Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Айбын 6521 0 пікір 7 Мамыр, 2015 сағат 09:40

ГЕНЕРАЛ-ПОЛКОВНИК ЖОЛАМАОВТЫҢ БІР КҮНІ

Осы очеркті 2014 жылдың қазан айының соңында жазып едім. Жазып болып, аккаунтқа салған күні генерал-полковник Нұрлан Жоламанов ұсталып кетті де, мен бұл очеркті сол заматта алып тастаған едім. Мүмкін қорқақтық болар... Кім болып барамыз өзі... Ақыры ойлап-ойлап өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естіген нәрселерді қайтадан оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім. Онда тұрған не бар. Тергеу ісінде шаруам жоқ. Бірақ, мен сапарлас болған генерал мынадай кісі еді...


Генерал-полковник Жоламановтың бір күні
(очерк)

Жаксылардың қасында жүрген де бір ғанибет. Генерал-лейтенант Нұрлан Жоламановпен сапарлас болдым. 
Генералдың өзі туралы
Жоламанов есімі қазақ халқына жақсы таныс. Ол Қазақстан тарихында тұңғыш рет әскери парадты мемлекеттік тілде өткізген адам. Осынысымен де қазақ халқының жадында мәңгілікке қалып отыр. 
Орыстарда «В России генералов много, а толку от них» дейтін сөз бар. Осы сөзді қазір біздің елдегі генералдарға да байланысты айтуға болады. Әрине, бұл сөз генералдардың сапасына байланысты айтылып отыр. Президент сенім артып, жоғары әскери шен береді. Оны ақтай алмайтындары да бар. Темір тордың арғы жағында отырғандары қаншама. Ащы да болса шындық. Сол себепті халық әлгіндей сөз шығарған. Халық дегеніміз қашанда дана ғой. 
Генерал Жоламановты мұндай генералдардың сапына қосуға болмайды. Өзіндік жолы бар. Өзі Орынбордың қазағы. Орынбор деген сөзді естігенде қаны қызбайтын қазақ жоқ. Орынбор дегеніміз Қазақ Республикасының тұңғыш астанасы. Оны қайталап айта беруден жалықпау керек. Патриотизм тақырыбы да осы жерден басталуы керек. Осындай қасиетті жерде өсіп-өнген Жоламановтың тәрбиесі, таным-түсінігі де бөлек. Бір қауым қазақ мекендегенімен, бір қазақ мектебі жоқ өңірде туып өссе де қазақ тілін, халықтың салт-дәстүрін жақсы біледі. Біліп ғана қоймайды, оны қызметте, тұрмыста қолданады. 
Бір жиналыс кезінде декретке әйелдермен қатар ер азаматтардың да шығып жатқандығы сөз болды. Олардың ішінде офицерлер де бар екен. Оның ішінде қазақ офицерлері. Мұны естіген генерал: «Бұл деген масқара ғой. Қазақ жігіттерінің декретте отырғаны қалай. Намыс қайда? Мұны халқымыз естісе не болады? Отанымызды кім қорғайды?» деп қазақша айтқанда талай адамның намысы ойнады. 
Мұны жәй ғана айтып қоя салмады. Сол офицерлердің намысын ояту үшін ведомстволық «Отан сақшысы – Часовой Родины» газетінің журналистеріне тапсырма беріп, арнайы мақала жаздырды. Сондай мақаланың бірін «Әлди-әлди бөпешім» деген тақырыппен журналист, жазушы, полковник Кенжебек Сейітмұхамедов жазып, жариялады. Бұл жерде генералдың жан-дүниесін түсінуге болады. Бүгінгі заманның ер-азаматтары ұсақталып кетті. От басы, ошақ қасына түсіп қалды. Осындайда депутат Дариға Назарбаеваның «қазіргі кезде әйелдерді емес еркектердің өздерін қорғау керек» деп айтқан сөзі ойға оралады. Шындық сол. Әйелдерін жұмысқа жегіп, өздері үйде отырып бала бағатын еркектердің саны артып келеді. Қоғамдық проблема... ол енді офицерлердің арасында да пайда болуда...
Шекара қызметіне келісімен қазақ тіліне кеңінен көңіл бөлді. Өзінің кабинетінің қасынан қазақ тілі класын ашты. Өзі ары өткенде, бері өткенде ол класқа бас сұғып, сабақты қадағалап кетеді. Осындайда оның көзінен Абай атамыздың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім. Ер жеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деген ойын оқуға болатындай. Ресей жерінде туып өскендіктен өзі қазақ тілінде оқып, білім ала алмады. Осы өкініш генералдың өн бойынан байқалады. Әйтпесе, жиналыс кезінде қазақ тілі класының меңгерушісі майор Раушан Уатбаеваға қарап «Менің де қазақ тілінде еркін сөйлегім келеді» деп айтпас еді ғой. Қазақ тілі класы соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған. Әрине, қазақ тіліне арналып керемет класс ашылды екен деп, әскерилердің барлығы қазақ тілінде сөйлеп кетті екен деп ойлап қалмаңыздар. Ниет ғой. Коллективте қазақ тіліне деген ниет түзелді. Құрмет көтерілді. Әрине, мұндай керемет кабинеттер басқа да ведомстволарда жетерлік. Бірақ, барлығы жаппай қазақ тілінде сөйлеп жатқан жоқ. Неге? Ол енді жоғары деңгейде шешілетін мәселе. Ал төменгі жақта алғышарттар жасалды. 
Мен өз басым қазақ тіліне көшу қазіргі уақытта техникалық мәселе деп санаймын. Ол саяси тұрғыда әлдеқашан шешіліп, шешімін тауып қойған. Республикалық «Қазақстан» телеканалы қазақ-орыс тілдерінде жұмыс істейтін еді. Сол каналдың у-шусыз таза қазақ тіліне ауысқанын ешкім де байқамай қалды. Себебі, барлығы ойластырылып істелді. Оған ешкім қарсы да болған жоқ. Міне, осындай тәсілмен барлық мемлекеттік органдарды мемлекеттік тілге көшіріп жіберуге болады деп санаймын. Бұған генерал Жоламанов басқарып отырған Шекара қызметі әлдеқашан дайындалып қойған.
Ілім-білім жағынан орыстарды, Мәскеуді мойындату оңай шаруа емес. Әсіресе қазақ баласы үшін оның әскери оқу орындарын алтын медальмен бітіру екінің бірінің маңдайына жазыла бермейді. Сонау бір 1996 жылы генерал-майор Мәлік Сапаров Ресей Қарулы күштері Бас штабы академиясын алтын медальмен бітіріп келгенде бүкіл қазақ бір қуанып еді. І Петрдің жарлығымен құрылған сол академияны алтын медальмен бітірген санаулы қазақтың бірі осы генерал-лейтенант Нұрлан Айтманұлы Жоламанов. 
Жалпы, сол кезде Н.Жоламанов туралы журналист Серік Жұмабекұлы «Орыс әскерилерін таңқалдырған қазақ офицері» деп кең көлемді мақала жазғандығы есімізде (Егемен Қазақстан, 26.09.2001ж.).

«Дархан» заставасы немесе генералдың бір күні
16-қазан, 2014 жыл. Шекара қызметінің шағын ұшағы Астанадан Шымкентке бет түзеді. Ұшаққа мінісімен генерал жиналыс ашты. Инспекция бастығы полковник Олег Колесников, директор кеңесшісі Айдар Қиқымов, тәрбие басқармасы бастығының орынбасары полковник Дархан Ділманов алдағы іс-шараның дайындығы туралы баяндады. Сарыағаш шекара отрядының құрамында жаңадан застава ашылғалы отыр. Оған мәртебелі қонақтар шақырылған. Оның ішінде сенаторлар Икрам Адырбеков, халық қаһарманы Мұхтар Алтынбаевтар келеді деп күтілуде. 
Шымкентке келісімен вертолетке ауысып міндік. Тікұшаққа алғаш мінуім. Қызық болады екен. Самолеттер әуелі гүрілдеп, содан кейін зымырап барып ұшатын боса, мұнда бәрі керісінше. Әуелі дыңылдап моторы оталады. Ол біршама уақыт қызып болған соң қайықтың ескегіндей ебелектері айнала бастайды. Олардың бірте-бірте қызатындығы сонша, тіпті көзге көрінбей қалады екен. Тікұшақ та тауықтың жұмыртқасы құсап бір орнында шайқала бастайды екен. Біресе оңға, біресе солға, біресе алға, біресе артқа шайқайды. Содан бір уақытта кранмен көтергендей тік көтеріле бастайды. Бұған таңғалып отырған генерал жоқ. Екі көзі иллюминаторда. Оңтүстікте әлі күн жылы. Қоңыр күз. Егіннің толық жиналып біткендігі байқалады. 
Шымкент пен «Дархан» заставасының арақашықтығы 140 шақырымдай болады екен. Тікұшақ жиырма минуттай ұшты. 
Генерал застава кешендерін көктен тамашалағысы келген болуы керек, вертолет оның төбесін үш рет айналып ұшты. Атшаптырым алқапты алып жатқан застава ғимараттары көктен ғажап көрінеді екен. Қорап тәрізді ақшаңқан жайлар көз тартады. 
Вертолет қалбалақтап келіп жерге қонды. Алаңға су сеуіп қойған екен, сонда да шаң көтерілді. Шаңның арасынан отряд, застава басшылары көрінеді. Бас киімдерін қолдарымен ұстап алған.
Вертолеттің есігі ашылғаны сол еді, директор орынбасарлары полковник Мұхтар Сәбидолданов, Серікхан Қайырхановтар келіп баяндау жасады. Олардың арғы жағында өңірлік басқарма бастығы полковник Арман Қалиев, Сарыағаш отрядының бастығы Ардақ Жұмашевтар сап түзеп тұр. 
Генерал бірден іске кірісті. Әуелі ертеңгі болатын салтанатты шараның жоспарымен танысты. Заставада дайындық жұмыстары ойдағыдай атқарылыпты. Қазақылықтың лебі еседі. Абылайханнан бері қарайғы барлық хандар мен батырлардың портреттері плацтың жиегіне ілініпті. Олардың өмірбаяндары мен насихат сөздері жазылған. Өз басым осы жерде бірінші рет Абылайхан бабамыздың тақия киіп тұрған бейнесін көріп таңқалдым. Бұл жұмыстарды «Оңтүстік» өңірлік басқармасының «замполиті» полковник Әбдісағит Төлегенов пен қызметші Қошан Жұмабаев деген азаматтардың атқарғандығы айтылды. 
«Сарыағаш» отрядының бастығы подполковник Ардақ Жұмашевтің «түзел, тік тұр» деген командасынан кейін салтанатты шерудің дайындығы басталып кетті. Шекарашылар барабан дүрсілімен жарыса жүріп өтті. Сырт қараған адамға бәрі де тамаша секілді. Бірақ, генерал кемшіліктер тапты. Оның талабы басқа. Шынында гимн ойнағанда кейбір әскери қызметшілер ауыздарын ашпай тұрыпты. Рас екен. Сапта жүргенде кейбір шекарашылар аяқтарын дұрыс көтере алмапты. Рас екен. Бір сарбаздың фуражкасы өзінің басынан үлкен болып шықты. Осының барлығын генерал қай уақытта байқап үлгерді деп таңқалдым. Диктордың сөздеріне байланысты да ескертпесін маған айтты:
- Сөзінде динамика жоқ. Слабый текст, өзіңіз дайындаңыз.
Дайындадым. «Атыраудан Алтайға дейінгі, Алатаудан Арқаға дейінгі, шапқан тұлпардың тұяғы талатын, ұшқан құстың қанаты күйетін қазақ даласын ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге аманат етіп қалдырды. Кең байтақ жеріміздің шеткі шебін қорғау міндеті бүгінгі таңда қазақстандық шекарашыларға жүктеліп отыр» деп басталатын сөзге генерал өзінің ризалығын білдірді. Қанат есімді диктор бұл сөзді нақышына келтіріп, мәнерлеп оқығанда тіпті қанат біткендей болды. 
Кезек ғимараттарға келді. Әуелі казарманы араладық. Генерал стендтердің мән-мағынасына қарап, бірқатарының орнын ауыстырды. «Қазақстан - 2050» стратегиясына арналған стендті көзге түсетін жерге ілгізді. Шекара қызметі директорының орынбасары полковник Серкіхан Қайырханов көрнекі құралдарды рет-ретімен таныстырып шықты. Казармадағы дайындық жаман емес секілді. 
Одан кейінгі кезек қару-жарақ, әскери техника көрмесіне келді. Бәрі де тап-таза, мұнтаздай. Қару-жарақтар жылтырап тұр. Бірақ, генерал мін таба білді. Әрбір техниканың характеристикасын айтатын офицерлердің дайындығына көңіл толмады. Жаттанды сөздер. Таныстырып тұрған техникасының қаншалықты маңызды екендігін түсінбейді. Онысы рас. Генералдың өзі «Бұл техника не үшін алынды, қызметі қандай? Жылжымалы медициналық көмек көлігі. Алыс заставалардағы, ауылдық мекендерден жырақта орналасқан, таулы, шөлді аймақта орналасқан бөлімшелердегі жеке құрамның денсаулығын тексеру үшін қолайлы техника» деп, әңгімені осыдан бастау керек» дегенде генералмен бәрі келіскендей болды. Полковник Мұхтар Сәбидолдановқа бірқатар ескертпе-сын айтылды. 
Бұдан кейінгі кезек қызметтік жануарлардың мекен-жайына келді. Атқора өзінің тазалығымен көзге түсті. Мұнда тұрған «Елес», «Гроза» секілді аттардың дене тұрқына қарағанда, жағдайлары жаман емес секілді. Генерал бұл жерден ешқандай кемшілік байқамады. Кинологтардың қызметі, қызметтік иттердің жай-күйі де ойдағыдай болып шықты. 
Офицерлер үйіне келдік. Кішкентай балалар мәз-мейрам. Жүгіріп жүр. Генерал пәтерлерді аралады. Қызметтік пәтерлердің ішінде бәрі бар. Газплита, тоңазытқыш секілді тұрмыстық техникаларға дейін қойылған. Жиһаздар да жап-жаңа, душ, туалет бәрі пәтердің ішінде. Ауылда емес, қалада, тіпті Астанада тұрып жатқандайсың. Ыстық су, салқын су ағып тұр. Кезінде Совет өкіметі қала мен даланың айырмашылығын жоямын деп, ауылдық жерлерге этаж үйлер соғып біраз әуре-сарсаңға түсіп еді. Оның дәретханасы көшеде болатын. Көшедегі туалет болған соң оның жағдайының қандай болғандығы есте. Ал мына шекара бойындағы «благоустройкалардың» жағдайы тіпті бөлек. Замполиттерге тапсырма берілді. Үй иелері ертең делегация келгенде дұрыстап сөйлей білуі керек. 
Осындай жұмыстармен-ақ кеш батты. Түнгі сағат он екінің шамасында генерал бөлмесінің жарығы жанып тұрды. Полковник Қайырханов, кеңесші Қиқымовтың сөзіне қарағанда генерал ертеңгі сөйлейтін сөзін пысықтап жатыр екен. 
Бұл кезде біз күні бойғы жүрістен болар Кенжебек екеуміз титықтап шапшаған едік. Генералдың сөзіне көмектескен болдық. Бірақ, мәтіннің басым бөлігін ол өзі дайындады.
Осылайша генералдың бір күні өте шықты...

Сөз соңы

Ертеңіне «Дархан» заставасының ашылу салтанаты болды. Сенаторлар Икрам Адырбеков, Мұхтар Алтынбаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтар құтты болсын айтып, заставаның лентасын қиып, символикалық кілтін тапсырды. Сенат аппаратының жауапты қызметкері Өнербаев шекарашылардың қызметіне сәттілік тіледі. Генерал-лейтенант Жоламанов шекараны нығайту туралы Президент берген тапсырманың орындалып жатқандығын, соңғы бір жылдың ішінде шекара бойында 20-ға жуық шекара нысандарының салынып, пайдалануға берілгендігін тілге тиек етті. 
Отызға жуық журналистер де бұл мерекенің кугерлері болды. Жоламановтың бір қасиеті – журналистер қауымын осындай шаралардан тыс қалдырмайды. «Айқын» газетінің бөлім меңгерушісі Қайыржан Төрежанмен, «Хабар» агенттігінің тілшісі Григорий Беденкомен, СТВ телеарнасының тілшісі Людмила Скороходовамен генерал-полковник ескі таныстар секілді амандасты. Әңгімесін айтты. 
Салтанатты шараға қарап тұрып «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген мәтел ойыма түсті. Рас. Қай нәрсенің де боладысы қызық. Салтанатты шара түк болмағандай бір жарым сағаттың ішінде өтті де кетті. Кешегі қарбалас тірліктің барлығы ұмытылды. 
Генералға деген кешегі ренішіміз тез ұмытылды. Оған іштей мықты денсаулық тіледім... Осындай генералдар тұрғанда еліміздің қауіпсіздігіне алаңдауға ешқандай негіз жоқ. 
Шекара қызметі талай қиын сәттерді бастан өткерді. «Арқанкерген» оқиғасы, Шымкент түбіндегі шекара ұшағының апатқа ұшырауы елдің есінде. Осындай сәтте Елбасының генерал-полковник Жоламановқа таңдау жасауы кездейсоқтық емес, керісінше заңдылық. 
Тәуелсіз елдің шекарасын нығайту, шекара қызметін дамыту және шекарашының беделін көтеру басты міндеттердің қатарында тұрғандығы анық.

Мұхтар Анарбекұлы 
полковник, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Астана-Шымкент-Дархан-Астана

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2029
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2464
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2043
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1590