Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3883 0 пікір 3 Қазан, 2010 сағат 17:47

Азат Үсен. «Жақсы адамның өлген күнi болмайды…»

Өзбекәлі Жәнібеков (оң жақта) зайыбы Қалихан апаймен

Жақсы адамның өлген күнi болмайды, тек туған күнi ғана болады. Тiршiлiгiнде есiмiн маһруздың мәңгiлiк тақтасына алтын әрiппен жазып кеткен абзал аға Өзбекәлi Жәнiбеков бүгiн арамызда жүрсе, көшелi сөзi мен еселi iсiн ұрпағынан аямас едi.
Келер 2011 жылы соңына өшпестей рухани iз қалдырған ұлт тұлғасы Өзекеңнiң туғанына 80 жыл толмақ.
Елiм деп емiренген жерiм деп тебiренген елiн ерекше сүйген елдiк қасиеттердi көкiрегiне тұмар ғып түйген Өзағаңның өмiрдегi жары, құрметтi ұстаз Қалихан апайды ағамыздың тiршiлiгiндегi қарапайым адами қасиеттерi мен болмыс-бiтiмiн бiлмек болып әңгiмеге тартқан едiк.

Өзбекәлі Жәнібеков (оң жақта) зайыбы Қалихан апаймен

Жақсы адамның өлген күнi болмайды, тек туған күнi ғана болады. Тiршiлiгiнде есiмiн маһруздың мәңгiлiк тақтасына алтын әрiппен жазып кеткен абзал аға Өзбекәлi Жәнiбеков бүгiн арамызда жүрсе, көшелi сөзi мен еселi iсiн ұрпағынан аямас едi.
Келер 2011 жылы соңына өшпестей рухани iз қалдырған ұлт тұлғасы Өзекеңнiң туғанына 80 жыл толмақ.
Елiм деп емiренген жерiм деп тебiренген елiн ерекше сүйген елдiк қасиеттердi көкiрегiне тұмар ғып түйген Өзағаңның өмiрдегi жары, құрметтi ұстаз Қалихан апайды ағамыздың тiршiлiгiндегi қарапайым адами қасиеттерi мен болмыс-бiтiмiн бiлмек болып әңгiмеге тартқан едiк.

- Қалихан апай, кезiнде Шыңғыс қаған: «Сәби болып туып ат тағынбасаң, құрсақтан шығып жарық дүниенi көрмесең кiмнiң тойын тойлар едiң, кiмнiң атын атар едiң?! Атадан жаралып, анадан туған күнiңдi бiлiп, сол кездi құрмет тұтып, көптi жиып тойласаң, тойдың ең үлкенi сол» - дептi. Өзбекәлi ағай, туған күнiн дос-жаранын жиып, атап өтушi ме едi?
- «Iзгiлiктiң он қыры бар, тоғызы үндемеуге саяды», - деген екен хазiретi Омар. Сол iспеттi Өзбек (апай оны әу бастан еркелетiп осылай атап кеткен екен. Авт.) тiршiлiгiнде туған күнiн көл-көсiр атап өткен жан емес. Әдетте, мұндай айтулы күндердi балалары болып, өзiмiз атап өтуге тырысатынбыз. Оған ол аса мән бермейтiн.
- Өзбекәлi ағаймен тағдырыңыз қалай тоғысты?
- Ағаң 1953 жылы Алматының Абай атындағы пединститутының тарих және жағрапия факультетiн бiтiрiп, Келес ауданына мұғалiм болып келген жылы бiр кеште таныстық. Мен де Шымкенттегi пединститутты бiтiрiп, бастауышқа сабақ берiп жүрген кезiм-тiн. Не керек, таныстығымыздың соңы үлкен өмiрге бiрге қадам басуға ұласты. Ол өз өмiрiнде бiр-ақ рет уәде бердi және сол уәдесiнде тұра бiлдi. «Қалихан, өмiрiмде сенiң көңiлiңе келiп, еш уақытта қор қылмаймын, маған сен», - дедi. Сендiм. Сол сенiм өмiрiмнiң соңына дейiн менi өрге сүйреп келедi. Тағдырыма, жалпы Өзекең iспеттi алып, таза жүректi азаматқа жар болғаныма ризамын!
- Гректiң ойшылы Сенека: «Жiгiттi немен сынау керек? - деп өзiне-өзi сұрақ қойып, iзiнше өзi жауап берiптi: «Жiгiттi әйелмен, әйелдi алтынмен, алтынды отпен сынау керек», - дептi сонда ол. Сынаған немесе сыналған кездерiңiз болды ма?
- Сынау үшiн әлгi данышпаннан асып-түсу керек шығар. Өмiрiмде адам баласын сынаған емеспiн, бiрақ сыналған шығармын. Бiрақ жан баласы мынауың дұрыс емес, iсiң құрысын деген емес. Дүниеге, жылтырақ дегенге әу бастан құмарлығым жоқ. Демек, қарапайымдылығым әлгi алтын дегенiңдi жаншып тастаған болар.
- Өзағаңның абырой-атағын алға тартып пайдаланған кезiңiз болды ма?
- Қандай бiр ортада болмасын, ол кiсiнiң әйелiмiн деп айтқан емеспiн. Орынсыз iске килiгiп, өрiкпiген кезiм де жоқ. Қарапайымдылық, қазақ әйелiне тән биязылық анамнан мұрагерлiкке қалған сарқыт деп бiлемiн. Ұят - iзгiлiктiң ұясы. Сондықтан әдептен озған кезiм жоқ. Ұлықпан хакiм ұрпағымен мың жасаған деген сөз бар. Өзекеңнiң артында қалған ұрпағына тiл-көз тимесiн деп күнде дұға жасап отырамын. Шүкiр, балаларым төңiрегiмнен үйiрiлiп шықпайды. Бәрi де оқыған, өскен жандар. Олар да ел қатарлы қызмет iстеп, әкелерiнiң адал есiмiн ардақтап жүр.
- «Үй дегенiмiз әйелдiң күйеуi жоқта тынымсыз жұмыс iстейтiн жерi, ал еркек үшiн әйелi барда демалатын орны» екен. Ол кiсi демалысын қалай өткiзушi едi?
- Ағаң демалыс дегендi бiлмеген кiсi. Әсiресе, өмiрiнiң соңғы жылдарын күндiз-түнi жазу-сызу-мен, құжаттар қараумен өткiздi. Қазiргi қолға алынып отырған «Мәдени мұра» бағдарламасын ол сол кездiң өзiнде ақысыз-пұлсыз атқарып, орасан зор құндылықтар жинады. Өнер, тарих мәселесiнде жинаған ұзын-саны 580 құжаттар папкасы бар. Оның келешек ұрпақ үшiн таптырмас байлыққа айналары анық.
Ол өмiрiнiң соңғы сәтiне дейiн қолынан қаламын тастамады. Тiптi тән азабын тартып жүрсе де жұмыс iстеу қабiлетiн бiр сәт те үзген жоқ. Жаратқанның пешенесiне қанша ғұмыр жазғанын ешкiм бiлмейдi. Сондықтан да болар, ол саналы өмiрiнде ойындағысын айтып, жазып кетуге асықты.
Кеңестiк кезеңнiң дәуiрлеп тұрған тұсында содыр саясаттың сойылынан сескенбей, қазақтың төлтума өнерiн, дәстүрiн, тарихын дәрiптеп, археологиялық және этнографиялық зерттеулер жүргiзiп, «Қазақтың төлтума мәдениетi», «Уақыт керуенi», «Жолайрық» деген еңбектер жазды.
Мiне, осындай шынайы болмысымен елдiң ертеңiне елеңдеп жүретiн Өзбекәлi Жәнiбеков көзi тiрiсiнде ұлттық өнердiң керегесiн керiп, уығын шаншып, шаңырағын көтерген болатын. Ол кiсi өткен ғасырдың 80 жылдары елiмiздiң мәдениет министрлiгiн басқарып тұрған кезде ұлттық-этнографиялық «Сазген», «Адырна», «Шертер» және «Алтынай» ән-би ансамбльдерiн дүниеге әкелiп, халықтың өнерге шөлiркеген жұртты төл туындыларымен қайта қауыштырғанын қазiргi жастар көп бiле бермейдi.
- Қазақ дүниеде үш нәрсенi - қонақ, толғақ және өлiмдi болжаусыз санаған. Әйтсе де, келу - сүннет, кету - парыз. Өзбекәлi ағай өмiрiнiң соңғы сәтiнде Сiзге ненi аманат етiп тапсырды?
- Иә, «Өлiм - бiр, себебi - мың» дейдi қазақ данышпандығы. Туу, өсiп-өркендеу, өлу - өмiр заңы. Бiрақ бәрi кезегiмен болғаны жөн. Бiр өкiнiштiсi, ол өз еңбегiнiң жемiсiн көре алмады. Жаратылысынан бүгiлудi бiлмеген, болымсызға үгiлуге көнбеген ол бiраз сырды өзiмен бiрге ала кеттi ме деп те ойлаймын. Тәнiне мәңгiлiк мекен қара жер бұйырғанымен, өшпес рухына базарлы орын ұлт жүрегiнен бұйырғанына шүкiршiлiк етемiз. Ағаңның тiрлiгiнде маған тапсырған аманатын мүлтiксiз орындадым деп ойлаймын. Өзi өсиет етiп кеткендей, денесiн қасиеттi мекен Арыстанбап топырағына, өмiрiнде өзi пiр тұтқан анасының қасына қойдық. Бұл оның соңғы өтiнiшi едi.
- Тiрiлер қашанда өлгендер алдында қарыздар. Сондай парыз, қарыздың бiрi марқұмның басына белгi қою екен. Осы шара қалай орындалды?
- «Дүниенiң бәрi келiсiммен жаратылған» дептi данышпан Абай атамыз. Бұл iс те Құдай қалаған iс болды. Елбасының тапсыруымен, ел азаматтарының қолдауымен арыстың басына алып белгi қойылып, кесене салынды. «Пейiлге қарай пейiш бар» деген халқымыздың даналығы салтанат құрды. Кесенесiнiң басы-қасында өзiм жүрдiм. Ел азаматтарына сенбегендiктен емес, жүрек қалауы-мен. Бiткен iске ризамыз. Қазiр әулие басына бала-шағамызбен жиi барып, дұға оқып тұрамыз.
Өсер ұрпақ халық үшiн еңбек сiңiрген тұлғаның өнегелi өмiр жолын оқып-үйренсiн, танып-бiлсiн, қалдырған еңбектерiн зерделеп жүрсiн деген мақсатта Тұран төрiндегi - Түркiстан шаһарында Өзекең атындағы этнопедагогикалық колледж ашылды.
- «Қасиет жұғыс, ақыл ауыс» дегендей, ағайдың жақсы қасиеттерi балаларына жұғысты болды ма? Ағай өзi ұнатқан келiнiне сәукеленi өз қолымен тiгiптi ғой?
- Ол рас. Өзекең: «Балам көңiлiмiзден шығатын қызға үйленсе, қалындықтың сәукелесiн өз қолыммен тiгер едiм» - деген болатын. Уәдеге сай ол шет елге шығатын әр сапарында асыл тастар әкелiп, жинастыруды әдетке айналдырды. Кейiн Бауыржанымыз үйленгенде уәде бойынша келiнiмiз Гауһарға арнап үкiлi қасаба-сәукеленi өз қолымен тiгiп шықты. Балаларымыздың бәрi инабатты, қазақы тәрбиемен өстi, ал немерелерiмiздiң бәрi қазақ мектебiнде тәрбие алды.
- Ағайдың қырда да, сырда да достары көп болды. Олармен кейiнгi араластығыңыз қалай? «Көзден кетсе, көңiлден кеттi» дегенге қалай қарайсыз?
- Ол тым ақкөңiл болатын. Адамды жүрiс-тұрысынан, бiр ауыз сөзiнен қатты танушы едi. Ой-мақсаттары бөлек, iшкi есеппен ғана дос болушыларды да сезетiн. Мұндайда менi үнемi сақ болуға үйрететiн. Қанша жыл ел басқарып жүрсе де, еңбегiн пұлдап, елден бiрдеңе дәметкен кiсi емес. Дүние шiркiндi боқ деп бiлген ол, соңына дүние жиған жоқ. Орталық Комитет хатшысы кезiнде де 2 бөлмелi пәтерде тұрды. Жалпы, оның таныстары көп болатын да, шынайы достары аз едi. Өзi сырқаттанып жүрсе де, өзi сыйлаған адамның қуанышы мен ренiшiнен қалмай-тын. Бiрде атағынан ат үркетiн қадiрлi азаматты ақтық сапарға шығарып салуға барғанында одан қатты ренжiп келдi. Қаралы қазада ертеректе өзiнiң қарамағында қызмет iстеген, алайда өз жұмысын атқара алмай қызметiнен шеттетiлген әлгi азамат Өзекеңе сыртын берiп, ренiшiн бiлдiрiптi. Қаза өкпе айтатын орын ба?! Қапаланғаны сонша, бiраз уақыт үнсiз жүрдi. Аты-жөнiн сұрап алмаппын.
Әрине, шынайы таза ниеттi азаматтар да болды. Өзекеңнiң сырқаттанып жүргенiн естiген Оңтүстiк Қазақстанның бiр топ жас жiгiттерi ағаларын Қазығұрттың басына апарып мама биенiң қымызымен емдеп, баптады. Өзекеңнiң бiр қолдауын көрмеген жергiлiктi Бақытжан Ибрагимов деген азамат үлкен кiсiлiк танытып, ағасына рухани күш бердi. Ол туысқандықты туыстарының арасынан ғана iздеген жоқ. Өзiмен кiм үндес болса, соны туыс, бауыр еттi.
- Өзағаң тiрлiгiнде көп адамдарға қамқорлық жасады. Сол iнiлерiнен көңiлi қалған кезi болды ма?
- Ондай сәтiн көрмеппiн. Әйтеуiр, киiк-отына үймелеген көбелектей оның жанынан жастар шықпайтын.
Әсiресе, қазақ қоғамының ертедегi мәдени құндылықтарын мемлекеттiк есепке алу, оны қайта қалпына келтiру, қорғау, қажеттi элементтерiн қазiргi тұрмысымызға кәдеге жарату арқылы халқымыздың өткен өмiрiне, тұрмыс-салтына, наным-танымына, талғамына, өндiргiш күштерiне айналдыру ниетiмен «Арқас» өрбiту қорын құрып, оның жұмысына араласқан кезiнде жастармен қоян-қолтық жұмыс iстедi. Әлi есiмде, Түркияға барған бiр сапарында ондағылардың қазақтарда мәдени мұрадан ештеңе жоқ деген жықпыл сөзiне орай бiр топ ғалым жiгiттермен бiр айда «Жолайрықта» деген бай мұраға толы танымдық кiтап дайындап шығарды.
Iзiне ерген шәкiрт iнiлерiне: «Адамгершiлiк, имандылық қасиеттер - қасиеттi мекендерге саяхаттан басталады» деп айтып отыратын.
- «Осы бастамам орындалмады, солай болуы керек едi» дейтiн мақсаты болды ма?
- Болды, оны ойласам өзiмнiң де көңiл-күйiм бұзылады. Ол өзi сүйiп iстеген жан рахатын тапқанда нұрланып кететiн. Өзi тiрнектеп жүрiп «Өнер» баспасынан қазақ әйелдерiнiң киiм үлгiсi туралы альбом шығарғанда ерекше қуанышта жүрдi. Осы еңбектiң жалғасы ретiнде жоғарыдағы баспаға ерлер киiмiнiң түрлi-түстi слайдтарға түсiрiлген дайын альбомын тапсырған болатын. Соны көре алмай кеттi.
Тағы бiр өкiнiшiм бар. Қазақстан жастар одағына Өзекеңнен кейiн басшылыққа келген З.Камалиденов жастар үйiнiң қабырғасына «Бұл ғимаратта 1970 жылдан 1991 жылға дейiн Қазақстан Жастар одағының Орталық комитетiнде жұмыс жасады. Ғимараттың салынуына басшылық еткен Өзбекәлi Жәнiбеков» деп ескерткiш-тақта орнатуға ұсыныс берiптi. Бiрақ оған құлақ асқан адам болмады. Өзекең қатты науқастанып ауруханада жатқанда «Қазақфильмдегi» жiгiттерге оны түсiрiп ала берiңдер деп ұсыныс түскенде де ешқайсысы қозғала қоймапты. Бұл ендi өкiнiш пе, әрине, өкiнiш.
- Адамдар да ай iспеттi, бiр-бiрiңiзден әлдененi жасырып жүретiн кездерiңiз болды ма? Сондай сәтте жылылықты сырттан, өзгелерден iздеген көздерiңiз ұшырасты ма?
- Қатты кеткен кезiмiз жоқ. Үстiме ақтан үй тiктiрген жоқсың деген емеспiн. Не болса да бiрге көрдiк, барды қанағат тұттық. Ол күндерiмiз туралы Өзекең тiршiлiгiнде өзi жазып кеттi. «Жиған-тергенiм, арттырғаным да шамалы. Қызмет басты болып үй iшiне де жөндi көңiл бөле алмаппын. Тағдырдың маған мәңгiлiк адал жар, балаларыма асыл ана болсын деп қазақтың мұнтаздай таза, қарапайым қызы Қалиханды кездестiргенiме дән ризамын» деп соңынан алып ескерткiш соғып кеттi.
- Өнер құрбандықсыз болмайды ғой. Ағайдың ойындағысы орындалмай, сол жолда «күйiп» кеткен кездерi болды ма?
- Болғанда қандай. Әсiресе, халқымыздың ұлы мұраттары жо-лында өшпестей рухани мұралық дүние қалдырған Бес арысты ақтау кезiнде ұйқысыз түндерiн өткiздi. Ғылым Академиясының ғалымдарымен бiрге 20-жылдардағы саясат және творчество қайраткерлерiнiң «Алаш» партиясы көшбасыларының даңқты есiмдерi мен еңбектерiн қайтару жөнiнде зор жұмыс атқарды.
Оның жүрегiндегi туған Отаны- мен халқына деген сүйiспеншiлiк сезiмi ерекше едi. Ол өз халқының алдында перзенттiк парызы мен қарызын толығынан өтедi деп ойлаймын. Әрине, ойға алған жұмысының жуық арада орындалмағанына ренжiген кезi де болды. Қасиеттi Түркiстан шаһарының 1500 жылдығына орайластырған iс-шараларына кiрiсе алмады. Әйтсе де, халықтың рухани қажетiне жарайтын бiрнеше құнды кiтаптар жазып қалдырды. Ол не жазса да болашақ ұрпақ үшiн жазды. Түркiстан, Сауран топырағының әр сүйем жерiн жатқа бiлетiн. Өмiрiнiң бейнеттi соңғы күндерiнде де сол әруақты Түркiстанды аңсады, сарғая сағынған күндерi мол болды. Қасиеттi топырақ Өзекеңе ана да болды, әке де болды.
- Өзағаң өмiрiнiң ұзақ уақытын өнер шаңырақтарын құрумен өткiздi. Әрине, ол өнер ошақтарының басы-қасында қылықты қыз-келiншектер өрiп жүрдi. Сол ойын-сауықтың ортасынан табылатын Өзағаңды сұлу бикештерден қызғанған, соның әсерiнен ренжiскен кезiңiз болды ма?
- Жаман ой жаныңды жейдi. Сондықтан мен жамандық ойлаудан қашық жүретiнмiн. Алматы облысы атқару комитетi төрағасының орынбасары кезiнде ағаң «Алтынай», «Адырна» шығармашылық ұжымдарын құрып, оған басшылық жасады. Өнердiң айналасында әдетте қыздар жүретiнi белгiлi ғой. Бiрақ ол өз басын өзгелерден таза ұстады. Қазiргi өнер айналасында жүрген қыздардың бәрi кезiнде ағаңның тәрбиесiн көргендер десем, артық айтқаным емес.
- Бiрде ашуға мiнiп, ағамды «жарып» тастай жаздапсыз ғой.
- Бұл ендi қызғаныштан емес. Менiң анам Өзбектi баласындай жақсы көрушi едi. Бiрде анам ауылдан артынып-тартынып, бiздi көрiп кетуге қалаға келдi. Елден алып келгенiн дастарханға төгiп, қазанға мол ет салайын. Содан Өзбектi күтпеймiн бе? Кешкi сегiзден кешiкпей келем деген кiсiм түн жарымында бiр келiп тұр. Көлiгiнен түсуiн күтiп тұрдым да, өзiм дүрсе қоя берейiн. Бұл ендi менiң еркелегiм де, назым да едi. «Әйел ашуланса жеңiледi, күлсе жеңедi» деген бар ғой. Әйтсе де, өзiн құлай сүйген адаммен бiрге бiр дастарханда отырып шүйiркелеспегенiне ашуланғаным ғой. Бiрақ ол менi ертеңгiсiн өз сабырлығымен жеңiп кеттi. Ертеңгi-сiн анамның «Өзбекжан-ау, түнде кеш келдiң ғой, қалқам, жұмысың ауыр болар» - деп аяушылық бiлдiргенiне орай: «Апа, жұмыстан түнде кеш шықтым. Оның үстiне үйдiң жанында әлдекiмдер тиiсiп, жарып кете жаздады» - демесi бар ма. Анамда ес жоқ, менде тiл жоқ. Сол iсiме әлi күнге дейiн қапаланамын. Мiне, ағаң бiр ауыз сөзбен-ақ адамды осылайша сабасына түсiретiн. Жалпы, менде мейiрiм молдау, Өзбекте қайырым молдау болатын.
- Мiнезсiз еркек тiсi жоқ арыстан секiлдi. Үйде мiнезi қандай едi?
- Адамға пайда келтiрген ой мен iс iзгiлiк деп аталады. Iзгiлiкке ұмтылу, жауыздықтан безу - адамның жаратылыс пайымына тән құндылық. Ол ой қақтығысында қайраулы қанжар iспеттi болатын. Ашынса - ашуынан қаталдық, қуанса - мейiрiмiнен адалдық, бой қуатынан тектiлiк пен парасаттылық есiп тұратын. Аса шыншыл едi, ашуланса да қайтымы тез болатын. Дауды дабырмен емес, сабырмен шешуге тырысатын. Ойы тұнық адамның iсi бiтiк келетiнi бар ғой. Ол әр iсiн айқайламай, ешкiмге салмақ салмай-ақ бiтiретiн.
- Қалихан апай, ғибратты әңгiмеңiзге рахмет!


Әңгiмелескен
Азат ҮСЕН

«Үш қиян» газеті

 

0 пікір