Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Қоғам 4741 0 пікір 18 Маусым, 2015 сағат 14:00

БОЗЫМБАЕВ БОПСАЛАНЫП ЖАТЫР МА, БОПСАЛАП ЖАТЫР МА?

Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың (суретте) басындағы хал көпке түсініксіз болып тұр. Алғаш ол туралы әңгіменің шетін шығарған 31 арнаның жаңалығынан да жарытып ештеңе ұға алмағанбыз. Тақырыпқа қайта оралған аталған арна енді ғана мәселенің мән-жайын ашып айта бастаған сияқты. Қысқасы, оқиға былай: Бозымбаевтың баласы әкесі қызмет ететін мемлекеттік резиденцияның алдында  бір әйелді зорлайды. Оны біреулер бейнетаспаға түсіріп алып «Версия» газетінің редакторы Ярослав Голышкинге береді. Қолына елді дүрліктіретін сенсациялық  бейнекөрініс түскен Голышкин екі алақанды ысып жіберіп, Қанат Бозымбаевты бопсалап 500 мың доллар сұрайды. Әлгі шатаққа қатысы бар тағы бір жан: 18 жастағы Әлмира Кулиева болса, куәгерден күдіктіге айналып, облыстық ҰҚК-нің қамауында отыр. Бозымбаевтың бозбасы (ұлы) шатылған оқиғаны қазір ҰҚК жеке бақылауына алып отыр. Әлмираның анасы  Жұлдыз Кулиева: «Полиция оған (зорланған бойжеткенге) ақша ұсынды. Келісімге келулері үшін 10 мың доллар беретіндерін айтты. Менің қызым олармен сөзге келісе бастады: «Ол ақшаларыңды алмайды, оған ақша керек емес, кінәлілер түрмеге қамалсын» деп жауап қайтарды. Сол кезде оны басқа бөлмеге қамап, кешке дейін ұстады», — дейді. Ал, заңгерлер болса, Әлмираның  ҰҚК қамауына алынуына америкалық куәгерлерді қорғау бағдарламасына ұқсас заң себепкер болды дейді. Заңгер Сергей Уткиннің сөзіне сенсек, Әлмираны қауіпсіз жерде ұстау оның өтініші бойынша жасалған көрінеді. Қылмыстық іс анықталып біткеннен кейін,  ҰҚК Әлмираға қауіп төнбеу үшін оның құжаттарын, тіпті, келбетіне дейін өзгерте алады екен.

«Версия» газетінің бас редакторы  Ярослав Голышкин қазір «Бозымбаевты  бопсалады» деген күдіктен арыла бастағанға ұқсайды. Голышкиннің адвокаты Дмитрий Куряченко:

«Голышкиннің сөзіне сенсек, оның бопсалауышылыққа еш қатысы жоқ.  Голышкиннің есімі Бозымбаевтың аразында мүлдем аталмаған», — дейді.

Бозымбаевты бопсалаушылардың қатарына кешелі бері Павлодар ауданы әкімінің экс-орынбасары Асқар Бахралинов те ілікті.   

Бойжеткеннің зорланғаны расталғанымен, полицейлер оған әкімнің ұлы қатысты деген айыпты жоққа шығаруда. Осының бәрін саралай келгенде, Бозымбаевты бопсалап жүргендердің де әрекеті тегін емес-ау деген ойға қаласыз... Сонда, дәл қазіргі жағдайында Бозымбаев кім? Бопсаланушы ма, әлде, қызметін асыра пайдаланып, айналасын бопсалаушы ма?  Әрине, бопсаланушы  - Бозымбаев. Бірақ ол ұлының ұятты ісін жауып тастау үшін қолындағы билігін білгенінше пайдаланып отырғанға да ұқсайды.

Abai.kz  

 

0 пікір