Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Не дейді?! 5732 0 пікір 27 Мамыр, 2015 сағат 12:54

ОЛИМПИАДАШЫЛАРДЫҢ ОЙЫНДАҒЫСЫ ОРЫНДАЛДЫ

Естеріңізге сала кетейік, өткенде қысқы олимпиадаға қатысатын 27 кәсби спортшы Қазақстан дәстүрлі емес жыныстық қарым-қатынасқа тиым салған жағдайда «бұл елдің үлкен спорт аламанын өткізуге қақысы жоқ» деп талап қойған болатын (http://abai.kz/post/view?id=3557).  Қайткенде әлемге танылуды барынша қалайтын Қазақстан билігі әлгіндей талаптан кейін Конституцияға қайта қарап, дәстүрлі емес сексуалды қарым-қатынастарды насихаттауды шектейтін заң жобасының күшін жойды.

«Конституциялық кеңес 2015 жылдың 18 мамырында №3 нормативті қаулы қабылдады. Оған сәйкес, еліміздің «Балаларды дамуы мен денсаулығына зиян келтіретін ақпараттан қорғау» туралы заң жобасы конституциямен үйлесімсіз деп танылды», – дейді Конституциялық кеңестің баспасөз қызметі.

Бұл шешім 2022 жылы Олимпиада ойындарын Алматыда өткізу үшін гомофобты заң жобасын жою туралы әлем спортшыларының қойған талаптарын қанағаттандырады.

Біздің елге әлгіндей талап қойған 27 кәсіби спортшының басында танымал теннисші  Мартина Навратилова (суретте) бар.

Спортшылар Халықаралық олимпиадалық комитеттің президенті Томас Бахтан Астанада “дәстүрлі емес сексуалды қарым-қатынастарды насихаттауға тыйым салатын” заң жобасын алып тастауға септігін тигізуді сұраған болатын. Олар заң жобасы дискриминацияға жол беріп, Олимпиада ойындарын өткізудегі талаптарға қайшы келеді деп есептейді.

Өткен жылдың желтоқсанында Халықаралық олимпиадалық комитет бірауыздан антидискриминацияны қолдап, Олимпиадалық хартияға сексуалды таңдауларына қарай спортшыларды бөліп-жаруға болмайды деген өзгеріс енгізген.

Осылайша Алматы 2022 қысқы Олимпиада ойындары өтуі мүмкін қалалардың ішінде көш бастап тұр. Қазіргі уақытта Алматыға бәсекелес жалғыз қала деп Бейжің танылды. Алайда 2008 жылы Бейжіңде жазғы Олимпиаданың өткені ескерсек, Алматының Олимпиада қаласы атануға мүмкіндігі жоғары сияқты.

2022 жылы Олимпиада өтетін қаланың аты 31 шілдеде Куала-Лумпурде анықталады.

Abai.kz

0 пікір