Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Қоғам 5207 0 пікір 17 Ақпан, 2015 сағат 11:20

КЕЛІМСЕКТЕР КЕРУЕНІ ҚАЗАҚСТАНҒА БҰРЫЛДЫ

Гастарбайтерлер туралы аз айтылып-жазылып жатқан жоқ. Айтылып-жазылып жатқандардан ақырындап болса да шығып жатқан нәтиже бар ма? Ол да жоқ. Енді бір оншақты күннен кейін «күлімсіреп» көктем келеді. Көктеммен бірге қазақ еліне қаптаған құрылысшылар да, басқалар да келіп жетеді – шет елдерден асай-мүсейін арқалап. Әсіресе өзбек, тәжік елдерінен. Бұл енді жылдағы көрініс қой, жаңалық емес деп қоя салуға да болар еді, алайда биылғы гастарбайтерлердің саны жылдағыдан әлденеше есеге асып түспек. Асып түседі де, қазіргі қарқындарына қарағанда. Біреу білер, біреу білмес – біздің елімізде еңбек мигранттарының құқын қорғау жөніндегі аймақаралық Одақ деген бір ұйым бар. Осы ұйымның экс-жетекшісі Павел КОВАЛЕНКО деген азамат жақында: «Оңтүстіктегі бірқатар елдердің еңбек мигранттары жылдағы бағыттарын өзгертіп, Ресейдің орнына Қазақстанға қарай ағылып келіп жатыр, - деген мәлімдеме жасады, - өйткені біздегі жай ғана сатушының айлық еңбекақысы бір мың екі жүз АҚШ долларын құрайды...»

Ойпырмай, ә! Мұндай деректі Коваленконың қайдан алғанын біз білмейміз, әрине, ал бірақ елімізге келіп жатқан еңбек мигранттары сатушылық жұмыстарға орналасып алып, ай сайын осыншама еңбекақы тауып жатса, тапқандарын заңды-заңсыз жолдармен өз елдеріне қарай асырып жатса, оу, онда ауыл мен қала арасында жұмыс іздеп, ерсілі-қарсылы сеңдей соғылысқан қарапайым қазақ азаматтарына неге сатушылық жұмыс ЖОҚ? Еңбек мигранттары елімізге келмесін демейміз, әрине, алайда оларға қойылатын қандай да бір ЗАҢДЫ ТАЛАП қажет. Осы жерде, әлбетте, «гастарбайтер-мигранттар неге Ресейден ат тонын ала қашып жатыр?» заңды сұрақ туады. Мұның жауабын да бәріміз жақсы білеміз - биылғы қаңтардың бірінен бастап солтүстік көршіміздегі еңбек патенті екі жарым есеге қымбаттады. Бұл қалай сонда десеңіз, былай екен: Ресей еліне ақша табуға келген мигрант патент алуға тиіс. Заң бойынша. Ал патент алу үшін «денсаулығының дұрыстығы» туралы медициналық анықтама қағазын және алуға тиіс. Содан кейін осы елдің мемлекеттік тілі – орыс тілінен, орыс тарихынан және құқық негізінен емтихандар тапсыруға міндетті. Осындай да осындай талаптарға «ойдағыдай» жауап берген мигрант қана патент ала алады. Обалы не керек, еліміздің вице-премьері Бердібек САПАРБАЕВ жақында ғана жасаған мәлімдемелерінің бірінде Ресей ғана емес, жалпы алыс-жақын шет елдерден ағылып келіп жатқан еңбек мигранттарына қатаң қадағалау жасау керектігін айтқан болатын. Алайда оларды қалай қадағалау керек, тіпті оларды қадағалайтын заң тетіктері қандай болуға тиісті – бұл мәселенің басы ашық қалды. Айтылды – айтылған жерінде қалды. Мұның соңы, әлбетте, гастарбайтер-мигранттардың «оң жамбасына оңтайлы» келетін еліміздің миграциялық заңнамалары өзгеріссіз өз күшінде қала береді деген сөз. «Заңның да озығы бар, тозығы бар» дейді халық нақылы, осы тұрғыдан алып қарағанда, еңбек мигранттарына қатысты жоғарыда келтірілген ресейлік талаптарды НЕГЕ біздің елімізде де қолданысқа енгізбеске? Заңдық тұрғыда. Әлде біздің үкіметіміз «мигранттардан мемлекеттік тілді білуді талап етсек, ресми тіл саналатын орыс тілі қазақ тілінің көлеңкесінде қалып кетеді» деп қауіптене ме? Мүмкін, орысша ойлап-сөйлейтін біздің үкіметімізге орысшаға шорқақ ауыл қазақтарынан гөрі... орысша ойлап-сөйлейтін мигранттардың көбірек болғаны қолайлы шығар? Ойланатын нәрсе. Сондықтан да еңбек миграциясына қатысты тиімді талаптар жүйесін табу керек. Ресейдегі ПАТЕНТ сияқты.

Марат МАДАЛИМОВ.

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1800
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1800
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1513
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1406