Дүйсенбі, 26 Қыркүйек 2022
Алаш арысы 7482 16 пікір 31 Мамыр, 2017 сағат 11:24

Алматыда ашаршылық пен репрессия құрбандарына арналған ескерткіш ашылды

Бүгін Алматы қаласында қазақ топырағында қасақана жасалған қанқасап - ашаршылық пен репрессия құрбандарына арналған екерткіш орнатылды.

Тас мүсін Наурызбай мен Қабанбай батыр көшелерінің қилысындағы "Қарағайлы" бағына орналасқан. Бұл - Республикалық Ұйғыр театрының тап қарсысындағы бақ.

 

Былтыр дәл осы уақытта қала әкімі Бауыржан Байбек Алматыда ашаршылық құрбандарына арнайы ескерткіш тұрғызылатынын айтқан-ды. Бүгін ескерткішті шаhар басшысы өзі келіп ашты. Ескерткіштің ашылуына жиылған елдің қарасы көп болды. Жұртқа есім-сойы етене таныс аға буын мен жастар ұйысып тұрып, Ұлы жұт құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Алматының өзінде  аштан өлген адамдардың мүрделері жатады екен

Саят Жансүгіров, Ілияс Жансүгіровтің ұлы:

- Бүгін ашылған  ескерткіш аласапыран жылдардағы зұлымдықты көрсетіп тұр. Осы ескерткіштің ашылуын біз 25 жыл күттік. Кешікті, көп кешікті. Ел ішінде де көп әңгімелер айтылды. Қазір енді жасап, бізге көрсетіп отыр. 

Ашаршылық болғанда мен екі-үш жаста екенмін. Сонда туыстарымның аузынан естимін, тура Алматының өзінде  аштан өлген адамдардың мүрделері ақсөңке болып шашылып жатқан екен. Айтып-айтпай не керек,  біздің қазақ небір зұлматты басынан өткерді ғой. Мен өзім де репрессияға ұшырап кеткен азаматтарды көзбен көрдім. Өзімнің әкем де кетті. Әкем түрмеде жатқанда, 37-жылы Болат деген інім дүниеге келді. Сонда тәтем, Болатты көтеріп апарып көрсетеді екен. Ол күндер де өтті ғой.  

Елбасы бекіткен жоба бойынша - үлкен кешен ашылуы керек

Жұмабек Ашуұлы, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы:

-2000 жылы 14-сәуір күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінінің төрағасы, Бас Прокуор, Жоғарғы соттың төрағасы, Ішкі істер министрі қол қойып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен жоба бойынша, осы Алматыдағы НКВД, КГБ үйі, оның ауласындағы ішкі түрме, одан кейін Чайковский мен Наурызбай батыр көшесінің қиылысындағы алея, ол алеяның екі бетіне зұлматты жылдары атылып кеткен арыстардың барлығының аты-жөндері жазылуы керек болған. Сондай-ақ, мына біз тұрған саябақ Қазақстандағы саяси қуғын сүргін тарихи мұражай-кешені болуы керек болатын. 2004 жылы мұражай ашыла бастаған. Кезең-кезеңімен жұмысымыз жүре бастағанда 2005 жылы бұл саябақ жекеменшікке өтіп кетті.  Ал бізде Заң бар. Тарихи ғимарат жекелешендіруге жатпайды. Енді міне, Бауыржан Байбек мырза былтыр уәде беріп еді, биыл ескерткішті ашылды. Енді ЭКСПО өткеннен кейін, мұражай мәселесіне ораламыз деді. Мен Бауыржан Байбек уәдесінде тұрады деп сенемін.

Бұл Сәбет өкіметінің бізге қарсы соғысы еді

Валерий Михайлов, ақын:

-Қазақ халқы 30-жылдардың басында бүкіл сәбет одағының халықы көрмеген үлкен традегияны бастан кешті. Халықтың басым бөлігі қырылып қалды. Иә, қазақтармен қатар ондаған мың өзге ұлттың өкілдері де ашаршылық пен репрессияға ұшырады. Солардың ішінде менің бүкіл отбасым да бар еді. Менің ағайындарым, әке-шешем ашаршылық кезінде қайтыс болды. Өз үй-жайынан қуып шығып, түгін қалдырмай талап-тонады. Мен ер жетіп, ес білгенде барып, сол жылдары не болғанын түсіндім. Менің отбасымнан екі-ақ адам тірі қалдық. Бұл - соғыс еді. Сәбет билігінің бізге қарсы соғысы. Мен бұл туралы кітап жаздым. Ол бірнеше тілде жарық көрді.  Осыдан сәл ертеректе қазақ халқы бастан кешкен Ұлы жұты туралы шындықтан әлем елдері бейхабар еді. Қазір әлем халқы бұл шындықты білді. Таныды.  Қазір Еуропаның ғалымдары қазақ топырағында болған ашаршылықты зерттеуге кірісті.

30 жыл өткенде ғана орнатылып отыр

Дос Көшім, саясаткер:

-Енді,әрине, бұл қазақ тарихында болған ең үлкен зұлмат. Соған ескерткіш қойылғанына қуаныштымыз. Бірақ, бұл ескерткішті 1991-92 жылдары қойса орынды болар еді. Себебі, 1991 жылы осы жерде ескерткіш болады деп, қара тас қойғанымыз есімізде, бәріміздің. Сол тілегіміз 30 жылдан кейін барып қана орындалып отыр. Оның да себебін біздер ойлануымыз керек. Бұл не деген кешігушілік деген мәселе бар. Біз Желтоқсанға да 15 жылдан кейін барып ескерткіш қойғанбыз. Тегінде, патриоттық тәрбие беретін дүниелердің дәл уақытында қолға алынғаны дұрыс. Дегенмен де, ештен кеш жақсы. Ашаршылық пен репрессия құрбандарына ескерткіштің ашылуы – Қазақстан үшін үлкен оқиға деп есептеймін. Тек қана бұл емес, басқа да облыс орталықтарында біртіндеп қойылып жатыр. Осыған да шүкіршілік етеміз.

Бұл біз үшін ауыр тақырып болды

(Композиция авторлары - Дулат Үсенбай, Айдос Бүркітбаев және Қанат Биқұлиев)

Дулат Үсенбай, композиция авторы:

-Бұл жұмыстың авторы үшеуіміз. Айдос Бүркітбаев, Қанат Биқұлиев үшеуіміздің ортақ композициямыз. Біз шығармашылық топпыз. Алматы қаласы әкімшілігі конкурс жариялаған. Біз бірнеше жұмыс ұсынған ек.  Соның ішінен осы жұмыс ұтып шықты. Жұмысымыздың тақырыбы – Ана мен бала деп аталады. Ана мен баланың образы әр адамға түсінікті. Және символ ретінде төңкерілген қазанды алдық. Бұл аштықтың, жоқшылықтың белгісі ғой. Біз үшін бұл ең ауыр тақырып болды.

Жұт - қазаққа қасақана жасалды

Қосымша: Сөйтіп, Алматы басшысы Бауыржан Байбек сөзінде тұрды.  1931-1933 жылдардағы қанқұйлы қанқасап, ұлтымыздың үштен екісін жалмаған ашаршылық пен репессия құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. Ескерткіштің ашылуын қала әкімі "Бұл Елбасының тапсырмасы еді", - деп атап өтті.

Тарихи құжаттар мен деректерге сүйенсек, 1920 жылдардан бастап қазақ жерінде 2-3 миллионға жуық адам аштықтан көз жұмып, 1,5 миллионға жуығы босып кеткен. Бұл қазақ халқына әдейі жасалған қастандық еді. Себебі, көршілес елдерде мұндай сұмдық  болған жоқ. Алаш арыстары «Әлхәмдуилла, 6 миллион халықпыз» деп жүргенде өзбек жұрты 2-3 миллионның айналасында болған көрінеді. Ашаршылық алқымнан алған алағай да бұлағай кезеңнен кейін халықтың 60 пайызы жойылды. Қасақана қолдан жасалған аштық пен қуғын-сүргіннің салдарынан жойылды.

Кеңес өкіметінің тікелей мұрагері – Ресей. Оны өздері де айқайлай айтып жүр. Ендігі мәселе – ердің құны, елдің құны. Мысал ретінде айтар болсақ, Украинадағы ашаршылықты жарты әлем – «Геноцид» деп таныды. Ал бізде ше?..

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

16 пікір