Жұма, 26 Сәуір 2024
Мәдениет-әдебиет 10957 0 пікір 11 Маусым, 2015 сағат 11:58

БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ "ДАРАБОЗДАРЫ"

Астанада жылсайынғы Халықаралық «Дарабоз - 2015» бәйгесінің қорытындысы бойынша үздік балалар жазушыларының есімдері белгілі болды. Ұлттық академиялық кітапханада болған іс шараға ҚР Мәдениет және Спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастап, Мәжіліс депутаттары, ҚР мәдениет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан жазушылар одағының мүшелері қатысты. Министр өз кезегінде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының фойесінде  балалар әдебиетінің кітап көрмесін тамашалады.

Балалар әдебиетіне арналған Х мерейтойлық бәйге 20-сәуірден бастап 20-мамырға дейін жалғасып, бәйге қорына 500-ге тарта шығарма келіп түскен болатын. Әдеби бәйгенің жеңімпазы атанған жеті лауреаттың «Дарабозы» 1 000 000 теңге көлеміндегі ақшалай жүлдеге ие болды. Әдеби шығармаларды бағалау барысында олардың әдеби-көркемдік жағы, баяндалу реті, автордың тіл байлығы және басқа да мәселелер ескерілді.

Қуанышы мен қасіреті қатар жүретін өмірдің кішкентай көріністері арқылы тәрбиелілік мағынасы зор үлкен мәселелерді көтере білген Пернебай Дүйсенбин «Есен-сау жүріңізші, асыл ата!» шығармасында қазақы дәстүр, үлкенге құрмет, қайырымдылық, адамгершілік сынды дүниелерді  айналып өтпеген. Сұрапыл соғыста қайралған ақсақалдың  қатаң да тұйық  мінезінің астарында жасырынып  жатқан жылылықты ойда-жоқта байқап, атаның әр сөзін  ой елегінен өткізіп, бала жүрегімен сезінген немеренің жан тебіреністері.  Көркемдік жағынан да кішкентай оқырманын эстетикалық әсерге бөлей алатын шығарма  әділқазылар шешімімен Бас жүлдеге лайық деп танылды.

Автор өз сөзінде осы шығарма арқылы жасөспірімдердің үлкенге құрметін, ата дәстүрге адалдығын насихаттағысы келгенін айтады.

Бас жүлде иегеріне арнайы «Дарабоз» сыйлығы мен дипломды, 1 млн. теңге сертификатын "Zhersu ИӨК" ЖШС Бақылау Кеңесінің Төрағасы Бауржан Оспановтың өзі табыстады.    

- Қазақ деген ұлттың маңдайына біткен бір құндылығы болса - ол ата-дәстүрі мен ата-тарихы. Сол тарихтан тағылым алып, ата-салтын қастерлеп өскен ел қуатты, мәңгілік елге айналары сөзсіз. Осы құндылықтарымызды өскелең ұрпаққа кітап арқылы аманат ету - өзімнің міндетім деп санаймын. Осы жоба арқасында азды-көпті ақын жазушылардың тұсауы кесіліп, қолдаулар алды. Бірнеше мың шығармалар дүниеге келіп, балалардың жан азығына айналарлық тұшымды дүниелер жарық көрді. «Кәусар бұлақ», «Чистый родник» кітаптары балақайлардың көзайымына айналды деп ойлаймын. Балақайлар әдебиетінің өркендеуіне септігімізді тигізіп, осы игі іске септігімізді тигізу мен үшін үлкен мәртебе,  - деді салтанатты шарада сөз алған Оспанов Бауыржан мырза.

 

Сонымен қатар, биылғы жылы «Балалар әдебиетіне қосқан үлесі үшін» атты арнайы сыйлық тағайындалды.  Жоба тарихында алғаш рет ұсынылған сыйлыққа Мұзафар Әлімбаев лайық деп танылып, ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сыйлықты көрнекті жазушының атынан келген немересіне өз қолымен табыстады.

Салтанатты шарада лауреаттардың есімдерімен қатар,  «Атамұра», «Дәуір»  баспаларының өкілдері, балалар кітапшасын шығару үшін келісім шартқа отыратын авторларды жариялады. Аталған баспа ұжымдарының пікірі бойынша үздік деп танылған шығармалар жарық көріп, балаларға базарлық болмақ. Үкілі шығармалардың бірі болып Бекболат Әдетовтың «Бір тамшы жас» шығармасы мен  Қайырбек Шағырдың «Сиқырлы кітап немес Тарихқа саяхат» поэмасы танылды.

«Дарабоз-2015» сыйлығын табыстау салтанаты барысында кеш қонақтарының назарына балалар шығармашылығынан концерттік бағдарлама мен дәстүрлі фуршет ұсынылды. 

Естеріңізге сала кетейік, балалар жазушыларының арасында өтетін Жылсайынғы Халықаралық «Дарабоз 2015» бәйгесі «ZHERSU» инвестициялық өндірістік корпорациясының демеушілігімен, Қазақстан жазушылар одағының қолдауымен және «Бауыржан» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен

 осымен оныншы мәрте өткізіліп отыр. Биылғы жылы шығармалар қазақ және орыс тілдерінде қабылданды. Жалпы жүлде қоры  3 000 000 теңгені құрады.

 

Бәйге лауреаттары:

 

Пернебай Дүйсенбин  «Есен-сау жүріңізші, асыл ата!» шығармасы үшін Гран-приді жеңіп алды.

Мұзафар Әлімбаевқа – «Балалар әдебиетін дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығы берілді.

Сонымен:

1-орын - Қайырбек Шағыр Семейғазыұлы «Сиқырлы кітап» поэмасы үшін;

1-орын - Джумагельдинова Дария  «Маленький мужчина» шығармасы үшін;

2-орын - Мейіржан Жылқыбай  «Саяқ» шығармасы үшін;

2-орын -  Клепикова Елена «Сказка о поющем бархане» шығармасы үшін;

3-орын - Әділбек Ыбырайымұлы «Мәңгілік формуласы» шығармасы үшін;

3-место – Назарбаева Гульсым  «Истории из детства» шығармасы үшін жүлделерді өзара бөлісті.

 

Abai.kz

 

 

 

0 пікір