Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Мәйекті 8959 0 пікір 20 Сәуір, 2015 сағат 11:29

«ЖҰЛДЫЗ АУРУЫНА» ШАЛДЫҚПАҒАН «ТАЙЛАҚ»

Жақында «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан «Сенбілік кездесу» атты бағдарламаны тамашаладық. Әйгілі «Тақиялы періште» фильміне түскен актерлер араға біраз уақыт салып, қайта қауышты.

Хабардың тартымды болмағы – жүргізушіден

Шәкен Аймановтың танымал кинокомедиясы 1968 жылы түсірілгені мәлім. Яғни, «Тақиялы періштенің» телеэкраннан түспей келе жатқанына 47 жыл болды деген сөз. Біздің әкелеріміз көрген, бала кезден өзіміз де сөздерін жаттап өскен фильмді қазір біздің балаларымыз да қарайды. Демек, үш буынның көңілінен шығып, жанына жағып келе жатқан туындыны қалай мақтаса да жарасар.

«Қазақфильм» киностудиясына атын берген атақты экран шебері – Шәкен Айманов осы комедия жарыққа шыққан кезден екі жылдан соң-ақ о дүниелік болды. Әмина Өмірзақова, Бикен Римова, Әубәкір Ысмайылов секілді саңлақтардың ақырғы сапарға аттанғанына да бірнеше жыл өтті. Яғни, бағдарлама авторлары «Сенбілік кездесуге» «Тақиялы періштенің» арамызда аман-сау жүрген қаһармандарын шақырды. Атап айтқанда, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан баяғы Тайлақ – Әлімғазы Райымбеков және биыл 68 жасқа толатын Айша – Шолпан Алтайбаева көрерменнің көзайымы болды. Сондай-ақ фильмде шағын эпизодтық рөлде, яғни, Тайлақтың шешесінің айтуымен оның үйіне келетін қос құрбының бірі – Әймен образында ойнаған Райхан Шанина да келді.

Телехабардың қызықты да тартымды болуы – келген меймандарға ғана емес, негізінен сол бағдарламаны жүргізушіге де тікелей байланысты екені белгілі. Ол хабар тізгінін өз қолына алып, алдын ала әзірленген әр алуан сауалдары арқылы және сұхбат барысында туындайтын басқа да қосымша сұрақтардың көмегімен студия қонақтарының болмысын барынша ашуға тиіс. Дәлірек айтқанда, сұхбат берушінің көкейіндегі ойын ашық айтқыза білу, оны ақтарыла сыр шертуге жетелеу – тележурналистің басты міндеті болуы керек.

Өкінішке қарай, біздің теледидар саласында осы үдеден шыға білетін шеберлер аз боп тұр. Кей жүргізушілер өздерінің сұхбат беруші тұлға мен көрермен арасын жалғап қана отыратын қарапайым дәнекер екенін ұмытып кетеді, сөйтіп, келген мейманға кезек бермей, көстеңдей сөйлеп, көсіле шауып, зығырданыңды қайнатады. Көгілдір экранның қарама-қарсы бетіндегі қос тараптың арасында байланысшы ғана болуды қомсынып, өзінше тұлға дәрежесіне көтерілуге ұмтылатындар кейінгі уақытта тіпті көбейді. Олар бірінші кезекте өзі сөйлеуге тырысады, студия қонақтары әдемі әңгіме айтып жатса да, араға себепсіз, орынсыз килігіп, өздерінің қандай керемет данышпан, білгір, көреген тележүргізуші екенін көрсеткісі келеді.

Сұрағына жауап ала алмаған журналист...

Керісінше, қайсыбір жүргізушілер студияға келген қонаққа тым айрықша құрметпен, шектен тыс ізет-ілтипатпен қарайды да, оның басты тақырыптан ауытқып бара жатқанын байқамайды, байқаса да, сөзін бөліп, негізгі бағытқа бұруға батылы бармайды. Рас, бағдарлама мейманына қошемет көрсету, сыйлау – өте дұрыс нәрсе. Егер ол мейман жасы үлкен, бар қазаққа танымал қадірлі қария болса, құрметтеп, ілтипат көрсету – дұрыс қана емес, міндетті де нәрсе болмақ. Бірақ бұл ілтипат бағдарламада қозғалуға тиіс негізгі тақырыптан ауытқып бара жатқан ақсақалдың сөзін бөлуге кедергі болмауға тиіс қой. Ізеттілік өз алдына, алайда телехабардың өз мазмұны, сценарийі, тәртібі бар емес пе?

«Сенбілік кездесудің» жүргізушісі Құрманбек Жұмағалиды осы кейінгі топқа жататын журналист пе деп қалдық. Иә, ол бағдарламаны жақсы бастады, студия қонағы – сценарист Құсман Шалабаевпен «Тақиялы періштенің» түсірілуі мүмкін жалғасы туралы аз-кем сұхбат құрды. Сосын көп ұзамай, бағдарламаның басты кейіпкері – Әлімғазы Райымбеков ақсақалды шақырды да: «Сіз кәсіби актер емессіз, «Тақиялы періште» фильміне түсуіңіз қандай себептен өрбіді, жалпы кино саласына қалай бет бұрдыңыз?» – деген сыңайда сұрақ қойды.

Ақсақал алдымен өзінің жастайынан күреске қатысқанын, 1965 жылы Оңтүстік Қазақстанның Темірлан атты елді мекенінде жарыс болғанын, сонда өзінің жеңімпаз атанғанын әңгімеледі. Сосын Талдықорған өңіріндегі өз ауылына келгенде, басшылардың «Қазақфильмнен» келген хатты көрсеткенін, кино-сынаққа шақырып жатқанын білгенін айтты. Сөйтіп, Алматыға келгенін, киностудияның ескі ғимаратына барғанын, мұны көрген режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің «Нағыз Қажымұқанды таптық!» деп қуанғанын, ақырында «Ән қанатында» фильмінде балуан рөліне бекітілгенін баяндады. Қарт кісілерге тән әдетпен асықпай, баппен, баяу сөйледі.

Бірақ жүргізушінің сұрағына нақты жауап берілген жоқ. Мұны байқап тұрған Қ.Жұмағали «Жақсы, киноға алғаш қалай келгеніңізден хабардар болдық, ал «Тақиялы періштеге» қалай тап болдыңыз?» деп әуелгі сауалын қайталап еді, Әлімғазы ақсақал онша ұғынбай қалды ма, әйтеуір... қазақ театрының тарихын айтып, өткен ғасырдың сонау 20-30 жылдарына сапар шегіп, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Серке Қожамқұловтар заманына ат шалдырып, басты бағыттан мүлде алыстап кетті. Жүргізушіміз қарияны қақпайлап, негізгі мәселеге бұрудың орнына бас шұлғып тыңдады да отырды. Студиядағы жұртшылықты қайдам, көгілдір экран алдындағы біз «актер «Тақиялы періштеге» қалай келгенін қашан айтар екен?» деп тағатсыздана тостық, театр тарихының бұл бағдарламаға қандай қатысы барын түсіне алмадық. Ақырында журналист сол күйі өз сұрағына жауап ала алған жоқ!

...павильон мен декорациядан да бейхабар ма?

Егер «Сенбілік кездесу» тікелей эфир режиміндегі телехабар болса, онда мұндай кемшілікті кешіруге, сәл де болсын түсінуге тырысар едік. Бірақ бұл – алдын ала таспаға жазылып алынған бағдарлама ғой! Көрермен күтіп отырған, өзі қойып отырған сұрақтың жауабын актерге қалайда айтқызу үшін журналист барын салмай ма екен? Нақты жауап ала алмаса, оны аса қажет санамаса, онда ол сұрақты не үшін қойды? Бағдарламаға еш қатыссыз, театр тарихы туралы іш пыстырарлық әлгі монологты кейін алып тастамай ма? Жалпы, монтаж деген қайда? Түсініксіз.

Жарайды, ел ішінде «Тайлақ» атанып кеткен Ә.Райымбеков ақсақалдың «Тақиялы періштеге» қалай келгенін жұрт ғаламтордан қарастырып, әр жылдардағы сұхбаттарынан тауып-ақ алар. Соған бола таусылып отырғандай болмайық. Бірақ Құрманбек Жұмағалидың басқа сұрақтарының да кейбірі көрерменнің күлкісін болмаса да, таңданысын туғызды. Мәселен, «Сізге шақ киім табу қиын болған шығар?» деуі... қызық. Актерлерге кейіпкер болмысына сай арнайы киімдер тігілетінін білмей ме сонда? Немесе «Сіз фильмде үй ішінде кір тасын көтересіз, сосын еденге дүрс еткізіп, қатты тастайсыз. Кәдімгі пәтер ішінде түсірдіңіздер ме?» дегені ше? Павильон, декорация дейтін дүниелердің бар екенінен бейхабар да журналист болады екен-ау. Ғаламторда не көп, осы фильм туралы мәлімет көп. Бәрін шолып шығып, жақсылап дайындалып алса қайтеді?

«Кино экранға шыққаннан кейін жұлдыз ауруымен ауырған жоқсыз ба?» деп бүгінгі актерлерден сұрауға болатын шығар, бірақ жасы 80-нен асқан, киноға осыдан 50 жыл бұрын келген ардагер ақсақалдан сұрау – қаншалықты орынды? Ол кезде «жұлдыз» деген ұғым да жоқ емес пе еді? Әрине, актер «жоқ» деп жауап берді. Фильмдегі «Құралай» атты халық әнін экраннан үзінді ретінде көрсетіп, Әлімғазы атамызға «Қалай, көзіңізге жас келді ме?» дегені де ерсілеу шыққан сияқты. Жиі айтылып жүрген ән екені өз алдына, Ә.Райымбеков ол эпизодқа қатыспайды да ғой...

«Біздің сіздерге тосын сыйымыз бар!» деп алып, студиядағы шағын сахнаға «Ты куда, Одиссей?» әнімен жас қыздарды билеткенін де орынды деп ойламадық (абырой болғанда, қыздардың киімдері тым ашық-шашық емес екен). Әлімғазы ақсақал, оның зайыбы, Әмина апаның кейіпкері секілді ұлына жарды таңдап жүріп өзі әперген бүгінгі өмірдегі кейіпкер апа, Шолпан Алтайбаева, Құсман Шалабаев тәрізді егде тартқан қонақтарға бұдан басқа тосынсый табылмағаны ма? «Тақиялы періштеде» басқа да әндер көп еді ғой.

«Құралай» әнінің қазіргі орындаушысы Досымжан Таңатаровты шақырып, әңгімеге араластырғаны жөн делік. Ал бағдарлама соңына таман жас әнші Төреғали Төреәлі айтқан «Біз екеуміз» деген жаңа әннің «Тақиялы періштеге» қандай қатысы бар екенін ұқпадық. Жүргізушінің сөзіне қарасақ, қазіргі әншінің бәрі (аты аталған екеуі де) – «қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары» екен.

Жалпы, бүкіл ел қызығып көретін-ақ бағдарлама болар еді. Бірақ жүргізушінің кемшіліктері мен әлгі үйлесімсіз ән-би номерлері көңілге қоныңқырамады.

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

Айтпақшы...

«Тақиялы періште-2» түсірілмек

Әйгілі комедияның екінші бөлімін кинематографист Марат Сәрсенбаев түсірмекші. Идеясы мен сценарий авторы – Құсман Шалабаев. Түсірілім жұмыстары басталғалы жатыр. Сюжетіне келсек, көп жыл өткеннен кейін оқиға қайталанады, бірақ қалыңдықты, әрине, баяғы «жағрафиядан сабақ беретін тақиялы періште» Тайлақ емес, оның немересі іздейді. Римейкте фильмінің бірінші бөлімінде ойнаған Әлімғазы Райымбеков, Бибігүл Төлегенова және Шолпан Алтайбаева қатысады. Сондай-ақ Дәулет Әбдіғаппаров пен Димаш Ахимов та ойнайды.

 

Abai.kz

0 пікір