Сенбі, 27 Сәуір 2024
Қоғам 5837 0 пікір 16 Сәуір, 2015 сағат 13:23

ТАРИХИ ТУЫНДЫЛАРДЫҢ ҚАДІРІ НЕГЕ КЕТТІ?

 

 

фото: yvision.kz

Ілияс Есенберин – “хрущевтік жылымықтан” кейінгі қазақ әдебиетіндегі тарихи эпика дәуірін бастап берген қаламгер. Сталиндік зұлматтың салдарынан нәр алар бастау-бұлағынан ажырап, өткен тарихына, даңқты тұлғалардың елдік, ерлік дәстүріне шөлдеп, шөліркеп қалған халқымыз тарихи шығармаларды іздеп жүріп, құныға оқыды. “Көшпенділерден” соң ондаған тарихи романдар, жүздеген поэмалар жазылды. Кешегі Желтоқсанда мұзға алау болып жағылған жастардың жүрегіндегі жалынды маздатқан күштің бірі де, бірегейі осы шығармалардың рухани әсері болатын. Міне, рухани қайнар осындай болған.

Қазіргі күні тарихи эпикаға деген рухани шөліміз қанғаны сондай, енді сол бұлақты көрсек жүрегіміз айнитын деңгейге жетіппіз. Себебі, бүгіндері бұлақтың мөлдір тұнығы әбден лайланып, шөп-шалам қаптап, балдыр-батпаққа айналып кеткен екен.

Аты-заты тамам қазаққа белгілісі де, белгісізі де, санақтағы жеті жүз қаламгердің санатында бары да, жоғы да, қазақ шекарасының ар жағындағысы да, бер жағындағысы да соңғы ширек ғасыр жүзінде жапа-тармағай жарыса жазып тастаған тысы талыстай, қалыңдығы кірпіштей “Пәлен батыр”, “Түген би”, “Анау шешен”, “Мынау абыз” дейтін шикілі-пісілі рухани өнімдердің арасынан жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі ретінде талайын табарымыз анық. Әрине, барлығы бірдей өткен тарихымызды түгендеп, өшкенімізді жандырып, кеткенімізді келтіріп, кемтігімізді толтырып, рухани қазынамызды байытып жатса, мұндай еңбектердің несі жаман болсын! Алайда…

Тарихи тақырыптағы әдеби туынды – қаншалықты жазушының, ақынның ой-қиялына байланысты жазылатын дүние дегеніңізбен, тырнақ іліктірер болмашы мен айпарадай анық арасындағы тарихи деректер мен фактілермен тиянақталып отыруы тиіс емес пе? Сөздің де екі дүниеде сұрауы бар екендігін ескеру қажет қой?

Қазіргі күні “Пәленшенің жазған романы түгелдей Түгеншенің романынан көшірілген”, “Ана жазушының “Анау” деген романында Мынау батырдың тарихтағы, ел аузында жүрген ерлігі қисынсыз телініп кеткен”, “Сол жазушы “Сондай” романында сол жүздің адамдарын әдейі асқақтатып, осы жүздің ханы мен билерін күйкі етіп бейнелеген”,  “Әнебіреу романның басты кейіпкері “Әлдебіреу” өмірде ондай адам болмаған. Әнеу ұрпағы әкім болған соң…”, - деген сияқты ырың-жырың, қым-қуыттан соң тарихи романдар мен поэмалардың қадірі кетіп, құны түспегенде несі қалды? Өзіңде барды өнегелеп, өрге тартқан дұрыс қой, тек Абай дана айтпақшы: “Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеденге” сайып кетпегей еді.

Заман, қоғам өзгерісіне орай, сұраныс та өзгереді. Яғни, кешегі қанды қыздырып, жанды тербеп, ұлттық рухты оятқан І.Есенберлин, С.Сматаев, М.Мағауин заманындағы тарихи тақырыпқа деген сұраныс бүгіндері өзгерген. Қазіргі оқырманға артық қияли жылтырақсыз, қапысыз мұрғаттық дәйекке құрылған, шағын көлемге көп ой сыйғызылған, рулық сананы емес, ұлтты мұратты ұлықтайтын дүниелер қажет. Тарихи тақырыпқа көлемді туынды жазуды жоспарлап жүрген, жазып жүрген жазармандар болса, осындай ойларымызды ескере жүрсе, оқырман үшін де Отан үшін де пайдалы болар еді.

Асылбек БАЙТАНҰЛЫ,

Көкшетау қаласы.

Abai.kz

0 пікір