Сенбі, 4 Мамыр 2024
Шамшырақ 5989 0 пікір 27 Мамыр, 2015 сағат 09:33

«РУХЫ АЗАТ ҚАЗАҚ ЕЛІН КӨРУДІ АРМАН ЕТЕМІН»

Руханият атты ұлы ұғымның мағынасына жіті үңілетіндер саусақпен санарлық қазір. Сол саусақтың санындай зиялының арасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызы (суретте) бар. Кей ер-азаматтарға бітпеген қайсарлығы үшін ел алдында беделі артқан, жаны нәзік болса да сөзі салмақты, ең бастысы, сөзі мен ісінің бірлігі әркез байқалатын Айнұрдың бүгінгі сұхбаты  бәрімізге  ой саларына сенімдімін...

 

− Армысыз, Айнұр Әбдірәсілқызы! Әңгімемізді соңғы жаңалықтардан бастасақ. Жақында Сәтбаев қаласында дүбірлі іс-шара өткізгендеріңізден әлеуметтік желілер арқылы хабардар болдық. Шараның мән-жайын тарата айтып берсеңіз.

Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында 13-15 мамыр аралығында «Қазіргі діни ахуал жағдайындағы дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғырту және ішкі тұрақтылық мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция және осы тақырыпта мемлекеттік қызметкерлерге, дін қызметкерлеріне, ақпараттық-насихат топтарының мүшелеріне, «Дінтану негіздері» мұғалімдеріне арналған үш күндік семинар өткіздік.

Семинар жұмысы конференциядан бұрын басталған болатын. Біздің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының алты бірдей қызметкері кезек-кезегімен әртүрлі тақырыптарда дәрістер оқып, сонымен бір мезгілде фокус-топтық талдау жұмыстары мен сауалнамалар, сұхбаттар жүргізіп отырды. Осындай шаралар іргелес Жезқазған қаласында да қатар жүргізілді.

Осы шаралардың әсерлі әрі мазмұнды болғандығының нәтижесі болса керек, соңғы күнгі конференцияға келушілер саны өте көп болды. 400 адамдық зал лық толып, сыймай қалған қаншама халық есік алдында иін тіресіп тұрды. Сөйлеушілердің лебізін осынша ыстық ықыласпен қабылдап, ұзақ қол соққан аудиторияны мен бұған дейін көрген жоқпын. Сәтбаевтағы сапар біздің орталық қызметінің мәртебелі бір сатысы болды. Мамандарымыздың өскенін, бейнетіміздің зейнетін ел көре бастағанын тағы бір сезініп, марқайып қайттық.

− Қандай өзекті тақырыптар сөз болды?

Әрбір іс-шара өзінше бір мазмұндық тұтастықпен өріледі ғой. Семинар жұмысының кіріспе тақырыбы зайырлы мемлекет заңнамасынан, зайырлылық қағидаттары және дін арақатынасы мәселелерінен басталды.

Негізгі бөлімінде қазіргі еліміздегі діни ахуалдың жай-күйі, негізгі даму үрдістері, Қазақстандағы дәстүрлі діндердің дүниетанымдық қырлары, соның ішінде исламдағы ханафи мазхабының елімізде таралу ерекшеліктері, Матуриди ақидасының қазақ дүниетанымындағы орны, Қазақстандағы діни-ұлттық бірегейлену, дін және дәстүр сұхбаты мәселелері, діни және дінтанулық білімнің жай-күйі, дәстүрлі емес діни бірлестіктердің қызметі, теріс пиғылды және тіркелмеген діни ағымдардың іс-әрекеті мен зардаптары, діни экстремизм мен терроризм идеологиясының ұлттық қауіпсіздікке қатері сынды өзекті тақырыптар жан-жақты талданды. Қорытындысында сұрақ-жауап алмасылып, сұхбаттар беріліп, сертификаттар табысталды.

Семинар барысында біздің орталықтан директордың ғылыми іс жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Баймаханов Бекжігіт Көбейұлы, Исламды зерттеу бөлімінің басшысы, құқықтану магистрі, исламтану доқторанты Мұқан Исахан, Христиандық және Қазақстан үшін дәстүрлі емес діни ағымдарды зерттеу бөлімінің бастығы Новикова Галина Николаевна, ғалым хатшы, философия ғылымдарының кандидаты Омаров Асан Қайырбекұлы, Исламды зерттеу бөлімінің бас ғылыми қызметкері Муслимов Марлен Жүнісұлы секілді мамандар қатысып, дәрістер жүргізді.

− Осындай айтулы шараны шалғайдағы Сәтбаев өңірінде өткізулеріңізге не себеп болды?

− Сәтбаев қаласындағы Дін мәселелері жөніндегі орталықтың басшысы З.Қиянова ақпан айында біздің орталыққа арнайы сапарлап келіп, бірлескен іс-шаралар өткізу жайын кең отырып кеңескен едік. Семинар өткізу бастамасы сол кісінің тарапынан туындады.

Ал кешенді шараға «Қазіргі діни ахуал жағдайындағы дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғырту және ішкі тұрақтылық мәселелері» деген атты өзіміз қойып, бағдарламасын жасақтап, сәтті күні жүзеге де асырдық. Атап айту керек, дәл осы атпен еліміздің барлық өңірлерінде іс-шаралар циклін өткізуді жоспарлап отырған болатынбыз. Оның кешегі үш жүздің басын қосқан Сарыарқаның сайын даласынан, қасиетті Ұлытау өлкесімен ұласып жатқан өңірден бастау алуын жақсылыққа жорыдық. «Дінге қызмет – елге қызмет», «Халыққа қызмет – Хаққа қызмет» деп түйсінген ұлттың ұланы болған соң әрбір істен ізгі нәтиже күтуге бейімбіз ғой.

Ендігі бағытымыз – Оңтүстік пен Батыс өңірлер. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарындағы іс-шаралар басталып та кетті, ал Батысқа жол тартуды жаңа айға жоспарлап отырмыз.

− Осы орайда өзіңіз басқаратын орталықтың қызметімен толығырақ таныстырудың реті келген тәрізді...

− Біздің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы 2007 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Дін саласындағы іргелі зерттеулер, діни ахуал мониторингі, дінтану сараптамасы осы орталықта жүргізіледі. Дін мәселелеріне, діни бірлестіктер қызметіне, діни білім мен дінтану сараптамасына қатысты ақпараттық-анықтамалық және әдістемелік материалдар, зерттеу еңбектері, талдау жұмыстары жасалады.

Республика бойынша дін мәселелері жөніндегі Ақпараттық-насихат топтарының жұмыстарына тікелей қатысу және әдістемелік көмек көрсету де біздің орталықтың міндетіне жатады. Көптеген мемлекеттік мекемелерде діни ахуалдың өзекті мәселелеріне қатысты дәрістер оқу, оқыту семинарлары мен түрлі пішімдегі іс-шаралар ұйымдастыру, соның ішінде жастар мен әйелдер аудиториясына қатысты мақсатты жұмыстар жүргізу орталық жұмыстарының бір бөлігі болып табылады.

Сонымен қатар ресми сайтымыз бен әлеуметтік желілерде ақпараттандыру жұмыстарын жүргіземіз. Жоғарыда аталған бағыттар бойынша көптеген басылымдар әзірлеп, аумақтық Дін істері басқармалары арқылы ел көлеміне таратамыз. Сол еңбектердің ішінен әсіресе өткен жылы екі тілде әзірленіп, жарық көрген «Дінтанушы-сарапшының үстел кітабын», «Дінтану негіздері» пәнінің оқытушыларына арналған қосымша құралды, «Дінтанулық зерттеулер» жинағын және «Имамға көмекші» үстел кітабын ерекше атар едім.

− Сөзіңіз аузыңызда, өткен жылдың соңында өткен брифингте сіз «Ханафи әдебиеттері» сериясының кішігірім таныстырылымын жасаған едіңіз...

Иә, бұл серия – біздің Дін істері агенттігі құрылған кезеңнен бастап, үш жыл бойы жасаған еңбегіміздің елеулі жемісі. Серияға енген он бес кітапты еліміздің түкпір-түкпірінен түйірлеп жинап, кейбірін аудартып, редакциялап, кейбірін қайта баспаға даярлап, серияның аты мен логотипін ойлап тауып, дизайнына дейін негізгі идеяларды жүзеге асыру өзіме нәсіп болды.

Серияға енген әрбір кітаптың өзіндік дайындалу тарихы бар. Мысалы, Имам Ғазалидің «Бақытқа жету әліппесін» («Кимйаи-саадат») кезінде оңтүстіктің белгілі ақыны, марқұм Тұрсынәлі Айнабековтың аударғанын кездейсоқ бір мәліметтен оқып қалдым. Содан кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық Дін істері басқармасының мамандары арқылы марқұмның отбасымен байланысып, қолдарындағы жалғыз нұсқаның көшірмесін алдық. Мәтінді қайта тергізіп, толығымен қайта редакцияладық. Мұрагерлерімен баспа арқылы келісімшарт жасасып, қайта басу құқығын алып, бұрын осы кітапты жариялаған «Қасиет» баспасына сілтеме жасай отырып, жарыққа шығардық.

Ал Ғазалидің «Жан тәрбиесі» кітабын Оңтүстік өңіріне жасаған кезекті сапарымда кітап дүкенінен кезіктірдім. Осы кітаптың алғысөзінен ғұламаның «Аллаға махаббат» атты еңбегінің де қазақ тіліне аударылғанынан хабардар болдым. Аудармашысы өзіміздің замандасымыз, исламтанушы ғалым, көптеген исламдық еңбектерді отандық оқырманға таныстырған Жалғас Сәдуақасұлы болып шықты. Сол кісімен байланысып, қос кітаптың аудармасын қайта баспаға даярлаттық.

Әбу Ханифа имам Ағзамның «Ең үлкен фикһ» («Фикхул акбар») және «Өсиеттер» («Уасият») кітаптарының аздаған аударма нұсқаларын салыстыра келіп, замандас авторымыз Ризабек Батталовтың аудармасына тоқталдық. Автор сол кезеңде Египет Араб Республикасында оқуда болатын, сәті түсіп, Каирге барған сапарымызда жолығып, аударманың электрондық нұсқасын алып, жарыққа шығардық.

Мұхаммед ибн Мұхаммед Шымыр би (Алтыбармақ) бабамыздың екі томдық «Мұхаммедтің пайғамбарлық дәлелдері» («Маъарижун-нубууа») кітабы мен Сопы Аллаярдың «Әлсіздердің табандылығы» («Саъбатул ажизин») кітабын отандық автор, исламтанушы Зәріпбай Оразбайдың аударғанынан өзімізге дінтану сараптамасына келіп түскен «Қазыналы Оңтүстік» сериясының басылымдары арқылы хабардар болдық. Ол кісіні сонау Қазығұрт төріндегі мекеніне іздеп барып, көне кітаптардың інжу-маржандарын жинақтаған жеке кітапханасымен танысып, аталған еңбектерді қайта даярлауына мұрындық болдық.

Қазіргі бірқатар белгілі дінтанушылар Ершат Оңғаров, Еркінбек Шохаев, Мұхитдин Исаұлының кітаптары, сонымен қатар өзімнің «Дін. Дәуір. Дәстүр» атты еңбегім де осы серия аясында жарық көрді.

Кітаптардың соңғы дизайндық үлгісін әзірлеуге «Хикмет» студиясының мамандары көмектесті. Серия басылымдары «Әлеуметтік маңызы бар әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасы аясында екі мың данамен «Баспалар үйі» баспасы арқылы жарыққа шығып, ел аумағындағы барлық кітапханаларға таралды. Аумақтық Дін істері басқармаларына, мешіттер мен медрелесерге Дін істері комитеті арқылы жолданды. Еліміздегі барлық дінтану кафедраларына осы жылы орталықпен жасалған меморандумдар барысында өз қолыммен табыстадым.

−       Жаңа жобаларыңыз жайлы бірер сөз...

Өткен жылы орталықтың ресми сайтын қайта жасақтап, «Біздің жоба: Дін және дәстүр» деген айдар ашып, толықтырдық. «Дін саласындағы өзекті мәселелер жөніндегі 20 сұрақ-жауап» сериясымен «Дін және дәстүр», «Дін және қоғам» тақырыптарында екі жинақ құрастырылып, орталық сайтына орналастырылды және барлық өңірлерге таратылды. Атап айту қажет, бұл жинақты құрастыруда «E-islam» ақпараттық-ағартушылық порталына келіп түскен сауалдар негізге алынды. Жинақ жұмысына орталық мамандарымен қатар аталмыш портал қызметкерлері мен білікті дінтанушы ғалымдар да атсалысты.

Үстіміздегі жылы Қазақ радиосында «Дәстүрлі құндылықтар» атты арнайы хабарды эфирге шығара бастадық. Біздің бастамамызбен шығатын екі тілдегі «Дінтану» онлайн-журналы келер айда тұсауын кеспек.

«Қазақстан дінтанушылары» атты арнайы каталог құрастыру ойымызда бар. Діни ахуалды тікелей зерделеу мақсатында еліміздің барлық аймақтарына жаппай іссапарлар ұйымдастыруды да жүзеге асырудамыз. Дінтану кафедраларына арналған ақпараттық-танымдық жинақ әзірлеудеміз.

Мұның барлығы – жоғарыда санамаланған негізгі жұмыс бағыттарынан тыс өз бастамамызбен жасалып жатқан қосымша дүниелер.

− Сөз соңында Сәтбаевта өткен шараға оралғым келеді. Конференцияда сөйлеген сөзіңізде ақсақалдарға базына ретінде біраз лебіз білдіріпсіз. Бұл мәселеге назар аударуыңызға не себеп болды?

− «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы?» дейді Мұхтар Әуезов. Артқы жасқа тәлімімен ғана емес, тұлғасымен де өнеге болатын алдыңғы буын ағалар елдіктің ерен үлгісін көрсетіп, ынтымаққа ұйытудың орнына «бас-басына би болған өңкей қиқым» секілденіп, рушылдық пен жершілдіктің дертінен айыға алмай жатса, ел аузынан дуа кеткені емей немене?

Артқы жасқа қашанда алдыңғы буынның өнегесі керек. Біздің буын талайлы кезеңге тап келіп, табан жолын өзі іздеп табуға көбірек мәжбүр болды. Біреу маңдайымыздан қашан сипайды деп жүргенде, өзіміз өзгелердің маңдайынан сипайтын жасқа жетіп қалыппыз...

Рас, көкірегімізді құндылыққа толтырған көркем әдебиет пен ел аузындағы есті сөзден кемдік көрген жоқпыз. Бірақ біздің алдымыздағы, біз өкшесін басып келе жатқан буын өтпелі кезең тауқыметімен ұрпақ тәрбиесінен гөрі нарық қыспағын еңсеруге көбірек алаңдады. Оқудай оқып, тоқудай тоқуға тырысқанымызбен, «Тайбурылдың қырық үш күн кемдігі» секілді аталы сөзге қанбай қалған құмардың, толмай қалған тәлімнің, көрмей қалған көрегенділіктің орны олқы соғып тұрады. Ақ сақалды қария мен ақ жаулықты ана көрсек, біз іздеген бір жоқтың орны толар ма екен деп әлі күнге жаутаң-жаутаң қараймыз...

Мүмкін мұндай жағдай барлық буынның басында болатын шығар. Осыдан тоғыз ғасыр бұрын жазылған «Ақиқат сыйында» Ахмет Йүгінеки:

«Дүние бір керуен сарай-ды,

Бар жұрағат содан тарайды.

Алдыңғы толқын өтіп кетіп,

Артқы толқын соған қарайды»

деп айтып өткен ғой...

− Осы ойлардың ағынымен қорытынды сұрақ орнына сізге көптен көкейде жүрген кейбір сауалдарымды қойсам деймін. Рұқсат болса...

−       Әрине.

− Өмірлік іс-тәжірибеңіз тек мемлекеттік мекемелермен байланысты болған екен. Мемлекеттік қызметтегі ең күрделі мәселе деп нені айтар едіңіз?

Әр істі өзінің маманы атқармауынан және әр іске жанашырлық болмауынан асқан күрделі мәселе жоқ.

−       Осынша мол жұмыстар атқарудасыз. Оптимиссіз бе?

−       Жоқ. Мүлде.

−       Неден үміт етесіз?

−       Ғайыптан.

−       Неге?

Не ниетімізбен, не әрекетімізбен нығметке лайықпыз деп ойламаймын.

−       Ел ретінде ме, жеке тұлға ретінде ме?

−       Менің «менім» мен «бізімнің» айырмашылығы жоқ.

−       Нені аңсайсыз?

−       Сайын даланы, ай мен күнді, арғымақтар дүбірін.

−       Не нәрсеге қуанасыз?

−       Өмірдің өткіншілігіне.

−       Неге алаңдайсыз?

−       Рухани тәуелді ел болу қаупіне.

−       Нені арман етесіз?

−       Рухы азат Қазақ елін көруді арман етемін...

 

Сұхбаттасқан Шарафат Рысбайқызы

Дереккөзі: E-islam.kz

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1076
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 967
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 713
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 817