Жұма, 3 Мамыр 2024
Әттең... 6307 4 пікір 11 Сәуір, 2017 сағат 09:52

Қазақ аруының ар-намысы  ғаламтормен өлшенбейді...

Бүгінгінің қыздары қалталы, зәулім үйі, астында қымбат  көлігі бар жігіттерге әуес дейміз. "Темекі тартып, ішімдік ішеді" деп қыздарды ғаламтор желісіне жарыса  жазып, суреттерін, бейнероликтерін салуға құмармыз. Сол бейнероликтер арқылы бүкіл қазақ халқының ар-намысына  тиіп отырған жоқпыз ба?

Әлеуметтік желілердегі қазақ қыздары туралы берген жағымсыз ақпараттарды оқып,  сырт көз қазақты бұзылған, тексіз халық деп айтпасына кім кепілдік береді? Қазақ қыздарының бірінің бойынан жаманшылық көрсе, ұлтымыздың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары  жерден жеті қоян  тапқандай  бүкіл қазақ аруларына топырақ шашады. Қыз  басқа планетадан келген жоқ. Ол  сенің  анаң, қарындасың, сенің апайың, қызың ғой...

Егерде қазақтың  азаматтары  шешен  халқының жігіттері сияқты өз ұлтының қыздарын қарындасым деп  ардақ тұтып, басқадан қорғап,  тірек болса, ешқандай қазақ қызы басқаның жетегінде кетпес еді.

Қазақ жігіттерінің  жылдан-жылға ұсақталып бара жатқанын байқаймыз. Керісінше қазақ арулары қай салада болмасын өз белсенділіктерімен көзге түсіп жүр. Азаматтың орнын басып, бүкіл бір отбасын өзі бағып жүргенін  талай қазақ әйелінің жанкешті тірлігін күнделікті өмірден көріп, естіп  жүрміз  ғой.

Сонымен қатар, әрбір қазақ жігітіне 3-4 қыз келеді деген жалған ақпарат   еліміздегі демографиялық үрдіске айтарлықтай өз зиянын тигізіп отыр. Жігіттеріміз осы сөзді  малданып, 30-40 жасқа дейін салт бас, сабау қамшы жүріп, өздерінің  қалай сүрбойдақ болып қалғанын байқамай қалады.

Бүгінгі нарық заманында мансап,  баспана, әлеуметтік мәселелер жастардың  уақытылы үйленуіне қол байлау болып отырғаны баршамызға аян. Қазіргі кезеңде елімізде 400 мыңнан астам кәріқыз бар деген деректер айтылып жүр. Ал қанша сүрбойдақ барын ешкім дәл басып айта алмайды... Меніңше елімізде демографиялық тепе-теңдік  бұзылған.

Бүкіл қоғам, үкімет болып  түйіні шешілмеген  осы түйткіл мәселелердің шешімін табуымыз  керек. Ғалымдарымыз осы айтылған мәселелерді  зерттеуге  өз үлестерін қосса нұр үстіне нұр болар еді. Өкінішке орай, белгілі демограф ғалым Мақаш Тәтімовтан кейін осы саланы жете  зерттеп жүрген отандық  ғалымдарды көре алмай отырмыз.

«Бір қарын майды  бір құмалақ шірітеді»,- дегендей бір қыздың бойынан көрінген  әдепсіздік тек  қазақ қыздарының емес ұлттың намысы тиетін әрекет. Яғни біз ғасырлар бойы келе жатқан ұлттық тәрбиемізден қол үзіп, ұрпақ тәрбиесін қолдан шығарып  алдық. Қазақ қыздарына жан-жақтан тас атып,  жамандай бергенше, осы бағыттан  жіберіп алған кемшіл тұстарымызды түгендейік, ағайын!

Құрметті, оқырман меніңше қазақ қызының өлшемі интернетпен  өлшенбейді, оның ар-намысымен  өлшенеді. Ал қазақ қызының тәрбиесі - ол біздің  ұлттық ар-намысымыздың өлшемі.

Еркежан Досмұхамбет, Семей қаласындағы  Шәкәрім  атындағы  мемлекеттік   университетінің журналистика факультетінің 1 курс студенті

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 577
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 308
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 318
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 329