Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Қоғам 8522 0 пікір 3 Сәуір, 2015 сағат 15:53

ЖОО: ОЙ ЕРКІНДІГІ ДЕ, ИННОВАЦИЯЛЫҚ РУХ ТА ЖОҚ

Қазақстанның инновациялық дамуын қамтамасыз етудегі жоғары оқу орындарының орны. Ол қандай болуы керек? Осы сұраққа жауап іздеп көрейік.

Әлемдегі инновациялық даму үдерістері соңғы уақытта алдыңғы қатарға білім мен ғылымның шығып келе жатқандығын айқындады. Өкінішке қарай, Қазақстан өзінің инновациялық дамуының барысында білім беру мекемелеріне көп жағдайда жеткілікті мән беріп отырған жоқ. Ең жақсы жағдайда еліміздің бірқатар ЖОО базасында жаңа қабылданған мемлекеттік индустриялы-инновациялық даму бағдарламасы үшін инженер мамандар даярлауды көздейді. Алайда, ЖОО жаңа индустрияландыру мен инновациялардың маңызды орталығына айналып отыр. Бүгінгі күні дамыған елдердегі инновациялардың негізгі бөлігі ЖОО есебінен жүзеге асырылуда. Яғни, университеттер тек қана білім беру мекемелері ғана емес, іргелі зерттеулер және іргелі зерттеулер нәтижесінде пайда болатын өнімдерді жүзеге асырушы субъектке айналып отыр.

Болашақтың мамандығы қандай? Министр де, біз де білмейміз

Қазақстан жағдайында өкінішке қарай, жоғары оқу орындары өз миссиясын толыққанды жүзеге асыра алмауда. Неліктен? Жоғары оқу орнындарының инновациялық әлеуетін пайдалану үшін не істеу керек? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Біріншіден, академиялық автономия. Шын мәнінде Аслан Бәкенұлы Сәрәнжіповтің (суретте) Білім және ғылым министрі болып тағайындалған алғашқы сәтіндегі   сұхбаты барша халықтың есінде шығар. Ол сұхбатында жаңа тағайындалған министр өзінің болашақта қандай мамандықтардың керек болатындығын білмейтіндігін айтып, біздерге компьютерлік сауаттылығы бар, сараптамалық мүмкіндіктері қалыптасқан мықты мамандар керек деген болатын. Ол кезде министрліктің әлсіздігі ретінде қарастырылған бұл интервьюге назар аударсақ, жас министрдің біраз позициядан көзқарасы дұрыс екендігін, алайда ойын жеткізе алмағандығын аңғару қиын емес. Бүгінгі күні инновациялардың қарқынды дамуына арқа сүйейтін экономикалық салаларда күніне мыңдаған жаңа өнім түрлері мен қызметтер жаңадан шығып жатқандығын ескерсек, министрдің болашақта қай мамандықтың сұранысқа ие боларын білуі шынымен екіталай. Алайда, бұл жағдайды өзгерту үшін министр ештеңе істемеді.  Не істеу керек еді?

Мұнда бірінші кезекте жоғары оқу орындарына академиялық автономия беру керектігі айқын. Бұл жағдайда жоғары оқу орындары өзінің құрамында қызмет көрсететін түлектер ассоцияциясы немесе жұмыс берушілер ассоцияциясы арқылы оқу бағдарламаларына тиісті өзгерістер енгізіп отыру мүмкіндігіне ие болады. Біздің елімізде жоғары білім беру кеңестік дәуірден қалған мемлекеттік стандарттар мен министрліктің өктемдігіне арқа сүйеп келе жатыр. Бірінші кезекте қоғамның белгілі мамандарға деген сұранысын және маман сапасын анықтау жұмыс берушінің миссиясы болып табылады. Өкінішке қарай, көптеген университеттерде жұмыс берушімен әріптестік  жылына бір рет өткізілетін дәстүрлі вакансиялар жәрмеңкесімен аяқталады.

 ЖОО-ға  еркіндік тимей,  еңбек нарығындағы сұранысты қамту қиын

 

Екінші маңызды мәселе, жоғары оқу орындарына жаңа мамандықтарды енгізуге жағдай жасау. Бүгінгі күні жаңа мамандық енгізу мүмкіндігі Білім және ғылым министрлігі тарапынан қабылданған мамандықтар классификаторымен шектелген. Бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарының бірінде Елбасы Қазақстандағы 10 университетте индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында инженерлер дайындалатындығын айтқан-ды. Қызықтың бірі осы жерде басталады. Білім және ғылым министрлігінің мамандықтар классификаторында инженерлік мамандықтар ұғымы жоқ. Тіпті техникалық мамандықтардың өзі инженерлік мамандықтар ұғымын қамтымайды. Инженерлік мамандықтар классификаторда ауылшаруашылық ғылымдарының ішінде де, өзге салаларда да кездеседі. Яғни, Қазақстан Республикасында инженер мамандар даярланбайды. Сонда Президенттің сөзі қалай жүзеге асады? Академиялық еркіндік шеңберінде жоғары оқу орындарына жаңа мамандықтар ашу мүмкіндігін қарастыру қажет. Мұны белгілі бір классификатормен шектеу ертең маман тапшылығын тудырады. Оның үстіне бүгінгі күні мамандықаралық мамандарға сұраныс ұлғайып келеді. Яғни бұрын тек қана археолог керек болатын болса, бүгінгі күні археолог-антрополог секілді пәндер мен ғылымдар тоғысындағы мамандарға сұраныс көп. Немесе бұрын қаржыгер қажет болған болса, бүгінгі күні әлемде қаржы саласындағы инжиниринг мамандығына сұраныс үлкен. Осы секілді мамандарды даярлауда бүгінгі күні ресми бекітілетін классификатор уақыт талабына сай икемделе алмай отырғанын айту –парыз! Яғни реформалардың негізгі легі – ЖОО еркін түрде мамандық таңдап, тиісті мамандар дайындауға деген еңбек нарығындағы сұранысты қамтамасыз ету болып табылады.

Оның үстіне біздің елімізде білім беру жүйесінде монополизациялауға деген ұмтылыс жоғары. Мысалы, оқытушылардың біліктілігін арттыру бағдарламаларын жүзеге асыру тек қана Назарбаев университеті мен «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығы» акционерлік қоғамына берілген. Неге? Түсініксіз. Ондаған жылдар бойы біліктілікті арттыру тәжірибесі бар жоғары оқу орындарының ұсынған курстарының қай жері ұнамай қалды? Тағы да түсініксіз. Біліктілікті арттыру, қосымша білім беру секілді мәселерді бәсекелестік ортаға берген дұрыс. Себебі, оқу бағдарламаларының кемелденуі тек қана бәсекелестік ортада қалыптасуы мүмкін. Жоғары оқу орындары біліктілікті арттыру курстарын жүзеге асыру арқылы өздерінің негізгі тұтынушыларына жақын болады.

Жоғары оқу орындары қысқа мерзімді оқу бағдарламаларын және атқарушылық бағдарламаларды жүзеге асыру еркіндігіне ие болуы керек. Бұл «өмірлік білім алу» (Н.Назарбаев) тұжырымдамасының негізі. Жоғары оқу орындары жұмыс берушілердің мамандарының біліктілігін көтеру немесе қосымша мамандықтар алуын қамтамасыз етуге тиіс мекеме. Бұл үшін жоғары оқу орындарының әлеуеті де, материалдық-техникалық базасы да жетеді. Алайда бүгінгі күні мұны жүзеге асыру үшін жоғары оқу орындары түрлі рұқсат қағаздар алуы керек.

 Біліктілікті тек қана жұмыс беруші айқындай алады

Инновациялық бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – халықаралық деңгейде мойындалған, жұмыс беруші тарапынан жоғары оқу орындары түлектерін сертификациялаудың тәуелсіз жүйесін қалыптастыру. Бұл өкінішке қарай, Қазақстанда жүзеге асырылмай отырған шаралардың бірі. Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясында инженерлік және техникалық мамандықтардың тиісті дамуын халықаралық деңгейде мойындалатын дербес сертификаттау жүйесі арқылы қамтамасыз етуді тапсырды. Логика бойынша түлек университетті бітіргеннен кейін әлі толыққанды маман болып есептелмейді. Өйткені, оның біліктілігін бағалау тәуелсіз жұмыс беруші тарапынан мойындалуы керек. Осы процесті сертификация деп атайды. Қазақстан нарығындағы жұмыссыздықтың себептерінің бірі еңбек нарығы мен жоғары оқу орындары тарапынан шығарылып жатқан түлектердің біліктілігі арасындағы қайшылықтан туындап отыр. Жұмыссыз заңгерлер, экономистер қайдан шығады? Оны  ұл мамандықтар бойынша диплом алған мамандар санының көптігіне байланысты құбылыс деп айтуға болмайды. Өйткені, еңбек нарығында сапалы заңгерлер мен экономистерге деген сұраныс өте жоғары деңгейде. Мәселе шығарылған маман сапасында, оның біліктілігінде.

Ал біліктілікті тек қана жұмыс беруші айқындай алады. Өйткені, ол еңбек күшін негізгі тұтынушы. Қазақстанда халықаралық сертификациядан бұрын ұлттық сертификация жүйесін қалыптастыру керек. Есесіне, ол бірінші кезекте ұлттық деңгейде қабылданатын ұлттық біліктілік стандарттарына арқа сүйеуі тиіс. Бұл өз кезегінде: Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі, Білім және ғылым министрлігі тарапынан жүзеге асырылуы тиіс іс-шара болып табылады. Ұлттық сертификация бірінші кезекте Қазақстанның еңбек нарығын қорғау үшін қажетті механизм. Шетел тәжірибесіне арқа сүйейтін болсақ, бұл стандарттар белгілі бір қызмет түрімен айналысу үшін лицензия секілді қарастырылады. Яғни, бұл талаптарға сай келмейтін мамандар ол мемлекетте жұмыс істеу мүмкіндігінен айрылады деген сөз. Ұлттық біліктілікті бағалау жүйесін қалыптастырмай халықаралық сертификацияға қадам басу мүмкін емес. Әрине, Еуропалық деңгейде біліктілік сертификациясымен айналысатын, FEANI немесе Азия-Тынық мұхит аймағында APEC Engineer секілді ұйымдар бар. Алайда, бүгінгі күні ортақ еңбек нарығын қалыптастырып үлгерген Еуроодақ елдерінің өздері бұл мәселеге байланысты ортақ шешімге келе алмай отыр. Бір мемлекеттерде сертификациямен мемлекеттік органдар айналысса, бірінде үкіметтік емес ұйымдар айналысады. Өкінішке қарай, біздің елімізде бұл мәселе айтарлықтай төмен деңгейде. Неліктен? Өйткені, біліктілікті бағалау өлшемдері қалыптаспаған. Біліктілікті бағалауға деген біртекті көзқарас жоқ. Концепция айқын емес. Ұлттық біліктілік стандарттарын анықтаумен кім айналысуы керек деген сауалға Білім және ғылым министрлігі Денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету министрлігіне сілтесе, аталмыш министрлік жұмыс берушілер қауымдастығына сілтейді. Бұл жағдайда тиімдісі жоғарыда айтылғандай үш тараптың ортақтаса отырып бір шешімге келгені. Сондай-ақ, біліктілікті бағалауды Ұлттық кәсіпкерлер палатасында арнайы жұмыс берушілердің маманданған Ассоцияцияларының жүзеге асырғандығы орынды. Себебі, кәсіпкерлер палатасы бүгінгі күні Қазақстан Республикасының еңбек нарығының ең негізгі тұтынушысы - кәсіпкерлердің мүддесін қорғайды. Салалық Ассоцациялар өздерінің сертификациялық қызметі бойынша кәсіпкерлік қауымдастық алдында жауап беретін тұлғаға айналады.

ЖОО-да ректор, білім беру жүйесінде министр ғана ақылды ма?

Инновациялық дамуды қамтамасыз етудегі маңызды қадам - оқу орындарының әкімшілік автономиясын қамтамасыз ету. Әлемдік тәжірибе ректорларды тағайындауға қарағанда, сайлаудың тиімділігін көрсетеді. Осы уақытқа дейін еліміздің кез келген жоғары оқу орны Білім және ғылым министрлігінің ажырамас бөлшегі деп қарастырылады, ал ректорлар орталық мүддесін қорғаушы элемент. Одан қалды, университет көлемінде ешқандай ой еркіндігі жоқ. Жоғары оқу орындарында ректорлар ақылды, ал білім беру жүйесінде министрден ақылды ешкім жоқ секілді көрінеді. Бұл жағдайда университет өзінің маңызды функциясы инновациялық рух қалыптастыру мүмкіндігінен айрылады. Оны айтасыз, әлем тәжірибесінде университет кез келген демократиялық қоғамның тірегі болып табылатын азаматтық қоғамды қалыптастыру мектебі. Ол бірінші кезекте саяси ой еркіндігіне арқа сүйейтін саналы азамат қалыптастыруы керек. Жас буынның шынайы патриоттық сезімін қалыптастыру «мен басшы болғандықтан ақылдымын – ал сен қосшы болғандықтан ақымақсың» қағидасына арқа сүйейтін қоғамда болуы мүмкін емес. Яғни, біз еліміздің білікті мамандарын ғана қалыптастырып қоймай, оларды еліміздің болашағын ойлайтын патриот қылып қалыптастыруды жоғары оқу орындарының негізгі миссияларының бірі ретінде ұстануымыз керек.

Оның үстіне жоғары оқу орындарында оқытушы мен студенттердің құқықтарын қорғайтын үкіметтік емес секторды дамыту маңызды. Бірінші кезекте бұл студенттер мен оқытушыларды басшылықтан өзге, өзінше  ойлағандығы үшін қудалауды болдырмау үшін қажет механизм. Бүгінгі күні жоғары оқу орындарының жанындағы кәсіподақтар университет басшылығымен тең дәрежелі әріптес емес, өз миссиясын түсінбейтін, кей жағдайда түсінгісі келмейтін, университет басшылығының меңзеуімен ғана жүретін «ноқталы» органға айналды. Бұл да университеттегі еркіндік рухына жасалып жатқан қиянаттың бірі.

Осы мәселелердің шешімін табу  үшін ең алдымен әр деңгейде құзіреттіліктер мен өкілеттіктер айқындалып, академиялық еркіндік қағидаларына сәйкес әр түрлі деңгейдегі басшылықты сайлауды енгізу арқылы олардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету маңызды.

 Бізде венчурлық капиталист – мемлекет

Инновациялық дамуды қамтамасыз етуде университеттердің орны жоғарыда аталып кеткендей тек қана маман даярлаумен шектелмейді. Ол инновациялық инфрақұрылымның маңызды бөлігі. Ұлттық дербес инновациялық инфрақұрылымды қалыптастырғысы келетін мемлекет бірінші кезекте жоғары оқу орындары мен ғылыми институттардағы ғылымның дамуына мән береді. Қазақстанда бұл факторлардың барлығы көп жағдайда қайтадан Білім және ғылым министрлігіне барып тіреледі. Себебі, Білім және ғылым министрлігі ғылыми жобаларға негізгі грант таратушы субъект. Жарайды, жақсы делік, бұл мемлекеттің білім мен ғылымға берген қолдауы деп қарастырайық. Бірақ осы гранттарды бөлу мен олардың нәтижелерін өндіріске енгізу қаншалықты дәрежеде қадағаланып отыр? Төмен деңгейде. Неліктен?

Өйткені, министрлік кез келген мемлекеттік бюрократиялық аппарат ретінде бірінші кезекте жобалардың қағаз жүзінде жүзеге асырылуын қадағалаумен ғана шектеледі. «Қағазы» дұрыс болса - ғылыми жоба өз миссиясын атқарды деп есептеледі. Алайда, ғалымның жұмысы жобалар шеңберінде есеп жазумен емес, оның идеяларының құндылығымен және ол идеялардың жүзеге асуымен айқындалуы керек. Оның үстіне мемлекеттен бөлінген қаражаттың негізінде жасалған ғылыми-зерттеуді өндіріске енгізуді қадағалау деген тағы да бір сауал туындайды. Ол үшін ғалымға инвестор табу керек. Ол үшін ғалымға өндіріспен байланыс орнату керек. Ол үшін ғалымға өз өнімін көрсету, таныту, мойындату мүмкіндігін қарастыру керек. Мұның барлығы венчурлық капиталға деген сұранысты арттырады. Бізде бұл институт қажетті құрылым ретінде жұмыс істемейді. Неліктен? Бізде басты венчурлық капиталист - мемлекет. Ал мемлекет бұған өз уақытын да, қаражатын да жұмсағысы келмейді. Өйткені, тәуекелі мол. Өйткені, қазақстандық ғалымдардың әлі тексеруден өтпеген, алайда болашағы бар зерттеулеріне арқа сүйегенше,  шетелден аппробациядан өткен өнімді қымбат бағаға сатып алған тиімді деп ойлайды. Бұл - өзімізді іштей тежеу!

Бұл мәселені шешу үшін де университеттер жанындағы инновациялық инфрақұрылымға мән беру керек. Дамыған елдердің тәжірибесі университеттерді еркін экономикалық аймаққа ұқсас немесе еркін экономикалық аймақ қағидаларына арқа сүйейтін инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге тырысады. Біріншіден, ол жоғары оқу орындарын барлық салық түрлерінен босату. Екіншіден, жоғары оқу орындарына инвестиция салған кәсіпкерлерге түрлі салықтық жеңілдіктер беру. Үшіншіден, жоғары оқу орындарына шектелмеген көлемде коммерциялық қызметпен айналысуға жағдай жасау. Төртіншіден, қатысушыларының бірі жоғары оқу орны болып табылатын инновациялық жобаларға мемлекеттік қолдау көрсету. Бұл жағдайда жоғары оқу орындарына құйылатын инвестициялар көлемінің артып, венчурлық капиталдың дамуына мүмкіндік туады.

Осы қордаланған мәселелерді шешу заман талабына сай жоғары оқу орындарын қалыптастыруға септігін тигізеді деген ойдамыз. Себебі, жоғары оқу орындары ел мүддесін ойлайтын заман талабына сай маман даярлауға міндетті емес пе? Олай болса заман талабына құлақ түрген, ден қойған дұрыс.

 

Шыңғыс ЕРГӨБЕК

Abai.kz

0 пікір