Сенбі, 4 Мамыр 2024
Дода 5971 0 пікір 11 Ақпан, 2015 сағат 13:50

АЛМАТЫ-2022: ҮМІТ ПЕН КҮДІК

14-18 ақпан аралығында Халықаралық Олимпиялық комитеттің (ХОК) бағалау-тексеру комиссиясы Алматыға ат басын бұрмақ.

Он төрт нысанның сегізі – дайын

Комиссия құрамында – Ресей Федерациясы Ұлттық Олимпиялық комитетінің (ҰОК) жетекшісі, РФ үкіметінің вице-премьері Александр Жуков; Жапония Олимпиялық комитетінің төрағасы Цунеказу Такеда; Спортшылардың халықаралық комиссиясының өкілі Адам Пенгилли және тағы басқалар бар. ХОК делегациясы Алматыда бірнеше күн аялдап, қаладағы спорт нысандары мен өзге де инфрақұрылымдардың 2022 жылғы Қысқы Олимпиаданы өткізуге қаншалықты дайын екенін бағалайды.

Естеріңізде болса, 2022 жылғы Ақ Олимпиаданы өткізуге алдымен алты қала үміткер болған еді, бірақ жеме-жемге келгенде олардың ішінен Осло, Бейжің және Алматы ғана қалған болатын. Былтыр күзде Норвегия астанасы да өз өтінішін қайтып алып, тек екі үміткер ғана қалды.

"Сұңқар" трамплин кешені 

«Алматы-2022» тұжырымдамасы бойынша жарыстарды қабылдайтын 14  нысанның бәрі де Олимпиада ауылынан 30 шақырымдық радиуста орналаспақ. 8 нысан (бұл – қажетті инфрақұрылымның 60 пайызы) қазірдің өзінде дайын және пайдалануға берілген. Өтінім комитеті 2017 жылы өтетін Қысқы Универсиада қарсаңында тағы 3 нысанның даяр болатынын айтып отыр. Демек, халықаралық спорт жобалары дирекциясы «Алматы 2022 жылғы Олимпиада үшін енді қосымша тек ірі үш нысан салып бітсе болғаны» дейді.

Барлық жарыстар екі бағытта – Қала аймағында және Тау аймағында өткізіледі. Қала аймағы Олимпиада қалашығынан, Орталық кластерден және «Сұңқар» тау шаңғысы трамплиндері халықаралық кешенінен құралады. Алматының солтүстік-шығысында орналасатын Олимпиада қалашығы мынадай нысандардан тұрады:

- 5 500 жатын орны бар Олимпиада ауылы;

- Халықаралық хабар тарату және баспасөз орталықтары;

- 4 500 орындық медиа-ауыл;

- 400 номерлік 5 жұлдызды мейманхана және 600 номерлік 4 жұлдызды мейманхана (ХОК мүшелері үшін);

- 12 000 көрермен сыятын Олимпиялық мұз айдыны (мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және т.б. спорт түрлері үшін);

- Универсиадаға арнайы салынып жатқан 3 000 орындық «Керлинг арена».

Олимпиада қалашығы марапаттау рәсімдері өтетін Республика алаңынан және жарыстың ашылу-жабылу салтанаттары болатын Орталық стадионнан небәрі 15-ақ минуттық қашықтықта орналасады.

Алматының оңтүстік бөлігіндегі Орталық кластерде және «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешенінде болашақ Олимпиаданың дайын тұрған үш ірі нысаны орналасқан:

- 2010 жылы салынып біткен «Сұңқар» тау шаңғысы трамплиндерінің заманауи кешені;

- Ашылу және жабылу салтанаттары өткізілетін 22 мың орындық  Орталық стадион;

- Хоккей ойындары өтетін Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы (5 000 адам сыяды).

«Сұңқар» кешенінің жоғарғы жағында шаңғы қоссайысына арналған 2,5 шақырым жаңа трасса салынды, оны Спорттың тау шаңғысына тән түрлері бойынша Халықаралық Федерациясы мақұлдап, қабылдады. 16 медаль жиынтығы сарапқа салынатын Шана-бобслей орталығы да «Сұңқар» кешенінің маңынан бой көтереді.

12 мың адамдық жаңа мұз айдынын салу жұмыстары қазір қарқынды жүріп жатыр. Ол Алматының батыс жағында, 2 000 орындық Қысқы Универсиада қатысушылары орналасатын ауыл маңынан салынуда. Бұл жаңа ғимаратта шайбалы хоккей жарыстары өтеді (оның ішінде – финалдық бәсеке де), ал Универсиада ауылында 2022 жылы БАҚ өкілдері орналасады.

Олимпиададан соң тау туризмі дами ма?

Тау аймағы үш топқа бөлінеді – «Медеу», «Табаған» және «Ақбұлақ». Бұл нысандар Қала аймағынан аса қашық емес, «Сұңқар» трамплиндер кешенінен небәрі 25-30 минуттық жерде орналасқан.

Тау басындағы «Медеу» мұз айдыны – теңіз деңгейінен 1 700 метр биіктікте орналасқан, ХХ ғасырдағы коньки тебу спортынан қаншама рекордтарға куә болған әлемге әйгілі стадиондардың бірі. Қысқы Олимпиадаға орай оның төбесін жабу және көрермен орнын 6 мыңға дейін көбейту көзделіп отыр.

Шымбұлақ тау шаңғысы курорты

1957 жылы салынған Шымбұлақ курорты – тау шаңғысы спортынан талай жарыстарға куә болып, сыннан өткен нысан. Ол қазір де тау шаңғысы бойынша жарыстарды қабылдай алады. Тек «Алматы-2022» жобасының экологиялық саясатына сәйкес сәл ғана заманға сай өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілмек.

«Табаған» курортында тау шаңғысы спортының техникалық түрлері бойынша жарыстары өтеді (мәселен, слалом). Бұл жердің жер бедері мен биіктігі (1500 м – 2100 м) тек спорт ойындары үшін ғана емес, туристік нысан ретінде пайдалануға қолайлы. Олимпиада біткеннен кейін тау туризмін дамыту бағытына таптырмайтын мекен. Бұл нысан фристайл, могул, шаңғы акробатикасы секілді спорт түрлерін қабылдай алады.

«Ақбұлақ» кластерінде биатлон мен шаңғы жарыстары өткізілетін стадион 2010 жылдың өзінде-ақ салынып қойған. Стадионның теңіз деңгейінен 1440 метр биіктікте (яғни, Олимпиада қалашығынан 720 метр жоғарыда) орналасқанын ескерген ұйымдастырушылар «Ақбұлақтың» өзінде 1060 адам сыятын қосымша Олимпиада ауылын салуды ойластырып отыр. Келешекте ол «Ақбұлақта» қазірдің өзінде бар тау шаңғысы туризмін дамыту жөніндегі ұзақ мерзімді жоспардың құрамдас бөлігіне айналады.

Қажетті жұмыстардың біраз бөлігінің қазірдің өзінде атқарылып қоюы Алматының Олимпиада өткізу құқығын жеңіп алу мүмкіндігіне үмітпен қарауға жетелейді. Алайда Бейжіңде де дайындықтың күшті екенін ескерсек, ол үмітті кеудеден күмән ығыстырып шығара бастайды.

* * *

ХОК Алматыны аралағаннан кейін бізбен бәсекелес екінші үміткердің әзірлігін тексеруге – Бейжіңге аттанады. Екі қаланың өкілдері маусым айында Лозаннада ХОК мүшелері алдында шешуші баяндама жасайды. Ал 31 шілдеде ХОК атқару комитеті Куала-Лумпурдағы (Малайзия) сессиясында жеңімпазды анықтайтын болады.

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1039
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 918
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 685
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 771