Жұма, 26 Сәуір 2024
Қоғам 11230 3 пікір 2 Наурыз, 2015 сағат 10:49

ПЕРІ

Бірінші курсқа оқуға түскен бозбала мен бойжеткеннің танысқаннан кейінгі бір-біріне қоятын сұрағы: «Қай жақтансың?» ғой. Өзіміздің курстағылармен бұл мәселені «реттеп болып», журфакпен араласа бастағанда, әлгі сұрақ тағы да алдан шықты. «Қарақалпақстанның Қоңырат ауданынанмын...» — дегенімде, Әмірханның қасында отырған жұқалтаң, қара жігіт елең ете қалды: «Өй, мен де сонда тудым ғой». Бұл — мен үшін жаңалық еді.  Сағындықтың Қоңырат қаласына ұзатылған менің апамның көршісі Рзахмет қарттың немересі екенін естігенімде тіпті талып қала жаздадым. Атасын білуші едім. Бірақ Сағындық туралы естімегем. Қазымырланыңқырап кетсем керек, бірақ ол әрі қарай баспай қойды: «Өй, ол бір ұзақ әңгіме. Кейін айтармын...».

Сөздің реті келгенде айта кетейік, өткен ғасырдың басындағы нәубеттерде Ақтөбе, Орал, Маңғыстау, Қызылорда өңірлерінен ауған қазақтың біразы қырдағы жұрт Бесқала деп атайтын ойдағы елді паналаған. Кейбірі әрі қарай, түрікпен асқан. Ауғанстан, Иранға шығандап кеткендер де бар. Қарақалпақ жері қазаққа әуелден бөтен емес-ті. Мысалы, біз айтып отырған Қоңыратта бір кезде Хиуа ханының өкімімен Кіші жүз, Шекті руының Қабағынан тарайтын Әзберген билік құрған. Арғы тарихқа үңілсек, Қоңыратта жергілікті жұрт «Хакім ата» деп атайтын, сопылық әдебиеттің ірі өкілі Сүлеймен Бақырғанидың қорымы жатыр. Бесқала — қазаққа аты мәшһүр Төлеген Айбергенов, Смағұл Елубай, Есенғали Раушанов, Сабыр Адай секілді дарындардың кіндік қандары тамған қасиетті мекен. Оның үстіне, 1936 жылға дейін Қарақалпақ автономиялы облысы Қазақстанға қарап, Қызылорда облысының құрамында болған...

Жә, бұл — басқа әңгіменің сорабы. Сағындыққа оралайық. Кейін кездесіп, оңаша әңгімелескенде біраз жайтқа қанықтым. Сағындықтың атасы Рзахметтің түбі Орал жағынан екен. Ақсақал үлкен ұлы Оралбайға Қытайбек деген Бесқала өңіріне белгілі ақсақалдың қызын алып береді. Қоңыраттың маңындағы «Адай ауыл» деп аталатын ауылға келін боп түскенде Сәмсия тіпті жас болыпты. Өте ажарлы адам болса керек. Салт-дәстүрге берік жас келінді бәрі ұнатады. Тек жас отбасының балалары тұрмайды. Бірінен соң бірі шетіней берсе керек.

Үстірттің Қоңыратқа құлайтын еңісінде Дәуіт атаның қорымы бар. Дәуіт — Асау-Барақ жырындағы Асаудың баласы. Батыр болған кісі. Жергілікті жұрт ұлтқа бөлінбей, түгелдей атаның басына зиярат етеді. Баласы тұрмаған Сәмсия да бір күні атаның басына барып, мұң-зарын шағып, жылап жатса керек. Сол кезде қорым жанына аялдаған сығандар таборының ішінен бір әйел оған жақындап келіп, карта ашып, тура бір жылдан соң ұлды болатындығын, сол ұлдың тұратындығын айтады. 

Әлқисса, 1968 жылдың 18 қарашасы күні енесі екеуі Қоңыраттың ортасындағы перзентханаға жаяу бара жатқан Сәмсияның аяқ астынан толғағы ұстап, тура көшеде, жол жиегінде, қар үстінде босанады. Талықсып бара жатқан жас ана: «Әй, бұл бала да тұрмайтын болды ғой...» — деп күбір ете қалыпты. Шыр ете қалған шарананың кіндігін кесіп, дереу тонға орап алған әжесі сол күйі перзентханаға тартады. Су ішерлігі бар шығар, дәрігерлер дереу ем-домдарын жасапты. Сәбидің денсаулығында ешқандай ақау жоқ дейді . Әбден сағынып көрген ұлға атасы азан шақырып, Сағындық деп ат қояды.

Сағындықтан кейін дүниеге келген Азаматты үлкендер ырымдап, Оралбайдың баласы тұрмай жүрген інісі Орынбайға беруді ұйғарады. Азаматтан кейін шешесі тағы бір қыз туады.

Бірнеше жылдан соң Қоңыратта асыр салып ойнап, мектепте үздік оқып жүрген Сағындықтың төбесіне бұлт үйірілді. Әжесі өлгеннен кейін үйде ұрыс-керіс көбейді. Көп ұзамай әке мен шеше ажырасты. Қанша дегенмен, ол кезде қазақылық бар, қайнысына берген баласын сұрауға батпаған шешесі Сағындық пен қызын алып, әуелі Нөкіске көшті. Сағындық азғантай уақыт сонда оқыды. Ол жақта жағдайлары болмай бара жатқасын, шешесі Бейнеу жақта тұратын ағасын сағалап, сонда көшіп келді.

14 жастағы Сағындық үшін қиын күндер енді басталды. Әуелі бұны күнде мазақтайтын Бейнеудің бұзықтарымен «мүйіз шайқастырып» алды. Сосын жақсы оқуға тырысты. Өйткені, бәрі бұны сыртқа тебетін. «Қалпақ...» дейтін. Сондайда бәрін тастап, Қоңыратқа қашып кеткісі келетін. Бірақ шешесін қайда тастамақ?

Көп ұзамай шешесі басқа адаммен тұрмыс құратынын айтқанда тіпті өмірден безініп кетті. Бұлардан хабар алмайтын әкесін де, күйеуге шықпақ шешесін де жек көрді. «Кете берсін, жалғыз өзім тұрамын...» деп шешті. Бірақ өгей әке Елубай — бауырмал, жақсы кісі болып шықты. Сағындықпен үлкен кісіше сөйлесті. Бірте-бірте бауырына тарта берді. Ақыры сол үйден бір-ақ шықты.

Осындай ауыр күндерде Сағындықтың бойын жылытатын бір сезім бар-тын. Ол — кластағы аққұба қызға деген ғашықтық. Алғаш көрген сәтте-ақ: «Апыр-ай, мұндай да аппақ адам болады екен-ау...» — деп ойлаған. Көкпеңбек көзі де әдемі еді. Староста ретінде күнде дігірлейтін сұлу қыз мұны тіпті көзге де ілмейтін. Бірақ бұл ғашық еді. Енді ешкімге айтпай, өлең жаза бастады. Аудандық газетті жағалады.

Мектеп бітіргесін бірден Алматыға тартты. ҚазМУ-дың журфагына құжат тапсырды. Тоңқалаң асып, Бейнеуіне қайтып келгенде «Ленин жолы» аудандық газетінің редакторы, белгілі ақын Айтуар Өтегенов бұның жастығына қарамай, жұмысқа алды. Ол кезде аудандық газет дегеніңіз — қып-қызыл майдан алаңы. Күн сайын шығады. Уәйіс Қайралапов, Қаржаубай Жылқыбаев, Әбдібек Жаманбаев секілді майталман журналистердің тәрбиесін көрді. Ол кезде тілшілер қауымы жұмыс арасында «қасқырдың сорпасынан» ұрттап отыратын. Дүкенге жиі жұмсалатын Сағындық «шаруаға» оң қолдай еді. Сөйтіп жүріп жазудың қыр-сырын үйренді. Әуелі шағын ақпарат, суреттеме жазды. Төселе келе очеркке мойын бұрды. «Дала перзенті» атты очеркі аудандық партия комитеті ұйымдастырған байқауда топ жарды. Газет көрші Маңғыстау ауданындағы аудандық газеттің баспаханасынан шығатын. Баспаханаға, көбіне, әрине, салт басты, сабау қамшылы Сағындық жұмсалады. Басылған газет пойызбен келеді. Оған да көбіне Сағындық шығады. Ұйықтап қалып, талай рет газеттің Опорный, Құлсарыдан қайтарылған кезі де болды.

Бір күні Сағындық фельетон жазбақ болды. Аудандық газетте бұл жанр жоқтың қасы еді. «Тәәк, не жазу керек?» Есіне «сақалды құрылысқа» айналған монша түсті. Неге жазбасқа? «Моншаның қасындағы диалог» атты фельетонын редактор жариялады да жіберді. Монша құрылысына жан бітті. Көп ұзамай аудандық газетке аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Дүйсенбі Әріповтен «Сіз сынаған монша салынып бітті» деген ресми хат келді. Бұл кезде Сағындық әскер қатарында жүр еді.

Әскерде де жаман болған жоқ. Ішкі әскер бөліміне түсті. Бұрын картадан ғана көретін Коми АССР-ының астанасы Сыктывкар қаласында әскери киім киіп, сықырлап жүрді. Түрмеге түскендерді күзету — оңай шаруа емес. Талай ауыр қылмыскерді де, жазықсыз түскен адамды да көрді. Кейбірімен тіпті дос болды.

Айналайын сәбет өкіметі де, біздің Қазақстан сияқты, халықтар достығына қатты көңіл бөлді ғой. Бұның аудандық газетте істеген журналист екенін білген саяси жетекші бірден бұған әскери өмір туралы жазып тұруға қолқа салды. Бұл, әрине, басын ала қашты. Өйткені, орысша білмейді ғой. Бірақ бұның да амалын табуға болады екен. Сағындықтың қазақша жазып, жартысын орыстың боқтық сөздерін араластыра отырып, жартысын ыммен жеткізген сөздері аударылып, газеттерге жіберіле бастады. Сөйтіп, әскери газеттердің беттерінен «Рзахметов»  деген фамилия жиі көріне бастады. Оларды қиып алып, үйдегілерге жібергенде, ауылдағылар Сағындықтың тез арада орыс тілін үйреніп қана қоймай, енді сол тілде мақала жазып жүргеніне қатты таңғалып, аңыз ғып айтып жүрді.

Бәрі де жақсы еді. Ауылға қайтар мерзім де жақындап келе жатқан. Әлгі «дед» атанып, өзіңе тиесілі сары майды «молодойларға» беретін рақат кез. Есесіне, олар саған «гражданканың» жақын қалғаны туралы «ән» айтады...

Дәл сол тұста бұл бір пәлеге ұрынды. Кейін анықталғанындай, түрмеде жатқан бір топ қылмыскер тым белсенді болып кеткен бір офицердің көзін жоймақ болып келіскен. Алдын ала жоспар жасалады. Әлгінің кезекшілігінде асханада өрт шығуы керек. Сол кезде ана белсендіңіз әдеттегідей жұрттан бұрын асханаға жүгіріп кіруі тиіс. Көк түтіннің арасында бар шаруа тындырылуы керек...

...Асханада кенеттен өрт басталғанда, бірінші болып әлгі белсенді емес, тұзы жеңіл Рзахметов кіреді. Жүрек тұсын көздеп сұғылған пышақ бұның төс қалтасындағы өлең жазып жүрген блокнотының сыртына «зектер» жасап берген темір қаптамаға тиіп, сырғып кетіпті. Бірақ екінші пышақ өкпені тіліп кеткен. Госпитальда ота жасалды. Әскерден келгеннен кейін де жарақаты мазалап, Атыраудағы ауруханада жатып, ұзақ емделді. Аудандық газетте орын бола қоймай, бір уақ электр монтері болып істегені де бар. «Монтер» деген аты ғана...

Біз кездескенге дейін жігітіміздің басынан осындай кептер өтіпті. Енді студенттік ғұмырдың есігін бірге аштық. Кешке жиылып, өлең оқимыз. «Қара нармын ба десем, қайың қабығындай екенмін, Қара жел соқса, қалбаң да-қалбаң етер кім...» — деп оң қолын әнтек жоғары созатын Сағындықтың өлең оқуы тіпті бөлек:

Ей, пенделер, таладыңдар араша,

Тағдырымнан сұрамаймын араша.

Арманымның шашы ағарып шал болған,

Үмітімді жетелеймін балаша.

 

...Сен білмейтін, құпиям бар тасада,

Мәрмәр емен, шыдамымды қашама.

Буаз Аспан Ұл туады бір күні,

Қолың сынғыр, қолдан адам жасама!

Бізге осы соңғы екі жол қатты әсер етті. Шынымен де тосын ғой. Ал мынау — «Түс» дейтін өлеңі:

ТҮС

Өмірдің сырын кім білген, маңдайымда жалғыз тамшы үміт,

Құрсақтан шықпай күлген ем, сенімімді сабау қамшы ғып.

Үдере көшті де Үркер жұлдыздар көкжиек қанға малшынып,

Шолпан туды ғой, талықсып кеттім жанарым көкке шаншылып.

Талықсып кеттім, талғажау таппай, Тәңірге сонда «Ей!» дедім

Ұятсыз беттің қызылын таппай, АРМАНЫМДЫ айтып сөйледім:

 — Жұлдыз жанарлы ұлың ем, —  дедім, қиялдан қызыл көйлегім

Сырымды тыңдар шөңге табылмай, шөліңде мен де шөлдедім!

Пейілім дала, періште емеспін, пейіліңнен төр дәметкен

Пендеңмін дедім, жаралған сорлы тіршілік тәні өлі еттен.

Мен деймісің жалғыз, жүр ғой әне, көңілі кірлер көл кешіп

Құлқыны менен құзырының жарасып әні, кеңірдегінің кеңдігін айтып күнелткен

Айтпағым көп-ті, айта да алмадым отыз тісімнің қорлығы-ай,

Еріндер епті, сайқалдана өпті, отыз жігіттің борлығы-ай!

Өңешім барлығын біліп алды да өксігім қалды кептеліп,

Алпыс екі тамырым аттандай шапты, кәріңнен сақта зор Құдай!

Жетімек жырым кілт үзілді, кіндігін жерден кесе алмай,

Кінәмшіл кеудем қисая кетті қыртыс желкем берісе алмай.

Кілті бұраулы күйім қалды, Ұлы симфониядан үзінді

Ай нұрлы Ойым — қызыл сөздердің тұтқыны, Қамал-қарынды тесе алмай.

О, менің қиял көз ғасырым! Құлағы біткен табанға,

Бір күн мен де тасырмын, Азуымды білеп қабанға

Тәңірімен тілдесіп, құба белде белдесіп,

Құла түзде көр қазармыз, мына Біз

Мойынға мінген масылдың майын шыжғырып қазанға.

...Оянып кетсем өксіп жатырмын, өлілер сырын кім білген?

Өле қалса да сорлы пақырдың сүйікті асын кім берген?!

Ұйқасқа, буын санына мән бере бермейтін Сағындықтың өлеңі бөлек еді...

Ал сол кездегі ЖенПИ-дің студенті Ұлжалғас Әлібаеваның оның  сөзіне жазылған «Сағындым сені» дейтін әні студенттердің арасында, қазіргі тілмен айтқанда, «хитқа» айналды. Жатақханалардан жастар шырқаған:

Сағындым сені, ауылың алыс,

Қиялда құшар ғажап елес ең.

Мен үшін туған анаңа алғыс,

Сәби ойыма күле көрме сен, — деген ән үнемі естіліп жататын. Өз ортамызда шырқалғанда, автор сол жердегі ең әдемі қызға қарап алып, емініп отырады. Әлгі қыздың әуелі бетінің ұшы қызарады. Кейін маңдайынан тамағына дейінгі аралық түп-түгел алауға айналады.

Сағындық ғашық болғыш еді. Қыздар да келбетті жігітке теріс қарамайтын. Бір күні анау күлімкөз, екінші күні мына қиғаш қас Сағындықтың қолтығында жүретін...

Ертеде Ақтөбе облысы Ойыл жағында жұмыс істеген бір ағамыз жыл сайын шипажайларға барып демалады екен. Келгеннен кейін құрдастары: «Орыстың қанша аруын құштың?» — деп қыжыртады ғой. Сонда әлгі аңғал ағамыз: «Қыз-келіншектің толып жүргені рас. Бірақ қайдан құшайын, орысша бір ауыз «ласковый» сөз білмеймін...» — деп ақталатын көрінеді. Сол айтпақшы, біздің серіде де көп «ласковый» сөз жоқ. Қолтығындағы аруды таныстырады да: «Осыны алам!» — дейді. Құдды «Абай жолындағы» Оспан сияқты. Ол да қалыңдық туралы сөз қозғалғанда: «Қалыңдық деген кім ол? Қатын ба? Қатын керек. Алам!» — деуші еді ғой. Бұныкі де сол сөз — «Алам». Біз болашақ жас жұбайлардың құрметіне тілек айтамыз. Бірнеше апта, асып кетсе, бір айдан соң Сәкеңнің ойы басқа жаққа ауа бастай ма, әлде сұлудың өзі бұның арсың-гүрсің мінезінен шоши ма, үйленбейтін болып қалады. Оған қайғырып жатқан бұл жоқ, тағы бір аруды әкеп таныстырады: «Осыны алам». Енді жаңа «жеңгеміздің» құрметіне бокал көтереміз.

14 жастағы ұйғыр аруы Гөзелді әкеп таныстырғанда да тек күліп қойғанбыз. «Қасым ағам испанканы сүйіпті, Мен ұйғырдың гөзеліне ғашықпын...» деп өлең жазғанда да бір-бірімізге қарап жымиюдан аспадық. Бірақ бұл жолы Сағындықтың «Алам» деген әңгімесі қаттырақ естіле бастады. Жігіттер де тәтті тосабы үзілмейтін сұлуды жеңге қылуға аса кетәрі емес. Мен қарсы шықтым. Оның себебі бар. Мен — Қарақалпақстанда туып-өскен адаммын. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда. Қазақ мектебінде оқыдық. Бір ауыл боп отыратын өзбек пен азғантай қарақалпақтың ұл-қызы да сол мектепте дәріс алды. О, ол кездегі шалдар қандай! Балаларының басқа ұлттан қатын алмауын қатты қадағалап отыратын. Қыз беру дегенді мүлде атамаңыз. Өзбекке тиді деп қызын мүлде көрмей кеткен ата-ананы да көргенбіз. Теріс батамды берем деп қорқытатын. «Қыз Жібекті» тыңдап өскен ұл-қыз теріс батадан қатты қорқады. Кейде ұлы тыңдамай, қарақалпақтан қыз алып келсе, басында аса ыңғай бермегенімен, кейін жібиді де, өзбектен келін алуға ықылассыз еді. «Ее, басқа ұлттан қатын алғанша, балаң жартылай сол елдің баласы деп есептей бер. Осы күні алғанын қас-қабағымен жүргізіп-тұрғызатын еркек қалды ма? Бәрін қатын билейді ғой, қатын...» — деп отыратын марқұм әжем. Міне, осындай тәрбие көріп өскен мен Сағындықтың ұйғырдың қызына үйленбек ойын тіпті қабылдай алмадым. Бірақ маған ұнамады деп айнитын ол ма...

Тағы бір кілтипан бар еді. Гөзелдің жасы 14-те екенін жоғарыда айттық. Бала. Қазіргі заман болса, Сағындықты педофил деп соттап жіберуі де мүмкін еді. Сосын әлі он беске толмаған біреудің қызын сұрап баруға да жүрек керек қой. Сондықтан да осы шаруаға кірісіп, қыздың әке-шешесінің алдынан өткен Бақытжан Қосбармақ пен Жарас Сәрсектікі — ерлік! Ұйғыр ағайындар да «люблю» деп жер тепкілеп отырған қыздан тезірек құтылғысы келді ме, әлде басқа да себебі бар ма, тез келісті. Енді ҚазМУ-дың студенті, болашақта атағы жер жаратын ақын деген де аз абырой емес қой. Оның үстіне көрікті жігіт...

Гөзелді көрген журфактың қыздары естерінен танып қалды. Танатын реттері бар, тіпті бала ғой. Бірақ оны бала деп жүрген Сәкең жоқ, дікең-дікең етеді. Жас келіншек тамақ жасауға шебер екен, онысы бізге жаман болған жоқ...

Той дүркіреп өтті. Енді өмірдің прозасы басталды. Анау керек, мынау керек. Пәленбай жылғы отбасылардың уығы сытырлап жатқан тоқсаныншы жылдарда студент боп шаңырақ көтергендерге тіпті  де оңай емес-тін. Әттең, бізде осы мәселелерді зерттейтін институттар жоқ. Әйтпесе тоқсаныншы жылдарда студент боп жүріп отау тіккендердің денінің жұбайлық ғұмыры ұзақ болмағанын бүгінгі ұрпақ аңғарар еді...

("Жынды" Әмірхан да оның алдын кесіп өтепейтін. Студент Әмірхан мен Сағындық)

Жалпы студенттер — көңілді халық қой. Әсіресе Сағындықтың курсы ұйымшыл еді. Сол кездің өзінде-ақ асабалығымен атағы шыққан Ерлан Айтуаров, студент кезінен телевидениені жағалап, бүгінде осы саланың беткеұстарларының біріне айналған Зейін Әліпбектер Сағындықты «ағалап»  тұратын. "Жынды" Әмірхан да бірер ай үлкендігі бар бұның алдын кесіп өтпейтін. Қазыбек екеуі әлі күнге дейін қатты қалжыңдасады. Бірнеше күн аш қалғанда, жатақхананың төбесіне шығып кептер аулап жегендер де осы курста оқыды. Заман қуырылып бара жатқанда, тау жақтағы ауылдарға шығып, тауық ұрлағандар да қазір белгілі журналистерге айналды. Айтпақшы, бұл «кәсіптің» нағыз маманы — Сағындық еді. Ұрлыққа да еп, жүрек керек қой. Әскерде қылмыс әлемінің небір нояндарын көрген бұл қорықпай кірісетін. Жұртты қарауыл ғып қойып, тауық кетекке пышағын жалаңдатып өзі кіреді. Бірде бір қап басы жоқ тауық етін алып келіп, бүкіл жатақхананы қарық қылғаны бар. Басын кесіп лақтырып тастап, қапқа тоғыта берген ғой. Бірнеше айдан бері стипендия алмай, қарындары шұрқырап жатқан журфактың студенттері Сағындықты сол кезде тоқсан үйлі тобырды асыраған Қара қасқа атты Қамбар батырдан кем көрген жоқ. Жарыса мақтады. Мақтау өтіп кеткендігі сондай, «Қамбар батырдың» бірде қызды-қыздымен біреудің ауласында тұрған сиырды сойып алмаққа көңілі кетіп, қасындағылар әрең тоқтатыпты...

ХХ ғасырдың қазаққа әкелген індетінің бірі — арақ. «Жалын» журналында жұмыс істеп жүрген кезімде Қадыр ағам біраз ақындар туралы айта келіп: «Талай талантты жігіттердің түбіне арақ жетті ғой...» — деп күрсінгені бар. Бұл індет, сірә, соғыстан кейін басталған секілді. Қан майданды көрген, талай жақынын жат топыраққа көміп келген ұрпаққа ол кешірімді де шығар. Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Жұбан Молдағалиев бірде замандасы, досы Сырбай Мәуленовке қатты базына айтыпты. «Арақты неге ішесің?» — дейді ғой баяғы. Сонда Сырбай айтты деген бір ауыз өлең ақын-жазушылардың аузында жүрді: «Құдайдың құтты күнінде, Жататын жолда далиып. Ақылшым болды-ау бүгінде, Маскүнем Молдағалиев...». 9 мамырда алаңдағы шеруде тұрып, Ғафу айтты дейтін: «Иван Шухов дегенің — мына кісі, Жанында сартылдайды флягісі, Тұрғанда Иван ішіп, өзің ішпей, Кісінің келеді екен жылағысы...» — деген өлеңді де естіп өстік. Одан кейінгі, біздің алдымыздағы буынның да «ерліктеріне» қанықтық.  Аға ұрпақ бұндай әңгімелерді өкінішпен емес, күліп, тіпті сәл мақтанышпен айтатын. «Жақсы ақын жақсы ішуі керек» дейтін. Арақ ішу — таланттылықтың белгісі сияқты еді. Біз де соның шет жағын көрдік. Кімнің нашар шайыр болғысы келеді дейсің, біз де тұмсық батырып іштік...

Арақтың сондай дәурені жүріп тұрған кезде ҚазМУ-да бір оқыс оқиға болды. Беліне бөтелке байлап жүріп ішетін Сағындық Рзахметов сол кездегі жалғыз телеарна — «Қазақстандағы» бір хабардан «Ішімдік атаулыны құрту керек...» деген пікір айтты. Мәселе былай болыпты. Әлдебір хабарға қатысу үшін жастар керек болып, телевидение басшылығы журфактың деканына өтініш айтады. Таңдау бұлардың курсына түседі. Қас қылғандай, сол күні жігіттердің дені сабаққа келмей қалыпты. О, тоба, әшейінде сабақта көп төбе көрсете бермейтін Сағындық отыр дейді. Ұстаздары: «Хабарға түскендерге сынақта жеңілдіктер болады...» дегесін Сәкең топ қызды бастап телевидениеге жетіп барады. Тек хабардың атын естігенде шалқасынан түсе жаздайды: «Арақ — атаңнан қалған ас емес...». Бірақ шегінетін жер жоқ. Жүргізуші де «Арпа ішінде бір бидай» — Сағындыққа көбірек бұрыла берсе керек. Басына тақия киіп алған бұл көсіліп отыр. Арақ — ұлттың түбіне жететін болды деді. Бұны азайту деген әңгіме болуға тиіс емес, түп-тамырымен құрту керек деді. Қаншама отбасы осы арақтың кесірінен ажырасып жатыр деді. Шал мен кемпір ішеді деген не масқара деді. Ішкендерді бұрын да түсіне алмайтынмын, қазір де мүлде ұға алмаймын. Мынау — арақ ішетін заман ба деді. Айтқанының бәрі рас. Бір өтірігі жоқ. Ауылда отырып тыңдаған шешесі: «Құлдығым-ай...» — деп көзіне жас алыпты. Кластастары таң-тамаша қалған. Тек бұл кезде Сағындық бір аптадан бері телевидениеге шыққанын «жуып» жатыр еді...

Ішетіндер де өзі түр-түрге бөлінеді ғой. «Араққа бір сөз келтірмей» (Қадыр — Б.Б) сілтейтіндер де бар. Енді біреулер сәл ішкеннен кейін жұрттың мазасын ала бастайды. Сағындық — сол екінші топтың «өкілі». Әшейінде сәл нәрсеге жабырқап, көзіне жас үйіріле қалатын ол ішкенде бір жыртқыш хайуанға айналады. Көзі түк көрмейді. Қолынан селебе пышағы түспейді. Заман өзгеріп, сөздік қорымызға «косяк», «рэкет» деген сөздер ене бастаған уақыт қой. Жатақханаларда келте былғары күрте киіп, шашын «площадка» ғып қидырған жігіттер қаптап жүретін. Құлақтарының сынып-сынып кеткені көрініп тұратын сол жігіттердің кеуделері сұмдық еді. Қит етсе, «косякқа» тығуға әзір тұратын. Сырт көзге әлжуаздау көрінетін ақкөз Сағындық солардың біразының бетін қайтарды. Қолындағы пышақты оңды-солды сілтейді. Бұндайда ол Қамбар батырға емес, Қобыландыны бір шаншып, Ер Орақты бір шаншып, Қарлығаны бір шаншып өтетін Біршымбайға көбірек ұқсайтын. Кейде пышақтың ұшы бізге бағытталатын сәттер де болып тұратын...

 

Бірде Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқитын жігіттер бізді қонаққа шақырды. Сол кезде сатиралық дүниелерімен баспасөз беттерінде жиі көрінетін Алданазар Көлбаев, бүгінде Қазақ радиосында еңбек ететін Оңғарбек Құраловтармен енді-енді жақын араласа бастаған кезіміз. Маралтай, Жарас, Сағындық төртеуміз бардық. Алданазар бастаған филфактың жігіттері мықтап дайындалыпты. Біз өлең оқыдық. Сәлден соң арқалана бастадық. Мен де артық сөйлей бастасам керек, бір кезде Жарас оңаша алып шығып: «Әй, тым болмаса, енді сен ит болма. Екеуміз екеуіне ие болайық...» — деді. Аналарға айтқанмен пайда болмасын ұқса керек, екеуі де байлаусыз жынды ғой. Бір кезде қарасам, Сағындығым жоқ. Әрі іздеп, бері іздеп таба алмадым. Бір кезде қарсы бөлмеден бір дауыс шыққандай болды. Есік ашып кіріп келген сәтімде көзіме бұрыштағы бір кереуеттің үстіне шығып кеткен төрт қыз түсті. Сағындықтың қолында, қайдан түскенін білмеймін, нән пышақ бар, аналарға ақырып тұр екен. Мен кіріп барған сәтте кілт бұрылып, пышағын менің алқымыма тақай қойды. Шегінбек болып ем, сол қолымен жағамнан ұстап алған екен. Көзіне көзім түсіп кетіп еді, анау бірдеңе аңғаратын адамның түрі емес. Сәл қимылдасам, ана пышақ алқымыма қадалмақ. Шіркін, жан деген қандай тәтті, әп сәтте бүкіл өмірім көз алдымнан өтті. Абырой болғанда, мынадай сұмдық көрініске қарап тұруға шыдамаған қыздардың бірі шыңғырып жіберді де, Сағындық соларға жалт бұрылды. Менің алқымыма қадалмақ болған пышақ енді ортадағы үстелге қадалып, дірілдеп тұр. «Өлең түсінбейсіңдер, малсыңдар...» — деді сосын. «Малдардың» көздері жәудіреп маған қарайды. «Сәке... — дедім тұтығып, — мына жатақханада тұратындардың бәрі «Сағындық Рзахметов деген ақын келіпті. Өлеңін тыңдап, танысайық...» деп келіп тұр...». Аңғал Сағындық иланып қалды: «А, өлең тыңдаймыз дей ме? Келіп тұр ма?». Галстугін жөндеп, дәлізге шыққан сәтте талмау тұстан бір қойып, бүктетілген күйінде Алданазарлардың бөлмесіне кіргізіп жібердім...

Бірде «Сағындықты пышақтап кетіпті...» деген хабар түсті. Батырболат екеуміз 5-жатақханаға жетіп барсақ, шын екен. Бір аурухананың жан сақтау бөліміне түсіпті. Кейін палатаға ауыстырылды. Жұрттың бәрінің тілін табатын Жарас дәрігерлермен келісіп, кіріп шықты. «Жағдай мәз емес, — деді шыққасын, — қан көп кеткен...». «Не істеу керек? Қан тапсырамыз ба?». «Жоқ, дәрігерлер қызыл арақты көбірек іш депті». «Кім айтты?». «Сағындық». Ішім қылп ете қалса да, үндемедім. Рас шығар. Енді ауруханаға шарап тасыдық. Бір күні дәрігерлер айқай салды: «Ай, мынаған арақ тасып жүрген кім, ә? Өлтірейін деп пе едіңдер? Оған мүлде ішуге болмайды ғой...». Сөйтсек, Сағындықтың өзі ойлап тапқан амал екен ғой...

...Университет бітіргеннен кейін Алматыда пәтерден-пәтерге көшіп жүрген Сағындық Иманбай Жұбаев ағасының көмегімен «Қалқан-Щить» деген газетте жұмыс істеді. Газет ұжымы Астанаға ауысқанда сонда барып, көп ұзамай Маңғыстауына оралды. Ақтауда облыстық ішкі істер баспасөз қызметінің хатшысы болып еңбек етті. Иманбай ағасы облыстық телевидениеге келгенде, тізе қосып жұмыс істеді. «31-арнаның», «Астананың» меншікті тілшісі ретінде мұнайлы өңірдің мұңы мен зарын талай рет ортаға салды. Жаңаөзенге барып, сондағы телевидениені басқарды. Тельман Бисенов екеуі қалалық газеттің де арбасына жегілді. Қазір белгілі журналист Маңдайлы Қосымбай басқаратын «Маңғыстау-медиа» ЖШС-ның ақпарат және дизайн орталығына жетекшілік етеді.

Әдетте телевидениеде істегендер газетте жұмыс істей алмайды немесе керісінше ғой. Сағындық бұл мәселеде екі қолымен де шебер қылыштасатын батыр секілді. Материалды жазса да, түсірсе де әбден илеуін қандырып, оқырман мен тыңдарманның айызын қандырады.

Отбасылық жағдайы да жаман емес. Баяғыда «Алматыға барып келемін...» деп ұлын алып, төркініне кеткен Гөзел оралмады. Ақыры болмайтын болған соң басқа біреуге үйленіп еді, онысы бұның үйін тартып алып, тайып тұрды. Кейін қосылған Қамары екеуінің жандүниесі жарасты. Қазір 6 бала тәрбилеп отыр.

(Журфактың "жүгермектері": Әмірхан, Сағындық, Қазыбек)

Былтыр Оралдан Қазыбек хабарласты: «Ай, ана ит әйелімен бірге қыдырып келіпті. Жаңа ғана шығарып салдым, саған кетті». Сәлден кейін тағы қоңыраулатты: «Танымай қалып жүрме. Сағындығың қазір алып азамат. Тура 106 келі шығады...». Қазыбектің әдеттегі қырттығына баладым. Сөйтсем, есіктен тура... 106 келі «ет» кіріп келе жатыр. О, тоба, баяғыда 60 келіге жетпейтін Сағындықты мұншама толысады деп кім ойлаған? Соған қарағанда, адайдың қызының қолы майлы-ау деймін.

Біраз әңгіме айттық. Алматыға барғанда ұлы Дарынмен кездесіп, тіл табысыпты. Айтпақшы, Дарын әлеуметтік желі арқылы менімен де бірнеше рет хабарласты. Біздің бәрімізді біледі екен. Шешесі үнемі айтып отыратын көрінеді...

Бұдан бұрын қазір Ақтөбеде тұратын көкесі Орынбайға келіп сәлем беріп, Ақтауға өзін іздеп барған інісі Азаматпен де шұрқырасып көрісіп, қамқорлығына алған Сәкең жақында елге барып, 35 жыл көрмеген әкесін іздеп, тауып алыпты. Енді өз қолына алмақ. Иә, өткенді оралта алмайсың. Оның аты — тағдыр. Бірақ әкенің аты — әке ғой...

Елубай әкесі де өмірден озды. Одан жамандық көрген жоқ. Әрі бұл әкесінен де туған бауырлары бар. Олар да көбіне бұған қарайды. Шешесі де біраз жасқа келді...

Осылай төрт құбыласы түгелденіп келеді. Алла көп көрмегей! 

...Биыл біздің университет бітіргенімізге 20 жыл толады. Журфактың жігіттері  әуелден пысық қой, кездесуге қамданып жатыр. Әлеуметтік желілердің бірінен құпия топ ашып алыпты. Дайындық мәселелері пысықталып жатыр екен. «Әңгімесі ауылдың, Жеңешемнің мінезі...» дегендей, жұрттың бәрінің аузында Сағындықтың хикаялары...» дейді Қазыбек.

Айтпақшы, Сағындық құпия топтың алқасына мынадай ұсыныс түсіріпті: «Жиырма жылдықты арақ-шарапсыз өткізейік!» Неге-дүр, менің есіме баяғы телевидениедегі хабар түсті...

«Күмән иманнан айырады...» деген рас қой, иә?! Қой, күпірлік етпейін...

 

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,

Ақтөбе қаласы.

Abai.kz

3 пікір