Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Қоғам 7712 0 пікір 7 Ақпан, 2015 сағат 10:22

МИНИСТРДІҢ МҰНЫСЫ НЕСІ?

Қалай боларын кім білсін, алайда биылдан бастап біздің еліміз астық өнімін экспортқа шығармауы мүмкін. Көк тиын пайдасы жоқ. Шығыны шаш етектен. Басқасын былай қойғанда, астық өнімін шет елдерге тасымалдаудың өзіне ғана 15 миллиард теңге кетеді екен. «Одан да бұл ақшаны фермерлерімізге қолдау көрсетуге жұмсағанымыз дұрыс» деді жақында ауыл шаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВ мырза.

Ойпырмай, ә! Министріміз шет елдерден асыл тұқымды мал атаулыны әкеліп болып, енді шет елдерге астық шығармаудың қамына кірісті ме осылайша? Осындай ой келді біздің қауашағымызға – Асекеңнің әңгімесін естіген сәтте. Дұрыс қой, өте дұрыс. Шығыны шаш етектен болса, шығарып керегі не? Қос қолдап тұрып қолдаймыз мұндайды. Ал бірақ «аталмыш ақшаны фермерлерімізге бере салайық» дегені несі сонда бұ кісінің - бізге мәселенің осы жерінің мәнісі түсініксіздеу болып тұр. Өйткені... кеше ғана Есеп комитетінің басшысы Қозы-Көрпеш ЖАҢБЫРШИН мырза ауыл шаруашылығы министрлігіне бөлінген 43,1 миллиард теңге бюджет ақшасының 2012 және 2013 жылдары мен 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында тиімсіз пайдаланылғаны жөнінде мәлімет таратты.

«Бұл қалай сонда?» ДЕСЕК, ол сонда былай ЕКЕН: Есеп комитетінің басшысы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин мырзаның мәліметтеріне сенетін болсақ (ресми мәліметке сенбеуге құқымыз жоқ), ауыл шаруашылығы министрлігі 2013 жылы тұп-тура тоғыз заңды тұлғаға несие беріпті. Тоғызының әрқайсысына БІР және ЕКІ миллиард теңгеден. Миллион дегеніңіз мүлде жоқ. Тек қана миллиардтап беріпті! Бір қызығы – миллиардтаған несиені министрлік ЖШС деп аталатын фирмаларға 2013 жылы берген болса, сол фирмалардың өздері де... тиісті органдарға заңды тұлға ретінде 2013 жылы тіркеліпті! Тағы бір қызығы - ауыл шаруашылығы саласында аянбай жұмыс істеу үшін заңды тұлға ретінде тіркелген осынау фирмалардың не «бір грамм» техникасы, не «бір метр» жері, тіпті «көз қылып көрсететіндей» бір-екі айыр-күрегі де жоқ екен. Ал Сіз айтасыз, АСЫЛЖАН мырза, «он бес миллиардты тағы да бере салайық» деп. Сонда дейміз-ау... сонда сіз Мемлекет басшысының өткенде ғана «мемлекет сендерге сауын сиыр емес» дегенін тура мағынасында түсініп қалғансыз ба, а?

 

Марат МАДАЛИМОВ.

 

Абай.kz 

0 пікір