Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
46 - сөз 5220 3 пікір 8 Мамыр, 2017 сағат 11:36

Қазақ қарулы күштеріне - үш ғасыр

Күндердің күнінде отарсыздандыру жүргізілген Қазақстанда мемлекеттік мерекелер тізімі өзгерері анық. Ақордаға қарап, Ресейге жалтақтап «тойланып» жүрген бірқатар мерекелеріміз тарих сахнасынан кетеді. Солардың бірі – 9-Мамыр мерекесі. ІІ жаһан соғысына қатысқан соңғы майдангер дүниеден озған соң, ол мерекенің мәнісі қалмайды.

Кешегі кеңес тарихшылары жасап берген «Ұлы Отан соғысы» деп аталып жүрген мәртебесі біздің елімізде түбегейлі жойылады. Бұдан небары жүз жыл ғана бұрын болған І жаһан соғысының маңызды даталарын бүгінде ешкім есіне алмайтыны тәрізді ІІ жаһан соғысының жеңісті даталарының қадірі қалмайды. Бүгінгі Отан қорғаушылар күнінде өткізілген әскери парадтың Жеңіс күнімен де байланыстырылуы маған игі өзгерістердің басы сияқты көрінді.

Тарихқа көз жіберсек, Абылай заманынан бері еліміздің азаттығы мен бостандығы жолында қаза тапқан күллі қаһармандар ұмыт қалып жүр. Жоңғар-қалмақ соғыстарындағы жеңістеріміз мүлде еске алынбайды. Қазақ жұрты құдды бір «Ұлы Отан соғысынан» басқа соғысты көрмеген тәрізді. Ақиқатында Қазақ Қарулы Күштері құрылғанына 25 жыл емес – үш ғасыр! Қазақтың әскери өнерінің тарихы одан да тым әріде жатыр.

Уақыт жағынан бізге алыс-жақынына қарамастан Отан үшін қан төккен ерлеріміздің бәрі қымбат. Сондықтан таяу жылдарда 9-мамыр мерекесі 7-мамырға яғни Жеңіс күні толықтай Отан қорғаушылар күні аясына көшірілгені дұрыс. Жаңаша тойланатын Отан қорғаушылар күні бүгінгі сардарлар мен сарбаздарды әспеттеумен бірге фашистерге қарсы соғысты қосып алғанда қазақ халқының соңғы үш ғасырлық тарихындағы қаһармандарымызды түгелдей еске алуға мүмкіндік берер еді.

Үш Жүздің біріккен қолын құру туралы шешім қабылданған 1710 жылғы Қарақұм Құрылтайын Қазақ Қарулы Күштерінің құрылған мерзімі ретінде атап өтуге әбден лайық. Кей деректерде Қарақұм құрылтайы да мамыр айында өткендігі айтылады. Сол тұрғыдан қарасақ, Қазақ Қарулы Күштерінің құрылғанына биыл 307 жыл болады екен. Сол жиында Табын Қараұлы Бокенбай батыр: «Таланған көштің, тұтқындалған бала-шағаның, бейшара бақылаушысы болып отырман. Жаудан кек аламыз, өлсек, қару ұстап өлеміз! Қыпшақ даласының сарбаздарының жалтарған кезі болды ма?.. Жаудың зұлымдығына шыдап отыра алман!? Жауға мінер тұлпар құрып па?! Сұр жебе толы қорамсақ қаңырап бос қалып па?!», –депті өршеленіп.

Сөйтіп тұңғыш рет Үш Жүздің біріккен қолын бастаған, дұшпанға тойтарыс беріп, 1712 жылы 50 мың әскермен жоңғар жеріне басып кірген Бөкенбай батырды Қазақ халқының тұңғыш маршалы десе болады. Сондықтан Елбасы айтпақшы, ұлттық санамызды жаңғырта отырып, 25 жылмен өз адымымызды өзіміз тұсамай, Қазақ Қарулы Күштерінің 310 жылдығын лайықты атап өтетін күнге жетейік!

Марат Тоқашбаев

Facebook-тегі парақшасынан

3 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1467
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1327
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1075
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1125