Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Тағзым 7562 0 пікір 27 Мамыр, 2015 сағат 11:30

ТАМИМДАР САФИЕВ. АЗАТТЫҚ

Сүйінші, ағайын! Қолымызға 1916 жылғы Июнь жарлығы, қазақ жігіттерін майданға алу кезіндегі оқиғалар жөнінде тамаша естелік түсті. Авторы – қазіргі Батыс Қазақстан облысы Қазталов өңірінің тумасы Тамимдар Сафиев (суретте). 1919 жылдары «Дұрыстық жолы», «Ұшқын» газеттерінің алқа мүшесі болған, Қарақалпақ АССР-інде әдебиет саласында көп жыл еңбек етіп, өмірінің соңғы жылдарында Мәскеуде тұрған Тамимдар Сафиевке өмірбаяндық естелік жазуды қолқалаған – белгілі ғалым, қазақ тарихын жинақтауға бүкіл өмірін арнаған Мұстафа Ысмағұлов екен. Біз бұл екі тұлғаның өмірі мен қызметі туралы журналдың алдағы сандарында толық тоқталамыз.

Ал, төмендегі естелік Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұрған М.Ысмағұлов қорынан алынды. Араб әрпімен жазылған, бірнеше дәптерден тұратын естелікті оқып, қазіргі әліпбиге түсірген - Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің ғылыми қызметкері Гүлмару Мырзағалиева.

Dana.kaz журналы.

(Мұстафа Ысмағұловтың қолжазбасы)

1916 ЖЫЛ ОҚИҒАСЫ

1914 жылы басталған жер жүзілік соғыс империяшылар соғысы көпке созылды. Соғыс ылаңы 1916 жылға дейін ел арасында оншама сезілген жоқ сияқты еді. Ел әдеттегі тұрмыс күнделікті қалпында еді. Бірақ осы 1916 жылы соғыстың зардабы сезілді. Қазақтан солдат алады екен деген хабар таралды. «Ақ патша қазақтан жүз жылға дейін солдат алмаймын деп ханға уәде еткен екен, сол жүз жылы толып, 4-5 жыл өтіпті, енді солдат алатын болыпты» деген алып-қашпа сөздер жайды. Бұл ылаңменен қатар 1916 жылы елге керек қайбір нәрсе-қара қымбаттады. 14 тиын тұрған талон 15-16 тиын болды, тағы сондай қымбаттаған нәрсе-қаралар болды. Тағы бір заттардың кеміс болып, жетпеуі басталды. Елден басын кесіп, өлшеп мал алу болды. Бұрынғы күміс ақша орнына 15-20 тиындық марка шықты. Тағы-тағы сондайлар болды. Бұл жағдай белгілі ел арасына түрлі өсек үшін хабарлардың таралуына, халықтың әр комиссияға құрақ тұруына (ұшуына – ауд.) алып келді.

1916 жылғы Июнь жарлығы елге тым қатты тиген жарлық болды. Июнь жарлығы елдің зәресін ұшырды. 19 бен 30 жастардың арасы жігіттер соғыс майданының шебіндегі жұмысқа алынады деген хабар әсіресе жастарды қорқытты. Әкім қара Қызыл үйге (ол уақытта болыс кеңсесі қызыл үй деп аталатын) жиналып тізім алу басталды. Істеп жатқан жұмыстарын тастап, бағып отырған малын қойып, 19-30 жас арасындағы жастар атқа мінді, лек-лек болып, топ-тобыменен ауыл, елді аралады. Елмен қоштасамыз деп қыдыру басталды, бірқатарлар бұл жұмысқа барудан қалай қаламыз, қайткенде құтыламыз деп, қалай бас қорғаудың шарасын іздеуге кірісті. Тізімге жазылмаудың шарасын іздеді.

Менің Орынборда оқып жүрген кезім, жаз ауылға келіп, үйде болған уақытым еді. Бір күні атқа мінген 20-30 атты Июнь жарлығы бойынша тізімге ілінгендер, маған келді. Қатар құрбы жігіттер маған «неғып отырсың? Солдат болдық, соғысқа кететін болдық. Жүр, атқа мін. Елмен қоштасамыз, тағы басқа не шаралар бар, көреміз» десті. Тізімге іліккендер қатарында мен де бар едім. «Жақсы, мен де сізге қосыламын» деп, жігіттерге уәде берсем де, ауылымыздан 10-15 шақырымдай жердегі Талөпкеге (қазіргі Қазталов селосы, Батыс Қазақстан облысы - DK)бардым. Болыстың әкімдері қызыл үйде емес, Талөпкеге жиналған екен. Тізім сонда жазылып жатыр екен. Азын-шоғын орысша жазу білетін едім. Мені де тізім жазуға отырғызды. Өзімнің тізімге кіргенімді көрдім. Қалу шарасы парасыз, тамыр-таныссыз болмайтын түрі көрінді. Сөйтіп ауылға қайттым. Енді бас қорғаудың шарасын көрмекші болдым. Орынборға барып мектеп арқылы отсрочка ала аламын ба, қалай болады деп соны ойладым. Бұл Орынборда татар медресесінде оқып жүрген кезім еді. Ағайын-туысқандармен кеңесіп, август айының ішінде Орынборға жүріп кеттім. Бұл бір жағынан қашқын болғаным еді.

 

ОРЫНБОРДА

 Ол кезде Орынборда «Қазақ» газеті шығады, редакторы Ахмет Байтұрсынов, қызметкері Міржақып Дулатов, бұлармен таныстығым бар еді. Орынборда оқудағы шәкірттер болып жұма күндері редакцияға барып, «Қазақ» газетасын поштаға тапсыру, адресін жазу жұмыстарын істеп, жәрдемдесетін едік. Орынборда оларға барып сөйлесіп көрдім. Майдан жұмысынан қалу жөнінде олардан мені тыныштандырғандай жәрдем болмады. Сөйтіп жүргенде бір күні қыста медреседе бірге оқыған сабақтасым Кітабов деген бір татар жігітін ұшыраттым. Хал-жағдайды сөйлесіп, түсініскеннен кейін ол маған былай деді: «Менің жездем осы Орынборда қазынаға (әскерге) ет тапсыратын болып договор жасады. Қаланың шетіндегі бір бойняны (мал соятын) арендаға алды. Соған рабочийлар, қызметкерлер керек, оған жұмысқа кіргендер соғысқа майданға бармайды. Отсрочка беріледі. Мен соған жұмысқа жазылып, солдаттан уақытша қалатын болдым. Жүр, барып сөйлесейік, маған көмекші болып жұмысқа кір, отсрочка аласың» - деді. Айтқанындай, мені апарып, жездесі Уахидов деген байға таныстырды, жұмысқа орналастырды. 15-20 күн өткенде Астрахан губернаторынан маған алты айға отсрочка да келді. Енді көңілді бірлеп жұмысқа кірістім. Енді бір тынышымды алған нәрсе мынау болды: тізімге кірген жігіттерден қашып кеткендер болса, оның әкесін, ағайындарын солдатқа айдайды екен деген хабар болды. Соның үшін жұмысқа орналасқанымды, отсрочка алғанымды, қай жерде екенімді айтып Талөпкеге, үйге хат жазып, хабар еттім. Кеңселерге білдірдім, сентябрьдің ішінде Талөпкеде тұратын Мифтахиддин Уәли деген бір жолдастан хат алдым. Ол Талөпке елінің жағдайын былай суреттейді: «Ел жылау-сықтауда, әсіресе еңбекшілерге қиыншылық түсті. Астрахан, Ордадан адамдар (чиновниктер) келді. Жергілікті правитель Мерәлі Қарабаев, оның төңірегіндегілер ойларына келгендерін істеп, елді зарландыруда. Күні-түні арақ ішу, карта ойнау, адам саудасы, пара алу болып жатыр. Карта ойынына ақша орнына адам (жігіт), банкіге адам қоятын болды. Біреуі банкке бір жігіт қойдым десе, енді біреуі мен бір жігіт жүрдім дейді. Жігіттің құны 200-ден 500 сомға дейін барды. Байлар балаларының орнына кісі жалдап жіберіп жатыр. Көбісі пара беріп алып қалып жатыр. Елдің көз жасы төгілуде. Жігіттердің бірқатары жөнелтілді»,- деген.

Ал енді Орынбордағы жағдайға келсек, бұнда да Уахидов деген байдың саудасын көрдім. Айлық төлеп рабочий алудың орнына, байға ақша төлеп, жұмысқа орналасушылар аз болған жоқ. Байлардың балалары Уахидов байға 100-200 сом төлеп, рабочий болып кіріп жатты. Мен өзім тамыр-таныс арқылы 15 сом айлық (жалақы) алып, конторында жұмыс істедім.

Август айының ақыры сентябрьдің бас шамасы болар деймін, Орынборда Торғай облысының бас көтерген ақсақалдарының жиналысы болды. Жиналысқа Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамедияр Тұңғашин қатынасты, Торғай облысынан келген болыс старшина ақсақалдар келді. Жиналыс ашық, мен де бір тыңдаушы болып жиналысқа кірдім. Жиналыста қаралған мәселе соғыстың кейініндегі қара жұмысқа адам беру, оны қалай ұйымдастыру, Июнь жарлығын қалай орындау болды.

Әлихан Бөкейханов сөз сөйлеп, Ресей халқының соғысқа қатынасын, бұл кездегі жағдайды айта келіп, соғысқа татар, башқұрт тағы басқа ұлттардың қатынасын айтып, енді қазақ халқының да шетте қалуы қолайсыз, Отанымызды қорғау керек, майданға баруымыз керек деген сөздерді айтты, басқа бірқатар адамдар Әлиханның сөзін мақұлдады. Бірақ Торғай облысынан келген бір-екі ақсақал: адам бере алмаймыз - деп, өздерінің дәлелдерін айтып өтті. Қысқасы жиналыс адам беруді мақұл көріп, соны ұйғарды. Сонымен жиналыс тарады.

Бұрыннан «Қазақ» газетасының қызметкерлері, редактор Ахмет Байтұрсыновпен таныс едім. Оқып жүргенде «Ақас» деп үйіне барып жүрген уақыттарым да бар еді. Бір күні Байтұрсыновтың үйіне бардым. «Хош келдің!» - деп шайға отырғызды. Оның үйінде Әлихан Бөкейханов отыр екен. Ахмет мені Әлиханмен таныстырды. Бұрын «Қазақ» газетасында «Қыр баласы» деген атпенен жазылған мақалаларын оқысам да Әлиханмен таныстығым жоқ еді, көрген де жоқ едім. Осы бірінші ұшыратуым болды. Орта бойлы, жалпақ бетті, нық денелі, ауыр сөзді адам екен. Әлихан менен Бөкейде болып жатқан жағдайды сұрасты. «Жігіт беру қалай жүріп жатыр, елдегі азаматтар бұл іске қалай қарайды, Жәңгір ханның туысқаны Шәңгерей князь не дейді екен, Бөкейхановтардың пікірі қалай екен» деп сұрасты. Мен Бөкейде болып жатқан жағдаймен оншама таныс болмасам да, білгенімді айттым, көргенімді білдірдім. Әлихан сол кездегі жағдайды сөйлеп, жігіттердің майданға кетіп (ж)атырғанын айтты. Көзі ашық оқыған азаматтар да бару керек, өз ұлтының қамын ойлау керек, көптен қалмау керек деп сөздерін айтты, сөйтіп тарадық. Мен жұмысымда жүрдім. Орынборда шығатын «Қазақ» газетасын үзбей оқып тұратын едім. Бір күні газетада мынадай хабарды (мақаланы) оқыдым. Мақалада: Қазақ рабочий партияларының майданға қара жұмысқа кетіп жатқанын, сол қазақ рабочийлардың бір бөлігін земгор (Земский городской союз) деген ұйымының өз қарауына алатынын, ал сол қазақ рабочийларға басшылық еткендей, переводчик болғандай қазақ жастарын сол ұйымның қызметке шақыратынын айтқан. Жұмыс жағдайы қолайлы, жалақысы жақсы делінген. Сол жұмысқа оқыған жастар, көзі ашық азаматтар баруы керек екені айтылған.

Сол газеттегі мақаланы оқумен Ахмет Байтұрсыновқа бардым. Ахмет Байтұрсынов жай-жағдайын толық түсіндірді. Ел азаматы қалмай майданға жіберіліп жатқан уақытта көзі ашық оқыған жігіттеріміздің шетте қалуы жөн емес. Көппен бірге болу керек, жұмысқа бару керек деп, менің ұлтшылдық сезімімді жаман қыздырды. Өзіммен бірге оқыған Хайретдин Болғанбаев деген бір жігіт сол Орынборда екен. Ахмет маған оның сол жұмысқа жазылып кеткенін, қазақшыл Хасенғали дейтін бір татар бар еді. Оның да кеткенін маған айтты. «Сен де бар солардан қалма» деді. «Мәскеуде шығып тұрған «Сөз» газетасы бар, соның редакторы Гаяз Смақов деген бар, соған хат жазып қолыңа беремін. Қазір Әлихан Бөкейханов та Мәскеуде, оның адресін беремін, Мәскеуге баруыңмен Болғанбаев жолдасыңды, қазақшыл Хасенғалиды тауып аласың, солармен бірге қазақ рабочийлардың ішінде бірге жұмыс қыласыздар» деді.

Қысқасы, мен земгорға қазақ рабочийлардың арасында жұмыс ету үшін баратын болдым. Енді қожайыным байменен есептесіп, жұмыстан шығатын болдым. Тез расчет алатын болдым.

Қожайыныма келіп расчет сұрасам, ол маған: кетпе, кетсең қателесесің, «отсрочкаң» бар, енді саған не керек? - деді. Бірақ жігіттердің кетіп жатқаны, Ахметтің сөзі, бірге оқыған жолдасым Хайретдиннің кеткені, қызған ұлтшылдық сезім маған іркілуге жол бермеді. Қожайыннан расчет алып, жұмыстан шықтым.

Ахметке, Міржақыпқа келіп, Мәскеудегі «Сөз» газетінің редакторы Гаязға арнап хат жаздырып алып, Әлихан Бөкейхановтың Мәскеудегі адресін алып, октябрьдің 15-тері шамасында Орынбордан Мәскеуге жүріп кеттім.

Мәскеуге келіп, адресі бойынша Әлиханды іздеп тауып алдым. Ол Орынбордан бұрын келген Хайретдин, қазақшыл Хасенғалидың қай жерде екенін біледі екен. Мені жетелеп соларға алып барды. Сол күні жатып, ертеңіне земгор ұйымының бастықтарына барып сөйлеспекші болдық. Өзім алып барамын деген Әлихан бізді өзі алып барып таныстырмақшы болды.

 

МӘСКЕУДЕ

(І Дүниежүзілік соғыстың картасы)

 1916 жыл. Соғыс ылаңы Мәскеуге азырақ тигені сезілді. Ерте тұрмасақ нан ала алмайтын болдық. Түрлі керектердің кемістігі сезілді. Мәскеудегі ... «Сөз» газетасының редакциясына хатты тапсырғанымда Гаяздың кеңсесіне ертең кел дегені .... Кешегі уәде бойынша ерте тұрып, Хайретдин Болғанбаев, Хасенғали, мен үшеуіміз Әлиханға бардық. Әлихан біздерді ертіп земгордың кеңсесіне алып барды, бір бастыққа кірдік, сөйлестік. Ол кісі: сізді бүгіннен бастап жұмысқа кірді деп есептейміз, ертең келіп ақша аласыз, киім алуға қағаз береміз, соны аласыз, батыс майданда рабочиийлар бар, соларға жібереміз, Минскіде біздің кеңсе бар, соның қарауында боласыз, – деді.

Ертеңіне барып ақша алдық, офицерлер магазині бар екен, соған барып қолымыздағы қағаз бойынша 100 сомнан пұл төлеп, мұздай киіндік. Кеңсеміз 100 сомнан жалақы беретін болды. Солай етіп Мәскеуде 5-6 күн болып, Минск қаласына жөнелдік.

Ноябрь айының бас күндерінде Минск қаласына бардық, ертеңіне земгордың ондағы ұйымына барып, документ қағаздарымызды көрсеттік. Бізді қабыл етті, документтерді тексеріп, «күте тұрыңыз» дегені. «Минскіден 70-80 шақырым жерде станция Молодежный бар, сол станцияға жақын қазақ рабочийлары бар, соған барасыз» деді. Солай етіп, Минск қаласында тағы 5-6 күн болып, Молодежный станциясына жөнелдік.

Соғыстың үдеп тұрған кезі, Молодежный станциясына немістер келіп алып, тағы кейін азырақ шегінген екен. Молодежный станциясына барып, вокзалға түстік, станция бұзылған, қираған көрінді. Молодежный стансасынан 7-8 шақырымдай жерде земгор ұйымының 7-дружина рабочийлары окоп қазу жұмысында екен. Сол 7-дружинада бір мың кісі қазақ рабочийлар бар екен. Белгіленген орнымыз сол қазақ рабочийлар тұрған 7-дружина еді. Молодежный станциясына барып түсіп, станцияда телефон бар, сол телефонмен сөйлесіп, 7-дружинаның штабынан көлік сұрадым. Күн бойына станцияда отырып, кешқұрым қараңғы түскенде көлік келді. Түнде штабқа бардым. Штабтың бастығы ертеңмен мені көріп сөйлесті. «Осы жерде 4-5 шақырымдай жерде мың адам қазақ рабочийлар бар, соларға барасың, ондағы рабочийлардың басында Берг  деген уәкіліміз бар, Эмдин деген ... тағы басқа қызметкерлеріміз бар, сондағы уәкіліміздің қарауында істейсің» деді. Қасыма бір адам қосты. Қалың тоғай орманның ішіменен жаяу жүріп кеттік. Жолда баратқанымызда тас төбемізден немістердің екі аэропланы ұшып, екі бомба жерге түсті. Анадай жерден бұрқырап топырақ көтерілді. Менің зәрем қалған жоқ, дір-дір қалтырадым. Бірақ қасымдағы жігіт: қорықпа, бұндай бола береді – деп мені жұбатты. 1916 жылы ноябрьдің 15-тері шамасында 7-дружинадағы қазақ рабочийлар партиясына бардым. Рабочийлардың басындағы Берг деген, Эмдин дегендермен сөйлестім. Қызметкерлер қатарында бір барақтан орын берді, орналастым. Ендігі жұмыс жұмыстағы қазақ рабочийлармен танысу, олардың жай-жағдайларын білу болды. Өзімді таныстыру болды.

Қазақ жігіттері Ақтөбе уезі (Торғай облысы) І-ІІ Бөрте болысының жігіттері екен. Бір мың жігіт бір партия рабочий болып келген екен. Жігіттердің ішінде орысша білгендері болмаса да, қазақша сауатты оқығандары бар екен. Танысып болғаннан кейін жігіттердің менің алдыма қойған мәселелері мынау болды.

1. Біз дін тұтқан халықпыз, бізге бес уақыт намазымызды оқуға уақыт берілсін. Намазымызды оқып беретұғын молла берілсін.

2. Тазалық жағдайымыз жөнделсін, доктор қарап, ауруларымыз бағылсын.

3. Ас-суымыз көпшілік кухнядан айырылсын. Өзімізге тиіс паек ауқатты өзіміздің белгілеген кісіміз тиісті жерінен есептеп алсын. Өз кухнямызда өзімізден болған аспаздарымыз пісіріп, өзімізге үлестіріп беретін болсын.

Бұл 7-дружинада земгор ұйымының уәкіл басшыларынан басқа рабочийларды қай жағынан болса да бақылап басқарып отыратын әскери бір бөлім де бар еді. Онда бір взвод па, отделение ме әскер, 2 прапорщик бар еді. Бұл екі прапорщиктің біреуі Рябов деген тым қатал, айтқанға түсінбейтін, рабочийлардың жай-жағдайымен есептеспейтін қолайсыз адам еді, ал енді біреуі Александров, бұрын мұғалім (учитель) болған жігіт, жақсы, жайлы жігіт еді.

Қазақ рабочийлардың жоғарыда сөз қылған талабын земгор уәкіліне, әскери бөлімшедегі прапорщиктерге айтып сөйлестім. Мәселе қойдым.

Жігіттердің алдыңғы екі талабы көп сөз болмай-ақ орындалды, тез арада бес уақыт намазына уақыт берілді. Жігіттердің өздерінің қалауы бойынша араларынан молла сайланды.

Күн сайын дерлік фельдшер я сестра келіп қарап тұратын болды, аурулары болса, айырылып балниске (больница – ауд.) алынатын болды.

Ал енді бірінші мәселе ас-ауқат мәселесін шешу біраз қиынға соқты.

Бірақ тап сол кезде көп ұзамай Мәскеудегі земгордың орталық ұйымынан рабочийлардың жағдайымен таныспақшы болып екі адам келді. Олардың біреуі татарлардың белгілі жазушысы Гаяз Смақов, екіншісі татарлардың белгілі бір адамы Садри Максудов деген еді. Гаяз Смақов дегенмен оның жазған кітаптарын оқып, оның үстіне Мәскеуге алғашқы келгенімде Ахмет Байтұрсыновтың оған жазған хатын тапсырып, азырақ таныстығым бар еді. Гаязбен айырым оңашалап сөйлесіп, қазақ жігіттерінің жай-жағдайын айттым. Ас-ауқат мәселесін түсіндірдім. Орысша шала-шарпылау сөйлесіп, тілім жетіңкіремей жүр еді. Гаязға татаршалап бәрін айттым.

Гаяз Смақов сол күні земгордың уәкілі, әскери бөлімнің екі прапорщигі бәрімізді өзіне шақырып алып, менің шеше алмай жүрген мәселем - асхананы айыру, паек, азық-ауқатты рабочий жігіттердің өздері белгілеген адам алып, өз арасынан аспаздары болу мәселесін қойды. Бұл мәселе де жігіттердің өз талабына лайық шешілді. Жігіттердің ішінен паек, азық-ауқатты алатын адам сайланатын болды, жігіттердің өздері белгілеген аспаздары болатын болды.

Жігіттер өз арасынан паек, азық-ауқатты алатын уәкілдерін өздері сайлап қойды, аспаздарын өз араларынан белгілеп, солардың қолында піскен ауқаттарын жеп, ішкен астары бойларына тарағандай болды. Азық-ауқат туралы наразылық жеңіл тарасылды. Мен бір тілмаш, қазақ жігіттері мен әкімдердің арасында бірінің сөзін біріне айтып, шала-шарпы білген тіліммен сөйлесемін. Күндіз бірден жұмыс істеген жерде болсам, кеште бірден бараққа барып жігіттермен сөйлесемін. «Қазақ» газетін, «Алаш» газетін, «Айқап» журналын алдыратын болдық. Алып тұрдық. Жігіттер бес уақыт намазын оқиды (бұл бір демалыс қой). Майдандағы жігіттерді ел де ұмытқан жоқ. 7-дружинадағы қазақ жігіттеріне арналған вагон-вагон азық-ауқат келіп жатты. Жылқының сүр еттері - қазы, қарта, қарын-қарын сары май, тағы-тағылар. Бір-екі рет Минскіге барып, елден келген азық-ауқатты алып қайттым. Жігіттер өзара бөлісіп алып жатты.

 

БҰРАТАНА БӨЛІМІНІҢ ҰЙЫМДАСУЫ

(Тамимдардың қолжазбасы)

Бір күні Минскіден бір уәкіл келді. Бұл Хусаин Бекентаев деген еді. Өзі Қостанайдың жігіті, студент. Бұл Минскіде ұйымдасқан «Бұратана ел» бөлімі (инородческий отдел) деген ұйымның уәкілі еді. Ол уәкіл қазақ рабочийлардың тұрмыс, жұмыс жағдайыменен танысу үшін жіберілген уәкіл екен.

Хусаин Бекентаев 2-3 күн болды. Қазақ жігіттердің хал-жағдайымен танысты. «Жұмыс, тұрмыс жағдайыңыз жақсы екен» - деді. Басқа дружиналарда жағдай мақтанғандай емес дегенді айтты.

Намаз деп демалыс алғанымызды, докторлық жәрдемді жақсылағанымызды, айырым кухня, бөлек азық пісіру, тағы сондайларымызды мақұл көрді. Жігіттермен де сөйлесіп, өзі де жағдайды түсіндірді.

Бекентаевтың бір хабары: земгордың қапталында инородческий отдел ұйымдасқаны, оның қазақ оқығандарының жігерімен болғаны, ол ұйымның жұмысы майдандағы қара жұмысқа алынған қазақ жігіттеріне жәрдем, олардың жұмыс жағдайын, тұрмыс халін жақсарту екенін айтты. Бұл ұйымның басында Әлихан Бөкейханов отырғанын, оның төңірегіне қазақ зиялыларының (интеллигенция) жиналғанын, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Асфендиар Кенжин, Мырзағазы Есболов, Мұқтар Саматов, Хусаин Бекентаев, Бекмұхамбетов, тағы сондай-сондай оқығандардың келгенін, оқып жүрген студенттердің жиналғанын айтты.

Міне, осындай жағдайда 1917 жылға кірдік. 1917 жыл февраль айының соңғы күндері, күнде келіп тұрған поштамыз жоқ болды, газета, хат келмей қалды. Патша тақтан түсіпті-мыс, жаңа патша болады-мыс деген ызың хабарлар жайылды.

Марттың екісі күні Берг деген басшымыз мені шақырып алып, «Минскіге барып қайт, газета жоқ, түрлі хабарлар шығып жатыр. Газеталар алып кел» деді.

Мен марттың 6-сына дейін Минскіде болдым. Әлихан Бөкейханов басында отырған Бұратана бөліміне бардым. Онда Әлихан, Міржақып, Кенжин, Есболов, тағы басқаларды көрдім. Әлихан менен жай-жағдайды 7-дружинадағы қазақ жігіттерінің жағдайын сұрасты. Бөкейхановтың қолында «Русское слово» газетасы бар. Соны оқып көріп: Милюков, Шингарев, Ред(ван)колар менің жолдастарым еді. Бәрі министр болып кетіпті. Мен бұл жерде не қылып отырғаным, - деп сөз етті, күлді. 1917 жыл марттың 6 күні Минскіде үкімет митинг болды. Мен, Есболов, Міржақып үшеуіміз митинг-демонстрацияға қатынасайық, көрейік деп шықтық. Минскінің үкімет майданына бардық. Майданда митингі болды. Батыс майданның командующийі Алексеевтің бұйрық тақырыбы оқылды. Патшаның түскені айтылды, жарияланды.

Бір кезде қызыл жалау көтерген топ-топ болып, адамдар майданға келіп еді. Мен онша көп нәрсені біліңкіремеймін ғой. Мырзағазы Есболов «жүрің, жылдам кетейік, қызыл жалауменен рабочийлар шықты, бір сойқан болады» деп алып кетті. Бірақ ешнәрсе бола қойған жоқ. Митинг тыныш тарқасты.

Кезекте тұрып бірнеше газеттерді алып (барын) мен сол күні Молодежный станциясына жақын жердегі орналасқан жұмыс орным 7-дружинаға қайттым. Жұмыс тамам етті, қызмет жүріп жатты, майданда өсек сөз басталды.

1917 жыл апрельдің бас кезінде майданның кейінінде жұмыс ететұғын рабочийлар қайтарылады деген хабар болды. Бастығымыз бұл хабарды Уақытша үкіметтің жарлығы деп жариялады. Бұл хабарды, қуанышты хабарды рабочий жігіттерге жеткізу, айту керек болды.

Бұл хабарды естумен жігіттерді жинап, үлкен жиналыс қылып, солармен қатар отырып жігіттерге қуанышты хабарды айттым.

Жігіттер аса қуанды. «Ал енді қайтатын болсақ, соның садақамыз» деп молла мен екеуіміздің алдымызға ақшаны үйіп салды.

Бірақ жігіттердің ақшаларын өздеріне қайтарып беріп, қуаныштарына ортақтастым, енді қалған аз күнге тәртіп сақтап, тыныш жұмыстарды істеу керек екенін айттым.

Қайту хабарын жігіттерге айтып жеткізумен бірге сол күні «Қазақ» газетінің редакциясына, Талөпкедегі бір жолдасыма телеграм арқылы хабар еттім.

Рабочийлардың қайтуына елдің қуанышы да үлкен болған. «Сүйінші» деп бірталай дүние жинап алғандар болған.

Елге қайту хабары болғаннан кейін жұмыста жүрген менің де қайтқым келді. Көп ойланбастан арыз беріп, 20 күнге демалыс (отпуск) алдым. Солай етіп отпускіге елге Талөпкеге қайтып келдім. Сол келгеннен қайтып земгор штабына барғаным жоқ. Мені іздеген адам да болған жоқ...

Қолжазбаны оқыған

 Г. Мырзағалиева

 Дерек көзі: http://danakaz.kz

 

0 пікір