Жексенбі, 12 Мамыр 2024
Мәйекті 6269 1 пікір 10 Сәуір, 2015 сағат 08:51

ШОУ – ТОБЫРДЫҢ ЕРМЕГІ. ҚАЗАҚҚА ОСЫ КЕРЕК ПЕ?

Кешелі бері «Абайды қорлаған әнші заң алдында жауап беруі тиіс», «Шал» мен «Келін» қазақты қорлаған фильмдер» дегендей материалдар оқып шықтым. Тоқ етері – мынау: «Бұлар қазақтың ар-намысын аяққа таптап, шоу жасап отыр» дегенге саяды. Бұл - бір.

Бірде Нұрлан Қоянбаевтың «Түнгі студиясына» қатысқан Бекболат Тілеухан ағамыз айтыстан жұлдызды шоу жасады екен деп ренжудің қажеті жоқ деді. 

- Баяғыда Торғайда Айса деген лақпа айтыскер ақын болған... Бірақ сол Айса өлең шығарды екен деп, қазақ поэзиясы тоқтап қалған емес. Одан кейін Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Маралтайға шейін келе жатқан поэзия тоқтап қалған жоқ қой?! - дей келе:

- Жалпы кез келген нәрсені насихаттап, популяризация жасаудың бір жолы шоу екеніне келісемін,-  дегендей пікір білдірді. Бұл енді – көптің көкейінде жүрген дүниелер. «Шал» да, «Келін» де, шоу-айтыс та... Қош.

Шоу деген не өзі? «Креатив», «жаңа формат», «эксперимент» дегенді білмейді емес, біз де білеміз. «Заманың қандай болса, бөркің сондай» деген. Бола берсін, жарайды.

Өткен жылдары бір маусым бойы Жетінші арнада «Super әжелер» шоуы көрсетілді. Әлгі жоба туралы телеарна мынадай түсініктеме берген екен:

«Super әжелер» атты жаңа төл жобамызда барлық таптаурынды жоққа шығарамыз. Қазіргі әжелер жастардан қалыспайды, тіпті олардан асып түсуі де мүмкін: түнгі клубтың face-controlінен оңай өтіп, суши-барда тамақтанады, әдемі билеп, спорттық көлікті еркін жүргізуі де мүмкін!».

Аталған шоудың бірнеше шығарылымын көрдім. Он шақты немересі бар әжеміз: «Кемпір деп кім айтты мені, мен әлі қызбын» дейді. «Осы шоуға қатысу үшін шалымнан қашып кеттім» дейді. «Осылай да осылай» деп желпілдеген «әжелеріміз» елдің түкпір-түкпірінен келген сияқты... Ал, жобаның анайы интерьерін, жабайы «сценарный ходтарын», тапсырмаларын көрсеңіз ғой, адам жиіркенеді. Эстетика деген мүлде жоқ. Әжелеріміз көшеде ән айтып, қайыр сұрап отыр.

Ал енді бұл шоудың немерелеріне айтар үлгісі мен ғибраты қандай? Қазақта әженің атқарар мисияссы осы болғаны ма? Super әжеге бас жүлде - 1 000 000 теңге екен. Ғасырлар бойы қалыптасқан ата-әже институтының тас-талқанын шығарудың құны – бар болғаны 1 миллион теңге. Солай екен деп, енді 2 миллион теңге жүлде тігіп, тәспі тартып, рэп оқыған Super аталарды шығарайық. Тағы 3 миллион тігіп бесікке түкіріп, дастарханды теуіп отырған Super келіндерді шығарайық. Бізге жетіспей жүргені шоу екен ғой?! Республиканың барлық жезөкшелерін жинап алып, домбыра ұстатып, киелі сахнаға алып шығайық. Бас жүлдеге 10 миллион теңге тігейік. Отандық арналардан көрсетейік. Шоуға соншалықты зәруміз ғой енді.

Сонда дейміз де, бір маусым бойы көрсетілген «Super әжелерге» ләм-мим деген жоқпыз. «Шал» мен «Келінді» сынағанда алдына жан салмаған ағайындар қайда? Бірде-біреуі, бірде-бір бұқаралық ақпарат құралы жақ ашқан жоқ.

«Өмірдің өзі – театр» деуші еді бұрынғылар. Бірақ театр сияқты мәртебелі өнер соншалықты төмен деңгейге түскен емес. Бүгінде «өмірдің өзі – шоу» дегеніміз дұрыс болар...

Дегенмен де, шоу – тобырдың ермегі. Баяғыда бір көсем: «Отарланушы елге күні-түні ойын-сауық көрсетіп, шоудан-шоуға "жеткізу" керек» деген екен.

Ал күні-түні шоу көріп отырған халық ұлт болып қалыптаса ала ма?

Жақында Мағжан Жұмабаевтың «Сауатты болында» мындай жолдарға көзім түсті: «Қазақ еш уақытта өспейді, өнбейді. Неге? Надандығымыздан». Осы сөзге қосып айтарымыз жоқ әзірге.

Дулат АМАНЖОЛ


Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1953
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2226
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1831
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1543