Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Қоғам 15094 0 пікір 2 Сәуір, 2015 сағат 15:28

ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАҒДАРЫС ЖӘНЕ БІЗ

Әлемдік экономикалық дағдарыстың Қазақстанға ықпалын төмендету үшін қандай шаралар қажет?

Соңғы жылдары бұл сауалға жауап іздемеген сарапшылар кемде кем шығар. Мәселенің алғы-шарты еліміздің соңғы уақыттарда қолға алынған іс-шаралар жүйесімен байланысты өрбуде. Бұл шараларды мақтап та сынап та жатқан мамандар жеткілікті. Бұл шаралардың тиімділігін арттыру үшін не істеу керек? Осы төңіректе ой толғап көрелік.

Біріншіден, Қазақстандағы ең күрделі әрі шешілуі қиын мәселелердің бірі бюрократиялық аппараттың ықпалының күшті болуы. Қазақстанда мемлекет реттеуші рөлден басқарушы рөлге ие. Бұл нарықтық экономикаға тән емес құбылыс. Бір кәсіпорынды ашу үшін кәсіпкер ондаған кабинеттерге жүгіріп рұқсат қағаздарын рәсімдеуі керек. Кәсіби мемлекет идеясын ұсынған Елбасы бірінші кезекте осыны айтса керек. Еліміздің алдында тұрған ең маңызды мәселе осы әкімшілік жүйеден бас тарту. Мемлекеттің функциясын өзіне тән қасиеттермен ғана толтыру болып табылады. Яғни, шенеунік қызметінің негізгі критериі оның тиісті рұқсаттарды қаншалықты дәрежеде жылдам беретіндігі мен жұмысының тиімділігіне байланысты бағалануы керек. Тек осы жағдайда мемлекет бюрократиялық аппараты қоғам мүддесіне жұмыс істете алады.

Екіншіден, инфрақұрылымдық кемшіліктер. Бұл бірінші кезекте қаржылық инфрақұрылымға байланысты қозғалатын күрделі мәселе. Ел экономикасын доллардан құтқару мақсатында Ұлттық банктің түрлі бағдарламалар қабылдауына қарамастан, қаржылық инфрақұрылымға ықпал ете алатын деңгейде емес. Неліктен? Мұндағы ең маңызды фактор еліміздің банк жүйесінде теңгенің тұрақтылығына деген сенімнің аздығын аңғаруға болады. Ұлттық экономиканың қозғаушы күші ұлттық валюта дейтін болсақ, мемлекет өз ішіндегі банктердің қай валютада несие беру мәселесін әлі күнге дейін шеше алмай отыр. Берілетін несиелердің негізгі бөлігі шетел валютасында болатын ел экономикасының қаржыға деген сұранысы қанағаттандырылмаса, қаржы ресурстарына деген мұқтаждық экономикалық өсімді тежейді. Бұл жағдайда кәсіпкер амалсыздан шетел валютасында несие алуға мәжбүр болатындығын ескерсек, ұлттық валютаның шетел валютасына шаққандағы кез-келген өзгерісінің қаншалықты баға қымбаттауы немесе кәсіпорынның жабылуына ықпал ететіндігін аңғару қиын емес. Сондықтан мемлекет алдында тұрған ең маңызды мәселелердің бірі мемлекетті арзан қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету.

Үшіншіден, экономиканың экспортқа немесе импортқа етене тәуелді болуы. Қазақстанда өндірілетін негізгі өнім шикізат болғандықтан бірінші кезекте әлемдік нарықтағы шикізат құнына деген тәуелділік бар. Тіпті дайын өнімнің өзін Қазақстан тек өз тұтынушыларына ғана дайындайды деп айта алмаспыз. Олардың негізгі экспорты көршілес елдерге келетін болсақ, ол елдердегі кез-келген экономикалық дағдарыс тікелей елімізге ықпал ететіндігін түсінуімізге болады. Мысал ретінде рубль күрт құлдыраған тұстағы Ресейді айта кетуге болады. Рубльдің құлдырауы Ресей тауарларын кедендік одақ шеңберіндегі ең арзан тауарға айналдырды. Яғни, дәл осындай тауар өнімін шығаратын Қазақстандық өндіруші өзінің бәсекеге қабілеттігін төмендетіп алды. Бұл жағдайда ұлттық өндірушілерді қорғаудың бірнеше әдісі бар. Біріншісі, баж салықтарын көбейту. Бірақ бұл мүмкін емес. Себебі, біз кедендік одақ мүшесіміз. Екіншісі, экономиканың нақты секторына субсидия немесе арзандатылған кредиттер беру арқылы бәсекеге қабілеттілікті тұрақтандыру және тауар өндірушілерді ішкі нарықтың сұраныстарын қанағаттандыруға ынталандыру. Бұл жағдайда мемлекет бірнеше маңызды мақсаттарға қол жеткізеді. Олар ішкі нарықты қамтамасыз ететін жаңа экономика салаларын қалыптастырады, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, валюталық тұрақтылық сұраныс тұрақтылығын қамтамасыз ететіндігін ескерсек, халықтың әл-ауқатын арттыру.

Төртіншіден, ел экономикасында білікті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету. Бұл бірінші кезекте еліміздегі орта-арнайы білім беретін оқу орындары мен жоғары оқу орындарының алдында тұрған мақсат. Соңғы жылдары біртіндеп қолға алынып келе жатқан маңызды мәселе осыған бағытталған. Еңбек ресурстарының көптеп шетелден ағылып келуінен ұлттық еңбек нарығының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі екі факторды атап өту керек. Біріншіден, шетелдік жұмысшы күшін тарту үшін рұқсат беру жүйесін жетілдіру. Екіншіден, біліктілікті бағалаудың ұлттық стандарттарын енгізу. Еліміздегі арнайы орта білім беру мекемелері және жоғары оқу орындарының жұмыс берушілермен тығыз байланысына негізделген жоғарыдағы механизм мемлекеттің ұлттық еңбек нарығын қорғауға алғышарттар жасайтындығы айқын. Сондай-ақ маңызды қолға алынуы тиіс мәселе, Қазақстандағы оралмандар мәселесін шешу. Бұл мәселенің оңтайлы шешілуі ұлттық еңбек нарығына білікті, ұлтжанды мамандардың келуіне оң ықпал ететіндігіне ешқандай күмән жоқ. Себебі, оралмандар қауымы шетелде бөтен ортада қалыптасқан қауым болғандықтан маман ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін екі есе күшпен дәлелдеуге мәжбүр. Олардың жат ортада маман ретінде қалыптасуы өз Отанына қызмет етуге деген ниеттерін жүзеге асыруға деген ынта тудырады.

Бесіншіден, мемлекет өзінің экономикадағы жетекші рөлін шектеуі керек. Яғни, біріншіден, Самұрық-Қазына қоры құрамындағы профильдік емес активтер нарықтық ортаға бейімделуі, яғни, жекешелендірілуі керек. Соңғы уақытта мемлекетте белең алып келе жатқан тенденция жекешелендірілмей қалған объектілерді Самұрық-Қазына қорының балансына аудару. Неге? Өйткені, онда қаражат бар. Бұл дұрыс емес. Біріншіден, Самұрық-Қазына жәй қатардағы қор емес, ең ірі мемлекеттік қор. Екіншіден, ол қордың негізгі қызметі өтпей қалған объектілерге қожалық етіп ақша жоғалту емес, керісінше, активтерін арттыру арқылы Қазақстан Республикасының азаматтарының, яғни, Сіз бен біздің әл-ауқатымызды арттыруға көмектесу. Үшіншіден, Самұрық-Қазына қоры бірінші кезекте мемлекеттік қор және онда мемлекеттік ұйымдарға тән менеджменттегі тиімсіздік мәселесі бар. Оның үстіне қор туралы ақпараттың қол жетімсіздігіне назар аударсақ бұл активтермен не істеліп жатқандығын қоғам да біле бермейді. Ал жекешелендірілудің негізгі критериінің бірі мекемедегі жұмыс өнімділігі мен мекеменің әкелетін пайдасы болуы керек. Мемлекетке пайда әкелмейтін активтер тек мемлекет қаражатын жеумен ғана айналысады. Бұл экономиканың маңызды элементі болып табылатын Самұрық-Қазына секілді қорлардың қызметіне кері әсерін тигізеді. Екіншіден, әр түрлі министрліктердің жанында осы мемлекеттік органдарға тән емес, қызметтермен айналысатын түрлі мемлекеттік мекемелерді нарықтық ортаға жіберу керек. Бұл біріншіден мемлекеттік органдардың өздеріне тән емес қызметтермен айналысуын шектейді. Екіншіден, мемлекеттік бюджет мойнындағы осы құрылымдарды қамтамасыз етуге кететін қаражаттарды үнемдейді. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда бірнеше маңызды нәтижеге қол жеткізуге болады. Біріншіден, мемлекеттік шығындар көлемі азайып, мекемелердің еңбек тиімділігі артады. Екіншіден, бүгінгі күні Қазақстан экономикасының маңызды бөлігі мемлекетпен байланысты квазимемлекеттік мекемелер арқылы басқарылатындығы белгілі. Бұл нарықтық экономикаға кері әсерін тигізетіндігі сөзсіз. Квазимемлекеттік мекемелердің санының азаюы елдегі нарықтық тетіктердің дамуына оң серпіліс беретіндігі сөзсіз.

Алтыншыдан, мемлекет экономиканы бағыттаушы қызметін шектеуі керек. Айталық мемлекеттік үдемелі-индустриялық даму бағдарламасы, кластерлік экономика және ондаған осыған тән бағдарламалар мемлекет тарапынан басталып үлкен экономикалық қаржылық қолдауға ие болғандығымен өкінішке орай өз тиімсіздігін көрсетті. Неліктен? Өйткені, мемлекет нашар менеджер. Бұған мысал ретінде самолет жинамаған самолет зауыттарын, планшет жинамаған планшет жинаушы зауыттарды келтіруге болады. Мемлекеттік бағдарламалардың негізгі кемшілігі оның мемлекеттік табиғатында жатыр. Яғни, мемлекеттік бағдарламалар табиғи, яғни, нарықтық жолмен емес, жоғарыдан таңылған бағдарлама ретінде қабылдануда. Мұнда мемлекет бағдар берушіге қарағанда нарықты реттеуші және шикізаттық емес сектордағы барлық бастамаларды қолдаушы болғандығы орынды болар еді. Яғни, мемлекет елдің дамуын көздейтін кез-келген бастамаға қолдау білдіріп оңтайлы экономикалық механизмедерді ұсына алуы керек.

Жетінші қадам - шағын және орта бизнестің дамуының кешенді бағдарламасы. Кез-келген мемлекет өзінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі фактор ретінде орта тапқа ал оны қалыптастырушы күш ретінде орта және шағын бизнеске ерекше мән беретіндігі белгілі. Орта және шағын бизнес өзінің икемділігімен, өміршеңдігімен ерекшеленеді. Қазақстан Үкіметінің алдына қойылған негізгі мақсат осы орта және шағын бизнестің экономикадағы үлесін 70 пайызға дейін өсіру қарастырылуы керек. Тек осы көрсеткішке қол жеткен жағдайда экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізу мүмкін.

Біздің ұсынып отырған механизмдеріміз жаңадан ойлап табылған «велосипед» емес. Ол - әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесі. Алпауыт ел мен тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін осы жеті қадам халықтың әл-ауқатын арттырып, келе жатқан ғаламдық экономикалық дағдарысты еңсеруде өз септігін тигізер деген ойдамыз.

Шыңғыс ЕРГӨБЕК

Abai.kz

0 пікір