Дүйсенбі, 5 Желтоқсан 2022
«Соқыр» Фемида 7348 68 пікір 5 Мамыр, 2017 сағат 11:59

Соғыс... Жеңіс... Аталарға тағзым...

(толғаныс ойлар)

Жеңіске де 72 жыл толды. Бұл соғыс ең зұлмат - ауыр соғыс. Адам баласын, оның ішінде қазақ елін де қан жылатқан қырғын. Өзі де «Военный коммунизм», «Красный террор», «Кіші Октябрь», «Ашаршылық» т.б. сұмдықтарды қолдан жасаған сұрқия саясат құрбаны болған, бар жақсысынан айрылған елімізді «жығылғанға жұдырық» дегендей осы соғыс мүлде тұралатып кетті!

Соғыс... Аталуы да, оқиғалары да мүлде толық айтылмаған жұмбақ! Тек қана кейінгі кезде Ұлы Жеңісті дәріптеуге айналдырылған қанды қырғын! Ашылар ма екен соның толық жұмбақтары... Әй қайдам...

Ұлы Жеңіс! Аталарымыздың өз елінен жырақта мәңгілік көз жұмуымен, елге оралғандардың мүгедектігімен, апаларымыздың жас сәбилерін үйге қамап кетіп, күн-түн демей еткен жанқияр еңбектерімен, біздің ұрпақтың әке-шешелерінің жоғалтқан балалық, көз жастарымен келген жеңіс! Сонысымен де қадірлі! Ұмытам десе де, ешкім ұмыта алмайды!

Неге жұмбақтары көп?

Бәрі анық секілді болғанымен де шындығында солай! Керек десеңіз аталуы да. Бізге Ұлы Отан Соғысы дегенді миымызға құйып келді. Сәл тарихқа көз жүгіртіп ойлансақ ше? Егер Отан Соғысы болса «Жеңілмейтін Қызыл Армия» неліктен «Мангермейн» сызық-шебін бұзып өтіп, масқара болып, жат жерде, жат елде неге батпаққа батып қалды? Берлиннен кейінгі Гоби мен Хинган шөлінен өткен жанкештілікті қалай ұмытамыз? СССР-ға қарсы соғыс жариялаған (Румын, Болгар, Поляк… т.б.) елдерді айтса, қиналып, жалтақтап қалатынымыз қалай? Ал коммунистік идеология миға «сатқындар» деп сіңірген «Түркістан легионындағы» аталарымыз шынымен сатқын ба? Оларды қайда жібереміз?

Барлық Совет киноларында Власовшылар «қандықол, сатқын, ішкіш, тонаушы» түрінде көрсетіледі. Ал ұмытпасам, сол армияның бас штабын басқарған полковник Нерянин сол соғыстың басында «Совет Одағының Батыры», оның алдында «Самый блястящиий офицер Красной Армий» деген ат алған болатын! Армияның «Казак полктарын, ұшқыш эскадрилияларын» басқарған офицерлер ше? Біздің де кей аталарымыз сол армияда да болды! Олар сатқын ба? Әлде Ленин-Сталиндік қырып-жоюда күнәсіз өлген әкелері мен бауырларының қанын жоқтады ма?! Серік ағамыздың жазуы бойынша «Падение Большего Туркестана-да» еліміздің нағыз ұлтжанды-патриоты Мұстафа Шоқайға қара күйе жағылды. Ал елімізді «большевик езгісінен құтқарам» деп десант болып келген Ағаев (шын фамилиясын айтпай-ақ қояйын. Еліміздің Батыс өңірінің тумасы. Жер қатынастары бөлімінде агроном болған) тәрізділер де өзіміздің аталарымыз ғой! Оларды сатқын деуге ауызымыз барады ма? Әлде идеология құрбандары ма?

Естуімше Түркияда қазір Ақсақ Темір мен Баязиттің ескерткіші қатар тұрып, екеуі де «Түркі әлемінің даңқты қолбасшылары» ретінде бағаланатын көрінеді. Ақсақ Темірді «Мұсылман әлемін күйретуші» деп ешкім қаралап жатқан жоқ деседі. Олай болса тағдырдың тәлкегімен (кейі өз қалауымен… офицер бұйрығын орындап… қараңғылықтан… шарасыздықтан… жараланып… тұтқындар безінген Сталин бұйрығы… т.б.)  майданның қарама-қарсы жақтарында қалып қойған аталарымызды да ұмытпай, тағзым етуге тиісті емеспіз бе! Олардың кінәсі бар ма?! Жоқ... бәрі де шейіт-құрбандар!

Олай болса соғыстың аталуы да «Екінші Дүниежүзілік Соғыс» болуы керек! Ал тарихи оқиғалар сол «Соғысқа қазақтардың қатысуы» деп аталғаны дұрыс болар.

Адам шығыны жұмбағы... Бізге кезінде Совет Одағы 22 млн адамынан айрылды деп оқытылды. Ал Горбачев кезінде 40, Ельцин кезінде 60 деген де цифрларды көрдік. Өз басым сол Совет елінің жоғалтқан адам саны 50 миллиондай дегенге толықтай сенем. Өз қазағымызды алсақ, соғыс өрті шарпымаған отбасы жоқ та шығар. Біздің әулеттен алты атам соғысқа кеткен. Мүгедек болып оралғаны өз атам. Ал атамның бес бірдей немерелес бауырларынан хабар да жоқ, ұрпақ та қалмаған. Сан жаққа жазып жатып, екеуін ғана анықтадым, үшеуі із-түзсіз.

Саясат статистиканы да жасырады. Өз сұмдықтарын көрсетпеу үшін коммунистік режим де террор құрбандарының санын жасырды. Адам санын көбейтіп айтты. Солай болғанмен де, тіптен депортация құрбандарын айтпағанның өзінде қазіргі зерттеулердегі әскери шығынның өзі-ақ жағаңды ұстатады. Ең бірінші Москва түбіндегі және «Ржевский выступ» (шындығында ел Ржевская мясорубка деп атаған) шайқастарында Совет армиясы жеңіске жетті. Сонда барған бір қазақстандық дивизиядағы 12 мың адамнан 450-і ғана тірі қалған! Москва түбіндегі әскери шығынның өзі 1 млн екені, ал «Сталинград шайқасындағы» шығын 1,5 млн екені айтыла бастады.

Сталинградтағы Паулюстің армиясы 320 мың екені белгілі, сонда қалай болғаны? Совет командованиесі бір неміс солдатын өлтіру үшін сегіз солдаттың өмірін қиғаны ма? Қазіргі күнде басқа жерде опат болған бір американдық солдатқа Ұлттық Қаралы күн жарияланып жатады. Ал сондағы қырғынға қалай қарау керек. Ол - большевик-коммунистердің адамды мүлде адам санамай, қойша айдап қырғынға ұшыратуы ма? Сол «Сталинград шайқасына» қатысқан атам екі-үш адамға бір мылтық және 5 патрон берілетінін айтқан еді. Осы екі жеңіске де қазақтарымыз көптеп қатысқаны да анық! Сол құрбандарға тағзым етелік!

Қазір алапат қырғынды бұрмалаушылыққа төзуге болады ма? Мысалы,  кейбір поляктардың өз елін украиндықтар азат етті дегені қандай оймен айтылды десеңші. Өз елімізде де осы Жеңістің 70 жылдық құрметін өз жеке бастарына пайдаланып, өз мүдделеріне іске асырғандарды да байқап, адамгершілікке жат пиғылдарын көрсеткеніне  тітіркенеді екенсің.

Барлық соғыс құрбандарын еске ала отырып, рухтарына бас иелік!

Азкен Алтай

Abai.kz

68 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Қандастар қазаққа, Қазақстанға не берді?

Райыс Әріпжанұлы 2404
Алашорда

Түркілік тек және түркі-моғол бірлігі

Жәди Шәкенұлы 1290
Қауіп еткеннен айтамын

Газдың геосаяси «геморройы»

Әміржан Қосан 1550