Жұма, 26 Сәуір 2024
Ғибырат 6790 0 пікір 28 Мамыр, 2015 сағат 14:10

ЖЕКСЕМБИННІҢ ЖЕТІ ҰЛАҒАТЫ

Жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап һәм ұлысымыздың дамыған отыз елдің ортасына кіру мұратын көздейтін Елбасының анықтап берген Жүз қадамының беташары лауазым иелерінің ең төмен сатыдан бастап, іскерлік қабілеттері арқылы ғана сатылай өсуі қажеттігін бекіткені мәлім. Өзектілігі артып, өнегелі тереңдікпен зерделенген осы тұжырымның ақиқатын бүгінгі қоғамдық дамудың өзі алға тартып отырғаны хақ. Мақсат-бағыты бөлек демегенде, кешегі кеңестік кезеңдегі кадрлық жүйеде мұндай қағидаттың кейбір белгілері біршама сақталып, ұтымдылығын дәлелдегені жақын тарихымыздан мағлұм. Қолына дипломын алған Алатау бауырында өскен бала Атырауға, Тарбағатайдың тумасы Тобыл жағасына, Созақтан шыққандар Шыңғыстаудың етегіндегі ауылдарға, яғни түлек атаулы төмен сатыға аттанып кете баратын. Данагөй ұлтымыздың «Ұлық болсаң – кішік бол» дейтін өсиеті де осы ұстанымды аңғартса керек.

Еліміздің түбі бауырлас болса да, түтіні бөлек шығатын көршілес, үлкен мемлекеті Өзбекстандағы дипломатиялық өкілдігіне жемісті жетекшілік жасап келе жатқан Бөрібай Биғожаұлы Жексембинді осындай қуатты мектептің көрнекті өкілдерінің қатарынан деп білеміз. Бір кездері спорт жағындағы белгілі журналист ағамыз «Мен көрген Марадона» демекші, біз көрген Борекең де бұған дейінгі еңбек жолынан өзгешелеу жаңа саланың қыр-сырына қанығуы үшін қыртысы қалың халықаралық конвенциялар мен көлдей-көлдей келісім-шарттарды түп-түгел сүзіп шыққаны өз алдына, жаңа миссияның қағаздарда жазылмаған қалтарысты ерекшеліктерін де ретімен еңсеріп кеткендігіне көзіміз кәміл жеткен. Десек те, қызмет, кәсіп жайы бөлек әңгіме тақырыбы болғандықтан, бүгінгі баянның өзегі бұл турасында емес. Шынында, қазіргідей қауырт кезеңде, әсіресе елдің алдында жүрген лауазым иелерінің мансабы мен міндеті көбірек қозғалып, хәкім Абай өсиет еткен түпкі мағындағы Адам ұғымына зер салу, азаматтарымыздың болмысы, ішкі әлемі мен мәдениетіне үңілу көлеңкеде қалып бара жатқандай. Бағытымызды осы аңғарға бұрғандықтан, біраз уақыт кейіпкеріміздің жанында жүрудің сәті түскенде пайымдаған Жексембиннің жеті ұлағаты жөнінде айтуды інілік парызымыз деп қабылдаймыз.

Жаңа миссиясына кіріскеннен бастап Бөрібай Биқожаұлы, орайы солай келіп, үш буынның да өкілінен құралған ұжымның жастарына ұстаздық ұлағатпен, тіпті әкелік қамқорлықпен жылы қарап, қамал бұзарлық қырықтардың төңірегіндегі қызметкерлердің күш-қуаты мен білім-біліктілігін басым міндеттерге оңтайлы, ұтымды пайдаланып, ал енді, аға буын ауылындағы әріптестерімен әрдайым келісе, кеңесе келе мұның барлығын ортақ іс, бір мүдде жолында оң арнаға, дұрыс бағытқа бұра білген ұйымдастырушылық, үйлестірушілік, басқарушылық шеберлігін бірден мойындата білді.

Жасыратыны жоқ, өкінішке қарай, орыстың ұлы суреткері Николай Гогольдің әйгілі әңгімесіндегі қоластында оншақты ғана адамы бар айғайшыл генерал тәрізді, қарамағындағы бес-алты адамның апшысын қуырып, ауызашарын айғаймен бастап, күнін күркіреумен батыратын өресі таяз, біздің Бейімбет бейнелеген шолақ белсенділердің таласа бой көрсететіні де рас қой. Мұндайда істің мәні іркіттей іріп, берекесі былжырап, ортақ шаруаның ойраны шығуынан сақтану қиын.

Қызметтің ерекшелігіне байланысты елден, ағайын-жұрағаттан жырақта, әрі шағын құрамда айлар мен жылдар бірге болудың белгілі ішкі қиындықтарын еңсеру үшін тәрбие мен тәжірибе, адамгершілік пен түсіністік қасиеттердің мүмкіндігінше жоғары талап-деңгейі қалыптасуы керек-ақ. Естуімізше, аталарының бірі әйгілі Балуан шолақ деп айтылатын Биқожаұлы болса, ұжымда осындай қарапайым да қастерлі құндылықтардың берік орнығуына мызғымас негіз қалай білді. Мұның барлығы да, сол қызмет жолын ең төменнен, ауылдан бастап, өмірдің ыстық-суығын, ащы-тұщысын қатар көрген мол тәжірибесі, қарпайым да ізгілік қасиеттерімен егіз, тұтас өріліп отырған зиялылығының айқын белгісі деп айту лазым. Баянды іске отағасының жанындағы Зара жеңгеміздің өзі де елеулі үлесін қосып, ресми қабылдауларда, өзге де іс-шараларда елшілік ұжымының қыз-келіншектер қауымының ерекше әсем ұлттық киімдермен жарқырай көрінуіне, әрдайым ана тіліміз бен этникалық мәдениетімізді насихаттауға жеке үлгісін көрсетіп, шетелдіктердің есінен тандырғандай жеңісін, демек халықаралық көлемде мойындатқан табысын бірге айтқанымыз абзал. Отағасының күнделікті жай-күйін қамдап, бабын тастай етіп отырған жарқын жеңгеміздің, біздердің де әрдайым тілеуімізді тілеп, орайы келген жерде жерде батасын бергенінен басқа, қабақ шытқанын да байқаған емеспіз. Ұлағатты ұл-қыздары мен Алланың берген балауса немерелерін тәрбиелеп отырған осынау шуағы мол шапағатты жанұяның елшілік шаңырағындағы барлық балаларды айрықша жақсы көріп, аялаған мейірімділігі жүрегімізде жылылықпен жатталып қалғаны кәміл.

Бөкеңнің шетелдік мекемелерде отбасымен бірге жүрген, көпшілігі мұндағы жұмыстарынан, тіпті әжептәуір дәрежелі қызметтерін тастауға тура келген жанұя мүшелерінің, балалардың әлеуметтік қорғалуына құлшына кірісуі де кемелдіктің, кеңдіктің, алқалы орталардағы беделінің рәмізіндей қабылдануы да сондықтан, сірә.

Бөрібай Биқожаұлының елшілдік, ұлтжандылық жаратылысы сырттағы бауырластарымызға, соның ішінде әлем бойынша шет мемлекеттердегі қазақтардың айтарлықтай үлкен бөлігін құрайтын өзбекстандық қандастарымыздың ана тілін сақтап, руханияты мен мәдениетін дәріптеу тұрғысындағы қадамдарынан қапысыз байқалар еді. Бүгінде асыл сүйектері көршілес елде жатқан Төле би мен Әйтеке би бабаларымыздың мерейтойларын өткізу, Тәшкеннің төрінде Абайдың еңселі ескерткішінің орнатылуы, республика бойынша қазақ тілі мен әдебиеті кафедраларына жәрдем ретінде Алматыға арнайы көлік жібертіп, мыңнан астам қазақ әдебиетінің классикасы, оқулықтар, техникалық құрал жабдықтармен қамтылуына қол жеткізуі, бірнеше мәрте ақындар айтысының өтуіне қолғабыс жасауы да асыл мұраттарға адалдығынан. Биылдан бастап Ташкент қаласында «Абай оқулары» дәстүрінің шымылдығы ашылуы да бұл сөзімізді растайды.

Кітап демекші, осы жолдар иесінің теңізге құйылған тамшыдай болса да деп, жас мамандар үшін дипломатиялық бағыттағы қазақ тілінде хат алмасудың шағын үлгілерін жинақтаған аздаған еңбегін басшымыздың біз күптеген жерден жоғары бағалап (демек мұқият қарап шыққан), ол аздай, «мынадай кітап әрбір жас дипломаттың алдында жатуы тиіс» деп, оны қолдау мен тарату жөнінде орталық мекемеге арнайы ұсыныс-хат жазғызған жеке қамқорлығын қалай ұмытарсың! Мұның өзі кеңсе қағазының шеңберімен шектеліп қалғысы келмей, қоғам тынысына, руханият дүбіріне ат қосып отыратын санаттағылар үшін зор серпін беріп, жырақта жүргенмен, елдегі елең етерлік жайттарға баспасөз бетінде лебіз қосып отыруымызға қанат бітіргендей еді.

Әлбетте, бұл шағын баянымызда біз қазіргі уақытта елге оралып, әртүрлі салаларда өз қызметтерін атқарып жатқан әріптес, достас азаматтардың да бірауыздан ізгі ниеттерін білдірген патша көңілдеріне сүйеніп, Елшіміздің көп қырының бір арнасын ғана тілге тиек етуді жөн көрдік.

Мұхтар Кәрібай

Abai.kz

0 пікір