Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3463 0 пікір 31 Қазан, 2010 сағат 20:48

КӨКӨНІСТІ ЖИНАП АЛДЫҚ...

Облыс орталығын картоп және көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ететін Павлодар ауданында күзгі жиын-терім науқаны аяқталып қалды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Серік Амановтың мәліметінше, шаруашылықтар жалпы алғанда 52 мың тонна картопты жинап алды. Әзірге қырыққабат және сәбіз өнімдері алқаптардан толығымен жеткізілген жоқ. Дегенмен шаруалар бұл істі де бүгін-ертең бітірмек.

Сычевка ауылындағы «Сибиряк» шаруа қожалығы - Павлодар ауданындағы көкөніс өсіретін ірі шаруашылықтардың бірі. Қожалық басшысы В.Терещенконың сөзіне қарағанда, биыл 1,5 мың тоннаға жуық картоп алынды. Өткен жылғыдай биыл да шаруашылық картопты 150 гектар жерге, қырыққабатты 40 гектарға, ал сәбізді 70 гектар алқапқа салған екен. Көкөністің соңғы аталған түрлерін қазірде жұмысшылар жеделдете жинауға кіріскен.

В.Терещенконың айтуынша, шаруашылық азыққа жарайтын картопты түгелдей сатып жіберуге мәжбүр болған. Себебі былтыр «Қазагроқаржы» компаниясынан құны 39 млн. теңге тұратын «Валей» жаңбырлатқыш техникасын лизингі бойынша сатып алған. Қарыздан уақытында құтылмаса болмайды. Қаржыдан қысылған шаруаға осылайша картопты алқаптан тікелей сатудан басқа амал қалмағанға ұқсайды. Алғашқыда бір килограмын 30 теңгеден сатса, кейін оның бағасы 60 теңгеге дейін жеткен екен. Бір қызығы, жыл сайын күзде келісі 35 теңгеден әрі аспайтын картоптың бағасының биыл осыншалық күрт өсуіне көршілес ресейлік сатып алушылардың көптігі әсер етіп отырса керек. Бұл жайтты ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Серік Аманов та жоққа шығармайды.

Бірақ «Сибиряк» шаруа қожалығының басшысы қолымен өсірген картобын түгелдей сатып жіберсе де, түскен пайданың бәрібір қымбат техника үшін толық есеп айырысуға жетпегенін айтады. Енді шаруа жалпы сыйымдылығы 3,5 мың тоннаны құрайтын қоймасын 1000 тоннаға жететін картоп тұқымымен және қызылша, қырыққабат, сәбіз секілді көкөніс өнімдерімен толтыратынын айтады.

Ала жаздай өсірген картопты Атырау, Ақтөбе, Ақтау кәсіпкерлеріне дейін жөнелткен В.Терещенко аудандағы сервистік-дайындау орталығына да біраз көлемде картоп пен 300-400 тонна шамасында қырыққабат пен сәбізді тапсыратын болып отыр. Десе де, шаруашылық басшысы облыс орталығының тұрғындары үшін сақталады делінетін өнімдердің қазіргі нарықтағы бағамен салыстырғанда әлдеқайда төмен бағамен қабылданатынын алға тартып отыр. Жоғарыда айтып өткендей, қазірде картоптың бір килограмы алқаптардан 60 теңгеден сатылса, сервистік-дайындау орталығы оны 35 теңгеден сатып алмақ. В.Терещенконың әңгімесіне қарағанда, сервистік орталық алдымен шаруашылықтарға көмектесуі керек еді. Мәселен, биыл «Сибиряк» шаруа қожалығы көктемде қиындық көрді. Өткен жылы оқыстан түскен аяздың салдарынан 1,5 мың тонна қырыққабат пен 2 мың тоннадан астам сәбіз алқаптардан жиналмай қалды. Жергілікті ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары былтыр қыстың ерте түсетінінен шаруаларды алдын-ала сақтандырып-ескерткенін айтады. Алайда өткен күзде бітік шыққан өнімдерді толықтай қамбасына құя алмаған «Сибиряк» көктемгі егіс жұмыстары кезінде қаржы таппай қысылған көрінеді. В.Терещенконың айтуынша, екінші деңгейлі банктерден күтер қайран жоқ, олар қымбат кепіл-мүлік талап етеді. Ал жергілікті «Кереку» несие серіктестігі болса, өтінішті ұзақ уақыт қарастырады. Тығырыққа тірелген шаруашылық басшысы үлкен өсіммен қарыз алуға мәжбүр болған. Көктемде қиындық тартқан шаруа ендігі жерде сервистік орталықтың өнімдерді арзан бағамен тапсыруды талап етіп отырғанына түсінбестік білдіріп отыр. Бірақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы С.Амановтың айтуынша, көкөнісшілер осыған дейін түрлі субсидиялар мен жеңілдіктерге ие болып келді. Осының қарымтасы ретінде шаруалар өнімдерін өткізуге мүдделі болуға тиіс.

Қорыта келгенде, әзірге Павлодар ауданының шаруашылықтары картоп пен көкөніс жинау бойынша көзделген межеге жетіп отыр. Енді тек қолда барды ұқсату мәселесі қалып отыр. Дәл осы көкөніс өнімдерін қысқы кезеңде сақтау мәселесін алдағы уақытта егжей-тегжейлі жазатын боламыз.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

0 пікір

Үздік материалдар