Жұма, 26 Сәуір 2024
4305 0 пікір 4 Сәуір, 2017 сағат 17:27

Максим Арышев Санкт-Петербургтегі терактіде қаза тапқан

Санкт-Петербургта хабарсыз кеткен, осы қалада оқитын қазақстандық студент Максим Арышев метрода болған жарылыстан қаза тапқан болып шықты деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрлігі.

Миинстрліктің Facebook-тегі парақшасында "Ресей тергеу комитетінің нақтыланған мәліметі бойынша, бұған дейін із-түзсіз жоғалған Қазақстан азаматы Максим Арышев Санкт-Петербургте 3 сәуірде болған теракт салдарынан қаза тапқанын хабарлаймыз" делінген. Арышевтің мәйіті Санкт-Петербургтегі ауруханалардың бірінде жатыр. Бүгін таңертең Санкт-Петербургке ұшып кеткен марқұмның ата-анасы теракт құрбандары арасынан ұлдарын таныған.

Бұған дейін СІМ 3 сәуір күні Санкт-Петербургтегі Қазақстан консулдығына Алматыдан Максим Арышевтің туыстары телефон соғып, ұлдарымен теракт болған уақыттан бері байланыса алмай отырғанын айтқанын хабарлаған. СІМ мәліметінше, Арышев Санкт-Петербург мемлекеттік экономика университетінде үшінші курс студенті болған.

Соңғы мәлімет бойынша, Санкт-Петербургтегі терактіден қаза тапқандар саны 14 адамға жетті.

Абай-ақпарат

0 пікір