Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Көкжиек 8796 0 пікір 21 Сәуір, 2015 сағат 16:31

ФРАНЦИЯ КҮНДЕЛІКТЕРІ (жалғасы)

 

Жолсапар очерк

Парижде ұнаған нәрсе...

Ойсүзгіден өткізе отырып,  француздардың астанасында өзіме қатты ұнаған дүниелерді бір-бір сөйлеммен  тізіп өтсем деймін:

  • Еуропалықтарға тән қасиет. Адамның өзін, ішкі мазмұнын қаттырақ бағалайды, тиісінше сыртқы пішін мен келбетке аса  көп мән бермейді.
  • Мәдени орындардың көптігі.  Мұражай ісіне мемлекеттік тұрғыдан аса зор мән беруінің арқасында, біздегі той-бизнес секілді, оларда музей-бизнес туристің де, мемлекет қазынасының да «көңілінен шығып» тұр.
  • Қарапайым халықтың кітапқұмарлығы. Қоғамдық көлікке отыруға жұмсайтын санаулы минуттарын смартфон шұқуға емес, кітап пен журнал оқуға арнайды.
  • Экологияға деген жауапкершілік. Пластикалық бір реттік пакеттердің орнына көп реттік сөмкелерді тұтынудың белең ала бастауы байқалады.
  • Жасанды мерекеге ақшасын сарп етпеуі.  30 және 31 желтоқсанда жылдық ажиотаж, көп ақшаға әсемдеу, болмайтын сақалды ойыншық заттар сатып алып, «сыйлау», банкет ұйымдастыру, шашылып, төгілу, отшашулар көргеніміз жоқ.
  • Мұражайлардың алдындағы ұзын-сонар кезек. Өзінің екі жүз жылдық мұражайынан бастап, барлық жәдігерлерін ұлттық бренд дәрежесіне көтере білгендіктен Луврға, Наполеон сарайына, Эйфель мұнарасына, Ұлттық Операсына, жалпы қай жеріне барсаңыз да кірушілер қатарынан көз талады. Қомақты каражатын да аямайды, сабырмен сағаттап күтуге дайын.
  • Өз өніміне деген жанашырлық. Қарапайым тұрғыны болсын, таксисі болсын, жалпы француздардың көп бөлігі Peugeot, Renault немесе Citroen автокөліктерін ғана мінеді екен. (1898 жылы ағайынды Рено негізін салған фирма алғашқы автомобилін жасап, арада 15 жыл өткен соң бұл шағын кәсіпорын алуан түрлі машина шығаратын аса ірі концернге айналады. Францияда жылына 3,5-4 млн автомобиль жасалса , соның 9/10 бөлігі жеңіл көлік болып табылады).
  • Сағаттай сыртылдаған жүйе. Қай жерге барсаңыз да ағылған халық, кезек бар, бірақ, тез-тез, ерекше ырғақпен жылжып отырады. Көлік көп, бірақ біздегідей тоқтап қалған кептеліс, әр қиылыстағы жол-көлік оқиғасы жоқ.
  • Радио және теледидардан тек қана француз тілінің естілуі. Ағылшын тіліндегі бағдарламаларға шектеу қойылған: әсіресе, америкалық клиптер, фильмдер, тағы басқа шетел мәдениетінің көріністері өте аз көрсетіледі, ал кинотеатрларда кинолар француз тілінде немесе француз субтитрімен беріледі екен.
  • Тіл үйірер француз  круассаны, вафлиі мен багеті. Ел аузында "Франция мұнай да, газ да өндірмейді, мұнда тек қана тағам шығарылады" деген сөз қалыптасқан. Өзіндік рецептурамен жасалған, үлпілдеген, күртілдеген тәттілерін ешқандай салмасыз-ақ, ештеңе қоспай-ақ немесе ештеңе жақпай-ақ, құр өзін рахаттанып жеуге болады.
  • Алыстан қарағандағы Эйфель мұнарасы. Жақын қарағанда темір конструкцияның жиынтығы ғана сияқты көрінетін бұл мұнара арқылы француздар Париждің романтикалық символын қалыптастыра алған.
  • Конкорд алаңындағы карусельмен қаланы тамашалау. Аппақ түсті карусельмен Париждің ең әдемі ғимараттарын құс қанаты жетер биіктіктен екі рет айналып өтудің өзі ұмытылмас естелік қалдырды.
  • Ауаны ластамайтын, электр энергиясымен жүретін көлік көп. Жолдың бойында тоққа қосылып, зарядталып тұрған шағын-шағын көліктерді көресіз. Сонымен қатар, жалдамалы велосипед жүйесі де жақсы дамыған.
  • Шынайылықтың насихаты. Сәнге билiк жүргiзетiн Еуропа десек, мұнда бұрын да, қазiр де шынайылық бiрiншi кезекте. Тарихи картиналарды қарар болсаңыз, бұрынғы заманда да, қазiргi таңда да ешбiр ару қасын тып-типыл қылып жұлып тастап, жарассын-жараспасын, қап-қара қылып салдыртпаған.

Парижде ұнамаған дүниелер немесе «айдың арғы беті»

  • Бала жетектеген ата-ана аз, бірақ ит жетектеген француз көп.
  • Дәмханаларда сұйық тамақ жоққа тән. Есесіне, шошқа еті салынған багет-нан әр бұрышта бар.
  • Сұрап алған ауруға ем жоқ. Кезінде өздері отарлап алған, визасыз келу құқы бар, жақсырақ өмір аңсап келген, әр жерде сапасыз тауарларын тықпалай жөнелетін, метрода ұйықтай салатын, олпы-солпы, кір-қожалақ, ауру-сырқау мигранттардан, африкалықтардан аяқ алып жүргісіз.
  • Қоғамдық тәртіптің аса сақталмауы. Жалпы, мен осы уақытқа дейін дамыған елдерде тәртіп қатты сақталады деп ойлап келіппін, алайда Люксембург саябағындағы иттер, мұражайлардағы тыйым салынған жерлердің өзін емін-еркін суретке түсіру, бағдаршамның жасыл түсін күтпей-ақ өте беретін жүргіншілер бұл сеніміме сызат түсірді.
  • Тиынға зар болған қайыршы көп. Алақанын жайған мүгедектерді көшеден кездестіру қиынға соқпайды, ең сорақысы, жан-жануарды артығырақ санайтын отандастарының «жүрегін еріту»  үшін әрқайсысы жанында бүрсеңдетіп бір-бір үй жануарын жатқызып қояды екен.
  • Ұятсыздық пен арсыздықтың насихаты.  Ұлы өнер деп сырттай тамсанған көп дүниелер «жалаңаштанудың символы» ғана екен.
  • «Біздің жақтан»  қорқуы.  Соңы «стан» буынымен аяқталатын елден келгенімізді білгенде кеден мен тексеріс пункттері өзгелерден екі-үш есе ұзағырақ шұқшия қарап, қолымыздағы суымызға дейін радиациялық тексерістен өткізіп жатты.

    • Дерек пен дәйек
    • Францияның әнұраны "Марсельеза" 1917 жылдағы төңкерістен кейін біршама уақыт бойы Ресейдің әнұраны ретінде қолданылған.
    • Францияда тіпті ит асыраушыларға да жәрдемақы төленеді.
    • Франция атом электр энергиясын өндіру бойынша әлемде АҚШ-тан кейін екінші орында тұрады. Францияда 59 атом электростанциясы бар.
    • Францияда әлемдегі ең көп ғимарат орналасқан бірден-бір мемлекет. Онда 4969 ғимарат бар.
    • Француздардың ең үлкен ұлттық мейрамы – Бастилия қамалының алынған күні (1789 жылдың 14 шілдесі)
    • Франция ЕО елдері ішіндегі салығы ең жоғары мемлекет.
    • Франция - әйелдер колготкиінің, кинематографтың, велосипедтің, балеттің, шансонның Oтаны.
    • Францияда шошқаларға "Наполеон" деген атты беруге тыйым салынған.
    • Франция ірімшіктің 300-ден астам түрін өндіреді.

Таңғалдырған дүниелер мен әрі-сәрі сезімде қалдырған сәттер...

Парижде мені таңғалдырған жайт – жақсы сақталған ұрпақ сабақтастығы, дәстүр жалғастығы. Осыдан 100-150 жыл бұрын есігін ашып, қазір де жұмыс жасап тұрған дәмханалар соның дәлелі. Олар үшін бұл – қалыпты жай.

Парижде мені таңғалдырған келесі жайт – француздар өз мұражайларынан, сәулет-ғимараттарынан, косметика, иіссу-әтір түрлерінен, киім мен акссессуарлардан БРЕНД жасап алғаны. Даңқы жер жарады. Жер жарып тұрған сон, қыс демей, жаз демей, ел-жұрттын бәрi ағылады. Мұнда тіпті  бұрандалардың (штопор) әлем бойынша жалғыз мұражайы бар. Әр секунд сайын қазынаға қаншама мың еуро құйылып жатыр десеңiзшi?.. Мұнай магнаты болмай-ақ, «Өнер магнаты» , «Ұлттық бренд магнаты» болу деген осы шығар?..

Парижде мені таңғалдырған тағы бір сәт – Эйфель мұнарасының ортаңғы қабатында орналасқан мейрамханада кешкі ас ішу кезі болды. Алдын ала ғаламтор арқылы сатып алынған билеттің арқасында  құмырсқаның илеуіндей болып, кезек күткен мыңдаған нөпірдің ортасын қақ жарып өткізіп, арнайы есіктен қарсы алуы, жеке-жеке даяшының құрақ ұшып қызмет жасауы – Эйфель мұнарасы туралы романтикалық сезімнің негізін қалап, мөлдір сағынышқа ұластыруға жол ашады екен.

Парижде мені таңғалдырған келесі жайт – жыл сайын жергілікті халықтың санынан да көп туристің келуі, соған сәйкес туризмді жақсылап дамыта алғандығы.  Жыл сайын бұл елге 67 млн. турист қыдырып келеді. Алайда ол көрсеткіш қымбат ел екендігіне де бағынбайды, мәселен, Франциядағы «Europcar» агенттігінен көлікті жалға алу тура сол агенттіктің Германиядағы орталығына қарағанда екі есе қымбат. Германияда 1 еуроға бағаланған зат Францияда 2 еуроға сатылады. Мінсіз жасалған, көздің жауын алар кондитерлік бұйымдары да қымбат. Мәселен, орташа көлемді, ерекше  әсемделген шағын ғана тортты 50-70 еуро аралығында көрдік. Бұл 10-15 мың теңге деген сөз. Бірақ ешқандай бағаға қарамастан, турист өте көп.

Ал енді әрі-сәрі, дүдәмал күйге түсірген дүниелерге тоқтала кетсем.

  • Парижде өзіне-өзі қызмет көрсету –  дүкенде болсын, метрода болсын, тіпті мұражайда болсын, өте қатты дамыған. Бірақ онсыз да айналаңа күдік көзімен қарап, адамнан адам алыстап жатқан заманда бұл «автоматтандыру» адамзатты бір-бірінен одан сайын алшақтата түспес пе екен деп еріксіз ойланасың. Алда-жалда бізге дәл осы жүйені енгізіп, қызмет көрсетуші жұмысшылар қысқарғандай болса, бір подъезде тұрып амандасуға жарамай жататын кей көршілер сөйлесудің өзін «ұмытып қалуы» мүмкін ғой? Бізде қазір ресми түрде 400 000 адам жұмыссыз екен. Оның үстіне тағы да автоматтандыруға байланысты жұмыстан босайтын 1-2 млн. тұрғынымыз қосылса, халқымыздың күні не болмақ?..
  • Көшеде дәмхана-мейрамханалар өте көп. Бірақ олардың барлығында  дерлік ас ішу үшін кіп-кішкентай ғана дөңгелек столдар орнатылған. Киім ілгішті табу қиындау. Бір-біріне өте жақын орналастырылған орындықтар келесі бейтаныс адаммен арқаңды тірестіріп отыруға итермелейді. Алшаң басып, кең жерге үйреніп қалған қазақтарға бұл тәртіп оңайға соқпайды екен.
  • Парижді жаяу араласаңыз, әр қадам сайын ескерткішке жолығасыз. Оның бірі тасада қалса, енді бірі алаңқайда орналастырылған. Алайда, сол  ескерткіштердің 70-80 пайызға жуығы – жалаңаш мүсін. Күн жылы болғандықтан, киім киюді «зорға дегенде» үйренген ұлт па деген ой еріксіз қылаң бере берді.
  • Көшелер алуан түрлі. Кең даңғылдардан бастап, бірнеше ғасыр бұрын салынып, сол қалпын сақтап қалған тар, енсіз, қысқа көшелерге тарихи жәдігер деп қарап, бастапқы қалпында ұстап, өзгертуге  ұмтылмайтыны байқалады.
  • Ғашықтардың құлып салып кететін атақты көпірін көру – екіұдай сезім туғызады екен. Біріншіден, сонша құлыпты тарихи көпірдің жақтауына іліп кетуге қаншама жылда неше мың  жұп келді екен деп таң қалсаң, екінші жағынан, «осы бір жерге құлып салсақ, сезіміміз берік болады» деп қаншама ғашық темір кілтке сенімін сыйлады екен деп күдікті сауал тастайсың...
  • Көшедегі қоқыс жәшіктері жасыл түсті пластикалық мөлдір пакетке ауысып кеткен. Бар қоқыс көз алдыңда «желбіреп» тұрады. Әрине, мынадай алмағайып заманда қауіпсіздік үшін дұрыс та шығар. Бірақ, эстетика қайда қалады? Жұқа, үлбіреп тұрған пакеттің ішіндегі дүниелер кейде жүрек айнытады екен. Мүмкін, бұл да болса, сыртқы пішінге емес, ішкі мазмұнға мән берген менталитеттің бір көрінісі болар? Ал бiзде қалқайып, әп-әдемi, түрлi-түстi қоқыс жәшiктер тұруы мумкiн, бiрақ кейбірінің түбі тесік... Олар «бiздiң» дүниетанымға, ал бiз «олардікiне» аздап жақындасақ,  алтын аралыққа келіп қаламыз-ау...
  • Тағы бір онша түсіне алмағаным, қыс мезгілі, далада ауа райы минус температураны көрсетіп тұрса да, тұрғындары қыс-көктем-жаз, күз мезгілдері «адасып» жүре береді екен: мәселен, бір студент қыз жұқа капронмен қысқа шорти киіп алса, екінші бір азамат қалың күртесін мойыншалғымен нығырлап алған. Бірі қалың етік кисе, екіншісі жеңіл туфли немесе сандал киіп, мәз болып бара жатады. Бәйнебір әркім әр түрлі мезгілде өмір сүріп жүргендей... Ал сұп-сұлу француз аруын жиі кездестіре алмайсыз, бірақ кезінде сұлу болған француз әжейлер бір-бір күшігін жетектеп, боянып алып, сәнденіп кетіп бара жатқанын жиі көрдік.
  • Нақты ақша қолданыста өте аз екен. Майда дүкендерден бастап, ірі супермаркеттерге дейін, бренд желілерінен бастап, қарапайым фотографқа дейін бір-бір терминал құрылғысын ұстап алып, пластикалық төлем картаңызды сұрайды да тұрады. Оқта-текте 100 еуроны шығара қалсаңыз, қалай қайтарам деп шыр-пыр болады. Күніне мыңдаған адам сауда жасайтын оларда нақты ақшасыз айналым керемет жолға қойылған. Кейбір тұрғындар банкноттың түрін ұмытып қалуы немесе ешқашан ақша бетін көрмеуі де мүмкін шығар, бұл түрімен...

Қазақ пен француз ұқсастығы немесе «Аман бол, Франция!»

Француздар өте мейірімді, көңілді, ұялшақ, ақжарқын халық. Олар ойларын тікелей айтатын, бірбеткей мінезге ие. Жалпы, ұлт ретінде де, мемлекет ретінде де бір-бірімізге ұқсас, жақын елміз-ау деген тұжырымға келдім.  Мәселен:

  • Нағыз француздар француз тілінен өзге тілдерде сөйлескенді ұнатпайды.
  • Француздар өздері қарапайым болса да, тәкаппар болып көрінгісі келеді.
  • Француздар көбіне ет жегенді ұнатады.
  • Француздар үнемі жұмысқа немесе белгіленген кездесуге кешігіп барады және жұмыста белгіленген уақыттан артық отырмайды.
  • Қыз-келіншектері классикалық киім үлгісін сәйкес түсті әшекей бұйымдармен бірге кигенді ұнатады.
  • Өздерінің боданы болған кейбір араб және африка елдерінен мигранттардың көптеп келуіне байланысты, аралас неке көрсеткіші көбейіп, үйреншікті дәрежеге жеткен. Мәселен, бізде бір техниканы немесе дәріні жарнамалағы келсе, әйелін қазақ,  күйеуін орыс етіп «таңдап» алса, оларда танымал брендтерді жарнамалау мақсатында әйелін француз, күйеуін араб немесе африкалық етіп «жұптастырады» екен.
  • Жалпы, тәуелсіз еліміздің соңғы 24 жыл бұрынғы жаңа бағыты да көбіне көп осы Францияның үлгісі бойынша жасақталғанын оқушы кезден оқып өстік қой. Ол  ұқсастықтар –  унитарлы, зайырлы ел екендігіміз,  айрықша зор өкілеттілігі бар президенттік республика екендігіміз, екі елде де президент тағайындаған премьер-министр үкіметті басқарып, елдің ішкі жағдайына толығымен жауап беретіндігі, қос палаталы Парламентіміз бар екендігі... Айта берсек көп енді.
  • Тағы бір қызығы, айналасындағы елді интеграцияға шақырып, Еуроодақ туралы алғаш болып ұсынған да осы француздар екен. (Еуропаның бірігуіне бастама жасаған - Робер Шуман. Ол 1948-1953 жылдары Францияның сыртқы істер министрі болған). Солардың арқасында  жаңа Одақ өмірге келді, байқап қарайтын болсақ, бұл жері де тура біздің Қазақстан, иә?..  
  • Франция жерінің 82 пайызы ауыл шаруашылығының қажетіне жаратылады (48 млн га). Бұл ел – Еуроодақтағы ауыл шаруашылығы ең дамыған мемлекет, ал біз ауыл шаруашылығын дамытқымыз келіп жылына миллиардтап қаражат бөлетін, «ауыл шаруашылығы ең дамыған мемлекет» болуға ұмтылып жатқан елміз. Бір сөзбен айтқанда, спецификамыз ұқсас, ниетіміз бір.
  • Сонымен қатар, Франция — жоғары дамыған индустриалды ел. Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі бойынша дүние жүзінде 4-орында. Біздің үкімет те өнеркәсіпке ерекше мән беріп, «Индустриалды...»  деп басталатын біраз бастамаға мұрындық болып жатыр емес пе?

Франция Қазақстанның сауда серіктестері ішінде 12-орынды алады екен. Қос елдің кәсіпкерлерінің араласқан 19 шағын кәсіпорын тіркелген. Қазақстан Францияға мұнай, кентастар, химия өнеркәсібінің шикізаттарын, тері мен астық берсе, біз ол жақтан дәрі-дәрмек, азық-түлік, қосалқы бөлшектер, автомобильдер, тұрмыстық электроника, шарап, теңіз өнімдерін, ірімшік, парфюмерия мен косметикалық бұйымдар, жоғары үлгідегі сән киімдерін алады екенбіз.  Франсуа Олланд өткен жылы ғана елімізге ресми сапармен келіп, бұдан әрі де ынтымақтастығымыздың арта беретініне сендіріп кетті. Бірақ... кім білсін? Алмағайып мына заманда, бауырдың қанына бауыр «құмартқан» қиын-қыстау кезеңде, діннің атын лайлап, түрлі лаңкестік әрекеттер жасай беретін шақта кімнің қандай уәдесін орындап, қандай бағытпен көш бастарын?.. 

Қалай болғанда да, белгілі бір уақыттан соң мен Парижге қайта келгім келеді. Көріп үлгермеген Версаль сарайын, суретші Эжен Делакруа мен Пикассо мұражайларын, ашық аспан астында сахналық қойылымдар қойылатын Тюильри бағын, Марше Руэ-клер базарын, Триумф аркасын, Халықтар достығының үлкен аркасын және тағы да басқа жүздеген мұражай мен ғимараттарды, саябақтар мен сарайларды тамашалау үшін, жақсысынан үйреніп, жаманынан жирену үшін. Бірақ оның бәрі әзірге уақыты белгісіз келесі саяхаттың еншісінде...  Жүздескенше, паң Париж! Сау бол, фантазияға сыйғысыз Франция!

(Cоңы)

Алма САЙЛАУҚЫЗЫ

Астана – Париж –  Астана

Abai.kz

0 пікір