Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Мәйекті 14190 0 пікір 25 Мамыр, 2015 сағат 19:43

ҚАЗІРГІ ЖУРНАЛИСТЕР «КӨК ЕЗУҚЫРТҚА» АЙНАЛЫП БАРАДЫ...

«ДАТ!» айдарының қонағы – кезіндегі «Хабар» телеагенттігінің «отымен кіріп, күлімен шыққан» белгілі тележурналист, қарымды қаламгер Арман Сқабылұлы. Сонау 90-жылдары Қазақ­станда «жаңа теледидарды» қалыптас­тыруға атсалысқан, ақпараты құрып қалған кеңістікті хабармен «толтырудың» тісқаққан маманы болған азаматпен арадағы сұхбат­тасуымыз кәсіпқой журналистер тіліндегі сөз болса да, оның басты мазмұны қожалақ қоғамға қатысты әбігерлі әңгіме еді. Оқып көріңіз.

Ермұрат БАПИ

 –Арман мырза, «Фейсбук» желісіне салған соңғы бір суретіңіздің астына «қырт» тірліктен жеріп жүрмін...» дегендей жазба қалдырған екенсіз. Ол «қыртыңыз» – қай «қырт»: баянсыз базына ма, әлде әділет­сіздігі әл бермейтін қоғамның қиянатына көрсеткен кәсіпқой журналистің «қырсық­тығы» ма?

– «Қырт» деп кімді айтушы еді, Ереке? Ең алдымен айтқан сөзі айдалаға кетіп жататын езбе адамды айтпай ма? Көңіл­іңізге келмесін, сіз де, мен де қа­зір «қырттармыз». Бірдеңе айт­қан боламыз, бірдеңені дә­лелдеп жазған боламыз – еш­кім оны құлағына қыстырып жат­қан жоқ. Қазіргі журналис­тер жай ғана «қырттар» емес, «көк­ езу қырттарға» айналып барады. Негізгі міндетіміз – қо­ғамдық үрдіске ықпал ету болса, біз одан әлдеқашан айырылып қалғанбыз. Әсіресе қазақ журналистикасы! Мамандығың «қырттыққа» айналса, тірлігің де «қырт тірлік» болмай қайт­сін! Бұл жерде ешқандай «қыр­сықтық» жоқ. Қоғамға қырсы­ғатындай журналисте қайбір қауқар бар дейсіз...

– «Қырттардың» қата­ры­на журналистер қауы­мын қосқаныңыз жақсы жаңалық екен! Рас, бұған бір ауыз қарсы­лығым жоқ: «айдағаны бес ешкі – ысқырығы жер жарған» нағыз көк­езу болдық. Дегенмен, сіздің «қырт­тығы­ңызды» қайдам, ал менің жеке басым еліміздегі теледидар журналис­тикасының жаңа тарихында орны бар сіздің есім-есеңізді мойындаймын. Басқасын айтпағанда, кезінде «Хабар» агенттігін ақпа­рат әлеміне әкеліп, оны қазақстандық кеңістік диапазонына таратуға қосқан үлесіңіз бір төбе. Дегенмен, қазақшалап айтқанда, бауыр етіңіз бірге бітісіп кеткен теле­жәшіктен неге жеріп кеттіңіз?

– Сол «Хабардың» шаңыра­ғын көтеріп, ыстық-суығына көн­ген Владимир Рерих кете­рін­де: «Мен мұндай «Хабарды» құрған жоқпын!» – деп, айқай­ла­тып сұхбат беріп, өкпелеп кетті. Осы сөзге алып-қосарым шамалы. Жалғыз мен емес, сол арнаның уығын қадасқан, кейін елдің белді журналистеріне ай­налған, «Хабардан» кеткен көп­теген әріптестерімнің берер жау­а­бы да осындай боларына күмәнім жоқ. Олар «су ішкен құдықтарына түкіргілерi» кел­ме­гендіктен, ойларын ашық айт­пайды. Бір ауыз сөзбен айтар болсам, бүгінгі «Хабарда» біз істейтін жұмыс қалған жоқ. Арнаның бағыт-бағдары соңғы жылдары мүлдем өзгерді. Елі­міздің негізгі ақпараттық арнасынан ойын-сауық, шоу-думан­ға айналып жатыр. Ақпараттар ағыны «24 kz» арнасына өтті. Өзінде қалған жібі түзу бағ­дар­ламалардың денін аутсорсинг компанияларға бөліп берді. Кей­бір салмақты бағдарла­малар мүлдем жабылды. Бір кездегі дүрілдеген, елдің ең бас­ты телеарнасы дейтін құры­лымнан қазір ештеңе қалған жоқ. Оны өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Қазіргісі «НТК» мен «ХИТ-ТВ»-ның ар жақ, бер жа­ғындағы бірдеңе...

Ал мен қызмет істеген Алматы филиалының жағдайы тіп­­ті мүшкіл. Қайта-қайта болып жатқан қысқартулар мен Ас­танаға бет алған «ұлы көш­тің» әсерінен мұнда білікті журналистер мен телемамандар мүлдем қалмады десе де болады. Екі миллионға жуық тұрғы­ны бар, аса ірі мәдениет орта­лығы болып саналатын қалада «Хабар» филиалының қаңырап қалуын өз басым үлкен қателік деп есептеймін.  Бұл артқы ше­бін жалаңаш тастап, жауға шап­­қан­мен бірдей. Тіпті саяси қа­­телік деуге де болатын шығар...

– Сіздің бұл «кетісіңіз» азаматтық ұстанымнан шыққан шешім десем, қатты қателесе қоймай­ды екем. Біздің редак­цияға бұдан бұрынырақ келген хаттардың бірін­де «Хабарды» осындай күйге түсіру – жоғарғы жақтың есебімен жасал­ған амал деген пікір айтылған еді. Оның мән-мақсаты – кезіндегі Дариға Назарбаеваның ақпараттық кеңістіктегі ықпалын әлсіретуден туған қисап болуы мүм­кін...

Ал енді бір бақылаушы­лардың пікірі бойынша, «Хабардың» мұндай жағдайға тап болуына оның бүгінгі басшысы Айдос Үкібайдың кәсіби білігі кесір боп отырған сияқты. Расында, кеше ғана «Хабарды» канал еткен мүйізі қарағайдай журналистердің қолына су құюға әзер-мәзер жарап жүрген «баланың» бүгінде өзін журналист еткен аға-әпкелеріне бастық бола қалуы – құрылтайшылар тарапынан табылған шешім деп айта алмаймын...

– Мен ешкімнің түрін түстеп, атын атап айтпайын: бірақ «Ха­бардың» қазіргі басшылығы, не­­ге екенін – өз пікірі бар, тә­жіри­белі журналистердің арнадан кеткенін іштей «қалап» отырады. Әлгі Сталин деген бәле би­лік қолына тиген соң, өзінің кем­шіліктерін жақсы білетін үзеңгілестерінен біртіндеп құ­тылғанын білетін шығарсыз?

– ...

– Бірақ біздің басшылық Сталин емес еді... Біздің де Троцкий болып тұрғанымыз ша­малы. Дана Нұржігіт,Серік Абас-шах, Берік Уәли, Жайна Сламбек, Еркін Байғабылұлы, Дина Төлекова және тағы басқа да әріптестерімнің ізімен мен де өзім арыз жазып, басшы­лық­ты «қуантып» кете бардым... Бұл жерден ешқандай саясат іздемей-ақ қоялық. Он бес жыл мемлекеттік арнада істеп, «бір күнде өзгеріп кеттім» десем, елден ұят болар. Менің өмірлік ұстанымым өзгерген жоқ. Сол арнада жүріп те шын­дықты айтуға тырысатынмын. Қазір де солай!

– Маған бүгінгі қазақ­стан­дық тележурналистика әкім-қаралар дайындайтын даурықпа «пресс-релиздің» журналистикасы болып кеткен сияқты болып көрінеді. Дайын релизде не жазыл­­ғанын түсінбейтін жап-жас қыз-жігіттердің экраннан екпіндей сөй­­­леп, көсемсіген кейіп танытуы көбейіп кеткен жоқ па?

– Көбейсе – көбейген шы­ғар. Бірақ, менің ойымша, жас­тардың бұл жерде кінәсі жоқ. Кезекті ақпарат министрінің «эфирде беті әдемі, жұрт сүй­сіне көретін жүргізушілер отыруы тиіс» деген жаңалығын ала келген де уақыт болды. «Министр сені көргісі келмейді екен» деп, белгілі комментатор Амангелді Сейітханды эфирден аластататын да сол кез ғой. Жалғыз Амангелді емес, талай тәжірибелі жүргізушілер сол «бастаманың» құрбаны болды. Эфирді «жұлдызқұрттар» мен беті жылтыр әншілер жаулады. Әлі күнге солай. Өзіңіз айтып отырған «экраннан екпіндейтін» ұрпаққа да сол кезде жол ашылды.

Жағымпаздану емес, Дари­ға Назарбаева «Хабарды» құр­ған кезде алдымен осы беті жыл­тырақ, іші қуыстардан эф­ир­ді тазалау үшін күрес жүр­гізген. Сараптамалық бағдар­ла­малардың жүргізушілері өзі жазған мәтінмен, өз сараптамасымен шығуы тиіс деген талап қойған. Нәтижесінде қан­шама өзіндік пікірі бар журналистер шоғыры қалыптасты. Қа­зір, өкінішке орай, «өлі көз­дерімен» біреудің дайындап бер­ген сөздерін оқып отыратын «қуыршақ» жүргізушілер қайта көбейді. Актерлік шебер­лікке салып, қанша екпіндетсе де, олардың сөздеріне ел сен­бейді, сендіре де алмайды.

Ал «пресс-релиздік» жур­на­лис­тиканың келгені – келген. Бұл жерде де жастардың еш кінәсі жоқ. Оларға бағыт-бағ­дар беретін, олар еліктейтін, тіп­ті оларға қалай жазуды үй­рететін тәжірибелі журналистер қалған жоқ телеарналарда... Орысша мәтінді шалажансар «онлайн» сөздіктермен аударып, мақала жаздым деп жүр­ген жастарға жүрегім ауырады. Шынымен!

– Жалпы, бүгінгі журналистиканы қоғамда қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдайдан бөліп алып бағалауға болмайтыны белгілі жәйт: билігің қандай – журналистикаң сондай; айдауың қалай – бай­лауың солай! Бірақ арыға бармай байыптар болсақ, соңғы 15–20 жылда қоғамда қалып­тасқан саяси ахуал жалпақшешей журналистиканы, жарамсақ жаз­ғыштарды қаулатып жіберді. Оның нәтижесі – қоғамдық журналисти­каның толық тоқырауына алып келді. Менің осы ойым ақиқаттан қанша­лықты қиғаш кетті деп ойлайсыз?

– Қоғамдық журналистика бізде ешқашан болған жоқ, Ереке! Биліктің немесе белгілі бір топтардың, өздерін оппозициямыз деп есептейтіндердің сойылын соғып келгеніміз шын­дық қой.

Ал жалпақшешей журна­лис­тика бұрыннан бар. Бола береді де. Тек көзге мақтау де­геннің тым шектен шығып бара жатқаны рас. Тіпті бұдан халық жері­не бастады. Өз басым мұны журналистік шеберліктің жоқтығынан деп білемін. Екі сөздің басын әзер құрап жүр­ген тілшіге мақта десеңіз, «бе­ті­ңізге былш еткізіп» мақтаудың көкесін көрсетіп береді. Даттау да солай! Қазақтың құдіретті тілімен нені де болса астарлап беруге болады ғой. Тіпті сол «Хабарда» жүріп те керемет ас­тарлы, «мақтамен бауыздайтын» дүниелер жасауға болады. Кезінде солай болды да.

– «Қоғамдық журналистика» дегенде, мен «қоғамдық теледидарды» емес, жалпы журналистика ілімінің қоғам­да­ғы әлсіреп бара жат­қан рөлін айтпақ болған едім. Батыл ой байланған жерде жур­налистика деген жарықтық батпаққа батқан күй кешеді, ел ортасында қалыптасқан биресим қоғамдық пікір қораланып, саясат технологтары жасаған билікке жағымды пікір ел санасына сіңіріледі. Осындай үрдіске еріксіз бағынған, ой-санасын биліктің нұсқауы меңде­ген журналист тереңнен тартып, ақиқатқа қоңсы сөз айтудан қағылады.

Рас, жалпы журналистиканы «ежелгі кәсіп» санайтын ойдың ойраны туып тұр: қалыптасқан саясатқа бағынышты ақпарат әлемі шектеулі болған соң, бейбақ журналиске басқа барар жер, басар тау жоқ – кім жем шашса, соның тау­ығы болудан өзге таңдау тапшы. Бұл жағ­дай жалғыз журналистика саласына ғана емес, тұтас азаматтық қоғамға ашық ойдың кенделігін тудырған жәйт болды деген пікірге қандай алып-қосарыңыз бар?

– Бұл ойыңызбен келісемін. Өзіңіз айтқан «қоғамдық жур­на­лис­тикаға» жету үшін де, қа­лам ұстаған пақырымыз тым құ­рығанда материалдық тәуел­сіздікке қол жеткізуі керек қой. Әу бастан жарымаған қазақ журналистикасы соңғы жылдары тізерлеп, алақан жаятын жағ­дайға жетті. Сол «жем ша­шатындардың» өзі азайып бара жатыр. Байшыкештер бұрын газет, телевидениені өзінің айбарын асыратын, жаманын жасыратын құрал ретінде ұстап, сол үшін қаржы бөлетін. Тіпті үлкен сайлаулардың алдында арнайы мақсатпен түрлі басылымдар ашылып жатушы еді. Енді ол да жоқ. Өйткені бізде бұқаралық ақпарат құралда­рына көп қаржы жұмсамай-ақ саяси науқандарды өткізуге болатын ахуал қалыптасты. Ал «бөтен ойлы» бірен-саран басылымнан билік сескенуді қой­ған. Журналистиканың «ежелгі кәсіпке» бір табан жақындауына олардың әлеуметтік жағынан қорғалмауы да себеп болуда деп ойлаймын. Тіпті мемле­кеттік арнада істейтіндердің де жағдайының жетісіп тұрғаны шамалы. Астананы білмеймін, Алматыдағы «Хабардың» қара­пайым журналисiнің жалақысы 40 мың теңгеге жетпейді. Қал­ғанын қаламақымен табады де­гендері болу керек. Бағдар­ламалардың көпшілігі аутсорсингке беріліп, қалғаны Аста­наға ауып жатқанда, қайдағы қаламақы? Қырық мың теңгеге дені дұрыс журналист жұмыс істемейді ғой... Ашқұрсақ тіл­шіде қандай «ашық ой» болуы мүмкін, Ереке!

– Жақсы айттыңыз, Арман! Иә, ашқұрсақ тілшіден «ашық ой» күту қиын. Дегенмен, құрсақ болсын, ұрпақ болсын – бір қаммен кәсібіңіздің ендігі өрісін интернет-журналистикаға қарай бұрған екенсіз. Шексіз-шетсіз кеңістікте етікті қоңылтаяқ киген адам сияқты боп жүрген жоқ­сыз ба?

– Менің кәсібім – журналис­тика. Ал журналистика деге­німіз – телевидение, радио, бас­пасөз, сосын өзіңіз айтып отырған интернет те емес пе? Тілшілік жолымды газеттен бастадым. Сосын «ТВ» деп табан тоздырдым. Енді сайтқа сараптама жазып жүрмін. «ТВ»-да жүр­генде-ақ сайттарға жазған­дарым жиі жарияланып тұра­тын. Ол кезде «хобби» еді. Енді ол ермек негізгі жұмысыма айналды.

– Айтпақшы, интернет-басылымдардың дамуымен қағаз газеттердің күні қараң бола бастаға­нын өз басымнан кешіріп отырмын: соңғы 2–3 жылдан бері газет тара­лымының өсуі тоқтады. Біздікі – иман-таразы жағдай, өзге­лердің таралымы күрт түсіп, кейбір газеттер жабылып жатыр. Газетті құжат деп санайтын қазақ үшін бұл қалыпты жағдай дей аламыз ба?

– Иә, газеттер үшін бұл бір қиын жағдай болып тұр. Ғалам­тордың дамуына қарасаң, бұл үрдіс қалыпты жағдай сияқты. Бүгін болмаса да, ертең мұны мойындауға тура келеді. Басылым иелеріне де газеттен гөрі сайт ұстаған қаржылық жағы­нан тиімді екені рас қой. Бірақ сол интернетіңiз қазағы қалың ауылдарға әлі жеткен жоқ! Өз басым алдағы бес-он жылға дейін газет керек деп есеп­теймін. Сосын салалық газеттер ғана қалатын шығар. Бірін-бірі қайталайтын газеттердің күні өтіп барады. Оған өзіміз де кінәлімiз. «Қайрат Нұртастың «Бентли» машинасын сатып алған» жаңалығымен оқырман­ды, көрерменді алдай алмаймыз қазір. Оқырман ойлы, са­раптамалық дүниелерге сусап отыр. Оны кім жазады? Мәселе – сонда!

– Сонымен, кезіндегі «Хабарды» телеарна қылуға атсалысқан Арман Сқабылұлы қысастықтан «қоңыз теріп кетпегенін» білдік: бүгінде Ult.kz порталынан басқа не тірлігіңіз бар?

– Қолынан жазу келетін адам ешқашан «қоңыз теріп» ке­те қоймас, Ереке! Жұмыс көп. Ғаламтордағы тірліктен өз­ге бір көркем фильмге сценарий жазып, оны өндіріске өткіздік. «Қазақфильм» қабыл­дап алды. Кеше ғана ауыл өмі­рін қазақы қалжыңдармен көр­сететін комедиялық сериалдың сценарийi жазылып бітті. Өткен жылдың соңында «Өкпелемеші» атты жинағымның жарық көр­генін білесіз. Жұртшылық жаман қабылдамаған сияқты. Сол шығармашылығымның жалға­сы ретінде кешегі-бүгінгі «Хабар» жайында бір дүниенің жазылып жатқанын айта кетейін.

– Айтпақшы, бұл сұхбат­тың бісімілләсін сол «Өкпелемешімен» бас­тауға боларын қапер­ге алмаппын. Бұл да өмірдегі көп білместіктің бірі дерсіз: ол дүниені оқып шықтым – тамаша! Құтты болсын! Шамасы, ендігі оқылатын кітаптың келешегі осындай «қолға ұсталатын» әдебиеттің әлпетіне қарай ойысатын шығар. Дайын «пресс-релиздің» өңін айналдырып, журналист болып жүрген іні-қарын­дастарға ақыл айтарлық дүние бұл кітапта бар­шы­лық екен...

– Жастардың барлығы дайын «пресс-релизге» жабысып қалды деген ойдан аулақпын, Ереке! Қолынан жазу келетін та­лай жасты мен де байқап жүр­мін. Өзіңіз айтқан «шетсіз, шексіз ғаламтор кеңістігінде» өзіндік үні, ұстанымы бар талай жас журналист жүр. Әттең, ол­ардың мүмкіндігін сол виртуальды әлем ғана пайдалануда. Ал газет пен теледидарды, ке­рі­сінше, журналистиканы «пресс-релизді» аудара салу деп түсінетіндердің жаулап ал­ғаны өкінішті, әрине. «ТВ»-ға эфирге шығу үшін, тіпті мансап үшін баратындар бар. Ұят та болса айтайын, Серік Абас-шах қызметінен кеткен күні осындай жастардың бірі ізін суытпай аға-көке тамыр-таныстарына телефон шалып: «Маған осы ор­ынды алып беріңізші», – деп өтініш жасағанда, жағамызды ұстадық. Әлгі дегеніне жетті де. Бұдан журналистика ұтты ма, ұтылды ма – оны Абас-шахтың «ТВ»-да үңірейіп қалған орнын байқағандар біле жатар деп ойлаймын... Теледидарға мансап үшін емес, журналист болып қалыптасу үшін барыңыз­дар, жас әріптестер! Мансап – қолдың кірі, ал жақсы журна­лис­т жұмыссыз қалса да, оны жау алмайды. Оларға бұдан басқа не айтайын?!

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №20 (291) 21 мамыр 2015 жыл

0 пікір