Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Әдебиет 7497 0 пікір 13 Наурыз, 2015 сағат 11:41

АҚЫННЫҢ АҚЫНҒА СЫРЫ

Түсінесіз бе, қазақ болып жаралып, қазақ емес ортада өмірін өткізу, қазақ ақыны болып жаралып, қазақтың үйінің сыртында күнелтудің қасіреті қандай болатынын. Оны сіз, бәлкім, түсіне алмайсыз. Жүрген ортаң қаншалықты бауырына басып, маңдайыңнан сипап «әкем, көкем» десе де, жат біреудің үйінде қонақта жүргендейсің ғой. Немесе басқа ананың құшағында жүрген асыранды жетімдейсің. Басың аман, бауырың бүтін болса да, көкірегің толған шер, көзің толған жас.

Ал мен Баян-Өлгийден де алыс, қазақшылықтың иісі де жоқ мүлдем басқа ортада өмір сүремін. Маған серік – кітап қана. Өзіңіз әбден жақсы білесіз ғой, Мұқағали жалпақ қазақтың арасынан жанына жақын жалғыз дос таба алмай, дүниеден жылап қайтқанын. Сонда мен жалғызсырамай басқа кім жалғызсырасын?!

«Мынау безектеп жылай бастады ғой» демеңіз. Мүләйімсіп, мүсіркеу тілеу ойымда жоқ. Мен құласам таудан құлап, жемтігімді аш қасқырға өзім тастайтын халге жеткен, суы қатты «жасықпын». Мұны, сірә, мақтан екен демеңіз. Бұл тек шекпені бүтін болса да шекісе-шекісе шегесі қатайып сынудан басқа сипаты қалмаған шетте жүрген шерменділердің «шеберлігі». Соған қарағанда жанашырың жаныңда жүрсе жалтақтық деген мойныңда отыратын қу екенін жоққа шығара алмайсыз. Ал, жат ішінде жалғыз жүрсеңіз, мейлі жасық болсаңыз да, жау қайтаратын батыр болмасқа шараңыз қалмайды, аға. Сонан кейін де сізді ӨЗІМ санап, өшкенім жанғандай, өлгенім тірілгендей шешіліп отырған түрім ғой.

Мен дүниеге келгенде аспанды тіреген Алтай тауларының бауырында ана құрсағынан көк көңнің үстіне шырылдап түсіп, түйе қомында тербетіліп, ат жалында аяқ бастым. Жалаң аяқ қозы қайырып, қой жайдым. Бозбала болған шағымда арқыраған арғымақ мініп, шұрқыраған жылқы бақтым. Серілік құрып секеңдеп. өзімді өзім сергелдеңге салдым.

Бүгін ауыр өндірісте ала таңнан ақшамға дейін қызмет атқарып, Қасымша айтқанда, «жанымның жылуымен қатын баламды асыраймын». Онан кейін уақыт шықса, өлең жазып, әдебиет жасап «адасып» жүрген аз ғана қазағымның рухына «тары себемін». Бір әйелім, екі ұлым бар, бір ұлым кәзір сіздің елде (Өскеменде) оқып жүр. Білімімді білгіңіз келе ме, серке санды сегізінші сыныпты ілмиген үшпен әрең бітіргем. Болды, қосымша ештеме жоқ. Жасымды сұрасаңыз, қырықтың қырқасынан қырқып өтіп, «ер жасы» делінетін елуге таман ептеп аяңдап барамын. Жасағанның жасаған жақсылығы шығар, жастары сексеннен асқан әкем мен апам әлі күнге қалқиып қаралығы мол дүниеге жарық беріп, бес атамның аруағы жатқан Баян-Өлгийдің Бессаласында отыр. Алланың берген аз ғана дарынының арқасында азды-көпті туынды жасадым, оншақты кітаптың иесі болдым. «Құдайы жоқ жердің сайтаны Құдай атанады» деп монғолдар айтпақшы, мына халық бүгін мені «ақын» дейді. Болды, өзім жайлы менің білетінім осы ғана.

Ал енді мен тауы да өлең, тасы да өлең болған қазақ деген халықтың қаншама қалың ақынының ішінен Қасымхан деген ақынды неге өзіме жақын санағанымның сырын айтайын. Ол дегеніңіз – жалықпай отырып, ұзынды ұзынға жалғасам, бір кітапқа арқау болатын ұзақ әңгіме. Тек қысқаша ғана баяндап өтсем, былайша:

Біз өмір сүретін Моңғолия деген елдің ішкі аймақтарына тіршілік үшін тарап кеткен мен секілді кезбе, «саяқ» қазақтар, шүкір, жетеді. Сондай қазақ ағайындардың бірі ертеректе осы Ерденетте тұрды. Енді, қарға тамырлы қазақ болғасын, бір-бірімізді өзімізше жақын тартып, аманымыз түзу, кірісіп шығысып жүретін едік. Бір қыз, бір ұлы бар сол ағайдың жалғыз қызы монғол мектепте оқып жүрсе де, менен үнемі қазақ тілінде жарық көрген кітаптарды алып оқып, өлең, әңгіме туралы сөз қозғап, өзінше жалғызсырап жүрген ақынға «серік» болып, ешбір кіршіксіз көңілмен еркелей ағалап жүретін. Өзімнің қызым жоқ болғасын ба, жанымдай жақсы көретін едім. Бірақ сол қыз қырмызыдай құлпырып енді-енді ержете бастағанда, айықпас ауыруға шалдығып, бар жоғы он бес-ақ жасында дүниеден қайтты. Мен жас балдырғанның өліміне қатты күйзелдім. Өлерінің алдында сырқатының салдарынан біраз жатып қалды. Жұмыстан соң әдейі барып, жанына отырып, көңілін ауламаққа өлең оқып беремін, әңгімелесіп, әртүрлі сөз қозғаймын ғой. Ол соған ерекше риза болады, кәдімгідей қуанады. Сондай күндердің бірінде мен тағы да бара қалып едім, ол ерекше қуанышпен бір кітап көрсетті. Сосын:

«Махаббатқа куә болған дала-ау бұл, 

Бәрі орнында анау өзен, анау қыр. 

Алматыға кеткенімде мұңайып,

Осы ауылда бір қыз қалған сонау жыл... деп бастап,

 

...Он бесіңде шешек аттың, гүл аттың,

Мына жерде қызғаныштан жылаттым.

Сенің ойлы көздеріңе ғашық боп,

Сенің аппақ көйлегіңді ұнаттым...» деп жалғасатын ұзақтау бір өлеңді аса бір сезімталдықпен мәнерлеп отырып жатқа оқыды.

Қош, ғажайып өлең!

Он бес-ақ жастағы ауру қыз тағы сол секілді көптеген өлеңдерді тағы сол секілді ғажайып бір толқыныспен оқи берді, оқи берді. Дәрігерлер «ешбір дауасыз» деп үйге шығарып жіберген, бірақ оны өзі білмейтін (менің ойымша), әйтсе де, күн санап жатқан бүлдіршін қыз өзінің айтқысы келген ой, арманын сол өлеңдер арқылы маған жеткізіп, сыр ақтарған  секілді. Өлеңдерді оқып біткен ол сол ғажайып жұмсақ ғашықтық өлеңдердің әсерінен арыла алмаған қалпы әңгімеге кірісіп:

- Аға, айтыңызшы маған, ғашық болу деген соншалық ғажайып сезім бе? Махаббат деген не өзі соншалықты? Қыз деген жандардың несі қызық сіздерге? Ақындар, сіздер неге сонша үздіге бересіздер осы... - деді маған от шашқан қап-қара жанарын қадай түсіп. Шынымды айтайын, аға, өмірде бірінші рет ер жүрегім екі бөлініп түсті. Не дерімді білмей қипақтадым, күлдім, сосын барымша жайбарақат қалыппен сөйледім. Бейне сын беріп отырған секілді. Бара-бара шешілдім, махаббат деген сезімді өлім аузында жатқан «ақ ұлпа» пәк пендеге ақырын-ақырын жеткізе бастадым...

Жиырма бес жастағы «көпті көрген» жігіттің, махаббаттың «майталман жыршысы» - ақынның әңгімесі оның көңіліне жақты білем, маған рахметін айтып, тағы біраз өлең оқыды да, ештеңе болмағандай:

- Аға, «БЕСІКТЕН БЕЙІТКЕ ДЕЙІНГІ» (бұл Сіздің кітаптың аты еді) өмір деген неткен тәтті еді де, неткен қысқа, келте еді. Амалым қанша, амалым... Ғаламат мына жалғанға бір сұлу қыз бала болып жаралып, ғашық болып үлгермей жатып, сөніп кету деген не деген, не деген өкініш еді... - деп көкірегі қарс айырыла күрсінді.

Айтқанға ғана жеңіл, егер дәл сол бір сәтті өзіңіз көзіңізбен көрсеңіз ғой. (Ол өлетінін әлдеқашан білген екен). Күрсінудің қандай ауыр арпалыс екенін мен сонда алғаш рет жан-тәніммен түсіндім. Темірден жаралғам жоқ ғой, шыдамым таусылып, үн шығармай, ағыл-тегіл егіліп, тоқтай алмай жыладым. Сонда не болды дейсіз: «Аға, дап-дардай жігіт бола отырып, қыз алдында жылаудан ұялсаңызшы», - деп күлімдеп, кіп-кішкентай алақанымен жасымды сүртіп, басымнан сипағанын қайтерсіз...

...Сондай асыл перизат өмірінің соңғы сәттерінде сол кітаптан ләззат тауып, басына жастанып жатып, бұ дүниеден қайтқанда сол кітапты маған қалдырып кетті. «ЖОҒАЛТПАҢЫЗ» деді. «Жоғалтуға» кімнің дәті шыдар, әлі сақтаулы. Кітапханамның төрінде тұр.

Күні бүгінге дейін сол асыл жанды ойлаған сайын, есіме алған сайын «БЕСІКТЕН БЕЙІТКЕ ДЕЙІН»; «ҚАСЫМХАН БЕГМАНОВ» деген есімдер еріксіз тіліме оралып, жұп-жұқа көк кітап көзіме көрінеді (бұл Қасымхан деген ақынның ақын болғандығының, барша мақсаты орындалғандығының ап-айқын бір көрінісі деп ойлаймын, әрі сенемін, аға).

Мен сізбен содан бері сыртыңыздан «достасып» келемін. Сіз тілесеңіз де, тілемесеңіз де, бұдан былай да достаса беремін!..

Қош. Әзірше осы, аға. Бізде түн болды, таңертең жұмыс.

Ініңіз Байыт ҚАБАНҰЛЫ.

Ерденет. Моңғолия

 

(Жазба автордың facebookтегі парақшасынан алынды )

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2169
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2571
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2447
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1672