Жұма, 10 Мамыр 2024
Міне, әңгіме! 7415 0 пікір 15 Сәуір, 2015 сағат 12:46

БЕС ИНСТИТУТТЫҚ РЕФОРМА: ДАМУ ЖӘНЕ МӘҢГІЛІК ЕЛ

Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен Қазақстан саясаттанушылары конгресінің қатысуымен өңірлік сарапшылар форумы өтті. Алға озып айтар болсақ, форум кейбір жиындардағыдай жадағай баяндама, жаттанды сөзден аулақ тың пікірлермен өрбіп, жұртшылықтың көкейіндегі күмәнді сұрақтарға мүмкіндігінше жауап беруімен есте қалды.

Негізгі ұйымдастырушы Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры, модератор Ерлан Қариннің «Біз кейбір мәселелерде ашық кетіп, кейбір жағдайларда бір-бірімізден аулақтау жүруге тырысатындығымызбен мемлекеттік мүдде, ұлттық құндылық мәселелеріне келгенде бір қолдың саласындай бірігеміз» деуі біздегі орта буын саясаткерлер мен сарапшылардың идея баяндылығын байқатқан. Ерлан Қарин Елбасының «Нұр Отан» партиясының съезінде «Бес институттық реформа» туралы айтқан мемлекеттік саясат бағдарламасынан өрбітіп, елімізде өткен президенттік бес сайлау науқанының тұсындағы негізгі өзекті мәселелерді саралап берді. 1991 жылғы сайлауда тәуелсіздікке қол жеткізумен қатар, Қазақстанның билік құрылымдарын құру, мемлекеттік бағытын айқындау тұспа-тұс келсе, кейінгі сайлауларда да елімізді бүгінгідей қуатты мемлекет қатарына жеткізген мәселелер кезең-кезеңімен талданған. Ол әлемдік дағдарыс, геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы қарсаңында өткелі отырған биылғы сайлаудың ерекшеліктеріне тоқталды. Бұрын мұндай форумдар Алматы, Астана секілді ірі орталықтарда ғана өтіп келсе, енді облыс орталықтарына ауысқанын, билік пен қоғам арасында алтын көпірге айналып келе жатқанын айтты. Форумда облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Берік Құрманғали мемлекеттік саясат, бес институттық реформа жөніндегі ойларын ортаға салды. Ұлттық стратегиялық институттың директоры Бөріхан Нұрмұхамедов «Президенттік сайлаудың маңыздылығы» туралы пікірлерін АҚШ және Еуропа елдеріндегі сайлау үдерістерімен шендестіре жеткізді. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің «Саясаттану және халықаралық қатынастар» кафедрасының меңгерушісі Сәкен Мәжінбеков «Бес институттық реформаны іске асырудың аймақтық ерекшеліктері», «Абай-ақпарат» қорының вице-президенті, саясаттанушы Айдос Сарым «Бес институттық реформа: мемлекет дамуының жаңа кезеңі» тақырыптарында сөз сөйледі. Саясаттанушылар Ерлан Сайыров «Мемлекеттік саясатты жүргізуде ұлттық интеллигенцияның рөлі», Берік Әбдіғалиұлы «Болашағы біртұтас ұлт: мүмкіндіктер мен қиындықтар», Ғаппар Маймақов «Ел бірлігін нығайтудағы президенттік сайлаудың маңызы» жайында тың ойларын ортаға салды. Ерлан Қарин айтқандай, «Кей жағдайда пікір алуандығы, әртараптылығы байқалғанымен, ұлттық мүдде, мемлекеттік мәселеге келгенде ойы, іс-қимылы бір жерден түйісетін «саясат сарбаздарының» бірегейі Айдос Сарымның оқшаулау ойлары қалғыған сананы оятатындай, қазақ ұлтының пайдасына жұмыс жасайтын, төрт құбыланы түгендеуге ықпал ететіндей маңызға ие екендігімен ерекшеленді. Форумға қатысушылар айтылған пікірлерден үлкен олжа тауып қайтты.

*Форумға қатысушылар лебізі

Бөріхан НҰРМҰХАМЕДОВ, Ұлттық стратегиялық институттың директоры: Бүгінгі өткізіліп отырған дөңгелек үстелде көптеген мәселелер көтерілді, кейбір өткір тақырыптарға жауап таба алдық. Елбасы бүгінгі геосаяси жағдайға байланысты «бүтіндей алғанда бой көрсетіп отырған жаһандық сын-қатерлерге қалыптан тыс және күшті жауап беру керек» деген болатын. Тұтастай алғанда, Қазақстан Орталық Азияда жетекші мемлекеттердің біріне айналып, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кірудің алғышарттарын жасап жатыр. Біздің міндет осы мақсатты жүзеге асыруда билік пен қоғам арасындағы жарасымдылықты орнықтыру, бір мақсатқа қызметке ықпал ету болып табылады.

Ерлан САЙЫРОВ, саясаттанушы: Елбасы осыдан оншақты жыл бұрынғы еңбектерінде бүгінде әлемде бой көрсетіп жатқан күрделі мәселелердің орын алатындығын сездірген болатын. Қазақстанда дүркін-дүркін қолға алынған реформалар елімізді осы тығырықтан шығаруда үлкен рөл атқарды. Бірақ, біз бұған тоқмейілсімей, мемлекетіміздің жаңа биіктерді бағындыруына Қазақстан азаматтары ретінде атсалысуымыз керек. Бүгінгі форумға елімізге, шет елге белгілі сарапшы, әлеуметтанушы, саясаткерлер келіп, осындай ортақ проблеманы бірлесе еңсерудің жолдарын талқылады. Бұл – өте құптарлық жайт.

Жарқын ЖҰМАДІЛОВ, саясаттанушы, «saigez.kz» интернет басылымының шеф-редакторы: Елбасы мемлекеттік мәселе деңгейінде көтерген бес институттық реформаны қатардағы жәй реформа емес, институционалды реформа. Рет-ретімен, кезең-кезеңімен жүргізілсе, ол қоғамдық қатынастарды, мемлекеттік басқару саласын, елдік дамуды жаңа сапаға шығарады деп ойлаймын. Өйткені, азаматтық қоғамның рөлі күшейіп, мемлекеттік басқару органдарының жауапкершілігі азаяды, жүгі жеңілдейді.

 

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан».

ШЫМКЕНТ.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1860
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1898
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1598
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1463