Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Әдебиет 6119 0 пікір 27 Наурыз, 2017 сағат 18:59

Алып тұлға аға парқы

Мұхтар Шахановқа

                                                                                                Күллі рухсыз биіктердің парқы,

 даңқы сұйықтау

                                                                                                   Біз шыққан тау – Шындық тауы,

                                                                               Барлық таудан биік тау!

М.Шаханов

 

 

 

Тамырың терең, діңгегің мықты, бұтағың биік тармақты,

Бәйтерек Аға, сая боп жүрген ығыңа жинап жан-жақты.

Байсалды жүзің бағынған ойға, сабырға жанды шақырған

Істерің абзал, ізетің керім, ілтипат тағылым салмақты.

 

 

Лебізден ізгі жылулық ескен, сөздерің ұлық ғибратты,

Тоқтамың тұнық, көлдерде жүзген аққудай сенген ғиззатты.

Кісілік –айбын, кішілік – айқын, жарасым тауып қос егіз,

Тұлғаңды биік, тұғырлап иіп, мүсіндеп шебер сомдапты.

 

 

Ел-жұртың елеп, елегізіп күткен, еселі еңбек қомақты,

Аянған жайың, әділдік жолдан жалтарған сәтің болмапты!

«Сөйлеген екі жігіттің жайы – өлгенмен тең!» деп жирендің,

Адам боп қалу – ұлылық сезім, біртуар батыр саңлақ-ты.

 

 

Ауырған жаның жеткізіп езіп, зынданнан тартып шындықты,

Жабайы жүйрік, құлаққа түрпі, тағалы сөздер сырғыпты.

«Алты жүз тоқсан үш» қаламгер, «ТЖ»-лар, «үш топ адамдар», -

Деп, жанайқай шерлі сырың, түсінген елің талантты.

 

 

Өнеге терген, өзге елдің берен жақсысы Сізді таңдапты,

Өз елің өркен жайғызып терең Азамат ерін аңдатты.

Ағатай, сенің Елің мен Жерің «Қазақ» деп ұғып сырт көздер,

Абырой – асқақ, ақиқат – мақсат, Жер шарын жүзіп шарлапты.

 

 

Маңдайға біткен Қазақтың көзі, айбынды сөзі, айбатты,

Шыдамың неткен шідерді шешкен шырғалаң сәтте қайратты.

Қайсарлық келбет, әділдік төрлеп, шындықтың Ием, нұрын төк!

Ағатай, жаның ақжолтай мырза,  жеріндей қазақ байтақ-ты.

 

 

Жүрші аман елдің тілеуі сен деп тақымын қысқан – айғақ-ты,

Кер заман қилы түсіндей көрген Мөңке би бабам, тайғақ-ты.

Ұлы ісің ұлттың ұлағат ұлын ұмтылтып жөнге шақырған,

Ұлылар – Тарих, тарих боп қалдың, Ұстаз боп жебеп ұрпақты!

 

 

Жолдыбай Мұзаппаров

 

Abai.kz

0 пікір