Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
Әне, көрдің бе? 6675 4 пікір 3 Мамыр, 2017 сағат 15:22

Қайран ұстазымның қадірі-ай...

Ол үйге неге бара беретінімізді өзіміз түсінбейміз. Әйтеуір аңсарымыз ауып тұратын. Атаның қасынан айналшықтап шықпаймыз. Бізді сол шаңыраққа тартып тұратын көзге көрінбес «магнит» – оның әдемі әңгімесі, апаның тәтті тағамы мен кешқұрым ойнайтын футбол еді. Бізді қызықтырғаны осылар ғана... Ойын баласына бұдан артық қандай рахат керек десеңші?!

Оның ұстазға тән ұстамдылығына әлі күнге дейін таңғаламын. Сол ұстазымның есімі Әшім еді. Әкемнен 5-6 жас үлкен болған соң Әшім ата дейтінмін. Өзінің ұл-қыздары да солай атайтын. Жақын туысқан болғандықтан, атаның жанұясын жат көрмейтінбіз.

Домалақша келген жүзінен үнемі жылулық сезіліп тұрады. Мені өзіне жақын тартып, балам дейтін. Балаша футбол ойнап, күресетін.

Ойын мен тамаққа тойған соң сүре, дұға жаттауға кірісеміз. Ол Алланың сөзін сауатты оқуды үйретті. Жаттаған сүремізді келесі дәрісте жарыса айтып береміз. Балаша риза болып, қолымызға түрлі сыйлықтар мен кәмпит ұстатады. Сүрені тақылдап айтып бергенге ол мәз, кәмпит жеп, сыйлық алғанға біз мәз... Сауап жинаған ол да ұтты, біз де олжалы болдық. Домбырасын алып, күй шерткенде, қазақша былай тұрсын үнді әндерін сәніне келтіре орындағанда шат-шадыман күйге енеміз. Оның орынды әзілдері мен әдемі әндері бізді өзіне ерекше баурап алатын. Осыдан кейін ол үйден шығып көр...

Қазір ойлансам, бұл – шәкірт тәрбиелеуге қатысты мықты методика екен. Бозбаланың бойына имандылық дәнін себуде таптырмайтын тәсіл. Әшім ата әуелі әдепті үйретті, адамгершілікке тәрбиеледі. Әр істе өзі үлгі көрсететін.

Ойынның қызығына батып, доп көзге көрінбей қалғанға дейін шаңғытып футбол ойнайтын бізге: «Күн батпай тұрып, тездетіп үйлеріңе қайтыңдар. Күн батарда лағынеті шайтан көше кезеді», – дейтін. Құманын қолына алып, дәретхана жаққа аяңдаған Әшім атаны көрген біз ақшам таяғанын түсініп, сөзге келмей үй-үйімізге тараймыз... Қазір кеш болса баланы үйге кіргізуге асығамыз. Өйткені, бұл әдет балалық шақта қалыптасты...

Бір күні көршінің қабаған иті аяғымды тістеп, үйден шыға алмай қалдым. Шәкірттерінен үнемі хабар алып, түгендеп, жағдайына үңіліп жүретін ұстаз өз баласынан, яғни сыныптасым Ибраһимнен: «Бауырың Ағабектің жағдайынан хабарың бар ма?» – депті. Ол бірден: «Жоқ», – десе керек. «Науқастанған мұсылманның жағдайын сұрап, оны зиярат ету – үлкен сауап. Шұғыл досыңның үйіне жүгір...», – деп бұйырыпты. Үйге анасы мен әпкесін ертіп келгенде атаның осы әңгімесін айтып берді. Қиналған кезде саулығыңды сұрап келген адамның жылы сөзінің өзі үлкен демеу ғой. Осы бір сәт әлі есімде...

Ол ауылдың бейресми молдасы еді. Ауылдағы ағайындар оған құдайы ас пен той-томалақта төрін ұсынып, құрмет көрсететін. Жасы үлкендер жағы өзінен кіші болса да Әшеке деп сыйлайтын. Қазір ойласам, ауылдағы жұрт оның ұстанатын діні мен тәрбиеге тұнған тұлғасын құрметтеген екен. Ұстаздың ұлағатты сөзі мен әдемі насихатынан жасы да жасамысы да әсер алатын. Әсірелеп айтқаным емес, оның ылғи жымиып жүретін жылы жүзінің өзі өзгелер үшін өз алдына үлкен бір насихат еді.

Әшім атаның бойындағы ізгілік пен ұстаздық қасиет анасы Ырыскүлден дарыса керек. Қазір ақ самайлы, ақ жаулықты әжені көрсем Ырыскүл әже есіме түседі. Бес уақыт намазына берік, өзі сөзге шешен, маңайына жуыған жанды бірден өзіне баурап алатын. Бізге батырлар туралы қисса-дастандарды әңгімелеп бергенде аузымыз ашылып үйге кеткіміз келмей қалады. «Әже» деген атқа лайық жан еді. Басынан ақ жаулығын тастамайтын.

Қазір мүфтияттың жер-жердегі мешіттерінде «Әжелер мектебі» ашылып, «Ақсақалдар алқасы» құрылды. Дәстүріміз дәріптеліп, салтымыз жаңғыруда. Бұл дұрыс бастама және көрінгеннің сөзіне сеніп, оған еліктеп, соның соңынан еріп кетуге бейіл жастар үшін таптырмайтын тәрбие мектебі. Атаның ақылы мен әженің мейіріміне қанып өскен жас буын діні мен дәстүріне ешқашан қырын қарамайды. Ата-әженің тәрбие мектебінен өткен бала қоғамда мәмілешіл һәм мемлекетшіл, отаншыл тұлға боп қалыптасады. Бұл түсінікті теріс ағым бұза алмайды. Біз мұны тәжірибеден түсіндік.

90-жылдардың басында санамызға егілген дін мен дәстүрдің алтын дәні бүгінде бүр жара бастағандай... Діни басқарманың сан-салалы бағыттағы жұмыстарына болысып, жауапкершілік жүгінің бір бұрышын көтерісіп жүргеніміз – марқұм Әшім ұстаздың бізге ықылыспен берген білімі мен қамқорлығының жемісі деп ұғамыз. Еңбегі зая кетпепті. Бір шәкірті Алматыда имамдық қызметте. Қалғандары – мемлекеттік қызмет пен әскери салада.

Әшім атаның өмірден озғанына 20 жылға жуықтапты. Әкем Қонарбай 97-жылы қырықтың қырқасына шығар шағында бақилық болғанда көз жасы көл болған ағайынға: «Көп езіле бермеңдер. Ажалға амал бар ма? Алланың жазуын ризалықпен қабыл алыңдар. Бәріміз де Құдайға қайтушымыз», – депті. Сол кезде оның: «Алланың жазуына разы болыңдар. Бұған да шүкір етіңдер», – деген сөзін көпшілік қауым бірден түсіне алмаған көрінеді. Бүгінде намаз оқитын ағайын Әшім атаның сол кездегі айтқан өсиетін енді терең ұғынды.

Алла аузына салды ма екен, өзі де көп ұзамай дүние салды ғой, жарықтық... Исламда шәкірт тәрбиелеудің, бір адамды иман жолына салудың сауабы сансыз. Еткен еңбегінің сауабын алып, рухы шаттыққа бөленіп жатқан шығар. Лайым солай болғай! Алладан соны тілейміз.

Қолға қалам алғызған жайт – ұстазға деген сағыныш сезімі ғана еді... Рас, оны қатты сағынып қалыппын. Сағынышпен жазылған осы бір жолдар дін қамында жүрген мешіт ұстаздарына да ғибрат болар деген үміттемін.

Ауыл жаққа жол түскен сайын бейіт басына барып, оның рухына Құран бағыштау біздің шәкірттік парызымызға айналды.

Адамның жанын сол кісінің хәліне енгенде түсінеді екенсің. Діни салада жүрген соң атаның қадірін күн сайын сезініп келемін. Қайран ұстазымның қадірі-ай...

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1696
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1652
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1381
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1314