еді.

Дала шежірешісі академик Әлкей Марғұлан марқұм жұмсақ креслоға шалқайыңқырап, шапанын қаусыра жамылып, сиреген бурыл бұйра шашы даланың ақ шашақты селеуіндей сепсіп, арасында құмыға, даусын ішіне тарта күліп, кейде «біз тек француз коньягін ішетінбіз», кейде «біз де серіміз, екеуміз де білімдіміз ғой», «Әй, Мұхтар» деп желпінгенінің өзі жарасып, арасында: «Ой, Шыңғыс келе, келе ғой» – деп немересімен ойнай отырып, көп күндерде мол сыр айтып еді. Біз баспасөз бетінде жарияланған, қолжазба күйінде көрсеткен материалдарына иек артып, естелігін сол өзі айтқан әңгімелерімен қоса жинақтап келтіреміз.

Әлкей Марғұлан: – «Семейдегі педтехникумда жүрген жылдарымда Мұхтармен сырлас, дос болдым. Ол сол кездегі аса белгілі қазақтың бірі еді. Мен төрт жыл бойы Мұхтардың қасында жүріп, әңгіме-пьесаларын қолжазба түрінде оқыдым. Әрі ұстаз, әрі дос еді. Ленинградқа кететін жылы қыстыкүні Мұхтардың ауылынан мықты айғыр жеккен шана келді. Мұхтардың күтуші іспетті серігі бар. Пысық, жақсы жігіт. Мені шақырып жүрген. Аттанып кеттік. Жиырма шақырымнан соң қатты боран басталды. Ештеңе көрінбейді. Тау алқымындағы үйге келсек, ұйысқан қалың керуен. Әйгілі Күшікбайдың қақаған кезеңі. Әлгі жігіт лып етіп кетіп қап, екеумізді бөлек үй тауып орналастырды. Кілең Ташкенттің көпестері. НЭП-тің кезі ғой. Біраздан соң жол азабынан түңіліп:

–  Кері, Семейге қайтсақ қайтеді, – дедім.

– Әй, Әлкей, сен баламысың? Ұят емес пе жас жігітке жолдан қайтып, – деп дүрсе қоя берді.

Әйтеуір, үшінші күні жеттік. Абай ауылы – аяулы ауыл. Күніне екі-үш қонақ. Ойын-сауық және төсекті жайлы салады. Не ғыласың, ән, музыка. Скрипка, мандолин, сыбызғы, сырнай. Бір-бірін іліп әкетеді. Оркестрге қосылып, неше ұлттың әуенін салады. Зікәйіл – үнемі жеңін түріп жүреді. Өзі солбыр киінеді. Ой, өнерлі еді. Жағыпар – пысық, сері. Оның домбыра тартысы ғажап. Жебірейілді Мұхтар керемет сыйлап, қатты ұнататын. Ол дегенің қандай әнші, қандай талант. Үшеуі де Абайдың ұрпағы. Бірінен бірі өтеді. Мен Мұхтарға екі тазы сыйлағам. Тегін тазы емес, текті тазылар. Мені танып, кеудемді иіскеп, тырмалап, әбігерге түсті. Біреуін Шәкерім сұратқан екен. Мұхтар бермепті. Немере ағасы Раздық ұстайды екен. Қыстыкүні болса да ойын-сауық қуамыз. Аққасқамен аңға шығамыз. Саятқа Шәкерім шақырған еді. Жолымыз қиыстау бұрылып қонаққа бара алмадық. Мұхтардың қарт досы Кәріқара – Өтекелді қалмайды қастан. Ұзын бойлы, таза киінетін адам. Содан қызықпен қалаға кайттық.

1925 жылдың жаз айында Мұхтар оңаша шығарып ап:

–  Әй, Әлкей, енді Ленинградка оқуға жүрердің алдында Шыңғысқа бір барып, сайран салып қайтайықшы. Құмарымыздан шыға қызықтайық. Әншілік, серілік өнерін көрейік. Заман қалай болады. Басымыз қосыла бере ме? Енді қашан көреміз елді? Менде бір толқу бар. Арылайықшы дерттен, – деді.

–  Қайдағы дерт. Е, барсақ-барайық. Неге түңілесің? – дедім.

Үндемеді. Енді доспыз ғой. Жүрегінде толқу барын білемін. Содан Шыңғысқа бардық. Қасымызда оқыған үлкен қызметтегі Даниял Кәкітайұлы Ысқақов, Ахметбек Шикібаев бар. Кәріқарамыз қарсы алды. Шіркін Кәмеш, Кәмила... Қазақы киім қандай жарасатын. Сәндеп киінетін. Ой-ой, керемет еді... Аңға Көкен тауына шыққанда Мұхтардың ішкі алаңын сезіп: «Қайтып қиясың» – дегенімде күрсініп қалған. Сол жылы елімен-жерімен қоштасқандай көрмеген қызығы, шықпаған төбесі қалмады. «Әлкей, ана шоқыдан ана жер, мына төбеден мына жер көрінеді» – деп әр төбеге шығып төңірегіне қарайды. Самалға төсін төсейді. Сарыарқаның сағымы көшіп жүреді. Кәріқара қойнымызға жылан салады. Сөйтсем, тісін алып тастайды екен ғой. Қатпа деген адам бар. Бір өзі таласқан иттің, қасқырдың, еркектің, әйелдің, байғұздың даусын салады. Серілік те болады. Бірде Даниял Ысқақов бір топ ауылдың қасынан өтіп бара жатып: «Ой, мынау сыйлы ауыл. Сәлем бермесек болмайды. Жүр, Мұхтар» – деді. Әншейінгідей емес, көнбей, ұзақ сөз айтып тұрып алды. Даниял маған: «Әлкей, мына ауылда Мұхтардың бұрынғы әйелі бар. Жүр, соны көрейік. Сен бір жақ тізгінін ұста» – деді. Ол бір аяулы күндер ғой. Серілікпен, желікпен, күлкімен өткен. Екеуміз аттың тізгінін екі жағынан ұстап, бастап кеп бердік... Сөйтсек Райхан сонда екен. Қатты қысылды. Мұхтар мен Райханды түртпектеп біз мәзбіз... Қойшы, не керек, тау ішінде ұлардай шуласып-дуылдасып ән шырқаймыз. Мен қайырылып Кәмешті ойлаймын. Басымды шайқаймын. Мұхтар түсінеді. Кәмештен кетсе, бұл өңірге келе алмасы белгілі. Жерге көзін тұндыра қарайды... Қоштасқандай. Оны да қимаймын. Үндемейтін. Кәмиланы Кәріқараға тапсырды. Жасы үлкен адам. Мұхтарды сыйлайды. Кәмешті күтіп, көңілін аулап ауылда қалады кейде...

Содан тамыз айын біз тегісімен ойын-сауық, мереке үстінде өткіздік. Оның бірі – аң аулау, қаршыға салу болды. Бірақ Шыңғыс тауда қаршыға, тұйғын, лашын салатын кісі, тіпті аз екен. Лашынды келістіре салатын бір кісі тек Шаған жағында бар деп естідік.

Біздің бар тапқанымыз Кәріқараның көкшәулі қаршығасы. Онымен екі күн өзен бойын аралап ешбір құсқа түсіре алмадық.

Бір күні қасқыр аулауға шықтық. Қасқырдың мінезін, ісін жақсы білетін кісі Мұхаңның ауылдағы досы Қатпа деген ойыншы еді. Түнде келе жатқанда Қатпа ақырын бөлініп кетіп алдымыздан қасқыр болып ұлып жататын. Тамыз айында қасқыр бөлтірігін інінен шығарып, ылғи талды, шилеуіт, шілікті өзеннің бойында жүреді. Мұны аң аулайтын кісілер жақсы біледі.

Мұхаңның қасқырға қосамын деп алып шыққаны – Шайбайдан алған бір қызыл тазы. Оны үйде отырғанда асыра мақтап:

– Көрінген қасқырды құтқармайтын алпауыт осы, – деді. Бірақ тазының түрінде қасқыр алатын бір қылық байқалмайды, солбырлау, қалың жүні бүйірін басып жауып алған; аққасқа болатын жауынгерліктің сілемі де жоқ. Ойладым: «бұл тазы тек Шайбайдікі болған соң мақтап отыр ғой», деп. Шынында бұл тазымен де қасқыр алдырып жарытпадық.

Мұхтар Шыңғыстауда жүргенде бір ғана серіліктің соңында болды. Бір күні 30 шақты жігіттерді жинап – көбі домбырашы, әнші, ойыншы, аңшы, күреске түсетін мықты палуандар мен серілер, бие сауатын жігіттер, қазаншылар – Шыңғыстаудың елсіз жатқан даласына барып сауық өткіздік.

Бұлардың көбі Абай ұрпақтары – Даниял, Мекаиыл, Исраил, Жебірейіл, Әубәкір, Жағыпар, Қатпа тағы басқалар. Бұлардын, барлығы тазымен далада жүріп, ән салу, домбыра тарту, ертегі айту, атақты күйшілердің күйін тарту, тағы басқалармен айналысатын. Жеке ән айтуда ерекшесі Жебірейіл, оған мен қосылдым; домбыраны ағылта тартқан өнердің кемеңгері Исраил болды. Мұхаң Еңлік пен Кебектің өлген жеріне барып, «Еңлік пен Кебектегі» билердің шешуін сахнаға қойып көрсетті. Еңлік болып ойнаған – Қатпа. Кебек болып өзі шықты. Бұл күндері Мұхаңның тағы да қызықтаған істері – құс салу, ит жүгірту, асық ойнау болды. Асықты жігіттер дорба-дорбамен көп әкелетін, ең үлкен дорбадағы асық Мұхаңа әкеп тартылатын. Даладағы дөңгелек тақырда асық ойнау – қыр балалары үшін бір қуаныш, тамаша іс. Асықтың көбін Абайдың немересі Мағауияның баласы Жағыпар ұтып алып отырды. Ол бар асығын ұтып алған Мұхтарды сықақтаудан басқаны білмейтін, өзге шеберлікке жәйі жоқ қой деп, балдыздықпен ойнайтын. Әзіл мен қалжыңды жақсы көретін Мұхаң оны бар ынтасымен тыңдайтын. Бұл кезеңде тамақ істейтін шебер келіншектер, әзілқой қойшылар, қасқыр туралы әдемілеп айтатын жылқышылар ойын-сауыққа үлкен әсер етіп, Мұхаңды қадірлеп «Уа, уа» деп отырар еді. Әрине, олардың аттарын мен қазір ұмытқанмын. Бірақ сол Шыңғыстаудың қойнауында жатып өткізген күндер еш уақытта естен шықпайтын ғажайып суреттерге толы еді.

Шыңғыстауды біраз қызықтап болған соң біз Семейге қайттық. Шыңғыстаудан төмен түсіп, ойпатқа келе жатқанда бір бұлақтық бойында бір отар қой жатыр екен. Қойшы сезгіш, тамаша түсінетін кісі болып шықты. Қанжығасында асылған бір торсық қойыртпақ, үлкен саптаяғы бар. Мұхан, мына суретті көрген соң қасындағы жігіттерді тоқтатып, осы жерде біраз тынығайық деді.

Мөлдір су – қойшының ұзақ, әдемі сөйлеген әңгімесі, алыстан асқақтап көрінген Шыңғыстау, қасындағы өнерлі жігіттер Мұхтарға бір шабыт бергендей. Біз Мұхтардың айтқанын орындап аттан түстік. Тезек теріп, қой сауып, қою сүт жасауға кірістік.

Мұхаң сыртқы киімін тегіс шешіп, қара көзін төндіре, үлкен қоңыр қойдың желініне төніп, саптаяққа сауа бастады. Бірақ байқасам, Мұхаңның сауған қойынан сүт шықпайды. Бір уақытта қойшы келіп:

– Қарағым, олай саума, былай саусаң сүт шығады, – деп көрсетті.

Мұхаң біраз отырып:

– Әй, мынадан түк шықпайды, мен басқа істер істейін, – деп саптаяғын Даниялға берді. Өзі тезек теріп кетті.

Тас қорытқы пісірген сүтті тез іше қою оңай емес екен. Сол жерде екі-үш сағаттай отырдық. Исраил Шыңғыстауға қарап ән шығарды. Жебірейіл мен біз Абайдың өлеңдерін айттық.

Шіркін, бір көрген аяулы қызығым сол сапар болды. Әлі есімнен кетпейді. Жас келіп қалды, Тағы да көріп қайтсам-ау деп армандаймын. Содан Семейге келдік. Күзде оқуға бірге кеттік. Шөлдеп келгеміз білімге. Алдыңғы партада отырып лекция тыңдаймыз. Қыздар бұйра шашымызға қағаз қыстырып қояды. «Шаштарың бізге бөгет жасайды» – деп. Онысы әзіл ғой. Сол қыз осы – Валентина. Мұхтардың көңілі қатты құлады. Үйленем деді. Мен қатты ренжідім:

– Ондай аяулы әйелді қалай қиып кетесің. Обал ғой. Шыққан жері қандай. Өзі де ақылды, тамаша. Жібермеймін, – деймін.

Бақшаға кетеді. Үйге конфет әкеп қояды. Пәтерге ертіп келеді. Өзі де толқыды, өзгені де толқытты. Ең қиын, ең махаббатты күндері сол 1925-1926 жыл болды. 1927 жылы бәрі де шешілді. «Қаракөзді» оқышы. Тура сондағы күйіп-жанған Сырым Мұхтардың өзі ғой. Өзі. Ғашық болмаса, солай тебірене ме, тебірене алмайды. Сағынады.

«Қаракөз» – Шыңғыстаумен қоштасу ғой. Оның образдары сонда туған. Біздің сол сапарымыздағыдай серуен жазушыға әсер етпеуі мүмкін бе, мүмкін емес қой. Әттең, Кәмеш, сол жылы жүрегі шіркін сезіп: «Әлкей-ау, не білгенің бар. Мұхтардың көзінен қоштасқан сияқты мұң көремін» деді. «Жәй, жазушының басына не келмейді. Ғашықтық, серілік пьесасын ойлап жүр» – дедім. «Солай болғай» – деді қазбаламай. Кешке жақын үйлеріне барсам, кішкене Мұғалима бар, үшеуі ойнап-күліп отырады. Мұхтар Кәмештің шашын бір өріп, бір тарқатады. Әдейі. Тарқатылса, ұзын шашты өруге Кәмештің қолы жетпейді. Содан Мұхтардың өзі көмектесетін. Ол да жарасатын. Ішімнен, қуаныш үзілмесе деймін.

Сонда ойы екі бөлінген Мұхтарды қатты аяйтынмын. «Қаракөзді» жазып сергіді ғой. Сол пьесаны Кәмила оқығанда жылап: «Әй, мынау тегін емес. Бір суынған леп бар» – дейтін. Прологында шалдың сөзін: «Тұрағұл ағаның сөз мәнері ғой. Ол кісі солай екпіндетіп сөйлейтін. Соның аузынан үкім айттырып отырғаны емес пе?» – дейді. Менің қабырғам қайысады.

Бір жарым жылдан соң Мұхтар мені елге жіберді. Кәмеш мені кұшақтай алып:

– Мұхтар қайда? – деді.

– Он-он бес күнде келеді.

– Әй, сені тегін жіберген жоқ. Тұраш ағама кісі салса, онда айрылғаным. Қарғамаймын, етегінен тартпаймын. Бұрын хат үзілмейтін. Алты ай болды хат жоқ. Содан-ақ сезік алғамын. Бір керемет кесепат бар... Қош, Мұхтар! Көрген қызығым осы ғана екен ғой. Ендігі «Өмір – несі өмір. Тілеуін тілеп өтем... – деп солқылдап қоя берді.

Қосыла жылап мен тұрдым. Тұрағұлға хат жазып, кешірім сұраған. «Кәмеш екі рет жүкті болса да өлі туды. Маған ұрпақ керек» – деген еді. Зерек әйел сезді. Еріксіз хатты өзіне бердім. Ақылды адам ғой:

– «Сонысы да дұрыс шығар. Менен ұрпақ көрмейтіні анық қой. Құр сұлулық – жанға азық бола ма. Жылуы жоқ жүректі қашанғы жүк қылам. Ұзамаспын. Хош, Әлкей» – деді, сабасына түсіп».

Осынау өң десе – өң, ақыл десе – ақыл берген аяулы аруға тағдыр сорды да аямаған екен. Шәкерім ақынның ұлы Ғафурдың қызы Кәмила апай сөз арасында мынадай бір сұмдық оқиғаны айтты. Кәмила апайға Шәкерім жөнінде естелік жаздыртып, оны жариялау – екі жылға созылды. Өмірдің тезінен өткен адамның өз денсаулығы да мүмкіндік бермеді, біз де күнделікті тіршіліктің күйкі ісіне алданып, сөз бұйдалатып алдық. Бірақ та ең басты себеп: Кәмила апайдың немере жеңгесі – Ғазиза әжеге байланысты болды. Ғазиза – Құнанбай, Құдайберді ұрпақтарының ішіндегі беделді, іскер пысық Медеуханның әйелі. Кәмила Мағауия қызымен құрбылас, Ғазиза әженің тоқсанға келіп, естуі нашарлап, қозғалуы қиындаған кез еді. Кәмила Ғафур қызы бір апта жүріп сол кісі айтқан сөзді бір бетке, кейде екі бетке толтырып жазып әкеледі, мен өңдеймін. Ақыры естелік дайындалды. Сонда Ғазиза әже Мұхтардың өміріне қатысты мынадай дерек айтыпты. Кәмила жүкті болып, ай-күні толып отырғанда ауылдың бар келіншегі сол үйдін маңын тори бастайды. Ондағы ойлары – Кәмиланың кіндігін кесіп, кіндікшеше атанып, Мұхтардан үлкен сый алу екен. Толғақ қысқанда бар келіншек отау үйге тұра жүгіреді. Бала шыр етіп жерге түсісімен бәрі соған ұмтылады. Жан-жағынан таласа-тармасып жүргенде баланың кіндігін қысқа кесіп қойып, сәби қансырап өліпті. Мұны білсе де Кәмеш ешкімге ренжімепті және Мұхтарға да айтқызбаған. Әттең десеңші, қолында пышағы сумаңдаған сол бір желөкпе келіншек баланың кіндігімен қоса Кәмиланың бақытын да кескенін білді ме екен! Дүние, сый, Абай ұрпағының кіндік шешесімін деген атақ қашпас еді ғой. Шын махаббаттың қызуымен, көңіл суымай тұрғанда, жастық күш-қуат барда бойға біткен сол бала мүмкін ұзақ жасап, әке-шешесінің бақытты тұрмысына алтын өзек боп жалғанар ма еді, кім білсін. Ғазиза әже дәл қай келіншектің қолы жылдам қимылдағанын айта алмады. Қайран, Кәмила! Келбеті, кісілігі, ата-тегінің мықтылығы бақытсыздық әкелген қазақтың кара-көзі жалғыз сен ғана ма екенсің?

– «Қаракөз де солай жылайды ғой. Қайтеміз. Мұхтарға ең жаманы, ең ауыр тигені – оқығандардың өсегі мен жаласы болды. Ол кезде биліктен кеткенімен жаулары көбейді. «Оқыған азаматтар», «Заман еркелері», «Кінәшіл бойжеткендер» Мұхтардың өздерін мазақтап әңгіме жазғандарын кешірмеді. Шындық санап, жиылыстарда кекетіп, газет-журналға өсек жариялады. Ары таза Мұхтарды «немере қарындасына үйленді. Содан кейін бала бітпейді» – деп те соқты. Кейінгі кезге дейін де бұл өсек басылмады. Мұхтардын ата-анасына қиянат сөз айтуға, ғинаяттауға дейін барды. Әкесіне күдік келтірді. Бұл қорлыққа шыдасын ба? Шешуші себептің бірі осы. Өсек деген жаман болады. Әлі тоқталған жоқ. Ол өсек – талайдың түбіне жетеді. Мені мен Мұхтардың арасына да от жаққан. Сен де, байқа», – деп Әлекең сөзін тәмәмдады.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір