Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Үміт пен күдік 6223 0 пікір 4 Ақпан, 2015 сағат 09:26

ЖАЛҒА БЕРІЛЕТІН ПӘТЕРЛЕР... ЖАЛҒАН ЕМЕС ПЕ?

Өткен жылдың соңына қарай Ұлттық экономика министрі Ерболат ДОСАЕВ мырза (суретте) басында баспанасы жоқ қазақстандықтар пәтерлерді ұзақ мерзімге жалға ала алады деп ресми түрде мәлімдеген еді. «Бұл не қылған батпақ құйрық, айдалада жатқан құйрық» дегендей, көпшілігімізді аң-таң қылған министр мәлімдемесіне орай біз аздаған ақпараттар жинастырып көрдік. Сөйтсек, мәселенің мәнісі мынада екен: ұзақ мерзімге жалға берілетін жап-жаңа пәтерлерді кезегі келген баспанасыз тұрғын алғашқы жарнасыз-ақ жалға ала алатын көрінеді. Ең төменгі сыйақы деңгейімен. Биылғы жылы салынатын, бірақ әлі іргетасы да қаланбаған осынау көппәтерлі үйлер негізінен үлкен қалаларға жақын маңдарда, моноқалаларда, тіпті ауылдық жерлерде де салынбақшы. Хош, дұрыс-ақ дейік. Ал сонда мұны кім қаржыландырады?

Сөйлеп көрейік: ай сайынғы жалға беру құны Ұлттық қордан бөлінетін қаржы есебінен төмендетіліп, Астана мен Алматы қалаларындағы, аймақтардағы айлық жалға беру құны 56 мың мен 23 мың теңгенің аралығында болмақ. Арзан ба? Әлбетте арзан. Жалға беру мерзімі он жылға дейін созылатын осынау пәтерлер ең алдымен бюджеттегілер мен мемлекеттік қызметтегілерге берілмек. Ал енді заңды түрдегі кезегі келмесе, мұндай пәтерлер жас отбасылардың қолына тие бермеуі әбден мүмкін. Қолымыздағы нақты мәліметтерге қарағанда, жалға берілетін осынау арзан пәтерлерді Үкімет те емес, басқа да емес – тек «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамы ғана бөлетін көрінеді. Тағы бір ресми мәліметтерге жүгінетін болсақ, аталып отырған арзан үйлерді заңды тұлғалардың өтініштері бойынша да салуға болады екен – әлбетте, егер заңды тұлға мен ипотекалық компания арасында келісім-шарт жасалатын болса. Мұндай жағдайда дайын болған пәтерлерді жұмыс беруші ең алдымен өз жұмысшылары мен қызметкерлеріне бөлетіні белгілі, демек, бұл жерде кезек-пезек дегендеріңіз ешқандай рөл ойнамай қалады деген сөз. Бұл енді таза шындық. Қазірге белгілі болғаны – «НҰҚ «Бәйтерек» акционерлік қоғамына бөлінетін 250 миллиард теңгенің 145 миллиард теңгесі Ұлттық қордан, 29,2 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, ал қалғаны басқа да әртүрлі көздерден бөлінбек. Нақты қандай көздерден – әзірге белгісіз.

Ұлттық экономика министрлігінің алдын- ала есептеулеріне қарағанда, ең төменгі бағамен жалға берілетін мұндай тұрғын үйлердің биыл 487 мың шаршы метрі эксплуатацияға берілмек. Бұл аз ба, көп пе – мұны біз біле алмадық, өйткені, аталған үйлердің әлі іргетасы да құйылған жоқ. Министрліктің мұнысы бір жағынан... «қашпаған сиырдың уызына таласқандарды» еске түсіретін сияқты.

Марат МАДАЛИМОВ.

Abai.kz

0 пікір