Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3193 0 пікір 19 Маусым, 2015 сағат 14:09

СИРИЯДАҒЫ СОДЫРЛАРДЫҢ ҚАТАРЫНА 1000 ҚАЗАҚТЫҢ ҚОСЫЛҒАНЫ РАС ПА?

Ислам cодырларына

1000 ҚАЗАҚ

қосылғаны рас па?

 

АҚШ-тың контртеррористік орталығы таратқан дерек бойынша, «Ислам мемлекеті» ұйымы өз қатарына Тәжікстан, Қырғызстаннан жүздеген, ал Қазақстаннан 1 мыңнан астам жастарды тартқан, деп хабарлайды «Азаттық» радиосы. Бұл екі арада «ВКонтакте» желісіне тіркелген «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының өкілі өзін «қазақстандықпын» деп таныстырып, Сириядағы қырғыз және қазақ балалардың суреттерін жариялады.

Өзін «Артем» деп атаған содырдың сөзіне қарағанда, ол «Сирияға Қазақстанның Каспий теңізі жағалауындағы Атырау қаласынан барған». Маусымның 13-і күні оның «ВКонтакте» желісіндегі парақшасы құлыпталды. Бірақ «Азаттық» ол жариялаған «Орталық Азиядан барған балалар» суреттерінің біразын көшіріп алды.

Қырғыз көршілері тәрізді Сирияда соғысып жүрген қазақтардың біразы бала-шағасын өздерімен ала кеткен. 2013 жылдың қарашасында жарияланған видеода 150-дей қазақ «әйелдері мен балаларын Сирияға алып келгендерін» мәлімдейді. Қазақстан өкіметі этникалық қазақ балаларының ИМ бақылайтын аймақта екеніне сенгісі келмейді.

«Артемнің» желідегі парақшасы Қазақстан үкіметін де тіксінтіп тастағандай, себебі «Артем» ол жерде кем дегенде екі қазақ баласының фотосын жариялады. ИМ содыры бір ұл, бір қызды «өз балаларым» деп таныстырады. «Артемнің» әлеуметтік желідегі парақшасына қарап отырып, қазақстандық содырдың ой-пікірі жайлы да ой түюге болады. Ол ИМ басып алған Сирия және Ирак аумағына кем дегенде екі баласын әкелсе де, олардың анасын әкелмеген немесе өзіне екінші әйел іздеп жүргенге ұқсайды. Қазір өшіріліп тасталған жазбаларында «Артем» «әйел керек екенін» жазған еді. Бір суреттің астына «Әлемге – бейбітшілік, маған – әйел берші» деген.

Ол: «Иншаллаһ, Қырғызстаннан Қазақстанға, Тәжікстанға өтеміз» деп жазған. «Онда барған соң, Орталық Азияда қамауда отырған тұтқындарды босатамыз» деп уәде береді. «Алла атымен ант етемін, бауырлар, дінсіздер қамауында отырған сендерді ұмытқан жоқпыз. Жақында келіп, босатып аламыз» дейді ол.

Бұл орайда «Азаттық» радиосына түсінік берген белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин былай дейді:

Мұндай мәліметтерге баға бергенде, сақ болу керек. Кейде Сирия мен Иракта «Ислам мемлекеті» ұйымына байланысты қалыптасқан жағдайға қатысты талдауда сарапшылар да, кейбір елдердің арнайы қызметтері де бұл ағынға түрткі болған факторларды талдаудың орнына санға көбірек мән береді. Сондықтан ресми орындардың деректеріне сүйенген жөн.

Мысалы, Қазақстан мен Қырғызстанның антитеррорлық құрылымдары қазір жұмыс тәсілдерін өзгертіп, өзара жиі дерек алмасып тұрады. Қазақстан ҰҚК соңғы ақпарында ол жақта 300-ге жуық адам жүргенін хабарлаған. Ол жаққа Орталық Азия елдері азаматтары ғана емес, Еуропа, АҚШ, Австралия, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен де адамдар барып жатыр. Бұл – бірнеше фактор ықпал етіп отырған ортақ проблема. Мұның ең әуелгі себебі интернетте радикалды, террористік және экстремистік идеологияның еркін таралып жатуымен байланысты.

Ал саясаттанушы Расул Жұмалының пікірі төмендегідей:

«Ислам мемлекеті» ұйымы қатарындағы 1 мың қазақстандық қосылуы нақты дерек болуы мүмкін. Ол жақта 300-ге жуық адам жүр деген өткен жылдың статистикасын Қазақстанда ҰҚК да растаған. Біздің елде бүкіл салада ресми статистика мен бейресми дерек арасындағы алшақтық әдетте бірнеше есеге жетеді.

Негізі, жұртты бұл сан ғана емес, олардың жауынгерлік тәжірибе жинап, ортамызға оралатын отандастарымыз екені, бұл тенденцияның ұлғайып бара жатқаны шошытады... Қазақстанның ішінде бұл ағынды тоқтатуға қауқарлы, радикалды үгіт-насихатқа қарсы нақты шаралар байқалмайды.

Azattyq.org

0 пікір