Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3819 0 пікір 19 Маусым, 2015 сағат 13:58

АСТАНАДАҒЫ ТОБЫР-ТӨБЕЛЕС НЕДЕН ШЫҚТЫ?

Бұл төбелес әйелді арашалаудан шықты ма, әлде алауыздықтан шықты ма?

 

Әлеуметтік теңсіздік, ұлтаралық араздық тартысы «әлемдегі ең әдемі қала» Астанаға да келіп жетті. Астана қалалық Ішкі істер департментінің мәліметі бойынша, «Артем» сауда үйіндегі төбелес 16 маусым күні кешкі сағат 20.00 шамасында болған. Nur.kz порталының хабарлауына қарағанда, оқиға «Артем» күзетшілерінің үш бала ерткен жас келіншектің сауда үйі алдында қайыр сұрауына рұқсат етпеуінен басталған.

 

Ал оқиға орнында «тыныштықты қалпына келтірген» полицияның ақпараты бойынша, күзетшілер келіншекпен сөзге келіп қалып, оқиға орнына бір топ адам жиналып, төбелес болған. Полиция 18 адамды жағдайды анықтау және оқиғаға қатысы барын анықтау үшін ұстаған. ІІД оқиғадан зардап шеккендер мен бүлінген нысан жоғын айтады.

Қазір «жеке меншік күзет қызметінің қызмет өкілетін асыра пайдалануы» және сауда үйі күзетшілерінің шағымы бойынша «бұзақылық» бабымен іс қозғалып, тергеу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Дегенмен, оқиға куәгерлерінің интернет желілерінде жазуына қарағанда, оқиғаға себепкер болған үш балалы келіншек – екінші топтағы мүгедек екен. Жұмыссыздық салдарынан тұрмыстық тауқымет тартқан әйел соңғы уақытта қайыр тілеумен күн көрген. Ол кезекті рет қайыр тілеуге келгенде, «Артем» сауда үйінің күзетшілері оны ішке кіргізбей қойған. Сол арада тіленші келіншек пен күзетшілер арасында дау-дамай туады.

Бұл жағдайды көрген бір топ қазақ жігіттері бейбақ ананы басқа ұлт өкілдері басым күзетшілерден қорғау ниетімен сөзге араласады. Ал бұл жанжалдың мән-жайын білген және қайыршылыққа тап болған анаға арашашы болуға ұмтылғандар қатары кенеттен көбейіп кеткенін көрген сауда үйінің қауіпсіздік қызметі тобырды тарқату үшін қосымша күзет күшін жібереді. Осылайша соңы екі мыңға жуық жастар қатысқан төбелеске айналған бұл жанжалға сауда үйі күзетшілерінің әпербақан әрекеті себеп болған.

Ал «Фейсбук» желісіндегі тағы бір жазбаларда көрсетілген деректерге қарағанда, күзетші қызметкерлердің дені кавказдық ұлт өкілдері болған. Олардың қазақ әйеліне көрсеткен өркөкірек әрекетіне намыстанған қазақ жігіттері дереу «іске кіріскен». Ал «қазақ әйелін ингуштар сабап жатыр» деген сөзге еліткен әрлі-берлі жүргіншілер төбелесуші тобырдың тобын толықтырған.

Осы орайда Кунанбай Тулеуов деген желі қолданушы былай жазады: «Женщина-казашка – многодетная мать при мне встала и сказала, что взорвет себя: «Я – говорит, – смертница!». Пытался успокоить ее, все вокруг разбежались. Тут же приехала группа с МВД. Оцепили здание. Одновременно целая толпа пьяных строителей – они строят левое крыло «Артема»: там казахи, таджики, но большей частью ингуши и чеченцы. Тут один дурак взял и швырнул в МВД горячую бутылку. Спецназ сразу стал стрелять: пули – резиновые, потом пустили слезоточивый газ…».

Қазір қалалық ІІД-нің қызметкерлері тергеу жұмыстарын жүргізуде. Мәселенің нақты мән-жайы, жанжалдың ақиқаты осы тексерістен кейін толық анықталуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, Астана қаласында қазақтан басқа ұлт өкілдеріне деген өшпенділік өршіп кетуі әбден мүмкін.

«D»

 

0 пікір