Жұма, 26 Сәуір 2024
Мәйекті 8795 0 пікір 1 Наурыз, 2015 сағат 14:05

ФЕТИСОВТІҢ ТҮБІНЕ ЖЕТКЕН КІМ?

 

 

«Бабамұра – М» баспасынан Қамбар Оразовтың «Төрткүл – есік, Қарой – бесік» атты кітабы жарық көрген еді. Кітаптың басты кейіпкері болған Шеке батыр – Бәйімбет Бек сауытты Ер Жанақ батырдың тұқымы. Туылғанда азан шақырып қойған аты Жандауыл болғанмен, өсе келе өзінің ел шетінде жалғыз жортатын жүрісіне қарай «Жеке батыр», кейін «Шеке батыр» атанып кеткен жайы бар. Ал, оның құжат бойынша Түрікменбай атану тарихы өз алдына бір әңгіме...

Жақында Abai. kz порталында жарық көрген «Фетисов піріміз бе еді?» атты мақалаға өзек болған чекисті өлтірген Шеке батыр болатын. Түбектегі коммунистердің қанды қасапшыларын ғана емес, Совет үкіметінің орнауына қарсы шыққан батыр бабаларымыздың ерлігін де еске алып қойған дүрыс деген оймен кітаптағы бір оқиғаны оқырман назарына үсынып отырмын. Өскелең ұрпақ өткен бабаларымыз туралы анық ақиқатты білуі тиіс. Сонымен, Фетисовтың қалай оққа ұшқаны жайлы деректерді сөйлету арқылы, Шеке батырдың күрескерлік қырын аша түсеміз.

Мұрат ЖЕТЕКБАЙ,

Қамбар Оразовтың «Төрткүл – есік, Қарой – бесік» атты кітабын құрастырушы.


ҚАРАЖАРДАҒЫ АТЫС. ФЕТИСОВТЫҢ ӨЛІМІ.

Сол күні таң ата жүріп кеттім. Форттан әскердің келе жатқанын Қаңғабайға хабарлауым керек. Тоқтамай жедел жүріп отырып ұлы Сұмсаға жеттім. Төбеде тұрып дүрбі салсам, Жалмағамбеттің атты әскерінің өзі көріне қоймаса да, ойдан күншығысқа қарай жүрген аттарының іздері сайрап жатыр екен. Аққұдық, Түйесіңірліні бетке алып жүрген. Сақсорқа – жақаулардың құдығы, біздің отырған жерден 25-30 шақырым. Ал, Құрекемнің үңгірі сол арадан 40 шақырымнан сәл көбірек болар, елуге жетіңкіремейді. Әскер не де болса Құрекемнің үңгіріне бет алған сияқты, үңгірден құбыла батысқа жүрсе бұлағына барады. «Бесоқтымен кетіп не қылсын, өлетін Құрмаш өлді, енді көшін ұстаса, әскер бала-шағасын аямай қырады-ау» деген күдікті ой келді маған. Қасында аулының жігіттері бар Құрекемнің көші үңгірден тіке кетсе, арғы бетке, Түрікменстанға өтіп кетер деген оймен солтүстікке қарай жалғыз аяқ ат жолмен қиялап салдым. Шопан атаға беттеп, Сайын, Қызылсу, Қамыстымен, Сахардың етегімен жағалап жүрдім. Ажырықтыойға барсам, «Шегемқазғаннан» Қаңғабай, Стамғазы, тағы да басқалары келген екен.

Бұл жерлер Оразмағамбеттің малдарының су ішетін жерлері. Сол жерлерге жаңбыр, қар жауғанда суы малға мол жетсін деп, он шақты құдық та қазып қойған. Ол жердегі ауылдар әлдеқашан көшіп кеткен. Қалың жыңғыл өскен, бытбылдық терең жыралары бар. Әскер келсе атысуға ыңғайлы да жер. Сол арадан шығыс бетке жүргеніңде, солтүстігіңде таудың етегінде қардың, жаңбырдың суы жиналатын күп бар. Ол күп кез келген адамға көрінбейді, сол үшін «Шайтанкүп» деп айтамыз. Сахардың басында, Қаңғабайдың қасында бас-аяғы 50 мерген болдық. Басшымыз Стамғазы болғанмен, шындығында қолды атысқа тәжірибесі мол Қаңғабай басқарды.

1929 жылдың июнь айының іші ғой, күн ыссы, заузаның ортасы. Стамғазы Төлеш, Бөкен, Шамиян, Жолдас – барлығы да бар. Әскер екінші келгенде Қадырберді, Қаражардың беткейіндегі Аманбайдың аулынан басқа мұнда малымен отырған ел қалған жоқ еді. Осы беттегі елдің 1911-12 жылдардағы жұттан да кеткендері бар, 1928 жылдың басында жаңа өкіметтен үркіп көшкендері де болды. Көшпей қалған байлардың әйелдері мен балаларын, жейтін тамағын, малын жауға өз еріктерімен бермеу үшін атысудан басқа жолы жоқ.

Азығымыз бар, екі күн өтіп, үшінші күн дегенде, Жалмағамбеттің отряды келді. Құм бауырдан дүрбі салып, қарауыл қараған адамымыз батыс жақтан атты әскерлердің келе жатқанын хабарлады. Басшымыз Қаңғабай: «Сахардағы ат жолдан әскерді күтіп аламыз, сол жаққа барайық», – деді. Барып аттарымызды көзге түспейтін тереңдеу ойға апарып байладық. Әскер ат жолмен келетін болса біреуін қалдырмай қырып тастауға болатын еді.

Күн жанып тұр. Тал түс. Әскер біз ойлағандай қос моланың үстімен жүретін ат жолмен емес, солтүстік беттен, алыстау жерден өтіп бара жатты. Бастарын күннен қорғаштап, киімдерін шешіп бастарына орап алған. Өткендегі сақалдыны көре алмадық. Қаңғабайдың бұйрығымен алдыңғы қатардағы келе жатқанды аттық, күншығыс бетімізге әскерлер өтіп кетсе онда бірімізді қалдырмай қырып тастайды. Сол жерде қараңғы түскенше атыс болды, үш-төртеуін атып өлтірдік. Өздері бас-аяғы отыздан көбірек әскер, бірақ, пулеметтері бар екен, Сахардың тауында қараңғы түскенше атыс болды. Біздер жақтан 12 адам өлді. Сахардың етегіне апарып қозы пісетіндей уақыттың ішінде жігіттерімізді жерлеп кеттік. Жыңғылы қалың өскен жердің солтүстік бетінде, 200 қадамдай жердегі шеге жасқалы құмға қойдық. Жанақ Жайлаубай, Жаманғара, Нысан да сонда қойылды. Уақытымыз аз болғасын белгі қоя алмадық. Аттарымызды түн ортасы ауа «Көрпеқазғаннан» бір суарып алып, Қаңғабайдың ауылы «Шегемқазғанның» құдығына кеттік. Ауылын Қаражарға көшіріп, баласы көшті алып кетіпті. Иә, енді әңгімені «Шегемқазғанға» бұрайық. Құдық басына барған соң, аттарымызды суға қандырып алып, Қаңғабай бастап аман қалған адамдарымызбен Қаражарды бетке алып жүріп кеттік.

Атпен жүрсең тіке шығатын жол бар. Жолда бара жатқанда Қаңғабайдың айтқан сөзі бар-ды. «Елдің екі бөлінгені-ай, қызыл коммунистерге жаным ашып келеді», – деді. «Неге?» деп сұрады қасындағылар таңырқап. «Үкімет деп жүргенің өзі біріміздің тумамыз, тағы біреулері құдамыз. Арыдан ойласақ бір елдің баласымыз, мына орыстың, өзін өзі аямаған халықтың ішінде істің төркініне түсінетін азаматтар да қалмады. Тобекеңді құртты, ертеңгі күні елін кәнпескелеп, туысын ұстатқан коммунистердің өздерін «халық жауысың» деп атқанын да аман жүрсеңдер көрерсіңдер. Орыс, не түрікмен болсын, өзің күшті болмаған жерде елді кім аясын. Бірақ, олардың амалы бар ма, үкіметке берілмеуге», – деді. Кебіртөбемен Қаражарға жақындағанымызда Фетисовтің қуғыншы қызыл әскері де жетіп қалған екен. Қарағаны қалың, шегеқұмды жер. Кебіртөбенің шығыс бетіне аттарымыздан түсе қалдық. Шағыр, шегем, балықшы аулының азаматтары толық қаруланып тұр. Қаңғабай Қаражардың басына жиналамыз деп Аққұдықта уәде байласқан жігіттерді сұрады. Балықшы Ізмағамбеттің айтуынша, олар келуін келіп, араларынан азғырушы шығып, кейін қайтып кетіпті.

Уәде бойынша бүгін атты сарбаздарымыздың келетін күні. «Ұрыста тұрыс жоқ», атыс басталып кетті. Қаңғабайдың соғысқа әдісі жетеді, жас күнінде құралайды көзінен атқан атақты мерген, аңшы болғанын білеміз. Бойы аласа, кішкентай келген адам еді. Жаумен атысқанда үшке бөлініп соғысатын едік, бұл жолы екіге бөлді. Бір топқа «әскердің құбыла бетінен, жаудың артынан жақындап барыңдар, екінші топ менімен қалсын», – деді. Кебір төбенің күншығыс бетінен, әскердің алдынан жатып атыстық. Әскер аз болғандықтан екіге бөлді. Адамдарымыз жеткілікті болса үштен кем болмайтын. Жаумен бөлініп атыссаң, артынан жау келіп қалатындай алаңдап, атқанын дұрыс тигізе алмайды, екінші жағынан көп екен деп те ойлап қалады. Екінші топ күнбатыс бетке, әскердің сыртын айналып кетті. Бұл Қаңғабайдың осындай соғыста таптырмайтын әдіс-айласы болатын. Мен Қаңғабайдың оң жағында жаттым, иманды болсын, қасымда Төлештің Нұржігіті бар.

Қаңғабайдың мылтығын оқтап беретіндер, бөкен жеменей «Қарақосым» – Қосымбай мен шегем Жаңғақбай мергеннің сол жағында жатты. Соғысты әбден кәсіп еткен бір жары жігіт бар еді, аулынан сол келді. Ол түрікменмен болсын, қызылдармен болсын, тіпті бір соғыстан қалмаған қандыкөйлек қасқаның өзі еді. 1929 жылғы атыс-шабыстардан сол аман қалған болатын. Содан кейінгі тағдыры не болғанын білмеймін, өлі ме тірі ме, хабарым жоқ. Маңғыстауда ма, Түрікменстанға өтіп кетті ме, ол жағы да белгісіз. Олардың пәлен дейтіні жоқ, шетінен батыр еді-ау. Батыр демей не деймін, Қаражарда көп сарбаздарымыз қорқып біздерді тастап кеткенде де солар қалды емес пе қатарда! Жаудың пулеметтері де тигіш, қарулары да жететін сияқты. Жалмағамбеттің әскері де келуі мүмкін, ішінде Шаңытбай да бар. Форттан тағы да әскер шығарған болса қайдан білеміз, соғыстың аты соғыс, ағайын екен деп қарап тұрмаймыз. Фетисовтің әскері аз болғанымен осал жау емес. Пулемет деген бәлесі бар, судай себелегенде тіпті бас көтертпейді.

Қаражарды бетке алғанда солтүстік беттегі елдің жігіттері бізге көмекке келеді деген үмітімізді үзбедік. Бесінге жақындағанда Қаражардың тауының басынан атты сарбаздар көрінді. Уәдеде тұрған екен деп қуанып қалдық. Бірақ көрінген атты әскеріміз келмей кетті. Кейін естіп білгеніміздей, ішінде азғырушы болыпты, біздің ауылдың шабылғанын аулының ақсақалдары жігіттерінің бетіне басқан сияқты. Ең жаманы да сол екен, бірақ, не істейсің. Азғырушылар екі ағайынды жігіт екен, Форттағы қызыл әскердің ішіндегі рулас жақындары екеуіңді арашалап қалармын, адамдарды азғыр, байлардың қайда екендерін айтсаңдар болады деген болуы керек. 1929 жылы әскер қыстың аяғында Тіней Шам, Талпақ, Шаңдылардың ауылдарының қайда қыстап отырғандарын сол екеуінен біліпті. Қаражардың басынан құлайтын әскерлерімізді азғырған да солар екен. Соларды тіней ме, ескелділердің жігіттері ме, сатқынсыңдар деп өлтіріп, 1931 жылы ма, үкіметтен қашып Иранға өтіп кетіпті деп естідік кейін. Ауылдарын әскерге шаптырғасын кім болса да аясын ба?!.

Атысқанда екі мылтықпен жүріп атысатын едім, бір мылтығымды құндағының түбінен аяғыммен іліп аламын, екінші мылтық қолымда, қапталыммен жылжитынмын. Бауырыңмен жорғаласаң басыңнан атып түсіреді, мергендер әскердің ішінде де көп, сол үшін жауға қапталыммен ысырылып, бір көзіммен сығалап, тепсініп жақындайтынмын. Әскер пулеметтерін кебір төбенің басына құрып алған. Күн ыссы. Атыс тоқтайтын емес. Қаражардың басынан көрінген сарбаздардан қорқайын деді ме, жаудың көздемей атқылауы көбейе түсті. Қаңғабай «оқ жететін жер болмаса құр далаға ата бермеңдер» дейтін. Жаудың құбыла бетінен барған адамдардың мылтықтарының дауыстары жиі естіліп тұрды. Әскер екі ортада қалды. Сол арада кебір төбенің арғы баурайынан үш адам төбенің басына шыға келді. Жалмағамбеттің әскері Қадырберді Қаражарға келем деген уақытында келмегесін уайымдады ма, байғұсты ажал айдады ма, білмеймін. Қаңғабай екеуміз оқ жететін жерге жақындадық. Екі солдаттың ортасындағы адам біз жаққа, сосын Қарамая, Кендірлі, Аққұдық бетке дүрбісін салып тұрды.

Қаңғабай да дүрбімен қарап алып: «Жанақ бала, екі солдаттың ортасындағыға дүрбіңді салшы. Өз көзіме өзім сеніңкіремей тұрмын, біреуміздікі болмаса, біреуміздің атқанымыз тиер. Ананы көрдің ба? Жақындай алсақ жақындайық, ана дүрбі салғанды көзде, бала!», – деді. Фетисов сол болуы керек. Қаңғабайдікі онатар, менде 11 атар бар. Сәл болса да жырамен жақындадық, оқ жететін жерге келдік-ау дегенде Қаңғабай «басынан көзде» деп ымдады, сонда дыбысы шықпайды дегені ғой, түсіне қойдым. Қаңғабай екеуміз бірге аттық. Екі солдаттың ортасындағы қолында дүрбісі бары шалқалап артына қарай ұшып түсті. Қасындағы екі солдат жалма-жан оны төмпешіктің арғы бетіне сүйреп алып кетті. Оқтары көп-ау деймін, пулеметтер сатырлап қоя берді. Содан намаздыгер мен ақшам намазының ортасына жақындағанда «Қадырбердінің құбыла бетінен екі салт атты келе жатыр» деп бір жігіт хабар әкелді. Кебір төбенің Қадырберді бетінен барып жаудың сыртынан атысып жатқан Қаңғабайдың жіберген адамдары еді ғой. «Құрмаштың үңгіріне кеткен екінші әскер көмекке келе жатпасын! Шегінсін барлығы!» – деп Қаңғабай аттарға жақындауға бұйырды.

Жалмағамбеттің әскері келсе жеңілуіміз де мүмкін еді. Қаражар тауының басынан келген көп әскеріміз тастап кетіп қалғасын төтеп берердей күшіміз жоқ еді. Қашып атысудан басқа амалымыз қалмады. Тағы да Форттан әскер келе жатыр ма деген оймен: «Екі салт аттыға дүрбі салшы, Жеке батыр! Жалмағамбеттің әскері емес пе?» – деді Қаңғабай маған. Аққұдықтан келе жатқан сияқты, екі салт аттыдан басқа атты әскер көрінбеді. Дүрбімді салдым. Астындағы қызыл күрең атынан Алшынды да тани кеттім. Алдында Қарақиядан дүрбі салғанда көргенмін. Алшын бір жағынан төте жолды біледі. Екінші жағынан үкіметтің сеніміне кірген коммунист болған соң, оған қалай болды солай жеткізеді деп сенетін шығар. Жалмағамбет осы күнге дейін сеніп келген Шаңытбайдың ағайындары өкіметке қарсы шығып, дегенге көнбегесін оны Қаражарға әдейі де жіберуі мүмкін. Басқа адамды жіберсе, атып тастайтынымызды Жалмағамбет біледі. Ол да өкіметтің сеніміне кірген адам, оның үстіне орыс бүкіл әскерін сеніп тапсырып отыр. Шаңытбайда басқа жол жоқ, жаманын жасырып, жақсысын асырып қалатын жері. Кімнің кім екені осындайда белгілі болады ғой. Қасында шоңай Алшын бар, Шаңытбайды астындағы қара арғымағынан таныдым. Екеуі тіке кебір төбенің басындағы Фетисовтің әскерлеріне беттеді.

Ақшамға жақын басшылары келгесін солдаттар атқылауын тоқтатты. Көп кідірген жоқ, мылтығының басына іліп алған киімін бұлғап шоңай Алшын бір кезде былайырақ шығып айқайлады: «Кетіңдер! Ертең автомобиль келеді, айырплан келіп сендерді бомбылайды! Қырып тастайды!» – деді. Бұл қорқытқаны ма, қашып құтылып кетсін дегені ме, болмаса басқадай жайы бар ма, ол жағын біле алмадым. Форттан көп әскер келе жатқанын айтты. Сол сөзді айқайлап жеткізді де Фетисовтің аман қалған азғантай әскерін ертіп Шаңытбай екеуі «Шегемқазғанды» бетке алып жүріп кетті. Енді бұл маңда басқа дайын әскері болмағасын шамалы уақытта келмейді деп ойладық біздер...

 Abai. kz

0 пікір