Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Қоғам 7058 0 пікір 4 Ақпан, 2015 сағат 09:03

ҚАЗАҚ КӨШІНЕ ҚАРСЫ КҮШТЕР ПРЕЗИДЕНТТІ ДЕ АЛДАП ЖҮР

Кеше, 3 ақпанда, «Қазақстан» ұлттық арнасынан "АЛАҢ" бағдарламасын толық көрдім. Аталған бағдарламада негізі айтылуға тиіс әңгіме айтылмай қалған сияқты. Неге? Оның мынандай себептері бар: Қытайдағы 1,5 млн қазақ - жалпы қазақтың 1/8-і, шетелдегі қазақтардың 1/3-і. Парламенттің суырмасында жатқан көші-қонға қатысты жаңа заң жобасы күшіне енсе де, заң осы қазақтардың оралуына ешқандай жол ашпайды. «Баяғы жартас сол жартас» күйінде қала бермек. Себебі, заң жүзінде отанға оралу, азаматтық алу мәселесі шешілгенмен, нақты өмірде ТҰРАҚТЫ ТІРКЕУГЕ тұруға заңдық құқық шетелген. Тұрақты тіркеуге тұра алмаған адам азаматтық та, жеңілдік те ала алмайды. Яғни, Үкіметтің 111 қаулысы бойынша заңды түрде ТҰРАҚТЫ ТІРКЕУГЕ тұруға болмайды.

Біріншіден, Қазақстанның жаңа заңы да, қаулылары да бұрынғы ТМД кеңістігін негізге алып, заңдық құқықтарды қарастырған. Ол жүйе әлемде әлдеқашан тоқтағаны белгілі. Соны ескермеген заң жобасының авторлары халықаралық құқықтық нормаларды мүлде есепке алмаған. Соның салдарынан қазақтар ең көп тұратын ТМД-дан тыс (Моңғолия да Кеңес одағының шекпенінде болды ғой) жалғыз ел – Қытай Халық Республикасының қазіргі мемлекеттік аумағында тұрып өмір сүріп жатқан қазақтар әлгі саяси топастар мен құқықтық мәселедегі сауатсыздардың кесірінен  зиян шегіп отыр. Бұл жоба - Ресей заңын басы бүтін көшіріп әкеліп, бейімдеп, қазақшаға аудару ғана. ІІМ Көші-қон Полиция комитетінің: "Барлық елдегі қандастарымызға бірдей құқық береміз, Қытай қазақтарына бөле қарау ұят болады",  - деуі де осыны түсіндіреді. Мүмкін ол бейшаралар әр сегізінші қазақ Қытайда тұратынын білмеуі де мүмкін. Принцип пен нақтылық болмаған заң қашанда шикі болмақ.

Қолданыстағы Қытай заңы бойынша аталған екі анықтама: сотталмағаны туралы анықтама мен тіркеуден немесе азаматтықтан шыққаны туралы анықтама берілмейді. Себебі, Қытайдан басқа ұлт өкілдерін негіз ете отырып сотталған адамға төлқұжат беру шектелген. Оның үстіне, екінші анықтаманы алу үшін басқа елдің азаматтығын алғаны туралы мәліметті Қытайдың құзырлы мекемелеріне беру керек. Қазір қазақтар осы анықтамаларды жалғаннан жасатып әкеліп жатқанын Қытай елшілігі де, ҚР көші-қон полициялары да жақсы біліп отыр. ҚР Үкіметі кіріптар қазақты қылмысқа итеріп отыр.

Тағы бір күдікті мәселе, 20 жыл сұралмаған осы екі анықтаманың кенеттен пайда болуы мен оны алып тастаудан бас тартуы - есі бар пендеге күдік ұялатады. Өйткені, жаңғы анықтамалар қазақтың аздығынан ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төніп тұрған кезде пайда болды. Бұл таза Орыс саясаты емес пе?! Әйтпесе, 8 қазақтың біріне азаматтық беруді аталған 111 қаулы арқылы шектеу; 4 сенатор мен 3 мәжіліс депутатының осыған байланысты үкіметке, Ішкі істер министріне қойған сауалына жауап бермеу немесе талаптан бас тарту – кімге керек?

Үшіншіден, Елбасымыздың көші-қон мәселесін тездетіп реттеу туралы берген тапсырмасын 1 жылға дейін созып, кешеуілдету де - білген адамға үлкен саясат. Президенттің көзін көлегейлеп қойып, білгендерін істеп отырған, сол істегендері үшін ұялмайтын, қорықпайтын адамдардың әрекеті де ойға күдік ұялата түседі. Ел билігінде қазақ көшіне қарсы адамдар жүрген кезде парламентте алдағы күндері қаралуы ықтимал заң жобасының күшіне мініп, көштің бетін түзеуі неғайбыл.

Алтай БҰҚАРБАЕВ.

Abai.kz

0 пікір