Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Қоғам 6813 0 пікір 5 Ақпан, 2015 сағат 10:25

НАУРЫЗ НАҒЫЗ МЕРЕКЕ БОЛУ ҮШІН НЕ ІСТЕГЕН ЖӨН?

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Егемен Қазақстан» газеті арқылы Наурыз мейрамына ұлттық мазмұн беру жөніндегі ойларын ортаға салған еді. Министр мырзаның ұсыныс байламдарымен толық қосыламыз. Осы дәстүрлі мерекені фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәрежесіне жеткізу керек екендігі бұрын да жиі айтылатын. Сол орайдағы кейбір пікір-пайымымызды біз де билік тарапымен бөлісуді, талап-тілек ретінде ұсынуды жөн көрдік.

Наурыз бен оның тарихы жайында айтқанда, алдымен Қыдыр баба және Ұмай ана жайлы сөз қозғауға тиіспіз.

Қыдыр – қазақтың, сондай-ақ басқа да түркі тілдес халықтардың ерекше жарылқаушы қасиетке ие әулиесі. Ол күндердің күнінде «қырықтың бірі» болып жолығып, бағыңды жандырады.  Сондықтан жүздескендердің бәріне кемсітпей, бөліп-жармай ілтифат көрсетуің керек. Қыдыр - бұл тұрғыда адам баласын өзара жарастырушы, алыс-жақынды табыстырушы киелі тұлға.

Ұмай ана – түркі тектестердің Хауа анадан соңғы ұлы анасы, әйел мен баланың пірі, мейірім-шапағат шуағын шашқан күн дидарлы әулиесі. Оған ата-бабаларымыз: «Жүрегімізді жылыта гөр, қатыгездік пен өшпенділіктен сақтай гөр» деп сыйынған.

Міне, осы екі Әулие Наурыз күні алдында және той күні балабақшалардағы бүлдіршіндер мен төменгі сыныптардағы жеткіншектерге сыйлық үлестірсе, баталарын беріп, игі тілек білдірсе, ұлттың ұлы мейрамы – Наурыз мейрамының тарихы мен ерекшеліктері жайлы әңгімелеп берсе, құба-құп емес пе?! Бұл алдағы уақытта дәстүрге айналса, бала жүрегіне Қыдыр бабасының киесі, Ұмай анасының мейірім шуағы дарымай ма? Ұлттық ұлағат пен тәлімге айналмай ма? Дәстүріміз бен салтымыз балдырғандарға әсерлі насихатталмай ма?! Аяз атаға жүгініп, Қаршақызға жүгірген балаусалар түпкі тамырына солай бір қайырылмай ма?! Наурызды ұлтты ұлықтап, тарихты қадірлеу үшін пайдалану дегеніміз де осы емес пе?! Сондықтан, біз бұл ұсынысымызды барынша орынды деп білеміз және қолдау табатындығына күмән келтіргіміз келмейді.

Мына мәселе де Наурыздың мәнін тереңдетіп, жастарға тәлімді болады деп ойлаймыз. Аталған мереке жайлы ән аз, түрлі деңгейдегі сахнаға арналған театрландырылған көріністер де тапшы. Соны ескере отырып, балабақшалар, орта және жоғары оқу орындары үшін Наурыз тақырыбына, оның тарихы мен бүгінгі мәніне, бауырмалдық пен кешірімділік идеяларына негізделген шағын мерекелік-музыкалық сахналық қойылымдар дайындау қажет. Наурыз тағылымының бір әсерлі тұсы осы. Мәдениет және спорт министрлігі, облыстық мәдениет басқармалары қаламгерлер мен композиторларға арнайы тапсырма беру арқылы бұл мәселені оңтайлы шеше алар еді.

Наурыз – Ұлттық мереке ғана емес, ұлттық болмыс, ұлттық дәстүр, ұлттық мінез, өмір деп аталатын, адамдардың ғұмырларымен өлшенетін, біреу арқылы сөніп, біреу арқылы қайта лаулайтын көл-көсір дүниеге, адамзат пен жаратылысқа деген тарихи көзқарас. Оны жас ұрпақтың тәліміне және ұлттық құндылығына айналдыру - біздің ұлттық парызымыз. Талап-тілегіміз Үкімет тарапынан қолдау тапса, сол парызға адалдықтың белгісі деп қабылдаймыз.

Алдан СМАЙЫЛ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.   

                                                                                                  

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1604
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1504
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1252
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1222