Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Құсни хат 4740 0 пікір 25 Наурыз, 2015 сағат 02:29

НАУРЫЗДЫ СЕЗІНУ...

Сезінем деп,
Сезілсін деп Наурыз,
Естігенін жасап жатыр кәрі қыз!
Көргеніміз көп емес пе,
Көпіртіп,
Жол көрсеттік бәріміз!

Жеті дәмді санап жатыр базарлап,
Жетпей қалса болмайтындай соған нақ.
Телеарналар жасап қойған өлшемін
Естігенін, білгендерін бағамдап.

Көрсетем деп ата-баба дәстүрін,
Оқалы тон, қошқар мүйіз тақтырдың.
Екі күнде қайта салды сандыққа,
Есік жаққа іліп қойған басқұрын!

Көрсетем деп мерекенің бейнесін,
Телеарналар көрсетуде термесін.
Ұлттық ою – европаланып кетіпті
Әшекейлеп жүргізуші кеудесін!

Көңіл толар мерекенің түрі ме?
Кіре алмадық көршінің де үйіне!
Сырты қазақ, іші басқа – туыс көп,
Айтшы, мұның сыры не?

Әз Наурыз келген кезде ашылып,
Бата-тілек, бал-бауырсақ шашылып,
Арқа-жарқа тойлаушы едік, әттең-ай,
Дос-дұшпанды берекеге шақырып.

Келетіндер мерекелеп келмеді,
Қу тірлік байлап алған пендені.
Бара алмадық біз де ешкімнің үйіне
Үзе алмадық кермені!

Балалар да тым әдемі киініп,
Қырық үйге кіре алмады жүгіріп.
Ақсақалдар елге ақыл айтпады,
Ал әжелер көрінбеді тығылып.

Сезінем деп,
Сезілсін деп Наурыз,
Әлімізше көже іштік бәріміз.
Бірде бүтін,
Бірде жыртық дүние-ай,
Бірде түк жоқ, бірде толы сары уыз?!

Ұнамаса шарт сынатын тағымыз,
Айғыр болып, топ бастады-ау жабымыз!
Сезіндірген мизам шуақ мерейін
Сен, аман бол, көже істеген сары қыз...

П/С үшін Наурыз тілегі 

Сезінем деп,
Сезілсін деп қиналдым,
Қонақ келсе Наурыз көже құйғанмын.
Пенде тұр ғой, үкіметтің өзінде
Бірі де жоқ мерекелік сыйлардың!

Мерекені күтті-ау жұртым қаймана,
Демалыстай сезіледі жәй ғана.
Жетім қыздың тойы сынды өтуде
Жым-жырт қала, жым-жым ауыл, айнала!

Сезінем деп,
Сезіне алмай бабамды,
Қандай уыт жайлап алған адамды?
Тәңірге айтар «Наурызнама тілегім»
«Қорлаттырма, сорлаттырма санамды»!

Сезінем деп,
Сезіне алмай әжемді,
Іше алмадым әжемменен көжемді.
Алаңдағы жетім тойдан қайтып кеп,
Арыз жаздым өлеңменен көлемді!

Бейсен АХМЕТҰЛЫ.

Астана.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 446
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 237
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 263
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 259