Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Дін 5694 0 пікір 14 Мамыр, 2015 сағат 13:28

БІЛІКТІ ИМАМ – ҚОҒАМ РУХАНИЯТЫНЫҢ КЕПІЛІ

Қазіргі таңда қазақ қоғамында діни қағидаттар мен ұлттық құндылықтарды бір-біріне қарсы қою үдерісі жүріп жатқаны ешкімге жасырын емес. Бұл мәселенің қоюлана түсуіне теріс пиғылды ағымдардың өкілдері елеулі үлес қосып отыр. Мұндай жағымсыз құбылыстарды дәстүрлі рухани құндылықтарды терең насихаттау арқылы ғана еңсеруге болады.

Елбасымыз Н. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ ұстаумыз керек. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз», – деп атап көрсеткен болатын.

Ислам – қазақ халқының мың жылдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі діні. Қазіргі кезде сол дәстүрлі діннің негізгі шырақшылары имам-молдалар десек асыра айтқандық емес. Имамдар халықпен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, дін мен дәстүрге дәнекерлік қызмет атқарады. Бір сөзбен айтқанда дәстүрлі құндылықтардың жоқтаушысы – ақ сәлделі имамдар.

Осы тұрғыдан алғанда имам-молдалардың жан-жақты сауатты болуы қажет-ақ. Олай болмаған жағдайда айтылған уағыз-насихаттың халыққа әсері болмасы анық. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдардың біліктілігін жетілдіруге елеулі күш жұмсап келеді.

ҚМДБ басқармасы тарапынан имамдардың біліктілігін жетілдіру үшін  арнайы топ құрылған. 2014 жылдың өзінде танымал мамандардан құрылған біліктілікті жетілдіру тобы өңірлердегі имам-молдалардың уағыз айту тәжірибесін арттырып, білімін жетілдіру мақсатында 120 pет 7-10 күндiк және 1 айлық семинаp ұйымдастырды. Нәтижесінде ҚМДБ-ның 2 404 имамына «Ақида», «Фиқһ», «Хадис», «Мәзһаб тарихы», «Ислам тарихы», «Ислам әдебі», «Теріс ағымдар», «Шешендік өнер», «Құран ілімі», «Менеджмент», «Конституция және Қазақстанның әлемдік тәжірибесі», «Қазақстандағы саяси жүйе», «Дін және Ата заң», «Дін және қоғам», «Риторика», «Информатика» пәндері бойынша 4 320 сағаттық оқу бағдарламасы бойынша дәріс жүргізілген болатын. Бұл шаралар зайырлы қоғам ұстанымдарына сай сауатты қызмет атқаратын имам-молдалардың қалыптасуына өз үлесін тигізуде.

Қазақстанның әр өңірінде мемлекет (облыстық және қалалық Дін істері басқармалары мен Ішкі саясат басқармалары, Дін мәселесі бойынша коммуналдық мемлекеттік мекемелер арқылы) жылына екі рет дін қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіру курстарын өткізуде. Курстарда білікті дінтанушылар, заңгерлер, теологтар дәріс оқып, сұхбат жүргізеді. Курс бағдарламалары азаматтардың сын пікірлерін ескере отырып жасалған. Сондықтан мұндай курстар біліктілікті жетілдірумен қатар қазіргі таңдағы имамдық қызмет барысында кездесетін діни мәселелерді білікті мамандармен бірге саралап, шешу жолдарын қарастырады. Қазірге дейін аталмыш курста 2700 имам білімін жетілдірген.

ҚМДБ 2013 жылы имамдардың біліктілік дәрежесін анықтап, кадр сапасын арттыру үшін аттестация өткізді. Оны ұйымдастыру үшін арнайы аттестациялық комиссия құрылды. Нәтижеде біліктілігі төмен, қызметіне лайық болмаған имамдар қызметінен босап, білікті имамдар өз қызметін жалғастыруға мүмкіндік алды.

2015 жылы 19 ақпанда ҚМДБ мен ҚР ДІК бірлесе отырып І Республикалық имамдар форумын өткізді. Форум жұмысы барысында «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Шынайы мұсылманның бейнесі», «Имамның тұлғалық келбеті», «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметкерінің этикасы» атты құжаттар қабылданды. Аталмыш құжаттар – қоғамда қалыптасқан және туындауы ықтимал сын-пікірлер мен ұсыныстарды ескере отырып түзілген дүние. Ондай сын-пікірлердің бірі имамдарды ұлттық құндылықтарға қайшы насихат айтушы ретінде айыптауы болатын. Мұндай пікірлердің алдын алу үшін ҚМДБ имамдарға өзін жан-жақты дамытуды, қосымша ілім алуды, зайырлы білімдерді меңгеруді, ахлақ ілімін игеруді, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, әдебиетін, ұлы тұлғаларының өсиетін бойына сіңіру талабын қойды. Атап айтқанда «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметкерінің этикасы» құжатының «Қызметке қатысты әдептер» бөлімінде имамдарға әл-Фараби, Қожа Ахмет Яасауи, Жүсіп Баласағұни, Абай, Ыбырай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіптің еңбектерімен таныс болуды міндеттеді. Алдағы уақытта имамдар қазақ халқының дәстүрлі құндылықтарын бойына сіңіріп, халыққа дәстүрлі құндылықтарды насихаттайтын болады.

Қазіргі кезде намаз оқып, дін үйреніп, мешіт жағалап жүрген жастардың бірі дәстүрлі дінді үйренсе, бірі жат ағымның жетегінде кетіп жатыр. Тіпті, кейбір жастардың радикалды ағымдардың ықпалына түсу қаупі де жоқ емес. Осы әрекеттерге қарап мешіт жағалағанның «бәрі тура жолда» немесе «адасып кеткен» деп айтуға болмайды. Барлығы да бір мешітте, бір сапта намазға тұрады. Бірақ діни ұстанымдары әр түрлі. Мұның басты себебі мешіт жамағатының бәрі бірдей имамға құлақ салмауында жатыр. Бірқатар жастар мешітке келгені болмаса, онда айтылып жатқан уағыз-насихаттан, имамдардың өнегелі сөздерін тыңдаудан қашқақтайды. Өйткені, жат ағымға шырмалған жастардың білгірсымақ діни кеңес берушілері имам сөзін «күмән салатын ойлар» деп бағалап, мешітте болып жатқан  уағыз-насихаттарды мүлде тыңдамауға шақырады. Сондықтан қазіргі кезде жат ағымға іліккен жастарымыз мешіт көргенімен, молданың тәлім-тәрбиесін көрмей келеді. Дінді шығу-тегі мен аты-жөні белгісіз ғаламтор сайттарындағы мәліметтер арқылы үйренгенді қалайды. Сол себепті бүгінгі таңда ағарту жұмысын жүргізу мақсатында әр мешіттің жеке өз сайты бар. Дін істері комитетінің қолдауымен халықтың діни сауаттылығын арттыру мен азаматтарға діни мәселелер бойынша кеңес беру, радикалды идеяларға қарсы насихат жүргізу мақсатында ақпараттық-ағартушылық «Е-islam» ғаламтор сайты іске қосылған.

Қорыта айтсақ, имамдардың біліктілігін жетілдіру саласындағы белсенді жұмыс үздіксіз жалғасын тауып жатса, ел тұрғындарының діни сауаттылығы жоғары болары сөзсіз. Халықтың жоғары діни сауаттылығы діни экстремизмнен, жат ағымдардан келетін қауіпті сейілтіп, дәстүрлі рухани құндылықтың жаңғыруына үлес қосары анық.

Рашимбетов Р.Т.

ҚР МСМ «Дін мәселелері

жөніндегі ғылыми-зерттеу

және талдау орталығы» РММ

Исламды зерттеу бөлімінің

ғылыми қызметкері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2049
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2478
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2066
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1599