Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3124 0 пікір 31 Қазан, 2010 сағат 20:10

ТАРИФТЕР ҮНЕМШІЛДІККЕ БАСТАМАҚ

Павлодар облысында өткен жылдан бастап электр қуатын пайдалануда сараланған тарифтік жүйенің енгізілгені белгілі. Соған сәйкес тұтынушылардың әрқайсысы бір айда 110 квт/сағаттан (электр плитасын қолданатын пәтерлерде) артық электр қуатын пайдаланған болса, қымбаттау тарифпен есептеледі.
Бұл жағдай қарапайым халық тарапынан түсіністік тауып кетті деу қиын. Бұған дейін дәл осы жаңа есептеу жүйесіне байланысты бір азаматтың сотқа дейін шағымданғанын жазған болатынбыз. Алайда оның арызы алғашқы сотта өз пайдасына шешілген жоқ, бірақ «шешінген судан тайынбастың» кебін киген тұтынушы одан әрі апелляцияға тапсырылатынын мәлімдеген көрінеді. Десе де, шектік тариф қазір кеңінен қолданыста. Жаңа жүйенің тәжірибеге енгізілгені бірден өзінің нәтижесін танытпады. Тек арада екі ай өткенде ғана тұтынушылар электр қуатын артық көлемде пайдаланатын болса, төлейтін сомасының да қомақты болатынын түсінген сыңайлы. Осы және басқа да жаңашылдықтар туралы ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Павлодар облысы бойынша департаменті өткізген «дөңгелек үстел» барысында жергілікті коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындардың өкілдері мәлімдеді.

Нақтылай кетелік, қазірде сараланған тарифке сәйкес бір айда пайдалануға тиіс 110 квт/сағат электр қуатының әрбір киловаты үшін 7,7 теңге, ал егер белгілі шектен асып кетсеңіз артық қуат үшін 9,69 теңгеден төлемақы есептеледі. Айтпақшы, егер пәтерде электр плитасы қолданылмаса, ай сайынғы шек көлемі 90 киловатты құрайды.
Сараланған тарифтерді енгізу арқылы элеткр қуатын үнемдеу көзделеді, сонымен бірге, тұтынушылардың төлейтін қаржысы да үнемделеді, - дейді департамент бастығы Қайырғали Төлендинов.
Оның айтуынша, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің мамандары қазіргі кезде қолданыстағы жаңа тарифтің іс жүзіндегі тиімділігін талдап-сараптап, оны одан әрі жетілдіруді ойластыруда. Әлемдік тәжірибеде сараланған тарифтердің алты түрі кездеседі. Алдын-ала мәлімдемелерге қарағанда, 2011-2012 жылдары елімізде электр қуатының төлемақысын оны пайдалану көлеміне қарай есептеу жүйесі тағы бір сатыға тереңдетіле түседі.
Алдағы уақытта павлодарлықтарды тағы бір жаңалық күтіп тұр. Электр қуатын үнемдеу мәселесі біржақты етілді, ендігі кезекте суды пайдалану жүйесін жетілдіру керек. Қайырғали Мансұрұлы онда да сараланған тарифтің енгізілетінін айтады. Жаңа жүйе бойынша төлемақы нақты пайдаланылған судың көлеміне байланысты болмақ. Тұтынушылар бұл ретте топ-топқа бөлінеді. Біріншісіне - айына 2,8 текше метрге дейін су пайдаланушылар, екіншісіне - 5 текше метрге дейін су алатындар (бұл топқа қарапайым тұрғындармен қатар жылу саласында қызмет көрсететін бюджеттік ұйымдар кіреді), үшіншісіне 5 текше метрден артық су пайдаланатындар жатқызылады. Мамандардың есептеуінше, алғашқы топқа тұтынушылардың 30 пайызы енгізілсе, екіншісіне 30-дан 70 пайызға дейінгісі жатады. Үшінші топ жеке есептеуіш құралдары жоқ тұрғындар мен екінші топқа жатпаған заңды тұлғалардан құралады.
Бөле-жара айта кетерлігі, сараланған тарифтік жүйе қолданылған жағдайда, ең алдымен пәтерлерінде жеке есептеуіш құралдар орнатпағандарға қиын тиеді. Себебі, олар айына щектен тыс мөлшерде су пайдаланушылар тобына жатқызылады да, соған сәйкес қымбат тариф бойынша есеп айырысуға мәжбүр болады.
Бүгінде су есептеуіш құралдарын орнатып жатқан тұтынушылар баршылық. Бірақ халық жылу қуатын есептеуіштерді құруға асығар емес. Мамандардың айтуынша, бұл тұрғындардың артық төлемақы төлеуден қорқақтауынан туындап отыр. «Павлодар жылу желілері» АҚ қаржы директоры В.Матвеевтің сөзіне қарағанда, қазірде үйлерінде жылу қуатын есептеуіш құралы барлар да ондағы мәліметтерді ай сайын беруден бас тартып, ортақ жүйемен төлем жасауды құп көрген.
Десе де, бүгінгі таңда энергия үнемдеу мәселесі өзектілігін жоғалтпай тұр. Облыс көлемінде арнайы кешенді жоспар да қабылданды. Облыс энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы энергетика бөлімінің бастығы Нұрлан Машраповтың айтуынша, ортақ іске ірі кәсіпорындар атсалысуда. Соның нәтижесінде осыған дейін 200 млн. теңгеден артық соманы құрайтын электр және жылу қуаттары үнемделді. Жедел-жәрдем ауруханасы мен жүйке аурулары диспансерінде, педагогика колледжінде бөлмелердегі температураны реттейтін құрылғылар орнатылып, өзінің тиімділігін танытты. Осыған дейін бюджеттік мекемелерде 12 мыңнан астам энергия үнемдейтін шам орнатылды.
Мақаламыздың басын тарифтен бастаған соң осы тақырыппен аяқтасақ. Бұған дейін «KECOG» электр тасымалдаушы компаниясының біздің аймағымыз үшін тарифті көтеруінің салдарынан «Энергоцентр» АҚ да электр қуатының бағасын өсірмек ниетте екенін айтқан едік. Кәсіпорынның бұл өтінішін басқарма кейін қайтарды. Бірақ бұл тарифтің қайта қаралмайтынын білдірмейді. Қ.Төлендиновтің айтуынша, өтініш талап бойынша толық құжаттармен бірге болмағандықтан кері ысырылды. Алайда кәсіпорын кемшілігін түзеп, өтінішті қайтадан басқармаға беруге құқылы. Әзірге олардың тарифті қаншаға көтеруді сұрайтыны беймәлім. Тарифті өсіруге тек «KECOG» қана себеп болса жақсы, Үкімет бекіткен қаулыға сәйкес электр-жылу өндіруші станциялар келесі жылға өздерінің энергия босату құнын қайта қарауға тиіс. Бұл жағдай да «Энергоцентрдің» тарифті өсіруіне негіз бола алады, дейді мамандар. 2011 жылдың қаңтарынан бастап «Павлодар-Водоканал» серіктестігі де сумен қамту және кәріз қызметін көрсетуге байланысты тарифтерді өсіруді сұрайтындығын қазірден мәлімдеді. Кәсіпорын өкілінің сөзіне қарағанда, бұл әбден тозығы жеткен құбырларды сақтауға, қыстыгүні апатты жағдайлардың азаюына ықпал етеді. Былтыр сумен қамтушы кәсіпорынның алты ай қыс бойы жарылыстан көз ашпай келгені мәлім.
Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрлан Рашитов соңғы кезде билік тарапынан мұқтаж жандарға тұрғын үй көмегі беріліп жатқанын, тарифтер өскен тұста мұның да әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтар үшін жәрдем екенін жеткізді.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

0 пікір