Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Мәйекті 5103 0 пікір 13 Мамыр, 2015 сағат 13:06

СОТТАР ДА ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕК

Мемлекеттік тілді босағадан сығалатып қойған саланың бірі  - заң және сот саласы. Заңгер, сот деген атауды естісек болды ойымызға бірден орыс тілі орала кететіні жасырын емес. Онсыз да халықтың сеніміне ие бола алмай, әділдіктен гөрі, қалталылар мен лауазымдылардың ығына жығылатын соттың бұл «тілсіздігі» қара орман қазақтың көңілін құлазытып жүргені де шындық.

Алайда, кеше осы сызданған саланың бойына қан жүгіретін сыңай байқалды. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Жоғарғы Соты Қылмыстық істерін қадағалаушы сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин бұдан кейін судьялар мемлекеттік тілді білуге міндеттелетінін айтты.

Абай Жамбылұлының сөзінше, судья болу үшін біліктілік емтиханын тапсыру талаптары қайта қаралмақ. Жай ғана қаралып қоймай, жаңа талаптың негізі ретінде Германия тәжірибесін алу көзделіп отыр. Ол бойынша, судьяларды дайындау жазбаша емтихан мен тәжірибелік оқытудың бірнеше кезеңі арқылы жүргізілмек. Қысқасы, «А» корпусына кандидаттарды іріктегендей, судья болатын үміткерлерге де мемлекеттік тілден сынақ тапсыратын тестілеуді енгізу ұсынылған көрінеді.

ҚР Жоғарғы Соты Қылмыстық істерін қадағалаушы сот алқасының төрағасы мемлекеттік тілді міндеттеу туралы талапты бекер айтып отырған жоқ шығар деп сенеміз. Қазақ тілінің маңызды салаларда нақты қолданысқа енетін уақыты жетті. Бұл жасанды мәжбүрлілік немесе саяси мақсатты көздеу емес, заман талабы, қоғам қажеттілігі. Себебі, қазақ ұлтының саны жетпіс пайызға жуықтады, мемлекеттік тілді білетін, қолданатын азаматтардың саны жыл сайын қарқынды өсуде. Осыған орай, мемлекеттік органдар да саналы қадамға аяқ басуда. Солардың қатарына, әрине, мемлекеттік тілді міндеттегелі отырған сот жүйесін, оның ішінде судьялардың қазақ тілінен тест тапсыратынын айтуға болады.

Шыны керек, сот сөзі қазақ үшін жақсы мағынадағы дүние емес. Сотқа бару, сотты болу, сотқа шақырылу деген ұлттық ұғымда кері әсермен сипатталады. Оған осы саладағы әділетсіздік пен жемқорлық қосылып, өзі жағымсыз нәрсені одан ары сорақы көрсетуші еді. Ал, қазақ тілін мүлде аз қолданатыны тіпті жүректі ауыртатын.

Айтпақшы, Абай мырза судьяларға байланысты тағы да бірнеше жақсы жаңалық айтты. Мәселен, мамандандырылған магистратурада судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсыру кезінде міндетті психологиялық тестілеу енгізу қажет десе, сонымен қатар судья лауазымына ұсынылған үміткер бірден сот бола қалмай, бір жыл сынақ мерзімінен өтуі туралы мәселе де қаралып жатқанын жеткізді.

Жоғарыда айатылған жаңалықтар іске асатын болса, сот саласында бір жақсылық болатыны сөзсіз. Енді әділет іздеп сот залына кіріп барған қарапайым адам, психикасы дұрыс, тәжірибеден, сынақтан өткен, қазақша қоңырлата сөйлеп, жылы жүзбен қарсы алған судьяны көргенде, сот саласына деген сенімі артып, көңілінде бір құрметтің оянатыны анық.

Жебе НОЯН

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2019
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2437
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2020
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1586