Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Алаң 7155 0 пікір 11 Мамыр, 2015 сағат 09:03

ЖЕР ЖЕКЕШЕЛЕНСЕ НЕ БОЛАДЫ?

 ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізде ауыл шаруашылығына арналған жерлерді жекешелендіруді  бастап жіберу туралы ұсынысы ел ішінде түрлі әңгімеге арқау болуда.

Мемлекет үшін, ұлт үшін аса маңызды осы тақырып ас үйлерде қызу  пікірталасқа түскенімен әлі күнге не саясаттанушылар, не ұлтшылдар, тіпті журналистер тарапынан терең мән беріліп, мәселе ел талқысына шығарылған жоқ.

Ата-бабамыздың қаны мен тері, әже-аналарымыздың көз жасы төгілген, найзаның ұшымен, білектің күшімен бүгінгі ұрпаққа жеткен қазақтың ұлы даласының иесі тек қазақ ұлты болуы тиіс. Конституциямыздың өзінде Қазақстанның жері - байырғы қазақ жері екені анық жазылып тұр.

Басқа жүздеген, мыңдаған мемлекеттер мен ұлттарды айтпағанның өзінде, қазақ ұлты, қазақ мемлекеті үшін, жер мәселесі ешқашан маңызын жойған емес.  Арыға бармасақ та кешегі Алашордашылардың негізгі ұстанымының бірі осы – жер мәселесі еді. Алашорда   қабылдаған   алғашқы   заңдық   мәні   бар маңызды  құжат 1918  жылыдың   24-маусымында Ә.Бөкейханов,   М.Тынышбаев   және   Х.Ғаббасов қол   қойған   "Алаш   автономиясының   территориясында уақытша жер пайдалану тәртібі" деген қаулы болды. Онда Алашордашылар жердің жекешелендірілуіне қарсы болды.

Одан кейінгі түрлі алмағайып заманда қазақ жері талайдың көзқұртына айналғаны да жасырын емес. Арғысы сонау Еділден тартып, кешегі астанамыз Орынбор, Ташкентпен қоса Сырдың жағалауымен бірге  қаншама жердің жат жұрттың қолына өтіп кеткені бір бөлек әңгіме. Ал Жұмабек  Тәшенов ерлік пен өрлігін көрсетіп, басын қатерге тікпегенде тағы бірнеше облыстың жері бүгінгі Қазақстан картасынан табылар ма еді, табылмас па еді?

Жә дейік, басты тақырыпқа қайта оралсақ, жерді жеке меншікке беру аса маңызды мәселе. Ол туралы Президент 2002-жылғы халыққа жолдауында да көтерген болатын. Тіпті, сол жылы “Жерге жеке меншiк туралы” заңды қабылдау туралы да Парламент пен Үкіметке ұсыныс жасаған еді. Алайда, ол ұсынысты халық қолдаған жоқ. Соның арқасында жерді жекешелендіріп жіберу мәселесі біраз дуылдап барып, сәтті аяқталған еді. Алайда, араға 13 жыл салып бұл тақырып қайта көтеріліп отыр.  

Енді қызуқандылық пен қызбалықты ысыра тұрып, ауыл шаруашылық жерлерді жаппай жекешелендірудің пайдасы қандай, қауіпі қай жерде деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Жекешелендіруді жақтаушылар біріншіден, жер жекешеленсе оның иесі табылады, иелері жерді баптап, күтіп ұстауға, экологиясын жақсартуға мүмкіндік алады. Екіншіден, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мақсатында шаруа қожалықтары қарқынды дамиды дейді.

Ал жекешелендіруге қарсы топ, ауыл шаруашылық жерлерін жекешелендіріп жіберсе, оның соңы миллиондаған гектар шұрайлы жерлердің қалталы байлар мен  шет елдіктердің жеке меншігіне  өтіп кетуіне әкеліп соғады және ол жағдайда ауылды жерлердегі қазақ отбасылардың  жерсіз қалуы бек мүмкін дейді.

Осы тұста, жеке пікірімді алға тартар болсам, бүгінгідей жемқорлар биліктің бишігін үйіріп отырған уақытта жердің әділ және қазақ ұлтының мүддесіне сай бөлініп, заң шеңберінде жекешеленеді дегенге ешкім сене қоймайды деген ойдамын. Биліктің жемқорлығы мен өз ұлтына жаны ашымастығының салдарынан қазба байлықтың, кен орындары мен ірі кәсіпорындардың шет елдік немесе трансұлттық компаниялардың қолына өтіп кеткенін көзіміз көріп отыр. 

Осы уақытқа дейін бірнеше дүркін жүргізілген жекешелендіру жалпы ұлттық сипат алды ма? Ол жекешелердірулердің нәтижесінде қарапайым халықтың аузы аққа тиді ме деген сұрақ та үлкен даулы әңгімеге мұрындық болып жүр.

Қазіргі қолданыстағы «Қазақстан Республикасының Жер кодексі» бойынша ауыл шаруашылық жерлері ұзақ мерзімге жалға беріледі. Әр жеке немесе заңды тұлғаға жалға берілетін жер көлемінің шегі де белгіленген. Алайда, мол қаржысы мен қолында билігі бар адамдар түрлі жолмен жүз мыңдаған гектар жерге ие болып отыр. Ел ішіндегі әңгімеге құлақ түрсек, он, тіпті жүз мыңдаған гектар жерге ие болып отырғандардың ішінде шет елдік жеке және заңды тұлғалар бар көрінеді. Олар туралы, жалпы бүгінде жерді кімнің қанша көлемде жалға алып отырғаны туралы ақпарат құпия қалпында қалуда. Ол жерлердің қаншалықты игеріліп ел игілігіне жарап жатқаны өз алдына үлкен мәселе...

Оның есесіне  ауылды жерлердегі тұрғындардың жайлымдары тарылып, ауыл халқының сол жер иелеріне жалдану көлемі артып келеді. Ал, жер ертең жаппай жекешелендіруге берілсе, жағдай не болмақ?

Қазіргі таңда мыңдаған гектар жер банктерде кепілдікте тұр. Жерді мыңдаған гектарлап ұзақ мерзімге жалға алып алған пысықайлар оны банкке кепілге қойып, мол қаржы алып, артынан қаржыны қайтармай, несие алған заңды тұлғаларды таратып, жойып жіберіп жатқан жағдайлар аз емес. Енді бүгін  не жер жоқ, не қаражат жоқ болып отырған оқиғалар және баршылық.

Егер ертең жер жеке меншікке айналатын болса, жер иелері тек банкке кепілдікке қоюға ғана емес, шет елдік заңды немесе жеке тұлғаларға сатуға құқық алуы мүмкін. Мұның арты жер дауының ел дауына айналуына әкеліп соғары сөзсіз. Алайда ол кезде «жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» деген сияқты, жат жұрттың қолына өтіп кеткен жерді қайтару мүмкін болмай қалады.

Сондықтан, бүгінгідей біріншіден, жемқорлық билік тармақтарының барлығын жайлап, шырмап алған, екіншіден, ұлтаралық жағдайдың ушығып тұрған кезінде жерді жекешелендіруге мүлде болмайды деп есептеймін.  

Бұл мәселеде ең алдымен өзін ұлтшылмын деп санайтын азаматтар белсенділік, тіпті жанкештілік танытуы керек деп санаймын. Егер біз бүгін марғаулық, жасқаншақтық танытып, жерге қауіп төндірсек ол біздің ұлт алдында да, болашақ ұрпақ алдында да кешірілмес күнәміз, сатқындығымыз болып саналары сөзсіз. Сондықтан, шет елдің мәселесіне келгенде аузы жабылмайтын, ұлттық мүддеге келгенде жақ ашпайтын жалған ұлтшыл емес, еліміз бен жеріміз үшін отқа да, оққа да дайын нағыз, шынайы ұлтшыл екенімізді көрсетейік.

Мақсат Ілиясұлы, заңгер.

Abai.kz 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2065
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2494
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2103
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1607