Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Айбын 5850 0 пікір 27 Мамыр, 2015 сағат 12:03

ҚОРҒАНЫСЫ САЛАСЫ ҚОРМАЛДАНЫП КЕЛЕДІ

...Қазанның қыраулы күндерінің бірінде елімізде  қорғаныс саласының басшысы ауысты...

Қазақстаннның қорғаныс саласын басқаруға Иманғали Тасмағамбетов келді. Негізгі себептің бірі - қазақтың қорғаныс саласы соңғы жылдары босаңсып-болбырап, тіпті, бейнеттегі мен зейнеттегі генералдар ашық «айқасқа» шыққан деседі...

...Арада алты ай өтті. Мамыр айындағы отан қорғаушылар күнінде (7 мамыр) Астанадағы әскери шеруді көріп, қамкөңіл болып жүрген ойымыз орнына түсті...

Қазақстанның әскери әлеуеті қуаттануға бет түзеді. Әскери қуатты елдердің әлемдік рейтингінде Қазақ елі 14 жылға көтерілді. Global Firepower ұйымы жасаған әлемдік көрсеткіш бойынша қазақ жұртының әскері 126 елдің ішінде 66 орынды мықтап иемденді.

Қазақстанның әскери қызметке жарамды тұрғын­дарының саны 6 млн 438 мың 168 адам. Бұл дәрежеде Қазақстан 58-ші дейгейде. Сонымен қатар, Қазақстанда 110 мың әскери қызметкер (49-шы орында) және 378 мың резервтегілер (24-ші орын), 300 танкі (48-ші орын), 1 613 БТР “брондалған транспортерлар” (44-ші орын), 285 өзі жүретін артиллериялық қондырғы (22-ші орын), 744 дана сүйретпелі артиллерия (18-ші орын), 393 дүркіндетіп ататын реактивті жүйесі (12-ші орын), 233 дана авиациялық әскери техника (41-ші орын) мен 15 дана жағалауды күзететін кемелері (87-ші орын) бар көрінеді. Қазақтың әскери бюджеті $2 млрд 435 млн-ды құрайды. Көрсеткіш елімізді 59-шы орынға көтерді.

...Үлкен жұрттар саналатын АҚШ, Ресей, Қытай алғашқы үштікте болса, Үндістан, Ұлыбритания, Франция, Солтүстік Корея үлкендердің ізін басқан. Әрі қарай, Украина 25-ші орынға, Беларусь - 45-ші, Өзбекстан - 54-ші, Әзербайжан - 63-ші, Армения - 74-ші, Грузия - 75-ші, Қырғызстан - 78-ші, Тәжікстан - 81-ші, Түркменстан - 90-шы орынға табан тіреді. Ең соңғы үштікте Мали, Мозамбик және Сомали...

Бүгінгі ахуалымыз жаман емес. Жұрттың соң­ын­да, елдің етегінде емеспіз. Қаруымыз да, қауқарымыз да бар. Басты мақсат – елдің тәуел­сіздігін сақтау. Мұның өзі жалғыз қорғаныс саласының емес, қабырғалы дүйім қазақтың парызы. Қысқасы, еліміздің қорғаныс саласы қормалданып, алапты асып, әлеуеті артып келеді. Ұзағынан сүйіндірсін. 

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Abai.kz

0 пікір