Сенбі, 27 Сәуір 2024
Өзіңе сен 5583 0 пікір 27 Мамыр, 2015 сағат 16:00

МИНИСТРГЕ ДЕ МҮМКІНДІК БЕРУ КЕРЕК

Осы бір жұманың айналасында  дәстүрлі БАҚ пен сайттарда, әлеуметтік желілерде Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтың есімі желдей есіп жүр. Оған алдымен Аслан Бәкенұлының өзі себепкер болды. Себепкер болатын себебі ол – жасы 100-ге толған ауылдағы атасын туған күнімен құттықтаған. Құттықтау сөзінде бас педагогымыз қазақша тілегінде де, орысша жазған тілегінде де әріптік қателер жіберіп алыпты. Соны көріп, «жерден жеті қоян тапқандай» жаныққан жазарман қауым министрді мінеп-ақ жатыр. Алайда, министрдің әлемжеліге жазған бірер сөйлемінде кеткен қате – соншалықты сорақы нәрсе емес. Егер сауаттылықтың шегі тілек жазудан басталатын болса, онда барлық министрлер мен депутат, әкім-қаралардың шамасын «диктант» жаздырып байқауға тура келеді. Сонда, «әлемдік деңгейде колледждер» ашу туралы Білім министрінің бастамасын «мәмбетизмге» теңеген еркетотай депутат ханымның да мәдениеті мен білімдарлығының шегі білініп қалар еді. Жә, негізгі айтпағымызға көшейік.

Білім саласындағы реформалар міне, 15-20 жылдың мұғдары болды, тиянақ таппай келеді. Ал, мұның зардабын алдымен жас ұрпақ тартуда. Бағдарламалар, әлгі бағдарламаларды білім мен ғылымның өзегіне айналдыру үшін құйылып келген қаржы-қаражаттың қайтарымсыздығы – өз алдына бөлек әңгіме. Сонда, 20 жылдың шегінде тұрақтамайтын бұл не қылған реформа? Ұшы-қиыры жоқ не деген эксперимент? Орта және арнаулы білім беретін мекемелердегі ұстаздар қауымының есіл еңбегі, қажыр-қайраты, білім-білігі қайда кетуде? Әлде, біздегі білім саласы қанша құйсаң да құрдымына тарта беретін құмға айналған ба? Әлде, кейінгі ұрпақ айтқанды ұқпайтын, оқығанын ойына тоқи алмайтын шетінен ақпақұлақ па? Олай емес шығар. Алайда, біздегі білімнің мәселесі бір ізге түспей-ақ қойды. Неге? Өйткені, аталған министрліктің орынтағына ешкім ұзақ отырып көрген емес. Саусағыңызды бүгіп санай беріңіз: Тасмағамбетов, Көшербаев, Бектұрғанов, Беркімбаева, Түймебаев, Құлекеев, Жұмағұлов, т.б. Сәрінжіпов. «Әр заманның тұсында бір сұрқылтай» демекші, аталған министрлердің тұсында әртүрлі сөз шығып , әркім-ақ Білім министрлерінің қызметін «білгенінше» сынап бақты. Сөйтіп, бір істі қызу қолға алған министр бірер жылдың айналасында бастаған жұмысының аяғы түгіл басына жете алмай отставкаға аттанып жатты. Солардың кебін осы күндері Аслан Бәкенұлы да киіп жүр. Кимегенде қайтеді, оқулықтардың сапасы нашар, оқу бағдарламалары әлі де жетілдіруді қажет етеді. Мектептердің материалдық базасы, Қазақстан қарқынды дамып 50 елдің қатарына кіргенімен, «колхозизм» мен «мәмбетизмнің» шегінде. Бұл сөзді айтып отырған басқа емес, Дәриға ханым Назарбаеваның өзі! Қайтпек керек? Сәрінжіповтың сәні кетіп-ақ тұр, сонда да сыр алдырар емес. Өйткені ол сынға төзе жүріп ойындағысын орайымен іске асыруға аса мүдделі азамат көрінеді. Мемлектшіл тұлға. Ішіп-жеп тайып тұрайын дейтіндерге тұрпаты ұқсамайды. Біз – ширек ғасырдың шегінде бір кісіге қолға алған ісін тәмамдауға мүмкіндік беріп келе жатқан елміз. Сондай кеңдігімізді неге министрге де көрсетпеске? Білім саласы  бұл – бір-екі жылда төлдей салатын Асылжан Мамытбековтың ала сиырлары емес. Қыруар қаржыға түскен Асылжанның ала сиырлары аусыл тиіп қырылса да, оған (қазіргі ауылшаруашылығы министріне) қырғидай тиіп жатқан жан баласы жоқ қой. Ал, оның қасында білім мен ғылым дегеніңіз – жылдар өткен соң барып жемісін беретін мәуелі бақ іспетті. Ол бақ бабына келгенше, министрді мініс атындай ауыстыра берудің қажеті шамалы. Мен, әрине, Аслан Бекенұлының адвокаты емеспін. Алайда, Білім мен ғылым саласына бір адамның ие болып, білек түре қызмет етеуіне мүмкіндік беретін уақыт келген сияқты. Осыны ғана қаперге салуды құп көрдік.

Дәурен Қуат

Abai.kz         

0 пікір