Жұма, 26 Сәуір 2024
4606 0 пікір 2 Маусым, 2017 сағат 10:38

Сот Атамбаевтың бұрынғы оққағарының апелляциясын қанағаттандырмады

Бішкек қалалық соты ел президентінің бұрынғы оққағары Эркин Мәмбетәлиевтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Мәмбетәлиев Сөз бостандығын қорғау жөніндегі комитет басшысы Әділ Тұрдықұловпен соттасып жүр.

2016 жылдың қарашасында Мамбетәлиев өзінің ар-ұжданын қорғау мақсатында сотқа арызданған. Оған Тұрдықұловтың "Фейсбуктегі" жазбасы түрткі болған. Шағымданушы моральдық шығын ретінде 5 млн сом (73 мың доллар) өндіріп беруін сұраған. 2017 жылдың 12 сәуірінде Бішкек қаласының Первомай аудандық соты Тұрдықұловқа 50 мың сомды (шамамен 735 доллар) Мәмбетәлиевке төлеуді және әлеуметтік желіде екі жазбасын жоққа шығаруды міндеттеді.

Сот үкімімен келіспеген Мәмбетәлиев адвокаттары қалалық сотқа апелляциялық шағым түсірді. Дегенмен сот алғашқы инстанция шешімін күшінде қалдырды.

Әділ Тұрдықұловтың өзі әлеуметтік желідегі жазбаларын сенімді дереккөздерге сүйеніп жазғанын мәлімдеді. Ол шағымданушыға 50 мың сом төлеу туралы үкіммен келіспейді, енді Жоғарғы сотқа шағымдануды көздеп отыр.

Абай-ақпарат

0 пікір