Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 5983 0 пікір 3 Маусым, 2009 сағат 10:21

Шетел мұрағаттарындағы Қазақстан жайлы деректер

Президент Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан “Мәдени мұра” бағдарламасы  рухани жаңаруға бет алған елдің өркениетті үлгісін танытып, әлем жұртшылығымен байланысымызды тереңдете түсті. 13 ақпанда Елбасының “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде қыруар жұмыстың атқарылғаны айтылып, “алыс-жақын шет жұрттағы жәдігерлеріміз бен мұрағаттарымызды іздестіріп, жинақтауды” алға қарай да жалғастыру керектігі міндеттелді.

Аз ғана уақыттың ішінде қазақ мемлекеттілігінің, басқа елдермен қатынастарымыздың беймәлім тұс­тарын айқындайтын бірегей жәдігер­лер табылды. Ғалымдарымыз Ресей, Өзбекстан, Армения ғана емес, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қы­тай мен Египет секілді елдерге ісса­парлары барысында Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттар­дың есебін алды. Дегенмен, қандай жұмыс та кемшіліксіз болмайды. Әсіресе, шет елдердегі халқымыздың тарихы мен мәдениеті көрініс берген материалдарды іздестіру мен олардың көшірмелерін алдыруға байланысты функциялары айқындалған бір үйлестіруші орталықтың, әдістемелік құралдың қажеттігі айқындалып отыр.
Орталықтан “Зарубежная архив­ная казахстаника. Информационно-аналитический обзор” (Астана, 2006) деген кітапты жарыққа шықты.

Президент Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан “Мәдени мұра” бағдарламасы  рухани жаңаруға бет алған елдің өркениетті үлгісін танытып, әлем жұртшылығымен байланысымызды тереңдете түсті. 13 ақпанда Елбасының “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде қыруар жұмыстың атқарылғаны айтылып, “алыс-жақын шет жұрттағы жәдігерлеріміз бен мұрағаттарымызды іздестіріп, жинақтауды” алға қарай да жалғастыру керектігі міндеттелді.

Аз ғана уақыттың ішінде қазақ мемлекеттілігінің, басқа елдермен қатынастарымыздың беймәлім тұс­тарын айқындайтын бірегей жәдігер­лер табылды. Ғалымдарымыз Ресей, Өзбекстан, Армения ғана емес, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қы­тай мен Египет секілді елдерге ісса­парлары барысында Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттар­дың есебін алды. Дегенмен, қандай жұмыс та кемшіліксіз болмайды. Әсіресе, шет елдердегі халқымыздың тарихы мен мәдениеті көрініс берген материалдарды іздестіру мен олардың көшірмелерін алдыруға байланысты функциялары айқындалған бір үйлестіруші орталықтың, әдістемелік құралдың қажеттігі айқындалып отыр.
Орталықтан “Зарубежная архив­ная казахстаника. Информационно-аналитический обзор” (Астана, 2006) деген кітапты жарыққа шықты.
Иә, “Шетел мұрағаттарындағы Қазақстан жөніндегі материал­дарға жолбасшы” сияқты басы­лым “Мәде­ни мұра” бағдарла­масын жүзеге асыруға кіріскен кезде-ақ керек болатын. Мұндай әдіснамалық құралға сұраныс уақыт өткен сайын күшейе түсуде десек, 210-беттен тұратын шетел мұрағат­тарындағы Қазақ­стан жөніндегі құжаттарға “ақпараттық-сарап­тамалық шолу” жасауды мақсат тұтқан, әсем безендірілген басылымды парақтай бастағанда-ақ үмітіміз су сепкендей ба­сылды. Бұл арада онда бұрынғы Мұрағаттар мен құжаттаманы басқару жөніндегі комитеттің (кейін Ақпарат және мұрағат комитеті) бірнеше бағытта жүргізген ауқымды ұйымдасты­ру­шылық жұмысы­ның толық көрсетілмегенін айтсақ та жеткілікті.
Жеті-сегіз бетті алатын “Ше­телдік мұрағаттық казахста­ни­каны зерттеудің алғашқы ресми қорытындылары” деген түсінік­сіз тарауда мұрағат қызметкер­лерінің Ресей мұрағаттарында болғандығы ғана сөз етіледі. Олар тарихшы-ғалымдар, мұра­ғат мекемелері қызметкерлері енген топтың ұсынысы бойынша жұмыс жасаған (10-11-бет), ал топ өз кезегінде Ресей Федера­циясы мен Өзбекстан мұрағат­тарының Қазақстан туралы мағлұматтар бар қорларын ғана атаумен шектелген. Сонда, шамасы, осы елдерге іссапармен баратын адамдар әр мұрағатта әрбір қор бойынша “Жолбасшы” (“Путе­води­тель”) болатындығын білмей­тінге ұқсайды.
Кітаптың тағы бір тарауы “Қазақстан тарихы бойынша алынған мұрағаттық құжаттар коллекциясына қысқаша сипаттама” делінеді және онда Франциядағы М. Шоқайдың жеке мұрағаттық қоры туралы ғана сөз болады. Қорды сипаттаудың өзінде үстірттік байқалады (“Жаңа Түркістан” емес  – “Йени Түркіс­тан”; Али Мардан Бей емес – Али-Мардан Бей Топчибашы).
Осыдан кейін-ақ “казахстаника” (Қазақстан тақырыбы) ұмытылады. “АҚШ мұрағаттары мен кітапхана­ларындағы КСРО тарихы бойынша құжаттар” деген тарау (31-46 б.) көзге ілінгенде тығырыққа тірелгендей күйге ұшырайсыз. Осы біз қандай тақырыпты зерттеп отырмыз деген ой мазалайды.
Кітап көлемінің жартысына жуығы “қосымша” материалдарға арналған, онда оқырман ҚР ОММ, Ресей мұрағаттарымен танысты­рылады. Және осы бір ғылымның қай жанрына жататындығы белгісіз “туындыны” М.Олкоттың, Л.Крадер­дің, В.Мартин, т.б. шетел зерттеу­шілерінің Қазақстан туралы ағылшын тіліндегі еңбектерінен үзінділер аяқтайды.
Өткен ғасырдың 80-жылдарынан ЮНЕСКО “Халықтар тарихы үшін дереккөздерінің жолбасшысы” деген топтаманы дайындап, оны Халық­аралық Мұрағаттар Кеңесі (ХМК) жариялай бастаған-ды.
Кеңес одағы ыдырағаннан кейін ХМК мен ЮНЕСКО-ға шетел мұрағаттарындағы “Россиканың” библиографиясын жасау туралы ұсы­ныстар түсті. Бұл мәселе 1992 жылы шілде айында Парижде өткен батыс елдері және Ресей мұрағаттары басшыларының арнайы симпозиу­мында талқыланды. Содан бері қарай Ресейде Е.Старостиннің “Шетел мұрағаттарындағы Ресей тарихы” (М., 1994), одан өзге авторлардың “АҚШ-тағы Россика” (М., 2001), “Шетелдік мұрағаттық Россиканың мәселелері” (М., 1996) т.б. бірнеше еңбектер жарық көрді. Мұны айтып отырған себебіміз, екі жағдайға байланысты. Біріншіден, Кеңес одағының құрамына енген елдердің, олардың ішінде Қазақстанның мұрағаттары шетелдік “Россикамен” тығыз байланысты. Бұл орайда жоға­рыда сөз болған кітапты құрастыру­шылардың “Россикаға” бет бұруы дұрыс, бірақ осы “Россика” аталатын ғаламат дүниенің ішінен Қазақстанға қатысты материалдарды іріктеп алу керек.
Өткен ғасырдың 30-40-жылдары Ұлттық мұрағатқа Қазақстан туралы да мағлұматтарды қамтитын Американың    бірнеше  мекемелерінің   материалдары берілді. Әсіресе, №226 құжаттық топ материалдары ерекше назар аударуды қажет етеді. Оны Қорғаныс минис­трлігінің Страте­гиялық қызмет біріккен басқармасы­ның құжаттары құрайды. 1942 жылы құрылып, 1946 жылға дейін АҚШ Қорғаныс министрлігінің біріккен бас штабы үшін ақпараттық және барлау материалдарын дайын­даумен айналыс­қан бұл Басқарма Кеңес одағындағы әлеуметтік-экономикалық жағдай, оның ішінде ұлттық мәселелер бойын­ша құпия мәліметтер жинастырған екен.
Стратегиялық қызмет басқармасы федеральдық атқару департаментінің бөлімшесі болуына қарамастан, оның материалдарының бір бөлігі, әсіресе, Кеңес одағындағы ұлттық қатынастар бойынша жасалған есептері №248 құжаттық топ құрамында ұшырасады. Бұл топта ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде әрекет еткен Әскери-теңіз тасымалдау басқармасының құжаттары шоғыр­ланған. Орта Азия халықтарының тарихына қатысты құжаттар инженерлік әскерлер басқармасы материалдары арасында да кездеседі (№77 құжаттық топ).
Қазақстан жөніндегі мағлұматтар АҚШ ұлттық мұрағатының филиалдары – құжаттану федеральдық орталық­тарының жергілікті мұрағаттық бө­лімшелерінде де бар. Бұл орайда ұлттық мұрағатта түсірілген микро­фильм­дерге көңіл бөлген жөн. Қазақстан жөніндегі құжаттар құрамын зерттеушілер федеральдық мұрағат қызметі 1975 жылы құрастырған “Ұлттық мұрағаттың регионалдық мұрағаттық бөлімше­леріндегі микрофильмдерден” біле алады.
Америка Құрама Штаттарында зерттеушілеріміздің келесі бір тоқтай­тын мекемесі – соғыс, революция және бейбітшілік жөніндегі Гувер институтының мұрағаты (Стэнфорд қ., Колумбия штаты). Мұнда 1927-1934 жылдары Кеңес одағында контракт негізінде жұмыс істеген американ инженерлерінің индустрияландыру және ұжымдастыруға байланысты мол мағлұматтарды қамтыған есептері сақталған. Олардың ішінде  Дж.Ли­тлпейдж секілді Қазақстанда болған инженерлердің де жазбалары бар. Мұрағаттағы АРА қызметкерлерінің күнделіктері, қолжазбалары және басқа да құжаттар, қазақтар өмірінен түсі­рілген фотографиялар өз зерттеушілерін күтуде. Гувер институты “Халықтардың антибольшевиктік блогы”, “Комму­низм­мен белсенді күрес жөніндегі халықаралық орталық” секілді ұйым­дар­дың құжаттарын да жинастырған екен. Ресей  мен Қазақстан мұрағатта­рында ұшырасатын, баспасөз беттерінде жарық көрген Уақытша үкіметтің, Мемлекеттік Думаның материалдарын, Азамат соғысына қатысты құжаттарды айтпағанның өзінде, мұнда Қазақстан тарихының дереккөзін байыта түсетін құжаттық коллекциялар жеткілікті. Олар: “The Russіan Revіew” (1941-1982 ж.ж.) журналының мұрағаты; “Орыс коллекциясы” (1700-2001 ж.ж.); “Большевизмнің орыс Орта Азиясында пайда болуы” (Р. Пирс); Ю. Скайлердің (1840-1890 ж.ж.) материалдары т.б.
Шет елдерге барған біздің маманда­рымыз бен ғалымдарымыз мұрағат мекемелерінде жұмыс істейді де, кітап­ханаларда да сирек кездесетін қолжаз­балардың, құжаттардың барлығын ескере бермейді. Мысалы, Гувер инс­титутының кітапханасында 36 тілдегі бір миллионнан астам кітаптар мен қолжазбалар бар екендігін айтсақ та жеткілікті. Америка Құрама Штатта­рында бұрын КСРО құрамына енген елдер, олардың ішінде Қазақстан бойынша дереккөздерін жинастыру Гарвард, Колумбия, Йель, Индиана, Стэнфорд, Калифорния, Чикаго уни­верситеттерінде кең көлемде жүргізілді. Тіпті, өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, тәжік халықтарының тілдерінде жазылған дереккөздерін жинастыруға қомақты қаржы бөлінді. Бұл жұмыс 1962 жылы Колумбия университетінде қолға алынып, американ кітапханала­рындағы Кеңес одағының құрамындағы мұсылман халықтарының тілдерінде жазылған кітаптар мен материалдардың библиографиясын құрастыру профессор Э.Олуордқа тапсырылады. Нәтиже­сінде  1965-1975 жылдары үш том­дық монография дайын­далады.
Қазақ тіліндегі басылымдардың арасында Т.Шонан­ұлы­ның “Қазақ жерінің тарихы” (Қызылорда – Ташкент, 1926), Атығай Шо­наұлы мен Қанабек Байс­ейі­т­ұлы­ның “Зәуре” (Қызылорда, 1930), Қ.Ке­меңгер­ұлының “Қазақтар тарихынан” (М., 1924), А.Байтұрсыновтың “Әліпби – Жаңа құрал” деген еңбектері де бар. Америка Құрама Штаттарындағы ең ірі кітап қоймасы – 1880 жылы Вашинг­тон қаласында негізі қаланған Конгресс кітапханасы. Мұндағы орыс, өзбек, қазақ, т.б. халықтар тарихы бойынша шоғырланған материалдардың барлығы дерлік кітапхананың Славян және Орталық Еуропа бөлімінде. Кітапханада Джордж Кеннанның (1845-1924) 1885-1886 жылдары Сібірге саяхаты кезінде жинастырған қолжазбалар мен суреттердің көлемді қоры сақтаулы. Семей кітапханасында батыс клас­сиктерінің шығармаларымен танысып жүрген қазақ халқының ұлы ақыны Абай туралы әлем жұртшылығына тұңғыш хабарлаған американ жур­налисінің қорында қазақтар туралы басқа да мағлұматтардың барлығы күмән тудырмайды.
Нью-Йорк көпшілік кітапханасында “Түркістанның экономикалық очеркі” (1922) деген бұрын еш жерде жа­рияланбаған кітаптың қолжазбасымен танысуға болады. Гарвард универси­тетінің Хаугхтон кітапханасында, Индиана университетінің Лилли кітапханасында (Блумингтон қ.) “Орта Азия бойынша материалдар” кол­лекциясы жеке топтастырылған. Мэдисон қаласындағы Висконсин университетінің кітап қоймасындағы Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан және басқа да республикалар бойынша басылымдар мен қолжазбалар туралы мағлұматтар “Қоғамдық ғылымдар бойынша компьютерлік орталық пен мәліметтер банкіне” енгізілген. 1968 жылы қазан айында Остин қаласын­дағы Техас университетінің Гумани­тарлық зерттеулер орталығы Ресей Уақытша үкіметінің басшысы А.Ф.Керенскийдің (1881-1970) мұрағатын сатып алады. Мұрағаттың көпшілік бөлігін “Антибольшевиктік күресті реттеу орталығы”, “Халық бостандығы үшін күрес лигасы”, “Ұлттық-еңбек одағы”, “Азат Ресей үшін күрес одағы”, “Ресей халықтарын азат ету үшін күрес одағы”, “Солтүстік Кавказ күрес одағы”, “Украин Ұлттық Радасы”, “Түркістан Ұлттық Бірлігі” секілді эмигранттық ұйымдардың материал­дары құрайды.
М.Шоқайдың А.Ф.Керенскиймен жақсы таныс болғандығы, Түркістанда, Санкт-Петербургте, кейін Парижде онымен сан рет кездескендігі, Түркіс­танның болашағы туралы пікір талас­тырғандығы белгілі. Олай болса, А.Ф.Керенский мұрағаты отандық шоқайтанушылар үшін маңызды дереккөзі екендігі сөзсіз.
Калифорния университетінің кітапханасындағы (Беркли қ.) Л.Н.Ми­люковтың жеке кітапханасы да біздер үшін осындай маңызға ие.
Батыс елдерінің кітапханаларындағы қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды кітаптар мен қолжазба күйіндегі материалдарды іздестіруде Ричард Левинскийдің 1980 жылы шыққан көрсеткіші, әсіресе, Л.Крадердің “Қазақстан библиогра­фиясы” (1948), Джорджтаун универси­тетінің қызметкері Р.Ловентальдің “Орта Азияның түрік тілдері мен әдебиеті” (1957), Р. Пирстің “Кеңес Орта Азиясы” (1966), С.Хорак, Д.Хей­зер, Э.Лаззерини мен И. Крайндлердің “Кеңес ұлттарын зерттеуге басшылық: КСРО-ның орыс емес ұлттары” (1982) деген еңбектері өте пайдалы.
Ұлыбританиядағы шығыстану мекемелерінің қорларына, әсіресе, Британ мұражайына ХІХ ғасырдың өзінде Орталық Азия елдерінен көптеген қолжазбалар жеткізілді, олардың біразы ғылыми түсінікте­мелермен ағылшын тіліне ауда­рылып жарыққа шықты. Өткен ғасыр­дың 20-жылдары Британ мұражайына Қазақстанда жұмыс істеген ағылшын концессионерлерінің құжаттары, күнделіктері мен естеліктері келіп түсті. Олардың қатарындағы Қоянды жәрмеңкесі жөніндегі альбом, инженер Джон Уорделлдің жазбалары қазақтар өмірінен соны мағлұматтар береді.
Британ кітапханасының Шығыс қолжазбалары мен кітаптары бөлімінде Орталық Азия жөніндегі жәдігерлер төрт мыңнан асады. Оксфорд универ­ситетінің Боули кітапханасының “байлығы” мұнан да асып түседі. Дарем университетінің кітапханасында “Шығыс секциясы” бар. Қазақстан және олармен көршілес халықтар туралы материалдар Эссекс университе­тінің кітапханасынан, Орыс және Шығыс Еуропа жөніндегі Бирмингем орталығынан да ұшырасып қалады.
Еуропаның әр елінде Қазақстан туралы қандай жәдігерлер бар екендігін түгел баяндау мүмкін болмас, оның үстіне мұны газет беті де көтере қоймайды. Сол себепті қайсібірін  библиографиялық көрсеткішіне ғана сілтеме жасаумен шектелейік. Франция мұрағаттарындағы материалдарды іздестіруде Ю.Брегельдің библиогра­фиясына қоса 1970 жылы жарық көрген Мишель Лезюрдің “Le sources de’hіstoіre de Russіe aux Archіves Natіonales” деген көрсеткішін парақтап шығу артық болмайды. Сондай-ақ, Германияның мұрағаттарында өткен ғасырдың 20-жылдары осы елдің жоғары оқу орындарында оқыған қазақ жастары (Мұстафа Бөкейханов, Ғазымбек Бірімжанов т.б.), большевиктерге қарсы көмек сұрап барған Серәлі Лапин, тағдыр айдап шетелге қоныс аударған М.Шоқай, ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде немістерге тұтқынға түскен түркістандықтар, 1916 жылғы көтері­ліске, Желтоқсан көтерілісіне, Кеңес өкіметінің ыдырауына байланысты құжаттар бар.
Жеке мұрағаттық қорларда да Қазақстан туралы материалдардың баршылығын өмір көрсетіп отыр. Мысалы, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына Ұлыбрита­ниядағы Басхановтың коллекциясы­нан “Яш Түркістан” журналының барлық сандарының көшірмесі алынды. Канада профессоры Р.Пирс­те “Туркестанские ведомости” газе­тінің толық коллекциясы сақтаулы. Орта Азия мен Қазақстанды ұзақ жылдар зерттеумен айналысқан фран­цуз профессорлары А.Беннигсен, К.д’Анкос, Ш.Лемерсье-Келькеженің жеке мұрағаттары да назардан тыс қалмауы тиіс.
Түркия мұрағаттарындағы Қазақ­стан тарихына қатысты материал­дардың молдығы, бірақ олардың әлі күнге дейін жүйелі түрде зерттелмей келе жатқандығы белгілі. Оны түрік профессоры М.Сарайдың “Осман мемлекеті мен Түркістан хандықтары арасындағы саяси байланыстар” атты монографиясынан да байқауға болады.
Кезінде Египет Араб Республи­касына мұрағатшылардың іссапары барысында Қаир қаласындағы Дар әл-Кутуб кітапханасының ұлттық мұрағаты және Араб қолжазбалары мен зерттеу институтының қорла­рынан тарихымызға қатысты құнды қолжазбалар мен деректер тізімі жасалды. Олардың ішінде мамлюк сұлтандары Сұлтан Аз-Заһир Бейбарыс, Барқұқ, Қайт­пай туралы қолжазбалар мен тарихи құжаттар, Мамлюк мемлекетіндегі әскери өнер жөніндегі қолжазбалар, Фараби қаласынан шыққан ғалым­дар еңбектерінің тізімі, “Каспий маңайында тұра­тын тұрғындар тарихы”, “Түрік мемлекеті хан­дығындағы ғажайыптар” сияқты шығармалар, қа­лалар мен елді мекендер, сауда жолдары, шаруашы­лығы жөніндегі, Тәңір­берді, Ағыбай, Тұманбай есімді тұлғалардың мам­люктердің тарихына қа­тысты құжаттары анық­талды.
Ұлты қазақ мысырлық ғалым Насролла ат-Таразидің (1922 ж. Таразда туған) жеке мұрағат қоры алынып, Ұлттық мұрағат қорына тапсырылды.
Сонымен қатар, Қа­зақстан Республикасының ЕАР-дағы Төтенше және өкілетті елшісі Б.Әмреев мырзаның қолдауымен Қазақстан­ның орта­ғасыр­­лық тарихы үшін ғылыми маңызы ерекше 23 қолжазба, көшір­мелері Қазақстанға жеткізілді.
Иранда сақтар заманынан бері Орта Азия тұрғындары туралы түрлі мағлұматтар бар екендігі мектеп қабырғасынан белгілі. Өткен жылы Тегеран университетінің Орталық кітапханасынан Иран шахы Аббастың 1661 жылдың желтоқсанында қазақ ханы Әз-Тәукеге жазған хаты табыл­ды. Қайсыбір деректерге қарағанда, Иран шахтары мұнан кейін де Әз-Тәукеге 1689, 1692, 1693 жылдары хаттар жолдап, оларда екі ел арасын­дағы татулыққа ықылас білдірілген көрінеді...
Қытай Халық Республикасы мен Моңғолия мұрағаттарындағы Қазақ­стан туралы жәдігерлер жөнінде Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, профессор М.Әбусейітова 2006 жылы “Қазақ тарихы” журналында мақала жа­риялаған болатын. Тек 2004-2005 жылдары ғана Шығыстану институты қызметкерлерінің Пекинге жасаған археографиялық экспедициясы нәтижесінде қазақ мемлекеттігінің тарихына қатысты маньчжур, шағатай және көне қытай тілдеріндегі мың­даған жазба құжаттар мен материал­дар табылды.
Пекин қаласындағы “Қытай мемлекетінің №1 мұрағат” (“Чжан го ди ий дан ан гуан”) қорындағы XVІІ-XVІІІ ғасырлардағы Қазақ хандығына тікелей қатысты хатталған тарихи құжаттардың 3500-ден астам түпнұс­қасы бары анықталды.
Қазақстанды зерттеумен шұғыл­данатын шағын орталықтар Скан­динавия елдерінде де жұмыс істейді.
Қазақстанның геосаяси жағдайын, ішкі және сыртқы саясатын танып-білуге Қытайда, Жапонияда, Түр­кияда, Иранда, Пәкістанда жіті назар аударылып, бірнеше жаңа зерттеу орталықтары ұйымдас­тырылған. Бұлардың барлығында дерлік бай кітапхана, қолжазба қорлары бар. Сол себепті ең алдымен осы зерттеу орталықтарымен шығармашылық байланыс орнату шет елдерге ешбір мағлұматсыз жетіп барғаннан гөрі әлдеқайда нәтижелірек болар еді.

Иә, алдағы уақытта АҚШ, Ұлыбритания сияқты алыс жатқан елдерге қыруар қаржы жұмсап барғаннан гөрі, алдын ала сол елдердің мұрағат қызметкерімен, не Қазақстан тарихын зерттеумен айналысып жүрген ғалымдарымен өзара келісім-шарт жасасқан жөн;
“Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша еліміздің ғылы­ми мекемелеріне көптеген жәдігерлер (мұрағаттық мате­риалдар, қолжазбалар, сирек кездесетін кітаптар) түсіп жатыр. Олардың сақталуын қамтамасыз ету үшін құжат­тардың көшірмелері Ұлттық мұрағатқа тапсырылуы тиіс;
жан-жақтан әкелініп жатқан материалдарды есепке алу, әдістемелік әдебиетпен қамтамасыз ету, жалпы түрлі құрылымдардың жұмысына үйлестірушілік сипат беру ісін Археография және деректану ұлттық орталығы Ұлттық мұрағатпен бірігіп жүргізсе дұрыс болар еді.

Авторы: Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ, “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы “Мұрағат және кітапхана” секциясының консуль­танты, тарих ғылым­дарының докторы, профессор. Алматы.

0 пікір

Үздік материалдар